Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары жайлы айтқан кезде, ең алдымен, ойымызға мықты денсаулық, өте жақсы білім, дұрыс тамақтану және үй жағдайында жақсы күтім деген сынды өмірлік маңызы бар тіркестер оралатыны сөзсіз. Денсаулық және білім алу – әл-ауқаттың негізгі құрамдас бөлігі екені де рас. Үкімет халықтың негізгі бөлігінің білім алуға, медициналық қызметтерге қолжетімді болуы үшін барлық мүмкіндіктер жасауда. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Десек те әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жақын маңда орналасқан медициналық мекемелерге баруға да жағдайы бола бермейді десем, артық айтқандық емес. Бұл жағдай мектептерге де тән. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ақшасыз артық қимылдауға болмайды. Тіпті, тегін болып табылатын медициналық немесе білім беру орталықтарына бару үшін де ата-аналар балаларына кем дегенде жолына не тамағына ақша беруі қажет.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңын іске асыру мақсатында Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында әлеуметтік жағынан қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережесі бекітілген.
Үкімет қаулысын басшылыққа ала отырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, мүгедек, көп балалы отбасысынан шыққан балаларға жыл бойы көмек көрсетіледі. Осы қаулыға сәйкес жұмыстар біздің, М.Дулатов атындағы № 136 жалпы білім беретін мектепте де атқарылып жатыр.
«Мектеп әкімшілігі тарапынан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың жазғы демалыстарын тиімді әрі қызықты өткізуі үшін, біздің мектепте әр түрлі спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп тұрады. Әсем қаламыз Алматының көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар асханадан тегін тамақпен, кітапханадан оқулықтармен қамтамасыз етіледі», - дейді мектеп директоры Е.Қуатбеков.
Әлеуметтік маңызы бар осы жұмыспен мектебімізде жеті ұстаздан құралған комиссия айналысады. Балаларға жұмсалатын қаржылай және материалдық көмек үшін бөлінетін қаражаттың жұмсалуын сараптау осы комиссияға тапсырылған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, көп балалы отбасынан шыққан, өмірлік қиын жағдайға тап болған, девиантты балаларды, тәрбиесі қиындарды, берекесі жоқ отбасыларды анықтау, олар туралы мәліметтер жинау, құжаттарымен жұмыс істеуде осы комиссияның негізгі міндеті.
Оқушылардың тиісті уақытында демалып, оқу жүктемелері нормадан аспауы, денсаулықтарына зиян келтірмеуі қадағаланып отырылады. Мектеп оқушылары өз еріктерімен мектепшілік, қалалық, республикалық, халықаралық білім сайыстарына, өзге де іс-шараларға үлкен қызығушылықпен қатысады.
Сонымен қатар, біздің мектептің оқушылары Алматы қаласының әкімі А. Есімов пен аудан әкімінің ұйымдастыруымен жыл сайын қала сыртындағы жазғы демалыс лагерьлеріне барады. Мұның өзі осы балаларға деген ыстық ықылас пен шынайы көмек.
Гүлжан ҚҰРМАНАЛИЕВА, М.Дулатов атындағы № 136 жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік-педагогы.
Алматы.