Менің алдымда сөйлегендер тәрізді алдымен бізді қарсы алып жатқан Қазақстан мемлекеті мен оның Президентіне алғысымды жеткізгім келеді, деді Монако Корольдігі үкіметінің басшысы Мишель Рошер бұрнағы күні түстен кейін Грекия Премьер-министрі Г.Папандреудің төрағалығымен өткен 2-сессия соңына таман сөйлеген сөзінде. Әрі қарай ол төрағалықтың жоғары деңгейде жүргізілгенін атап көрсетті.
Монако Ұйымның құндылықтарын құрмет тұтады және оны әрбір мүше мемлекеттің де сақтауын қалайды. Мысалы, адами құндылықтардың сақталуын, халықтың қорғауды қажет ететін топтары, оның ішінде балаларды қорғауды сөз етуді ұсынған төраға елдің ойын құптаймыз. Бала саудасымен айналысатындарға шынында тосқауыл қою баршаның міндеті болуы тиіс. Бұл жерде біз ЕҚЫҰ-ның осы орайдағы барлық бастамаларын қолдайтынымызға сендіргіміз келеді, деді М.Рошер.
Сонымен қатар, Монаконың Ұйымның екінші өлшемі бойынша да жүргізілетін жұмыстарды қолдайтынын жеткізген ол, экологиялық қауіпсіздікті сақтауға тиісті тетіктерді дамытып, осы жолда ЕҚЫҰ әлеуетін тиімді пайдалану маңызды деген ойын ортаға салды.
Келесі сөз кезегін модератор Румыния Президенті Траян Бэсескуге берді. Ол Астана Саммитінің маңызына мән берумен сөзін бастаған. Румыния басшысы ЕҚЫҰ Саммитінің алғаш рет Азияда орналасқан мемлекетте ұйымдастырылып отырғанын айтып, оны тарихи сәт деп бағалады және жиын Ұйым мүшелері арасында бір-біріне деген сенімге селкеу түскен сәттердің азаюына үлес қосады деген ойын жеткізді.
Еуропа қауіпсіздігін сақтауда Ұйымның осыған дейінгі жетістіктерін әрі қарай дамытудың маңызы зор. Ұзаққа созылған жанжалдар ошағына тұрақтылық әкелу, жаңа ошақтардың пайда болмауы жолында бірлесе қимылдау маңызды, дей келіп, сонымен қатар, демократиялық ұстанымдардың алға жылжуында Ұйымның шұғыл мүмкіндіктерін кеңейтуге мән бере түскен абзал екенін атап көрсетті. Өкінішке қарай, біз бүгінгі күні ұзаққа созылған жанжалдарды шешуде бірқатар қиындықтармен бетпе-бет қалып отырмыз, деді Румыния Президенті.
Біздің осындай даулы мәселелерді шешуде адамдар, базалық негіздер немесе идеялар емес, саяси ерік-жігер жағы жетіспей жатыр деген пікірлерге толық қосылатынымызды айтқым келеді. Ұйым осыдан 35 жыл бұрын бір-біріне кереғар ұстанымдағылардың түсінісуге ұмтылысы арқасында дүниеге келген еді. Ал осы үрдістің жалғасын табуы ЕҚЫҰ-ның мүмкіндіктерін молайтып, кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты алға апаруға ықпал етпек.
ЕҚЫҰ-ның өзекті ұстанымдарын нығайтуда демократиялық қағидаттарды басшылыққа алған, баршаға ортақ қауіпсіздік мәселесі тұжырымдамасының маңызы үлкен. Және де кикілжің туып қалады-ау деген қауіпті сезу мен оның алдын алуда, ол дауды тоқырау шегіне жеткізбеуде Ұйым назарында ұстар мәселелер баршылық. Қазіргі уақытта Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Таулы Қарабақ сынды даулы ошақтардағы түйіндердің шешімін іздестіруде ондағы нәтижелерді сараптаудың рөлі зор.
Дания Сыртқы істер министрі Лене Эсперсен біздің алдымызда өз сөзінде Ұйымның құндылықтарын қадірлеу ғана емес, оны қорғау да тұрғанын естен шығармауға тиіспіз, деді өз сөзінде. Адам құқығы Ұйым кеңістігіндегі барлық мемлекеттер үшін басты құндылықтың бірі болуы тиіс деген пікірге қосыла отырып, оны тағы да қайталағым келеді. Әр ел өз азаматтарының құқығын сақтап, заң үстемдігі басшылыққа алынса, біздің кеңістікте өмір сүретін адамдар тіршілігі жақсаратынына еш дау жоқ. Осы ретте қазақ төрағалығы тұсында басымдықтардың бірінен саналатын осы тақырыптың Копенгагенде талқыланғанын айта кетейін. Осы талқылауда Ұйымға мүше елдер мойындарына алған міндеттерін орындайды деген күннің өзінде осы мәселені қарастырғанда оны әрі қарай дамыта, толықтыра түсу маңызды деген ойлар айтылды. Ал азаматтардың құқықтарының тапталмауы, қинау мен өлім жазасына кесуге қарсылық, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы турасында Ұйым кеңістігінде әлі де шешетін проблемалар жеткілікті. Осылай деген Дания Сыртқы істер министрі Ұйым аясында үнемі назарда ұстар маңызды мәселелердің қатарына энергетикалық қауіпсіздік, есірткінің заңсыз айналымы, Ауғанстан жайы және бүгінгі замандағы жаңа қауіп-қатерлерді болдырмау мәселелерін жатқызды. Мұндай мәселені қандай қуатты болса да жекелеген мемлекеттің шеше алмайтынын айтқан дипломат Ұйымның осы тұста басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса қимылдауын маңызды басымдықтардың бірі санайтынын жеткізді.
