28 Желтоқсан, 2010

Апта айшықтары

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Аса ауылындағы жаңа мұнай зауыты Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылында шикі мұнай өңдейтін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылған өнеркәсіп құрылысына 3 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Енді  АИ-80 жанар майы мен дизель отыны, керосин мен мазут өнімдері Аса ауылының іргесінде-ақ өндіріле бермек. Оған қажетті шикізат Құмкөлден тасымалданады. Жаңа зауытты пайдалануға берудің арқасында ауданда жаңа 100 жұмыс орны ашылды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.

Аймақтың алтын жастары

Облыста «Жастардың алтын кітабы» жобасы алты жылдан бері жүзеге асып келеді. Жыл сайын  оған  өңірдегі таңдаулы жастардың есімі алтын әріппен ойып жазылады.  «Алтын кітап» дипломын өткен аптада  жастарға  облыс әкімі Сергей Кулагин салтанатты түрде  тапсырды. Биыл  «Жастардың алтын кітабына»  үміткерлер  «мәдениет», «спорт», «ерлік көрсеткен жастар» және «кәсіпкерлік» аталымдары бойынша енгізілді. Бұл аталымдар бойынша он бес жас таңдап алынды. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаев қол қойған «Ерлігі үшін» медалін осы салтанатты басқосуда облыс әкімі Сергей Кулагин  өткен жылы  суға кеткен қызды өмірін беріп құтқарған марқұм Мейіржан Қанатовтың ата-анасына табыс етті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.

Ақордадан алғыс хат алды

Оралдық дизайнер Ақкенже Девятко ҚР Президенті Іс басқармасының Алғыс хатына ие болды. Ол мұндай марапатқа ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астанада өткен Саммитіне орай Тәуелсіздік сарайын безендіруге қатысқаны үшін ие болды. – Менің сегіз сән үйі және тоғыз суретші-дизайнер қатысқан байқауға апарған киім үлгілерінің ішінде қазақтың ұлттық нақышымен бедерленген даяшылар кителі, қонақ үй қызметкерлерінің киімі үздік деп танылды. Сондай-ақ ел басшылары бас қосқан залды безендіруге де қатысқаныма қуаныштымын. Жалпы өте жоғары талап қойылған сында алматылық дизайнер Құралай Нұрқаділованың да киім үлгісі қабылданды, – дейді дарынды дизайнер А.Девятко. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.

Ұлы ақын есімін иеленген

Тәуелсіздік алғаннан кейін Мағжан Жұмабаев есімін иеленген Петропавл гуманитарлық колледжі – Қызылжар өңіріндегі байырғы оқу орындарының бірі. Оның 90 жылдық мерейтойы  балалар мен жасөспірімдер шығар­ма­шы­лық үйінде кеңінен аталып өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, еліміз үшін білікті мамандар  даярлаумен айналысатын ұстаздар ұжымын мерейлі мерекемен құт­тықтады. Компьютерлік сынып тарту етті. Республикалық «Дарын» ғы­лыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Гүлнәр Әкім­жа­нова да өзінің жылы лебізін арнап, сый-сияпат көрсетті.   Алаштың ақиық ақы­нының жиені Шайзада Бекішева  Мағжан атындағы стипендия та­ға­йын­дағанын жария етті. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

Пышақсыз ота жасалды

Ең шалғайдағы аудан–Қызылқоға да өркениет көшінен қалған емес. Ауданның елді мекендеріне табиғи газ, ауыз су құбырлары тартылып жатыр. Жаңа емхана ғимараты бой көтеруде. Былтыр аудандық ауруханаға Герма­ния­дан осы заманғы озық медициналық “Ричард-Вольф” аппараты алынып, хирургтер білім жетілдіру курсынан өткен еді. Өткен аптада аудандық ауруханада алғаш рет екі науқасқа пышақсыз ота жасалды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

Көрнекті абайтанушы ғалымға құрмет

Жуырда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде  республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, аталған университеттің құрметті профессоры, көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтің 80 жылдық мерейтойына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференция жұмысын белгілі әдебиетші ғалым Арап Еспенбетов жүргізіп отырды. Конференцияда жасалған баяндамаларда ғалымның абайтанудағы көп жылдық еңбегіне лайықты баға берілді. Ғалым университеттің Шәкәрім және осындағы Абай қо­рық-мұражайының Абай медальдарымен марапатталып, астына ат мінгізіліп, иы­ғына шапан жабылды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

Сатира саңлағына – темір тұлпар

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда көрнекті сатирик-жазушы, жерлесіміз Үмбетбай Уайдиннің 75 жылдық мерейтойына орай өткізілген  «Сырымды айтайыншы» атты кешке аға буын өкілдері, қаламгерлер және жалпы жұртшылық көп жиналды. Кешті «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС-ның директоры, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мерейтой иесіне облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырып, темір тұлпар сыйлады. Кешке арнайы келген жазушы Сейіт Кенжеахметов, сатирик Көпен Әмірбек  сатирик-жазушының қалам қарымы, өмірдегі адами болмысы жайлы әңгімеледі. Үмбетбай Уайдин өзінің туған жерге деген сағыныш сезімімен бөлісіп, жұртшылық сұрақтарына жауап берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.