29 Қараша, 2010

Жұлдызы жанған қос ана

1153 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жетісулық Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова мен Адаләт Зайнаудинованың еңбектері ұрпаққа өнеге

Еліміздің оңтүстік-шығыс қақ­пасына қоныс тепкен Панфилов ауданында қолға алынған іргелі істер қай кезде де танымал жандар тағдырымен сабақтасып жатады. Өркенді өлкеде қазақтармен бірге тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа, жү­регі бір отыздан астам өзге ұлт­тар тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ игі­лікке қол жеткізіп, әр күнді жақсы­лықпен жалғастыруда. Қандай іргелі бастамада да қа­рым-қабілетімен өзгелерге жол сіл­теп, өнеге болатын тұлғалар бола­ды. Жазиралы Жаркент жерінде еңбегімен танылған аға ұрпақтың өткен жолы әрқашан өнеге. Со­лардың қатарында сегіз бірдей Ке­ңес Одағының Батыры, осыншама Еңбек Ері, әдебиет пен өнер, білім мен ғылым саласында, мемлекеттік, қоғамдық қызметте жұлдызы жан­ғандар қатары қаншама! Есім­дері­мен таныса отырып, риза боласың. Ұлы Жібек жолының бойын­дағы ұлан-ғайыр кең даланы игеру мен жемісін теруге көпшілікті ұйым­дастыра білген: көшбасшы­лары “да­ла академигі”, екі мәрте Социа­листік Еңбек Ері Николай Голо­вацкий, ауыл шаруа­шылы­ғының білікті ұйымдастырушылары Нүсіп­бек Сауранбаев, Имәр Бела­лов, Әлім­қожа Сәдуақасов, тағы басқа­ларын халық әрдайым мақтан етеді. Сондай-ақ ерлермен тізе қоса еңбек етіп, аудан тарихына есім­дерін алтын әріптермен жазған аяулы аналар да бар. Өткен ғасыр­дың орта шенінде, желдің өтінде, елдің ше­тінде жүріп, мың­ғыртып мал бағып, ел байлы­ғын еселеген Со­циа­листік Еңбек Ері Айтбала Аб­­­данова,   жо­ғары жетіс­тікке жет­кен Социалистік Еңбек Ері Мә­риям Ниязованың есімдерін барша жұрт­шылық әлі күнге дейін мақтаныш­пен айтады. Ал Жетісу жұртшылығы мерей­тойларын атап өткелі отырған: бірі сексеннің сеңгіріне, бірі жетпістің биігіне көтерілген атақты жүгері­шілер Социалистік Еңбек Ерлері Адаләт Зайнаудинова мен Күләш Айтжанова тәрізді аналық борышы мен еңбектің тізгінін тең ұстаған өне­гелі жандардың есімдері айрық­ша ілтипатқа ие екені даусыз. Қос қарлығаштай бірге қанат қаққан аналардың еңбек жолы туған елі мен туған жеріне қызмет етудің өш­пес өнегесі, перзенттік парыз­дың өтеуіндей. Олар бір ауылда қа­тар жүріп, еңбек етіп, халық шаруа­шылығының қаһарманы, қазақ пен ұйғыр ұлттары арасын­дағы достық­тың алау белгісіндей әлі де бірге иық­тасып, ақ шағала­дай әсем жау­л­ықтары пәктіктің көрінісіндей ал­қа­лы ортаның көр­кін кіргізіп келеді. Алтын жұлдызды қос ананың өмірі мен еңбек жолы ұқсас. Олар­дың сәбилік шағы Ұлы Отан соғы­сының сұрапыл кезіне тап келіп, балалық бал дәурені қиындықпен ұласыпты. Бірі Шелек жерінде, бірі Шежін өңірінде бұғанасы бекімей, белдеріне күш түсірді. Сол тұстағы балғындар тәрізді тылда қалған үлкендермен, ердің жүгін көтерген аналармен қатар шаруашылықтың бітпейтін қара жұ­мысына бел­сене атсалысты. Шөп жинап, шө­­ме­ле сал­ды. Мақ­­­та өсі­ріп, би­­дай ор­ды. Егін суа­рып, қой қыр­қу, тағы басқа нау­қан­дық жұ­мысты атқар­ды. Өз за­ман­­дас­­та­рын­­дай ола­р­­дың ар­ман­ға қа­нат бі­тіріп, алыс көк­жиекті көк­сеуге