Мұнан соң сөз алған Черногория Президенті Филип Вуянович жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ Саммитіне жиылуымыз Ұйымға мүше мемлекеттердің оның құндылықтарын қадірлеуінің әрі оның жұмысын жандандырудың белгісі деп танимын және осы бір күрделі кезеңде жемісті төрағалық атқарған Қазақстан қызметін атап өтсем деймін, деді. Биылғы жылы біз Ұйым құрылуының 35 жылдығын, Париж Хартиясының 20 жылдығын атап өттік. Бұл Ұйым үшін маңызды кезеңдер. Ол құрылған күнінен бері Ванкувер мен Владивосток арасына созылған кеңістіктегі халықтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауға қызмет етіп келеді. Ал осы тұста «Корфу үдерісін» сөз ету маңызды деп білеміз. Жас мемлекет – Черногория да қауіпсіздікке қатысты осы мәселені талқылауға қатысқысы келеді. Қауіпсіздік жайын айтқанда, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікті сөз ету маңызды деп білеміз.
Қауіпсіздікті нығайтуда Вена құжатын жаңғырту Ұйымның қазіргі өзгерістерге бейімделуіне ықпал етер еді. Жалпы қауіпсіздікке қол жеткізуде бүгінгі күні жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуына байланысты олармен күресте бәріміз бірлесе қимылдасақ қана жеңіске жетеміз. Осы ретте Ауғанстан мәселесіне мән беру өте маңызды. Тағы бір Ұйым басымдығы саналатын мәселе адам құқығы десек, адами өлшемдер бойынша қай мемлекеттің де мойындарына алған міндеттемелерін орындауы парыз болып табылуы тиіс.
Италия Премьер-министрі Сильвио Берлускони Астанада ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікке қарай тағы бір қадам жасап, ортақ құндылықтарға жақындай түсе алады деп есептейді. Ол үшін бірінші кезекте қазіргі жанжалдарды оң шешіп, жергілікті жерлерде жұмыс істейтін ЕҚЫҰ-ның институттары мен 18 миссиясы арқылы олардың профилактикасымен айналысу керек. Ұйымның Бас хатшылығы тарапынан шешім қабылдау ықтималдылығын күшейткен жөн.
Мені таңқалдырған бір жәйт – Қазақстанда 130 ұлттар мен ұлыстардың, 46 конфессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүріп жатқаны болды. Бұл – біздің барлығымыз үшін жақсы үлгі. Өкінішке қарай, Еуропада, Балқанда біз жанжалдар, түрлі мәдениеттер мен конфессиялар арасындағы қарама-қайшылықтар неге соқтыратынын көрдік. ЕҚЫҰ Балқанда шешуші рөл атқарды және қазақстандық үлгіден рухтанған болулары керек, осы рөлді жалғастырып келеді. Бүгінде қыр көрсетулер Орталық Азия өңірінде де бар екені жасырын емес. Ұйым өзін Қырғызстанда жақсы қырынан көрсете білді. Біз осы арада Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке бастамасы үшін тағы да бір мәрте ризашылығымызды білдіруге тиістіміз, деп мәлімдеді италиялық көшбасшы.
Өз сөзінде Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Виктор Осипов өтіп отырған Саммит және Қазақстанның Ұйымға төрағалығы бүкіл ЕҚЫҰ кеңістігіндегі елдер халқы үшін айтарлықтай оқиға екенін атап көрсетті. Барлығымыз Ұйым жауапкершілігі аумағындағы аса көкейкесті мәселелерді, оның ішінде қауіпсіздік пен ынтымақтастық жайын талқылау үшін жиналып отырмыз. ЕҚЫҰ-ның осының алдындағы Саммиті ұйымдастырылғалы бері табаны күректей 11 жыл өтті. Сол уақыттан бері халықаралық қауіпсіздік, қарулануға бақылау жасау тетіктері мен мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесін тікелей қозғайтын оқиғалармен қатар, мыңдаған адамның өміріне қатер төндіретін неше түрлі қауіптер бой көрсетті. Сондықтан ЕҚЫҰ Еуропа қауіпсіздігі архитектурасының маңызды элементі болып қала бермек.
Осылай деген В.Осипов Астана Саммиті екі міндетті шешуге көмек көрсете алатынын атап көрсетті. Біріншіден, ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшеміндегі табыстарымыз бен кемшіліктеріміз арқылы бүгінгі жағдайға баға беруіміз қажет. Екіншіден, болашақтағы іс-қимылдарымыздың басымдықтары мен жоспарлары туралы келісімге келудің маңызы зор, деді Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. Келесі кезекте ол өз елінің 18 жылдан бері қасірет шегіп келе жатқанына жиналғандар назарын аударды. Реттеуге көнбей тұрған Днестр жағалауы жанжалы Молдова Республикасы қауіпсіздігіне ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңір, бірінші кезекте, көршілес Украина мен Еуроодақ елдері үшін қатер болып отыр.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, деп жалғады өзінің сөзін В.Осипов, Днестр жағалауы жанжалын Молдованың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде шешу үшін «5 + 2» пішініндегі ресми келіссөздерді қайта жаңғыртуға шақырамыз. Біз әріптестерімізді Днестр жағалауы лидерлерін келіссөз үстеліне қайта оралу дұрыс қадам болатынына көндіру үшін көмек қолдарын созуға үндейміз. Осыған байланысты аталған мәселеге жүйелі сипат беріп, үнқатысуды нақты мазмұнмен толықтыруға өзіндік үлес қосқан қазақ төрағалығына ризашылық сөзімді арнаймын.
Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары сөзінің соңында қазақ тарабына биылғы жыл бойы жүргізген ЕҚЫҰ шеңберіндегі айтарлықтай жұмысы үшін және Астанадағы қонақжайлығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
Кеше Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекеттер және үкіметтер басшыларының жоғары деңгейдегі Саммиті жұмысын жалғастырды. Бұл күнгі үшінші сессияның отырысына Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте төрайымдық етті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Даля Грибаускайтеге сессия жұмысының тізгінін ұстатар алдында қысқаша сөз сөйлеп, қатысушыларды ЕҚЫҰ Саммиті жұмысы жөнінен хабардар етті. Кеше жемісті үнқатысу болды. Үйлесімді ұсыныстар мен идеялар айтылды, деді Мемлекет басшысы. Жоғары деңгейдегі Астана Саммиті бізге ЕҚЫҰ-ның жаңа құрылысының қызметімен кең тыныстауға бірегей мүмкіндік беретініне сіздердің назарларыңызды тағы да аудартқым келеді. Көптеген шешендер айтқандай, он бір жыл бұрынғы Ыстамбұл Саммитінен кейін Астана Саммиті енді біздердің уақыт теңестіріп, қайда тұрғанымызды, алға жылжуымыздың негізгі бағыттарын белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ Ұйым кеңістігіндегі елдер халықтары саммиттен үлкен үміт күтіп отырғанын атап өтті. Делегация басшыларынан өздерінің орындаушыларына Астана Декларациясының жобасына байланысты нақты нұсқау беруге тапсырма берулерін өтінді. Астана Декларациясын қабылдауға консенсус болатынына үмітті екенін жеткізді.
Сессия отырысына жетекшілікті қолына алған Литва Президенті Даля Грибаускайте алғашқы сөзді Словения Президенті Данило Тюркке берді. Ол алдымен жоғары деңгейдегі Астана Саммитіне қолайлы жағдай жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. Содан кейін негізгі мәселеге көшті. Ұйымға қатысушы елдердің бірқатары жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстан әлі шыға қойған жоқ. Бүгінде экологиялық проблемалармен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету өткір мәселеге айналып барады.
Сондықтан ЕҚЫҰ еуроатлантикалық-еуразиялық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ету үшін Ұйымға қатысушы елдер Ұйым аясындағы міндеттемелерін орындауы қажет, деді Данило Тюрк. Біз көрініс беруі ықтимал күрделі жағдайларда шыдамдылық танытып, сенім көрсете білуіміз керек. Сонда ғана көптеген қиын жағдайларды реттеуге болады. Словения басшысы, сондай-ақ Таулы Қарабақ жанжалына тоқталды. Оның айтуынша, Қарабақ проблемасының туындағанына 20 жылдан асты. Оны бейбіт жолмен реттеуге Минск тобы жұмыс істеп жатыр.
Президент бұдан соң, НАТО-ның жақында өткен саммитінің, сол саммит кезінде қабылданған құжаттың маңызы ерекше екенін атады. Сонымен қатар, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Еуропадағы қауіпсіздік туралы құжатқа ойдағыдай баға бергенін атады.
Астана Саммиті Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының басын қосып отыр, деді Данило Тюрк сөзінің соңында. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы өз міндеттемелерін орындады. Қатысушы мемлекеттердің барлығын Астана құжатын қабылдауға шақырамын.
Албания Президенті Бамир Топи Қазақстан басшылығына қонақжайлылық көрсеткені үшін алғыс айта келіп, Астана Саммиті он бір жылдан соң өтіп отырғанына, төраға ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның мүддесі үшін жыл ішінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, оларды табысты өткізгеніне тоқталып өтті. Халық біздің Ұйымға зор үмітпен қарап отыр, деп жалғастырды сөзін Албания басшысы. Өйткені, адамдардың бір бөлігі жанжалдардың, қару-жарақ саудасының, терроршылдықтың салдарынан еркін жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұлар этносаралық және дінаралық кикілжіңдердің, адам шығынының орын алуына алып келеді. Сондықтан да болашақта ЕҚЫҰ қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзінің стратегиялық бағыт ауқымын кеңейткені жөн.
Президент Ауғанстанды саяси жағынан тұрақтандыруда елдің мемлекеттік шекарасын нығайту қажет деп есептейді. Ал Албания «Корфу үдерісі» қағидаларын қолдайтындығы басы ашық мәселе. Сонымен бірге, ол Балқанда, оның ішінде Батыс Балқан аймағында саяси тұрақтылықты дамытуда айтарлықтай ілгері басушылық бар екендігін атап өтті. Бұған мысал ретінде жаңадан тәуелсіздігін алған Косовоны келтірді. Бамир Топидің атап өтуінше, бүгінде Косовода саяси тұрақтылық орнықты, дұрыс жолмен дамып келеді. Сербия мен Косово арасындағы қатынас біртіндеп орнап келеді, проблемалар да бар. Албания Балқан өңіріндегі елдермен жақсы қарым-қатынаста. Албания – НАТО-ға мүше мемлекет. Албания басшысының пікірінше, бұл Албанияның қауіпсіздігіне кепіл болады.
