Шалғайдағы Жаңақала ауданының сексен жылдығы аталып өтіп жатқан кез еді. Осы датаға байланысты аудан көркемөнерпаздары тамаша концерт қойды. Орындалған музыкалық нөмірлер, шырқалған әсем әндер мен тартылған күйлер, мың бұралған билер ел іші жас таланттарға кенде емес екенін айқын танытып тұрды. Мәдениет үйіне жиналған қалың қауым олардың өнерлеріне сүйсініп дүркін-дүркін қол шапалақтап отырды.
Бір кезде концертті жүргізуші: “композиторы Латиф Хамиди. “Бұлбұл”. Орындайтын Самал Жантілеуова” деп хабарлады. Сахнаға қырдың қызғалдағындай құлпырған қыз шығып келе жатты. Апырмай, ол “Бұлбұлды” аяғына дейін жеткізіп айта алар ма екен? Оны орындауға қалай батылы жетті. Бұл сахнаға алғаш шығып жүрген өрімдей жас әнші түгіл, менмін деген кәсіби деңгейі толысқан сақа әншілердің дәті бара бермейтін қайталанбас ән туындысы емес пе?
Ойдан ой туады. Әлі есімде. Сонау сексенінші жылдардың бас кезі. Ол кезде КазМу-дың журналистика факультетінде оқитынмын. Оралда облыстық газетте тәжірибеден өтіп жүрген кезіміз. Бір күні өнер сапарымен облыс орталығына жоғарыда аталған “Бұлбұл” әнінің авторы Латиф Хамиди мен халық әртісі Бибігүл Төлегенова келді. Сол күнгі кездесуде қазақтың тамаша әншісі Бибігүл “Бұлбұлды” тамылжыта орындады. Жиылған жұрт орындарынан тік тұрып қол соқты.
Сонда Латекең толқи тұрып былай деп еді: мен, әрине, “Бұлбұлды” Бибігүлге, оның дауысына арнап жаздым деп айта алмаймын. Бәрібір бұл ән Бибігүлге арналғандай көрінеді. Өйткені, “Бұлбұлды” тұңғыш орындаған, тұсауын кескен Бибігүл. Өзіне ғана тән мәнермен шырқау шегіне жеткізіп орындайтын да Бибігүл...
Иә, Латиф Хамидидің “Бұлбұлын” сахнаға шығаруға екінің бірінің тәуекелі жете бермейді. Бұл өте сирек кездесетін жоғары дауыспен шырқалатын ән. Оны вокал тілінде колоратуралық сопрано деп атайтыны белгілі. Міне, осындай өресі биік әнді жас әнші Самал Жантілеуова құлатпай, өз биігінен төмендетпей, сәнін кетірмей, әрін бұзбай алып шықты. Әннің шырқау шегі – “Бұлбұлдың” сайрағанын салатын құс. Осы сыни сәтте де Самалдың құлын дауысы мен әсем әуезі көкке емін-еркін шарықтап өрлей берді.
Концерттен соң Самалмен тіл қатысудың да сәті түсті. Әнші болу бала кезінен бергі арманы екен. Төртінші сыныптан бастап республика көлемінде өткізіліп жүрген “Әнші балапан” конкурсына қатысып бірнеше рет жүлдегер атаныпты. Мектепті бітірген соң Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті саз және би бөліміне түсіп оны өткен жылы ойдағыдай аяқтап шығыпты. Оған вокалдан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақовпен, есімі Ақжайық өңіріне белгілі өнер иесі Ақмарал Ахметова дәріс беріпті.
Самалдың салған әнін тыңдағаннан кейін облыстық мәдениет басқармасына қарасты жастар шығармашылық орталығының директоры, халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаев шәкірті, вокалшы-маман Сырым Аманғалиевке бір өтініш айтуға тура келгені: Жаңақала аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып істейтін әнші қыз бар екен. Біз музыкадан бірдеме түсінсек оның үлкен болашағы бар секілді. Дауысын тыңдап көріңісші, дедік. Сырекең сөзге келген жоқ. Облыс орталығына шақыртыңыз деді ол. Мұндағы музыка мамандарына Самал үш-төрт ән орындап берді.
– Материал бар, – деді ол С.Жантілеуованың әнін тыңдағаннан кейін.
– Материал деген не?
– Табиғи, шынайы, құлаққа жағымды дауысымен әсем әуезі бар дарынға қарата айтылатын вокал тіліндегі баға бұл, деп түсіндірді. – Бұл, ең бастысы. Қалғаны Самалдың өз қолында. Дұрыс бағыттай білсе түбінде одан жақсы әнші шығады деп ойлаймын. Менің ойымша, әзірге оның репертуары жұтаңдау секілді. Соны байыту мен көбейту жағына мән бергені жөн. Репертуарды түрлендірудің жөні осы екен деп кез келген әнді талғамсыз түрде айта беруге болмайды. Өзінің дауысымен характеріне, табиғатына сай келетін әндерді таңдай білсе, Самалдың үлкен сахнаға шығуына толық мүмкіндігі бар.
Шалғай ауданда тұратын жас әнші Самал Аманғалиқызы жөніндегі толғанысымызды кәсіби музыка маманының осы бір бағасымен түйіндегенді жөн көреміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы.
Суретті түсірген Рафхат Халелов.