28 Желтоқсан, 2010

Тілек пен білек бірлігі

795 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Енді бірер күнде 2011 жыл табалдырық аттайды. Жаңа жыл – жаңа арман, жаңа міндеттердің бас­тауы. Осыдан сәл бұрын ел тә­уелсіздігінің 20 жылдығына қа­дам бастық. Осы аралықта жаңа экономикалық жүйенің негізі қа­ла­нып, барша халықтың әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайы жақсар­ға­нына көз жеткізілді. Бағыт – айқын, міндет – зор. Сонымен қатар, ұлттың болмысын, тілі мен дінін сақтап, тамыры терең тари­хын таныған көп этностық топ­тардың рухани кемелденуіне жол ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да өңірдегі ұлттар мен ұлыстардың білек біріктіріп, Елбасының алға қойған тапсыр­ма­ларын орындаудағы белсенділігімен танылып отыр. Оған облыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XVI сессиясында хатшы­лық меңгерушісі Ғабит Тұр­сынбайдың ұлтаралық татулық, ел іргесінің беріктігімен алдағы мін­деттерді қамтыған сөзі де нақ­тылай түсті. Жүректің жұмбағын жүзің шешіп береді деген. Басты ұста­ны­мы «Сыйласым, сенім, ашықтық – хал­қымыздың ізгі дәстүрлері» ауқы­мында жұмысын жалғас­тыр­ған жиын ел көлеміндегі елеулі оқиғаларды ортаға салып, Жетісу жеріндегі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді де назардан тыс қалдырмады. Ассамблея бү­гінде тілі басқа, тілегі бір ха­лықтар арасындағы бірлік пен ын­тымақтың тамырын кеңге жаюына, мемлекеттік тілдің қол­да­ныс аясын кеңейтудегі бағ­дарлы істерін тәптіштеп жеткізді. Бір қызығарлығы, «Достық» үйіндегі әңгімеге этномәдени бірлестік мүшелерінің белсене қа­ты­суы. Өңірдегі орыс этномәдени бірлестігі төрағасының орын­ба­са­ры Наталья Белик еркін, ерікті елі­міздегі өзге ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тілді білуі шарт екендігіне назар аударды. Бұл – бү­гінгі қажеттілік. Ортақ Ота­ны­мыз Қа­зақстанның дамыған елу елдің қатарынан табылуындағы нақты қа­дам екендігін ұмытпауымыз керек, дегені өзгелерден қолдау тапты. Еліміздегі «Барбанг» күрдтер қа­уымдастығының облыстағы фи­лиа­лының төрағасы Сиябанд Калоев қауымдастық мүшелері аты­нан қазақ халқының мейір­бан­дығы мен достық пейіліне алғы­сын арнады. Ортақ шаңырақтағы бірлік пен ынтымақ тікелей қа­зақтардың өзге ұлттарға деген ізгі ниетімен өріліп, жалғасын тауып келеді. Көсегеміз көгеріп, ұрпақ өсіріп, оларға жан-жақты білім беруіміз, қамқорлық жасауымыз ақ­көңіл, дархан, бейбітшіл елдің арқасы деп түсінемін. Міне, хан са­райындай атына заты сай «Дос­тық» үйінде бас қосып, ойы­мызды, тілегімізді ашық ортаға салып отырмыз. Жастар – елдің болшағы де­ген­дей, ортаға шығып қазақтың қаймағы бұзылмаған бай тілімен сөз бастаған «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Светлана Бабкинаның пікірі кімді болса да бейжай қалдырмады. – Мемлекеттің қамқорлығын көріп өскен жанмын. Мені Қа­зақ­станның жарқын болашағы қы­зық­тырады. Қазіргі кезде Талды­қор­ғандағы медициналық кол­ледждің студентімін. Алға қойған мақ­сатым – туған елімдегі халық­тың денсаулығын қорғау, ертеңіне қызмет