Бұдан кейінгі сөз Армения Президенті Серж Саргсянға берілді. Астана Саммиті – ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті. Сондықтан да Армения басшысы алдымен осы жиынды өткізуде жоғары белсенділік танытқаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзіне шынайы алғысын білдірді. Әрі қарай ол бірден Таулы Қарабақ проблемасына ойысты. Таулы Қарабақ республикасы 1991 жылдың қыркүйегінде өзінің тәуелсіздігін жариялады, деді Серж Саргсян. Бұл халықаралық құқықтық нормаларға және сол кездегі КСРО заңдарының талаптарына толық сәйкес келеді. КСРО таратылғаннан кейін Таулы Қарабақта екі мемлекетке – Әзірбайжан және Арменияға бағынатын екі билік құрылымы орнықты.
Осылай деп мәлімдеген Армения Президенті әрі қарай оның себептерін атап берді. Оның айтуынша, барлығы армяндар тығыз қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялы облысында әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуіне байланысты. Осының салдарынан екі ел арасында қарулы қақтығыстар тұтанды. Оның соңы Әзірбайжан аумағынан армян этностарын күшпен шығаруға ұласты. Әзірбайжан билігі мұны мойындамай келеді.
Бұдан кейін Серж Саргсян Әзірбайжанның жыл өткен сайын өзінің әскери салаға бөлінетін бюджетін арттырып келе жатқанын көлденең тартты. Оның пікірінше, соңғы 16 жылдан бері Әзірбайжан Арменияға қарсы жаңа басқыншылық (агрессия) әрекеттер қолданып келеді. Таулы Қарабақ республикасын әскери күш қолдану арқылы «басып» алуды ойластыруда. Бұл туралы Әзірбайжан басшысы бірнеше рет мәлімдеді. Сондай-ақ ол Әзірбайжан тарапының ондағы армян халқының тарихи-мәдени мұраларын қиратқанын да айтып қалды.
Әзірбайжан Таулы Қарабақ жанжалын шешуге мүдделілік танытпайды, деді Армения басшысы сөзін аяқтай келіп. Ал Армения Таулы Қарабақ проблемасына әскери күштерді араластыруды қаламайды. Әзірбайжанның Таулы Қарабақ республикасын даулауына заңдық та, саяси да, моральдық та құқығы жоқ, деп санайды Армения басшысы.
Саммит отырысының сессиясында Люксембург Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнға сөз берілді. «Осыдан 35 жыл бұрын біз Хельсинкиде өзара ынтымақтастықтың негізін қаладық. Бұл ынтымақтастық біздің барлығымызға ортақ құндылықтарға, демократиялық және адам құқықтарын сақтау қағидаттары тетігіне негізделген болатын, деп бастады ол өзінің сөзін. Сол себепті, биыл Астана Саммитіне жиналу арқылы біз Ұйым қызметін жандандыруды, сол арқылы барлығымызға ортақ құндылықтар негізін одан әрі нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Бұл өз кезегінде 56 мемлекет мүше жетекші Ұйымның қауіпсіздікке қатысты негізгі бағытын айқындай түседі. Ал бұл бағыт Ұйымның 3 өлшеміне негізделуі тиіс. Ең алдымен, ол – Ұйымға мүше елдердің өзара сенімі мен сенімге негізделген қағидаттарын нығайту. Барлығыңызға белгілі, 2008 жылы Грузияда орын алған тамыз оқиғалары Ұйымның қауіпсіздік төңірегіндегі тетіктеріне әсер етпей қоймағаны анық. Сол кездегі дағдарыстар Ұйымның көп нәрсеге жаңа қырынан қарауын қажет етті. Финляндия, Грекия, енді міне, Қазақстан төрағалығы мен күш-жігері арқасында біз жаңа үнқатысуды нығайтуға және сол үнқатысуды жаңа қырынан айқындауға мүмкіндік алдық. Бұл үнқатысу «Корфу үдерісі» кезінде де жүріп отырды. Ал ол өз кезегінде ынтымақтастықты нығайтуға және де Ұйымға мүше елдер арасындағы өзара сенім үдерісінің аз мөлшерде болса да орнығуына оң әсер етті. Сондықтан, мұндай үнқатысуларды Ұйым құрылымын жаңаша реформалауға, сол арқылы ЕҚЫҰ алдында көлденең тұрған мәселелерді шешуге бағыттауымыз керек. Егер де олай болмаса, мұны мен Ұйымның жеңілісі деп қабылдаймын, деді шешен. Ол Ұйым қызметін қарауда оның қару-жарақ түрлеріне бақылау жүргізуді нығайту тетігін назарда ұстау керектігін де атап көрсетті.
Ж.Ассельборнның айтуынша, Ұйым қызметі жаңа ғасырдың жаңа оқиғаларына жаңаша бейімделуі керек. Люксембург тек ядролық қана емес, басқа да бағыттардағы қауіпсіздікті сақтау қажет деген қағидатты ұстанады. Сондықтан, біздің еліміз қару-жараққа қазіргі заманға сай бақылау жүргізу идеясын қолдайды. Бұл жерде Таулы Қарабақ, Ауғанстан және Грузия секілді елдердегі қару-жараққа қатысты текетірестер мен шиеленістерді айрықша атап өтуіміз қажет. Мәселені біржақты қарау, я болмаса мәселені шиеленістіре түсу бағытындағы қарым-қатынастар Ұйымның қызметіне, беделіне ғана нұқсан келтірмейді, ол Ұйымға мүше елдер өңірлеріне де кері әсерін тигізеді. Бұл ретте, мен бұрыннан қалыптасқан шиеленісті жағдайларды реттеу әлеуетін барынша күшейту бастамасын қолдаймын. Сол арқылы біз «Жол картасын» әзірлеп, сол негізде жаңа бастамалар көтеруіміз қажет. Бұл тиімді үнқатысу алаңын құрып, сол бойынша жаңа қадамдарға баруға жәрдемдесетін болады, деді Люксембург делегациясының басшысы.
