03 Желтоқсан, 2010

Қазақ тарихындағы ең абыройлы белес

471 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті абыроймен аяқталып, Декларация қабылданған соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның қорытындыларына  арнап журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

Уақыттың түнгі сағат бірден өтіп бара жатқанын ескерген Ел­ба­сы еуропалық журналистер үшін әлі «қайырлы кеш», ал біздің журналистерге «қайырлы түн» болсын деп өзінің кіріспе сөзін әзілден бастады. Бүгін біз бүкіл қазақ тарихындағы ең абы­ройлы белеске шы­ғып тұр­мыз, деп жалғастырды одан әрі сөзін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Қазір ғана аяқталған ал­қалы жиынмен бірге Қазақстан өрке­ниет көшіндегі жаңа ке­зеңге қа­дам басты. Пікір­сайыс­тың өте қызу болғанын айта кетуім керек. Қа­ты­сушылардың бәрі ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидат­тары­на қайта­дан оралуды мұрат тұтатынын көр­сетті. Төрткүл дү­ниенің на­за­ры екі күн бойы біз­дің елімізге ауып, Астанада адам­заттық ауқым­­дағы түйт­кілдер талқыға түсті. – Біз Батыстың беделді Ұйы­мы­на Азия елдері арасынан ал­ғашқы төраға болып, құрлықтың тұтас қауіпсіздігі бойынша тұң­ғыш бастама көтердік. Дөңге­лен­­ген дүние бір орында тұр­майды. Бүгінгі күні Еуропадағы қауіп­сіздік және ын­тымақтастық ұйы­мы да жаңаруды басынан өт­кізіп отыр. Астана Саммиті арқы­лы Ұйымның ауқымы ғана емес, саяси сипаты да айтар­лық­тай өз­ге­ріс­терге ұшырады. Біз дүниеге Батыс пен Шығыс немесе түстік пен теріскей деген ке­ре­ғар түсі­нік­термен емес, ендіктер мен бой­лықтар үн­дескен тұ­тас әлем ретінде қарауы­мыз керек. Сондықтан біз бүгін Астанада еуроатлан­тикалық және еур­­азиялық біртұ­тас қауіпсіздік­ті қалыптастыру жолына батыл қадам бастық. Дана халқымызда «кемедегі­нің жаны бір» деген ұлағатты сөз бар. Біз ұрпағымызға жар­қын болашақты мұра етуді қала­сақ, онда ортақ кеңістігіміздің қауіп­сіз­дігін бірге ойлағанымыз жөн болады. Хельсинкиден бас­та­лып, бүгін Астана көгінде қа­лықтаған ізгілік рухы бізді осы­ған жетелейді. Бұл орайда Астана Дек­ларациясында қабылдан­ған тарихи маңызы зор, тағдыр­лы шешім­дердің ғұмырлы бо­луын тілеймін. Саммит жұмы­сының жемісті өтуі­не атсалыс­қан барша қауым­ға ризашы­лығымды білдіремін. Аста­наның барлық жұртшылы­ғы – соның ішінде түрлі қыз­мет­те­гі­лер, Сыртқы істер министрлігі, Пре­зидент Әкімшілігі қыз­мет­­керлері, тіпті еліміздің бар­лық хал­қы осы жиынның абы­рой­мен өтуіне үлес қосып, ал өйт­пе­гендер жақсы өтуін тіледі. Осы мүм­кін­шілікті пайда­ла­нып, бар­ша­ңызға шын жүре­гім­нен алғы­сым­ды айта­мын. Елі­міздің мерейін үс­тем еткен осы Саммиттің табысты өтуі қа­зақ­стандықтардың сол игі тіле­гінің арқасында деп ойлаймын. Енді Ұйым­ның төрағалығын ала­тын Литва Республикасының жұ­мысы да табысты болсын дейік, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Астана Саммитінің қорытын­ды­сы бойынша қабылданған декларация – Ұйымның одан әрі дамуына, аймақтағы рөлінің ар­туына, ынтымақтастық пен қауіп­сіздіктің беки түсуіне біз­дің  жауапты екендігімізді көр­сет­ті. Бұл құжат ЕҚЫҰ-ның одан әрі да­муы­на берік негіз бо­лады. Өйт­кені, ол барлық қа­тысушы мем­ле­кет­тердің ортақ ұстанымын ай­қын­даған. Бүгінгі күні еуропалық немесе азиялық қауіпсіздікті бө­лек-бөлек сақтау мүмкін еместігіне көзіміз анық жет­ті, сондықтан еуроатланти­ка­лық және еуразия­лық қауым­дас­тық орнатып, ол бөлінбейтін, ара­сынан шекаралық сызық өт­пейтін біртұтас қауіп­сіз­дікті