“Қайнар АКБ” ЖШС бас директоры Ербол ӘЖМАҒАМБЕТОВ:
– “Жинақ банкі” ЕБ АҚ пен “Қайнар АКБ” ЖШС-ның 2008 жылғы 4 шілде күні ынтымақтастық жөнінде жасасқан келісімінде не қамтылған еді?
– “Жинақ банкі” ЕБ АҚ-пен жасасқан ынтымақтастық жөніндегі барыс-келістерімізді бірнеше деңгейге бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, “Қайнар АКБ” ЖШС қайта қаржыландырылудан өтті. Бұны қалай түсінуге болады дегенде, яғни “Жинақ банкі” ЕБ АҚ бізді басқа бір банктен сатып алды деген сөз. Екіншіден, банк біздің кәсіпорнымыз үшін өздерінің несиелеу мүмкіндіктерін кеңейтті. 5 жылдық мерзімге 3 млрд. 330 млн.теңге көлеміндегі несие желісі ашылды. Бұл инвестиция өндіріске үдемелі технологияларды енгізу үшін және зауыттың өндірістік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Несиелеу желісінің жалғасты өсу көрсеткішімен ашылғандығы келісімнің ең бір ерекше назар аударатын тұсы болып табылады.
– Жоғарыда аталған екі жақты келісімнің қаржылық шарттарын атап бере аласыз ба?
– Банк басшылығына “Жасасқан келісім-шарттың мерзімі қалай болады?” деген сұрақты қойғанымызда, “өмір бойы” әріптестікті орнатамыз деген жауап алып едік. “Жинақ банкі” ЕБ АҚ-пен ең бірінші болып мұншалықты тиімді әрі уақыт шектемесі жоқ келісім-шартты біз жасастық (күліп).
– “Жинақ банкі” ЕБ АҚ-тың инвестициясы неге бағытталған?
– Бұл жолғы келісім біздің кәсіпорнымызды қайта жаңғыртуға, инновациялар мен айналымдардың кеңеюіне бағытталып отыр. Банктің қазіргі жасап жатқан қаржылық қолдауының арқасында бүгінгі таңда біз зауытымызды қайта жаңарттық және халықаралық деңгейдегі заманауи құрылғылар мен технологияларға қол жеткіздік. Кәсіпорнымыздың өндірістік қуаты артып келеді. Мәселен, қазір жылына 0,5 миллион дана аккумулятор шығарамыз. Өніміміздің 70 пайызы Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия сынды алыс шетелдерге экспортталады. Қазіргі кезде Қытай мен Еуропаға жаңа нарық ашуға бар күшімізді салып жатырмыз. Биылғы жылдың қазан айында “Қайнар АКБ” ЖШС-ның өнімдері Польшаға алғаш рет жеткізілді.
– Аталған инвестицияның қаншасын өз өндірісіңізге жұмсайсыз?
– Дәл қазіргі уақытта қазақстандық “Жинақ банктің” бөлген қаражатының барлығы игерілді. Сонымен қатар алған несиемізді өтеу барысындамыз. Бүгінгі күнге дейін талдықорғандық зауытымыз 1,5 миллиард теңгені төледі. 2011 жылы жаңадан тағы бір несие келісіміне отыруды жоспарлап отырмыз.
– Өзара серіктестік орнату барысында “Ресей Жинақ банкі” неге дәл сіздің кәсіпорныңызды таңдады деп ойлайсыз?
– Қазақстандық банктердің ішінде жалғыз ғана “Жинақ банкі” ЕБ АҚ қаржы дағдарысы кезінде біздің компаниямызға сенім білдірді әрі қолдау көрсетті. “Қайнар АКБ” ЖШС басқа да банктерге барып көмек сұраған еді. Алайда бірде-біреуі біздің жағдаймызға қарайласпады. Бір жағынан бұлай болғаны да біз үшін сәтті болған сияқты. Алғашында бізбен келісім-шартқа отырған кезде “Жинақ банкі” жаңадан ғана Қазақстанның қаржы нарығына бейімделіп келе жатқан еді. Сол кездің өзінде банк құрылымында біліктілігі жоғары, өз қызметін жақсы білетін, клиенттермен жылы қарым-қатынас жасай алатын менеджерлер жұмыс жасады.
