Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлынан және Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Хат авторлары ЕҚЫҰ-ның VII Саммитінің қорытындыларына деген зор қанағаттанушылық сезімдерімен бөлісе отырып, осынау халықаралық форумда Астана декларациясының қабылдануы Отанымыздың абырой-беделін тағы да биіктете түскенін мақтанышпен баяндайды.
Өз хатында Қазақстанның халық жазушысы Ш.Мұртаза: «2010 жылдың 2 желтоқсаны – қазақ тарихына енетін күн. Бұл – Тәуелсіздіктің 19 жылының мәртебелі биігі. Қазақтың қаперіне кіріп пе еді мұндай мәртебе, бұрын-соңды. Түсіне де енбеген. Армандап та көрмеген. Енді, міне. Айың туып оңыңнан, күнің туып солыңнан дейтін бақытты күнге жеттік. Ендеше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты – азамат ердің баласы асып туған демегенде, не дейміз», деп толғанады.
Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлының хатында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуына және жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның Саммитін табысты өткізуге, соның нәтижесінде тарихи мәні зор Астана декларациясының қабылдануына әлемдік деңгейдегі қайраткер, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың зор үлес қосқаны атап өтілген. Одан әрі Н.Дәутайұлы: «Бұл тарихқа Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тұтастай қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен кісілігі болып енеді. Мұны Тәуелсіздіктің жеткізген ұлы жеңісі, қазақ халқының жасампаздығы деп білеміз», дейді.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өз хатында «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, жамбылдықтар, ЕҚЫҰ Саммиті жұмысының қорытындыларын орасан қанағаттанушылық сезіммен қабылдадық. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулер Сіздің көп жақты саясатыңыздың көрегенділігі мен айқындылығын, әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның беделін тағы да қуаттап берді», деп жазады. Қ.Бозымбаев Жамбыл облысының жұртшылығы Астана Саммитінің табысты өткеніне аса қуанышты екенін жеткізіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа зор денсаулық және ел мүддесі жолындағы қызметіне табыс тілеген.