Ол сондай-ақ, Хельсинки Қорытынды актісін қабылдау арқылы Ұйымға мүше елдердің барлығы адам құқығын қорғау, демократия мен құқықтық мемлекеттегі бостандық үдерістеріне қатысты көптеген міндеттемелер мен жауапкершіліктерді өз мойындарына алғандығын атап өтті. Бұл міндеттемелердің әрқайсысы Ұйымға мүше елдердің ортақ мүмкіндігін көрсетеді және Ұйым қағидаттарын бұрынғыдан да айқындай түсуге көмектеседі. Бұл орайда, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның, Ұлттық азшылық мәселелері жөніндегі Жоғарғы комиссар қызметтерінің, БАҚ бостандығы жөніндегі өкілеттіліктердің рөлін айрықша атап өтуіміз қажет, деді Люксембург Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі. Оның айтуынша, осы орайда Ұйым алдында тұрған жауапкершілік пен міндеттемелерді жүзеге асыруға, мәселен, БАҚ бостандығын оңтайландыру құрылымын күшейтуге айрықша мән берілуі тиіс. Және де оны өзіміздің назарымыздан тыс қалдырмауымыз керек.
Осылай дей келе, шешен ЕҚЫҰ-ны ХХІ ғасыр алға тартқан шиеленістер мен текетірестерге дер кезінде үн қатып, түйткілді шеше алатындай қауқары бар құрылым ретіндегі рөлін қайта жандандыру қажеттігін атап өтті. 2008 жылғы тамызда Грузияда орын алған шиеленіс, биылғы жылғы Қырғызстандағы дағдарыс секілді қиындықтарға төтеп беру – ЕҚЫҰ-ның басым бағыты мен құзыретіне айналуы тиіс. Сол себепті, бірінші кезекте ондай қиындықтардың дер кезінде шешілуіне назар аударылуы қажет. Ауғанстандағы ахуал да осындай іс-қимыл қажеттігін айғақтайды. Алайда, жиында бұл түйткілдер жоғары шамшылдық деңгейде көтерілген жоқ. Соңғы 10 жыл ішінде терроризм, адам саудасы, есірткі трафигі, өзге де қылмыстардың өріс алуы – біздің өз жауапкершілігімізді толық дәрежеде орындамай отырғанымызды білдіреді. Бұл ретте Люксембург осындай жаһандық қыр көрсетулерге қатысты шараларға араласып, ЕҚЫҰ-ның тұрақтылық қағидатын нығайтуға толықтай қосылады, деді ол.
Сондай-ақ, шешен өз сөзінде Ұйымның болашақта тізгінін ұстайтын Литва, Ирландия және Украинаға сәттілік тіледі. Қорытындысында Люксембург өкілі Корея түбегіндегі шиеленіске алаңдаушылық білдіретінін, ал оның ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге де қатысты екенін атап өтті. Бұл ретте ол Солтүстік Кореяға байланысты жағдайды ушықтырмауға шақырды. Себебі, ол тек өңірлік қауіпсіздік жағынан ғана емес, бүкіл әлем бойынша ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікке әсер ететін болады, деді Ж.Ассельборн.
Түркия Президенті Абдулла Гүл: «Осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда саммитті қабылдаған ел басшысы ретінде биылғы саммитке қатысуға мүмкіндік алғаным мен үшін үлкен құрмет. Осы орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Саммитке жоғары деңгейде төрағалық еткені үшін алғысымды білдіремін», деді. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ елдерін қауіпсіздікке байланысты бірлескен үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын, ал егер де үлкен жауапкершілікке толы мәселелерге қатысты лайықты шешім қабылданса, онда ол Ұйым алдындағы міндетті атқарған болып шығатынын атап өтті.
ЕҚЫҰ – шиеленісті жағдайды бейбіт жолмен реттеуге әсер етуші ұйым. Түркия өз кезегінде Грузиядағы, Әзірбайжандағы шиеленіс пен кикілжіңдерді бір жүйеге келтіруге қатысты жұмыстарға қолдау білдіреді. Орталық Азиядағы шиеленісті жағдайларды айтқанда, Ауғанстанды айналып өту мүмкін емес. Орталық Азия трансұлттық қыр көрсетулерге ұрынып отыр, ал саммит осындай қордаланған проблемаларға тиімді ықпал ету құралына айналуы тиіс, деді А.Гүл. Сондай-ақ ол өзінің сөзінде бүгінде әлемді алаңдатып отырған мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табу қажеттілік екенін, осы орайда, Ұйым адами құндылыққа айрықша назар аударып, нәсілшілдікке қарсы тұру бағытында ауқымды қадамдар жасауы керектігін атап көрсетті.