мұр­шалары болма­ды. Адаләт апаның екі бірдей ағасы соғыста хабарсыз кетсе, Күләш ана­ның әкесі қан майданнан қайт­пай, өрімдей жас­тардың арқа­сына ауырлық артыл­ды. Сөйтіп, өмірдің соқтық­палы-соқпақты жолында өздерін өздері жұбата, жігерін жани жүріп бойжетті. Кіндік қаны тамған жерлері бір-бірінен алыс болғанымен, олардың еңбек қадамдары бір ұжымда бас­талды. Ол – кезінде Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған Ки­ров атындағы ұжымшардың үлкен бір бригадасы – Үлкен­шыған ауылы. Екеуі де алғашында сауыншы, содан соң қасиетті ақ дәннің мол­шылығына негіз қалады. Механи­заторлық курста оқып, біраз жыл темір тұлпарды тізгіндеген олар шаруа­шылықтың жер жырту, тұ­қым себу, астық жинау жұмыс­тары­на қатысты. Жаркент жұрты­ның береке-байлығына айналған жүгері өсірумен де қатар шұғыл­данып, жүгерінің “ВИР-156” сор­тын егіп, одан алынатын өнімді жылдан-жылға молайту арқылы Жер-ананы түлетті. Жаздың апта­бында “дала аруын” өсіруде жұ­мыс­тың ауыр болғанына қарамас­тан қос ана адал еңбек етті. Соғыс жылдарында Адаләт “Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін” медалімен наградта­лып, бір қойды сыйлыққа алғанын әлі ұмытпайды. Ол сол кезде он бес жаста ғана екен. Алғашқы еңбек жеңісі апай үшін ақжолтай болып, асқақ асулар мен атақтарға жол аш­қан. Жүгері өсірушілер звено­сының жетекшісі кезіндегі жетіс­тіктері үшін 1964 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Құрмет грамотасымен, 1971 жылы Ленин орденімен наградталса, 1979 жылы Социалистік Еңбек Ері ата­ғына ие болып, екінші мәрте Ле­нин орденін өңіріне қадапты. Бү­кіл­одақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, кү­міс, қола медальдарын да алған. Сайлаушылар сеніміне ие болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, Алматы облысының құрметті азаматы. Еңбекте ер атанған апамыз отбасында да бақытты. Қызы Әлия Үлкеншыған орта мектебінде ұзақ жылдардан бері математика пәнінің мұғалімі, күйеу баласы Әубәкір ана жолын жалғастырып, 45 гектарға жүгері, жоңышқа, күнбағыс өсіріп, шаруасын шалқытқан. Үш неме­ресі­нен сегіз бірдей шөбере сүйген бақытты әженің өмір жайлы айтар әңгімесі әрқашан мәнді. Ал Күләш ана 1971 жылы Ең­бек Ері атанып, бұған қоса Ленин орденімен наградталса, сонымен қатар Панфилов ауданының құр­мет­ті азаматы. Еңбегімен елге танылған Кү­ләш­тың жолдасы марқұм Болатхан кезінде Үлкеншығанда механизатор болып, шаруашылықтағы  бітпейтін жұмысқа өзіндік үлес қосқандар­дың бірі. Қазір Күләнда, Сәуле атты қыздарынан тараған бал қы­лықты немерелерінің сүйікті әжесі. Әлі де еңбектен қол үзбей, жеке шаруа қожалығының жұмы­сын жүргізетін Бағдәулетке ақыл-кеңес беріп, үлкен шаңырақтағы шырай­лы сәттің шуағына бөленіп отыр. Алтын жұлдызды қос ана жас­тары ұлғайса да ауданның қоғам­дық-саяси өмірінен тыс қалмайды. Қашанда жұптары жарасып, бірін-бірі қолтықтап, жұлдыздары жар­қырап, мейірімді жүздерінен нұр төгіліп, жиын-тойдың төрінен көрі­неді. Абыройлы еңбек жолдары жай­лы кезінде еңбек еткен үзеңгі­лестері туралы тағылымды әңгіме­нің тиегін ағытып, егемен еліміздің ертеңі – жас ұрпақты отансүй­гіштік пен адалдыққа үндеуден, еңбекқорлыққа баулудан еш жа­лық­пайды. Халқымыздың: “Өсетін елдің қарты қазына болар”, деген тәмсілі қос анаға арналғандай. – Біз жыл басынан биылғы жыл­ды осы “Алтын жұлдызды ана­лар жылы” деп белгілеп, кешенді жоспар аясында бірқатар шара­ларды жүзеге асырдық. Ауданның жалпы білім беретін мектептерінде, кәсіп­тік лицейде, колледждерде, тіпті мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде ардагер апайлармен кездесу өткізіліп, жас ұрпақ ара­сын­да тартымды кештер ұйымдас­тырылды, – дейді Панфилов ау­данының әкімі Ермек Келем­сейіт. – Ал қос анаға арналған қоры­тынды салтанатты ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында өткізуді жоспар­ла­дық. Бұл салтанатқа об­лы­сы­мыз­дың көрші аудан­дарында апайлар­мен қатар еңбек етіп, есімдері елге әйгілі Социа­листік Ең­бек Ерлерін, атап айтқанда Райымбек ауданынан Жолсейіт Молдасанов, Кербұлақ ау­данынан Мәриям Аябаева, Ұйғыр ауданынан Рахилям Сейітова сияқ­ты саңлақ­тар­ды, сондай-ақ сол тұс­та басшы­лық қызметте болған қай­раткер ағаларды арнайы ша­қырдық. Ке­зінде ел байлығын еселеп арт­ты­руда ерен ең­бек­тері­мен та­ныл­ған тұлға­лар­мен бетпе-бет кезде­сіп, тағ­ы­лымды әң­гі­м­елерін тыңдау жұрт­­шы­лыққа, әсі­ресе, жас­тарға өне­ге-тәлім болады. Ме­­­рей­той кезінде ау­­дан бо­йын­ша ауыл ша­руа­­­­­шы­лығы өнім­дері­нен аста-төк жәр­­­­­меңке ұйым­­­­дас­ты­ры­лады. Онда ас­тық та, көкөніс те, же­міс те, жем-шөп те, ет те, бір сөзбен айт­­қан­да, малшы­лар мен ди­қандар өндір­ген игі­ліктің бар­лығын тұ­тыну­шыға ұсынамыз. Төрт тү­лік, тіпті құс­­тар да сатылады. Қаланың қақ орта­сындағы алаңда ақ­шаңқан киіз үйлер тігіліп, халқы­мыздың ұлттық салт-дәстүрлері кеңінен көрсетіл­мекші. Жас­тар ал­тыбақан теуіп, сауық-сайран құрса, қос Еңбек Ері атындағы жүлдені сарапқа салу үшін Алтыүй ауылын­дағы спорт кешенін­де қалалық, ауылдық округ коман­далары ара­сында волейбол­дан тур­нир өткізі­леді. Кір тасын көтеру, ар­қан тарту, қол күресі бо­йынша бәсе­келер бо­лады. Жар­кент­тік өнер­паздармен қа­тар об­лыс­тан келген әнші-биші­лер де көпшілікті өнер­лерімен су­сын­датады. Сөйтіп, екі батыр апа­мызға арналған салтанат­ты бүкіл халық­тық думанға айнал­дыру мақсат етілуде. Мерей­тойлары өтіп жатқан апаларымыз­дың өз дәулеті өздеріне жетеді. Олар артық құр­метті де қа­жет­­сінбейді. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Серік Әбі­кенұлы Үм­бетовтің қолдауымен Адаләт апа­мызға “Алматы облысы­ның құр­мет­ті азаматы” атағы беріл­се, Кү­­ләш апамызға Талды­қорған қала­сы­­ның төрінен осы заманғы озық үлгіде салынған, барлық жағ­дайы жасалған екі бөлмелі пәтердің кілті тап­сырылған-ды. Қос апамыз мұн­дай қамқорлыққа шексіз риза­шы­лығын білдіріп, қазіргі бейіл-бере­келі шағына шүкіршілік етеді. Со­лай бола тұрса да біз оларды әр­дайым ардақтап, сый-құрметімізді кеміт­пеуіміз керек. Өйткені ондай асыл жандар­ды қадірлеу арқылы біз жас ұрпақ­ты адал еңбекті сүюге, туған ел мен туған жерді құрмет­теуге бау­лимыз, үйретеміз. Аудан әкімі Ермек Келемсейіт осылай деді. Иә, адал еңбек адамды бақытқа, мерейге бөлейді, есімін елге та­нытады. Осыған қос ананың өткен өмірі мен елі үшін еткен еңбегі куә. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.