сақ­тауы қа­жет, деп жалғады сөзін Президент. Осы үл­кен дәре­желі фо­румның тарихтан орын ала­тынына күмәнім жоқ. Өйткені, Астана Саммиті Ұй­ым­ның өзі үшін ғана емес, мұ­хит­тан мұхитқа дейін созы­лып жатқан алып кеңістікті қам­титын бүкіл Еуразия құрлығы үшін де кезеңдік оқиға болды. Осы­дан 35 жыл бұ­рын осы Ұй­ым өмірге келгенде Еуропа жау­ыққан екі лагерьге бөлініп тұрған еді. Берлин қабыр­ға­сының құ­лап және Париж хартиясының қабыл­дануымен Еуропа біртұтас болды. Ал бүгін біз осыған дейін тұтас материкті Еуропа мен Азия сияқты екі құр­лыққа бөліп тұрған тағы бір  шірік қабыр­ғаның құлау сәтінің баста­луы­на жеттік деп есептеймін. Со­ны­мен бірге, бүгін біз өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­рын­да Париж хар­тиясының қа­был­дануымен бас­тал­ған өте күр­де­лі кезеңді аяқ­та­дық. Енді біз өз­ара ынты­мақ­тастықтың Хельсинки Қоры­тын­ды актісінен басталған үшінші фаза­сына аяқ басқан сияқ­ты­мыз. Жаңа тарихи кезеңде өмір­ге келген Хельсинки рухы бүгін Ас­тана рухымен байытылды. Осын­да жаңадан қабылданған өзара тү­сіністік рухы, келісім біздің қа­зіргі заманның қа­терлеріне қар­сы бірлесіп күресуге, халықта­ры­мыздың тағ­дыршешті мә­селе­лерін бірлесе шешуге мүм­кін­дік береді ғой деп ойлаймын, деді Мемлекет басшысы. Осылай деген Елбасы ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еур­азиялық ортақ қауіпсіз­дікті сақтау арқылы Еуропа мен Азияны жа­қын­дату, интеграциялау мүм­кін­ді­гі бар екенін атап көр­сетті. Саммитте біз осы ма­ңыз­ды жұмыстар­ды бастадық. Қазақстандық төраға­лықтың ең үлкен еңбегі сол – біз бо­ла­шақта Шығыс пен Ба­тысты, Оң­түс­тік пен Солтүстікті жақын­дата алатын еуразиялық вектордың негізін сала білдік. Мен болашақта келер ұрпақтың қолына ұста­та­тын қауіп­сіздік арқылы  гүл­дене да­ми алатын жаңа кеңістік құ­рамыз деп сенемін. Одан әрі Елбасы қабылданған шешімнің оңай жолмен келмегенін пікірсайыстың Астана уақыты бойынша түнгі сағат бірге дейін созылғанынан анық байқауға бо­латынын атап айтты. Осы орайда, құ­жатты қабылдау барысындағы қи­ын­шылықтарды атап өтті. Со­ның ішінде «созылмалы жанжал­дарға» байланысты көптеген ке­ліс­пеушіліктердің болғанын жеткізді. Пікірлер мен ұсыныстар өте әртүрлі болды, әркім өзінің мүд­десін қорғап, өз ұсынысы өткенін қа­лады. Міне, сол талас жайларға қарамай, біз 56 мемлекет басшы­ла­рының консенсусына қол жеткізіп, осы құжатты қабылдаттық, деді Елбасы сөзінің соңында. Осыдан кейін Президент журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. «Орталық Азия» ақпарат агент­тігінің тілшісі Саммиттің ма­­ңы­зына тереңірек тоқталуды өтін­ді және әлемдік қауіпсіздікке ядро­лық қауіп төндіруі мүмкін деп есеп­телініп жүрген Иран мен Сол­түстік Кореяның атом бағ­дар­ла­маларын қалай шектеуге бола­ды және оған Қазақстан қан­ша­лықты үлес қоса алады, деген сұ­рақ қой­ды. Елбасы Саммитті дай­ындау ба­рысында атқарылған істерге қыс­қа­ша шолу жасап, оның барлық ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының ойынан шық­қанын, олардың бәрі де Саммит жұ­мы­сының ыждағаттылықпен ұй­ым­дас­тырылғанына ризашы­лық­та­рын білдіргенін жеткізді. Со­ны­мен бірге, декларацияның ма­ңы­зына да тоқталып өтті. Әри­не, біз шешілмеген мәселелерді түбе­гей­лі реттей алатын шешім қабыл­дауға қол жеткізуді қалаған едік, бірақ, жоғарыда айтқа­ным­дай, то­лып жатқан кереғар пікірлер мен ұсыныстар жасалғандықтан оны тұ­та­сымен декларацияға енгізуге мүмкіндік болмады. Әсіре­се, ұлтаралық қатынастардың күр­делі