Бұдан кейін отырысқа модераторлық етіп отырған Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте сөз сөйледі. ЕҚЫҰ-ның негізгі бағыты – демократиялық қауіпсіздікті сақтау, адам құқығын қорғау, БАҚ бостандығы. Біз келер жылы Ұйымға төрағалық етеміз. Демек, осы мәселелерге қатысты нақты ұсынымдар әзірлеуіміз қажет. Біздер, яғни Ұйымға мүше елдер бір-бірімізбен өте тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Мәселен, Ауғанстандағы, ондағы есірткі трафигі, басқа да күрделі жағдайлар кім-кімді болсын бейжай қалдырмауы керек. ЕҚЫҰ – әлеуеті күшті құрылым. Ауғанстан тек өз тағдырын өз қолына алғанда ғана мәселенің түйіні тарқатыла бастар еді. Ұйым аясында қаралуға тиіс көптеген ішкі және сыртқы мәселелер жеткілікті. Осыған орай, Ұйымның ауқымдылығына, оның қызмет ету аясының кеңдігіне қарамастан, біз жаңа міндеттерді айқындауымыз қажет. Сол себепті, сіздерден өзіміздің әр қадамымызды нақты істерге бағыттайық дегім келеді, деді Литва Президенті. Сөз соңында ол Қазақстанның жетекші Ұйымға төрағалық етудегі күш-жігеріне көңілі толатынын білдірді.
Литва басшысынан кейінгі сөзді Хорватия Президенті Иво Йосипович алды. Өзінің сөзінде Хорватия басшысы Ұйымның Қазақстанда өтіп жатқан маңызды Саммитіне қатысу өзі үшін үлкен мәртебе екенін, бүгінде екі елдің, яғни Қазақстан мен Хорватия арасындағы әріптестік байланыстың дұрыс жолға қойылғанын айрықша сезіммен жеткізді. Мен бұл саммиттің өте тарихи оқиға екеніне және де ол көптің есінде айрықша сақталатынына сенімдімін. Осы орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Оның Ұйымға төрағалық ету кезіндегі прагматикалық көзқарасын, күш-жігерін, тәжірибесін бөліп айтар едім. Соңғы 11 жыл бедерінде Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте өзгерістер болды. Оның шеңберіндегі түрлі кикілжіңдер, шиеленістер, күрделі жағдайлар еуропалық қауіпсіздікке тұтастай әсер етуде. Айталық, Еуропаның кейпінде де бұрынғыға қарағанда айтарлықтай айырмашылық бар. 56 мемлекет мүше ЕҚЫҰ-ның қызметі мен құзыреті – осының айғағы. Бүгінгідей ауқымды жиын өзара әріптестіктің жаңа ұстанымдары мен қағидалар негізінің қалануына сеп болады әрі жаңаша леп әкеледі деп ойлаймын. Өзінің 35 жылдық тарихында ЕҚЫҰ қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары мен міндеттемелерінің негізін қалап үлгерді. Бұл міндеттемелер еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік құрылымына қызмет етері анық. Сондықтан, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көлемінің үлкен-кішілігіне қарамастан, Ұйымның қауіпсіздік тұрғысындағы ұстанымына өз үлестерін қосулары керек. Ал бұл өз кезегінде бізді әлі де шешімін таппай отырған түйткілді мәселелерге, Ұйымның негізгі саясатының жүзеге асуына қызмет ететін болады, деді Хорватия Президенті.
Оның пікірінше, бұл ретте демократия, адами құндылықтар, адам бостандығына ешқандай зиян тимеуі керек. Мен өз кезегімде Ұйымға, сол Ұйымға мүше елдерге қатысты біздің саясатымыздың оң нәтиже беретініне үміт артамын. Біздің осы жиын барысында қабылдаған құжаттарымыз ЕҚЫҰ-дағы қызмет ету бағыттарымызды айқындай түседі деп сенемін. Біз бұған өз тарапымыздан барынша үлес қосуға тырысып келеміз. Мен келешекте ЕҚЫҰ-ның бұдан да күшті әрі тиімді Ұйымға айналатынына сенім білдіргім келеді. Бұл, әсіресе, өзгермелі замандағы жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді еңсеру үшін де қажет, деді И.Йосипович.
Сөзінің қорытындысында, Хорватия басшысы 2011, 2012 және 2013 жылдары Ұйымға төрағалық ететін Литва, Ирландия және Украина елдері ЕҚЫҰ қызметін жандандыра түсуге үлес қосатынына сенім білдірді.
Төрткүл дүниенің назарын аударған Астана Саммитінің екінші күнгі сессиясында сөз алған Босния және Герцеговина Президенті Небойша Радманович бүгінгідей халықаралық маңызды құрылтайда сөйлеу мүмкіндігіне қол жеткізіп отырғанына қуанышты екендігін айта келіп, 11 жыл үзілістен кейін қонақжай қазақ жерінде зор ұйымдастырушылық арқасында өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің тарихи маңызына тоқталды. Ақиқатында, бұл Саммит қазірдің өзінде Ұйым шежіресіндегі аса маңызды оқиғаға айналғаны даусыз.
Осыдан тура бір ай бұрын біздің елімізде соғыстан кейінгі алтыншы еркін сайлау оқиғасы болып өтті. Демократиялық талаптарға сай өткен бұл сайлауға ЕҚЫҰ бақылаушылары жоғары баға берді. Балқан түбегін шарпыған сонау бір соғыс жылдарынан кейін біз осындай азаттыққа қол жеткізіп, халқымыздың азат ерік-жігерін айқындайтын демократиялық ашық сайлау шараларын өткіземіз деп ойлау да қиын болатын. Енді, міне, биылғы жылы біз азаттық алып, бейбіт келісімге қол жеткізгеніміздің 15 жылдық мерекесін тойлағалы отырмыз. Осы орайда, мен біздің елімізде демократиялық құндылықтардың орнығуына, қарулы қақтығыстардан кейінгі елімізді қалпына келтіру шараларына ЕҚЫҰ-ның барынша ықпал етіп, зор көмек көрсеткенін ерекше ризалық сезіммен атап өткім келеді, деді одан әрі өз сөзінде шешен.
