28 Желтоқсан, 2010

Қарақшылардан 57 миллион теңге қайтарылды

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері оңтүстік астанада қыл­мыстық әрекеттердің алдын алу іс-шараларымен қатар, қылмысты дер кезінде ашуда іскерліктің үлгісін танытуда. Алматылық полицейлер жақында ғана қаладағы бір банк ғимаратының алдына кәсіпкердің қолынан 57 миллион теңгені ұрып-соғып тұрып, тартып алған үш қарақшыны құрықтады. Кәсіпкерге қа­рақшылық шабуыл жасаған бұзақылар тобын қолға түсіру үшін полицейлерге небәрі бір сағаттан сәл ғана астам уақыт қажет болды. Алматы қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Амангелді Шідерқұловтың айтуынша, «қарақ­шылықпен айналысқандар – ресейлік азаматтар». Оңтүстік астанаға биылғы жылдың қараша айының соңына қарай келген олар банк ғимараты орналасқан жерден аз ғана қашықтықтағы үйде пә­тер жалдап тұрған. Өте мол көлемдегі оңай олжаны табуды алдын ала ойлас­ты­рып, жоспарлаған бұзақылар қалаға кел­ген он бес күннің ішінде бір қапшық ақшаны банктен алып шығатын адам туралы алдын ала нақты мәлімет беретін банк қызметкерін де тапқан. Сөйтіп, олардың алдап-арбауына түскен банк қыз­меткерінің берген нұсқауымен кәсіпкерге қарсы шабуылдарын бастап жіберген. Дегенмен, қылмыстық оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде жәбірленушінің соншама қаражаты өзіне қайтарылды. Қылмыстық оқиға бойынша жүргі­зілген тергеу ісі барысында банкте қызмет істейтін әйелдің кәсіпкерге шабуыл жасағандардың бірін жақсы танитындығы және оларға «SMS» арқылы хабар бергені де анық­тал­ған. Онда жәбірленушінің өз есеп-шотынан қай уақытта және қандай көлемде ақша алатындығы толықтай жа­зылған. Осы қылмыстық оқиғаға қатысты екендігі анық­тал­ған әйел де қамауға алынды. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.