Кеше Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ғимаратында үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен «Біртұтас экономикалық кеңістік – Қазақстанныњ жаңа мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел болып өтті. Сонымен қатар БЭК шеңберінде қабылданып үлгерген келісімдер туралы да әңгіме қозғалды.
Алдымен Вице-премьер Біртұтас экономикалық кеңістік туралы кеңірек тоқталып өтті. Онда бүгінгі күні БЭК шеңберінде қол жеткізілген құжаттар мен келісімдерден қазақстандықтар қаншалықты ұтпақ деген мәселе сөз болды. БЭК-ті құрайтын түрлі салалар бойынша қабылданған бұл келісімдер туралы нақты қандай жетістіктерге қол жеткендігі туралы министрліктер басшылары да баяндап берді. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов өз кезегінде БЭК-тің қалыптасу үдерісі туралы баяндап, сондай-ақ бірқатар келісімдерге тоқталды. Атап айтсақ, БЭК-ке мүше мемлекеттер арасындағы қызмет көрсету, сауда және инвестиция туралы келісім, өнеркәсіптерге субсидия берудің ортақ ережелері, келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу, сонымен қатар темір жол көлігі саласында тарифтік саясат негізін қоса алғанда табиғи монополия қызметіне қолжетімділікті реттеу туралы келісім, үш ел ішінде еңбек етуші мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты құқықтық статус беру туралы келісімдер кеңірек талқыланды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.