Бүгінде Балқан түбегінде НАТО-ның қарулы күштерінің айтарлықтай шектелуіне қол жеткізілгеніне, Босния және Герцеговина мемлекетінде ЕҚЫҰ-ның тұғырлы үш өлшемі негізінде игі ықпалды жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталған шешен өз елінің Ұйым шеңберінде атқарылатын барлық шараларды қолдайтындықтарын білдірді. Біз бүгін тұрақсыздықтар жиі байқалатын, дүниенің әр түкпірінен қоқан-лоқылар мен бой көрсетушіліктер шығып тұратын құбылмалы әлемде өмір сүріп отырмыз. Халықаралық лаңкестік, жүгенсіз кеткен есірткі саудасы, адам құқығын аяққа басу, нәсілдік кемсітушіліктер, діни экстремизм оқиғалары әлемнің тұрақсыздығына әкеліп соғуда. Біз бұл шақыруларға бірлескен күш-жігерімізді қарсы қоя білуіміз керек. ЕҚЫҰ-ның барлық қызметі еуроатлантикалық кеңістікте тұрақтылықты орнықтыруға бағытталған, оның ұстанған құндылықтары барлығымыздың мүддемізден шығатын арналарға тоғыстырылған. Міне, сондықтан да ЕҚЫҰ құндылықтарына қолдау көрсету барлығымыздың басты мүддеміз деп санаймын, деп жалғастырды ол сөзін одан әрі.
Сондай-ақ, шешен Босния және Герцеговина мемлекетінің бүгінде Балқандағы тұрақтылық белең алған елдердің бірінен саналатынын және бұрынғы Югославия мемлекеті аумағында қол жеткізілген осы тұрақтылықтың бұзылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындықтарын тілге тиек етті. Ол өз елінің Еуропа құрлығында жоғары сенім ахуалын орнықтыру жөніндегі бастамаларды барынша қолдайтынын жеткізді.
Ең алдымен, бүгінгі мәртебелі Саммитті өткізуге бастамашы болған Қазақстан Республикасының басшысына және тарихи халықаралық жиынды қабылдап отырған дарқан қазақ еліне шынайы алғысымды жеткізуге рұқсат етіңіздер, деп бастады Саммиттегі сөзін Эстония Республикасының Үкімет басшысы Андрус Ансип. Екіншіден, ЕҚЫҰ-ның келесі жылғы төрағалығы міндетін алатын Литва еліне сәттілік тілеймін. Біз «Корфу үдерісіне» белсенді қолдау көрсеттік. Енді Астана Саммитінің тарихи шешімдерін де жан-жақты қолдауға дайынбыз.
Одан әрі шешен өңірлік жанжалдардың алдын-алу, мұндай келіспеушіліктің бейбіт келісімдер жолымен ғана шешілуіне бірден-бір ықпал жасау ЕҚЫҰ-ның табиғатына жазылған міндет екенін атап көрсетті. Болашақта да Ұйымның бұл үрдістерде алдыңғы шектен көрінуі тиіс екенін, сонымен бірге БАҚ бостандығы, әсіресе, мүше мемлекеттер аймағында сөз және баспасөз бостандығын орнықтыру кезек күттірмес міндет екенін жеткізді. Баспасөз бостандығы біздің еліміздің демократиялық салада қол жеткізген ерен жетістіктеріміздің бірі. Ұзақ жылдар үстемдік құрған кешегі тоталитарлық империя қарамағында болған біздің еліміз үшін бұл баға жетпес құндылық, деді ол.
Ұзаққа созылған өңірлік кикілжіңдерді шешу мәселесінде әлі де Ұйым тарапынан ықпалды шаралар жасалуы қажет екенін алға тартқан шешен, Қап тауы аймағында, Таулы Қарабақта орын алған оқиғалардан алдымен қарапайым халық зардап шеккенін, өңір халқының бұл кикілжіңдердің бейбіт жолмен әрі жылдамырақ шешілгенін қалайтындықтарын атап көрсетті. Сонымен бірге, ол өз мемлекетінің 2008 жылы тамыз айында қол жеткізілген бейбіт келісімдерді қолдайтынын да жеткізді. Ол ЕҚЫҰ аумағынан тыс өңірлерде орын алған қару қолданушылық оқиғалары туралы айта келіп, Ұйымның Ауған жерінде көптен күткен бейбітшіліктің орнығуы үшін тиімді іс-әрекеттер жасауы қажет екендігін еске салды. Шешен киберқауіпсіздік мәселесі туралы аз айтылмай келе жатқанын, бұл орайда бірнеше халықаралық басқосулардың да өткізілгенін айта келіп, енді нақты шаралар қабылдау кезеңі жеткенін атап көрсетті.