ету. Шаһар жыл өткен сайын сәулеттеніп, әсем ғи­ма­рат­тар бой көтеруде. Ол жақсы. Қалада еліміздің тәуелсіздігі жо­лын­да күрескен тұлғаларға ескерткіш, белгітас қойылған. Бұл біз үшін қажет. Қазақша сөйлеп, қазақша ой­ла­намын. Көптен көкейімде жүр­ген ұсынысым бар. Мүмкін бұл артық та болар, сонда да ай­та­йын. Қаратал өзенінің жаға­ла­уын­дағы Тіл сарайы мен Достық үйінің екі аралығында данышпан Абай мен жыр алыбы Жам­был­дың ескерткіштері қатар орна­тыл­са, біздің рухани қажет­ті­лі­гі­мізге жақсы қадам жасалар еді, де­ді Светлана. – «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Тө­зімділік», бірін бірі толық­тыр­ған ортада кездейсоқ жайға орын жоқ. Бұл – Мемлекет бас­шы­сы­ның ұстанымы. Біздің өмірге қа­жет­тілігіміз содан бастау алады, – деген Қызылағаш ауылының тұр­ғы­ны, чешен этномәдени бірлес­ті­гінің өкілі Хава Дудай апаттан кейінгі өздеріне жасалған қамқор­лық­қа тоқталды. Барша қазақ­стан­дықтар бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарды. Ауыл көр­кейді, тұрмыс жақсарды. Десек те, тырнақ астынан кір іздеп, күні-түні дамыл таппаған тия­нақ­ты жұмыстан кемшілік тапқысы ке­летіндерге деген назын да ай­тып қалды. Елбасына ауыл­дас­тары атынан алғысын жеткізді. Сессияда айтылған пікірлер тоғысып, өңірдегі тірліктің жара­сым тапқанын дәлелдеді. Мәсе­лен, гректер қауымдастығының төр­ағасы Георгий Иорданиди өңір­де тұңғыш Президенттің халықтың әлеуметтік-мәдени жағ­да­йын жақсарту мен елімізді да­мы­тудың жаңа кезеңіндегі даму бағ­дарламасы дәйекті жүзеге асы­рылуда, деп халықтың салт-дәс­түрін, мәйекті мәдениетін көр­се­тетін «Этноауыл» салуды қолға алатын кез келгенін айтты. Жастар ұлтының кешегісі мен бү­гін­гісін біліп өсуі қажет. Оған жол ашу аға ұрпақтың міндеті екендігін де ортаға салды. Ал, қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабина Тилова, Ассамблея мүшесі Анатолий Чесноков, тағы басқалары Елбасының Жол­да­уындағы қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы тү­гел Қазақ елінің айбынын асы­рып, атағын әлемге танытуға бар­шаның күш-қайратын жұмыл­дыру, мемлекеттік тілдің мәрте­бесін арттыру бағытындағы өрелі істерді өрістетуді ұсынды. Ассамблея сессиясына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, көп ұлт өкілдерінің ұтымды пікірі мен ұсыныстарын құптады. «Көп тілегі – көл» деген. Елімізді жаңа биіктерге бастайтын бастамалар қажет. Құнды құжатта ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тә­уел­сіз Қазақстан екендігі атап көрсетіліп, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қо­ғам­ның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ық­тимал кез келген қадамға бар­мауы айтылған. Демек, ынтымақ пен бірлік болса, әлі де шығар биігіміз алда, деді. Отан игілігі үшін жұдырықтай жұ­мылып, жер жәннаты Жеті­су­дың кемел келешегіне, ұлттық стратегияға ұйыстырушы күш ретінде бірігуге үндеген байыпты бағдарлама қабылданды. Жаңа жыл­ды жетісулықтар осындай жоғары ұстаныммен қарсы алды. Алматы облысы. Күмісжан БАЙЖАН. Суретте: Достық үйіндегі салтанаттан көрініс.