мәселелерінде келіспейтін тараптарды ортақ шешімге кел­тіру өте қиын, өйткені, екі жақ­тың да өз шындығы бар. Кейде олар атымен кереғар қарама-қай­шы болып жататынын сіздер де көрдіңіздер, деді. Бірақ соның бә­ріне қарамай, біз ортақ декларация қабылдадық. Ал енді Сол­түс­тік Корея мен Иранның атом бағ­дарламаларына келетін болсақ, бұ­рыннан айтылып жүрген пікірлерге алып-қосарым жоқ, бірақ осы елдердің де атомды МАГАТЭ-нің бақылауымен бейбіт мақсатқа қолдану құқы бар деп ойлаймын. Екінші сұрақ аймақтық қауіп­сіздік, Ауғанстанда бейбітшілік орнату мәселесіне арналды. Оған жау­ап ретінде Қазақстанның ауған халқына бейбіт өмір әкелу мақ­сатында атқарып жатқан жұ­мыстары, соның ішінде 1 мыңға жуық жастарды бейбіт маман­дық­тарға тегін оқытып жатқаны ту­ра­лы айтылды. Егер мылтық ату мен кісі өлтіруге үйретсең, ондай маман елге бейбітшілік әкелуге ұмтылмайды, ал бейбіт кәсіптің маманын дайындап берсең, ол өз еліне бейбітшілік әкеледі, деді Президент. Тілшінің екінші сұра­ғы Астана қаласына ар­нал­ды. Сіз оны әлемдік картаға берік орнат­тым деп ойлайсыз ба, деді журналист. Елбасы бұл сұраққа ықы­ластана жауап берді. Аста­на­ның менің сүйікті қалам екені рас, ол менің орындалған арманым. Әри­не, оны іске асыруға бүкіл Қа­зақстан халқы атсалысты. Біз­дің халқымыз өз тарихында бірінші рет өз қолымен өзіне елорда сал­­ды.  Біздің бар болғаны он-ақ жылда қандай қала салып шық­қанымызға бүгін бүкіл әлем та­ңыр­қай қарайды. Маған бүгін Италия Президенті С.Берлускони 10 жылда  мұндай табысқа әлемде әлі ешкімнің де қолы жеткен жоқ еді, деді. Бұл біздің еңбегімізге берілген үлкен баға деп білемін, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Түркияның жаңалықтар агенттігінен келген журналист Қазақ­стан­ның алдағы жылы ИКҰ-ға төр­ағалық ететінін еске алып, осы екі төрағалық Қазақстан үшін Ба­тыс пен Шығысты жақындата тү­суге бір мүмкіншілік бере ала ма деген сұрақ қойды. Оған Нұрсұл­тан Назарбаев: «Әлемдегі кон­фес­сияаралық және мәдениетара­лық келіспеушіліктер екі түрлі себептермен түсіндіріледі. Біреулер оны өркениеттер қақтығысы дейді. Мен өзім олай деп есептемеймін. Өйткені, христианның да, ис­ламның да, иудеяның да түпкі негізі бір. Олардың қасиетті кітап­тары­ның бәрінде де кісі өлтіру, терроризм айыпталады. Сон­дықтан әртүрлі діннің өкілдері ке­ліссөздер үстеліне отырып, әлем­де бейбітшілік орнату тақырыбын бірлесе талқылаулары керек. Біз ИКҰ-дағы төрағалығымызды пай­да­ланып, екі жақтың өзара келісімге келуіне ықпал етуге тыры­самыз, деді Президент. Соңғы сұрақ «Егемен Қазақ­стан» газетінің журналисі тара­пы­нан қойылып, ол Елбасынан Сам­миттегі сөзінде ЕҚЫҰ себет­терінің санын арттыру керек деп ұсыныс жасауының себебі неде  екенін сұрады. «Мен Ұйым шең­берінде дін­дер арасын­да­ғы тату­лықты сақ­тауды  көз­дейтін, екін­ші­ден, эко­но­ми­калық дағд­арыс­­тарды болжап оты­ратын және бо­ла­­шақ жанжалдар мен кикіл­жің­дердің алдын ала­тын жаңа себеттер керек екенін айттым. Бұлар бұ­рынғы үшеу­­ге жаңадан қосыла­тын институттар болуы керек. Осын­дай  институттар болса, Ұйым өзінің ай­мақта­ғы қауіп­сіз­дікті сақтау міндетін тиімдірек ат­қаратын болар еді. Міне, сол себепті себеттер са­нын алтыға дейін арттыруға ша­қыр­дым», деді Елбасы бұл сұраққа жауабында. Президенттің сұрақ кезегі бізге тигенде: «О, міне, дұрыс болды» деп қалғанын осындай ұлы жи­ын­ды түйіндейтін баспасөз мәсли­ха­тында мемлекеттік тілде –  ана тілімізде де сұрақ қойылғанын қуа­на құптағаны деп қабылдадық.