Екі күнге созылған осы бір халықаралық тарихи басқосуда талай-талай өзекті мәселелердің көтерілгенін тілге тиек ете келіп, Исландия Корольдігі делегациясының басшысы Стэфан Скьялдарсон Орталық Азияда ЕҚЫҰ-ның алғашқы Саммитін зор табыстармен өткізіп отырған, осы мәртебелі халықаралық ұйымға жыл бойы жемісті де нәтижелі басшылық жасап келе жатқан Қазақстан төрағалығын шынайы ықылас сезімімен атап көрсетіп, үлкен алғысын жеткізді. Одан әрі шешен Ұйым шеңберінде жасалған келісімдердің де, қабылданған міндеттемелердің де жеткілікті екенін ескерте келіп, олардың ықпалдылығы мен орындалу дәрежесіне көңілі толмайтындығын атап көрсетті. Сондықтан алдағы уақытта мүше мемлекеттердің қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге күш салу қажет екенін алға тартты.
Өңірлік кикілжіңдердің алдын алу мәселесінде Ұйымның әлі де тиімді шаралар кешенін ойластыруы қажеттігі туралы айта келіп, ол Қап тауының етегінде және Днестр жағалауында орын алған оқиғалардың салдарынан болған проблемаларды шешуде түбегейлі бетбұрыстар жасайтын уақыт жеткенін тілге тиек етті. Адамдарға ықпалды көмек қолын созу үшін, орын алған оқиғаларға қатысты жан-жақты шынайы ақпарат алып, мәселенің шешілуіне тиімді көмек көрсету үшін ЕҚЫҰ-ның барлық тұрақсыз өңірлердің аумағына, оқиғалар орын алған мемлекеттердің шекараларына кіруге толық мүмкіндігі болуы шарт екендігін айта келіп шешен, Ұйымға мүше мемлекеттер 2011 жылы Вена құжатының жаңартылған нұсқасына қол жеткізетіндігіне сенім білдірді. Ол еуроатлантикалық кеңістіктегі үш өлшем негізіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тағдыры ЕҚЫҰ-ның беделі мен қызметінің тиімділігін, ал Ұйым болашағы оған мүше мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық дәрежесіне байланысты екендігін атап көрсетті.
Кипр мемлекеті делегациясының басшысы Димитрис Христофиас ЕҚЫҰ тарихында Париж хартиясынан кейінгі маңызды тарихи құжаттың 11 жыл үзілістен кейін өткізіліп отырған Астана Саммитінің еншісіне тиіп отырғанын зор қанағаттанғандық сезіммен атап көрсетті. Біз осы мәртебелі ұйымның ықпалды қызметінің арқасында бәрімізге ортақ қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру мақсатында ұзақ та нәтижелі жолдан жүріп өттік. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, деп жалғастырды шешен сөзін одан әрі, егер бұл ұйым болмаса осыдан 35 жыл бұрын жағдай қандай сценарий бойынша дамитын еді, біз дәл бүгінгідей ортақ үйіміздің қауіпсіздігін алдағы болашақта нығайту жөнінде сөз қозғай алар ма едік. Ендігі мақсат, осы ықпалды да беделді Ұйым аясында өңірлерде орын алған келеңсіз оқиғалардың зардаптарын жою үшін, алдағы уақытта Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте ешқандай кикілжіңдерге жол бермеу жолында күш біріктіруіміз қажет, деді ол.
Шешен өзінің сөзінде Кипр мемлекетінің «Корфу үдерісін», соңғы уақытта НАТО мен Ресей басшыларының кездесуінде қол жеткізілген оң шешімдерді барынша қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ ол өз сөзінде Ұйым тарапынан Қара теңіз бассейніндегі мемлекеттер арасында соңғы кезде қалыптасқан түсініспеушіліктерді оң шешуге қол жеткізу үшін ЕҚЫҰ әлеуетін кеңінен пайдалану қажет екенін тілге тиек етті. Біз әрқашан адамзаттың мүдделерімен өзектес келетін ЕҚЫҰ үдерістеріне адалдығымыздан ауытқымаймыз, деп қорытты сөзін шешен.
Болашақтың қауіпсіздік архитектурасы алдағы бірнеше ғасырлардың үрдісін қамтуы қажет. Бүгінгідей тарихи басқосулардың нәтижесінде біз ХХІ ғасырда ортақ кеңістігімізде қауіпсіздік нормаларын орнықтыруға қол жеткізудің алғышарттарын жасаймыз. Ендеше, Астана Саммитінің бүкіл бір дәуірдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бастау болар ұлы бастамалардың орталығына айналатынына үміт артқым келеді, деді өз сөзінде Португалия Сыртқы істер министрі Луис Амода.
Одан әрі шешен НАТО мен Ресей мемлекеті арасында қол жеткізілген оң шешімдердің кеңістігімізде қауіпсіздік ахуалын нығыйтуға игі ықпал ететіндігін, Ұйымға мүше-мемлекеттер қабылдаған міндеттердің тиімді орындалуының маңыздылығын, Вена құжатын жаңғыртудың ілгерішілдігін тілге тиек етті. Егер біз ЕҚЫҰ ықпалындағы кеңістікте тұрақты да сенімді қауіпсіздік ахуалын қалыптастыруды мақсат ететін болсақ, бұл құжаттардың заман ағымына сай жаңғыртылуы жөнінде ортақ шешімге келуіміз керек. Бұл барлық мемлекеттер халықтарының мүддесімен сәйкес келеді, деді одан әрі Луис Амода. Барлық жерде бірдей адам құқығы құндылықтарына басымдық берілсе, біз тұрақтылық пен бейбіт өмірге кенелеміз. ЕҚЫҰ бастамасымен осыдан 35 жыл бұрын өмірге келіп, адамзат дамуы үшін өлшеусіз үлес қосқан құндылықтарды біз ХХІ ғасырда да