– “Жинақ банкі” ЕБ АҚ банктердің арасынан ең бірінші болып “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасына қатысып, соның нәтижесінде Алматы облысында біраз маңызды жобалар іске асқан болатын. Ал сіздердің кәсіпорындарыңызды да бұл бағдарламаның алғашқы шебінен көрген едік. “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасына қатысуларыңызға не түрткі болды?
– “Бизнестің жол картасы - 2020” – бұл шын мәнісіндегі мемлекеттің отандық өндірушілерге жасап жатқан нағыз қолдауы деп білемін. Аталмыш бағдарламаға қатысқан еліміздегі барлық екінші деңгейдегі банктер жылдық пайыздық мөлшерлемелерін 12%-ға төмендетуге тиіс екендіктерін ескеретін болсақ, мұндай жеңілдіктің біз сияқты кәсіпорындар үшін айтарлықтай зор көмек болары сөзсіз. “Қайнар АКБ” ЖШС “Даму” мемлекеттік қорының бағдарламаларына қатысу барысында жылына 7 пайыздық көрсеткішпен “Жинақ банкі” ЕБ АҚ-ға несиемізді төлейді, ал қалған 5 пайызын өзіміз төлейтін боламыз. Мұндай жағдай біздің өнімдеріміздің өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Яғни ең соңғы есеп-қисап бойынша отандық өндірістегі бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға мүмкіндік туғыза аламыз.
ТҮЙІН: 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша “Жинақ банкі” ЕБ АҚ өзінің активтерін 13,8 пайызға көтерді. Бұл дегеніміз 251,8 млрд.теңгені құрайды деген сөз. Мұндай көрсеткіш әрине 2010 жылдың басы 1 қаңтардағы есептерге қарағанда анағұрлым көп болып тұр. Ол кездегі банк активтері 221,3 млрд.теңге еді. Заңды тұлғалардың салымдары 2010 жылғы 1 қаңтардағы 115, 4 млрд.теңгеге қарағанда 1 қарашадағы салымдар 35,6 пайызға артқан, яғни 156,5 млрд.теңгені құрап отыр. Жыл басындағы клиенттер 96,5 млрд.теңге көлемінде несие алса, 1 қарашада есеп бойынша несиелендіру көрсеткіші 54,1 пайызға жоғарылап, 148,7 млрд.теңгеге жеткен. 2010 жылғы 1 қарашадағы есеп қорытындысы бойынша банктің жеке меншік капиталы 38,1 млрд. теңгені құраса, банктің таза кірісі 926, 8 млн.теңгеге жетті.
2010 жылғы 1 қарашада Қазақстанның БВУ сараптамасы көрсеткеніндей, жеке меншік капиталының көлемі бойынша “Жинақ банкі” 8-ші орынды иеленсе, таза кіріс көлемі бойынша 11-ші орында, ал активтердің мөлшері жағынан да 11-ші орынды иеленіпті.
“Қайнар АКБ” ЖШС “Жинақ банкі” ЕБ АҚ-ның VІP клиенттері қатарына жатқызылатындықтан несиелендіру, зауыт қызметкерлеріне арналған ұжымдық несие, есеп айырысатын кассалық қызмет көрсету, интернет-кеңсе, құжаттық операциялар және банктік кепілдеме, аккредитивтер, валюталық бақылау операцияларын жүргізу, экспорттық-импорттық операциялар құжатының мәлімдемелері, депозиттер, ұйым қызметкерлеріне жалақылар үлестіруге арналған төлем карточкалары және басқа да сынды банк қызметі кешенін толық пайдалана алады.
Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.