Келісімді мақұлдады
Өткен аптаның үлкен бір жаңалығы – АҚШ парламентінің сенаты Ресеймен арадағы стратегиялық шабуылдаушы қаруды қысқарту және шектеу туралы шартты ратификациялады. Оны қолдап 71 сенатор дауыс берсе, қарсы болғандар – 26.
Бұл мәселе Сенатта біраз талқыланып, айтарлықтай тартыс тудырды. Мұны, әсіресе, Ресей бұқаралық ақпарат құралдары барынша даттап баяндады. Дегенмен де, оң шешім қабылданды.
Қасиетті ме, қасиетсіз бе?
КХДР өздерінің ядролық қаруды пайдалана отырып қасиетті соғысты бастауға толық әзір екендіктерін мәлімдеді.
Бұл соғыстың қасиетті болатынына күмән көп. Оңтүстік Кореямен арадағы қақтығысты арандатуға бастамашы өздері болғаны өз алдына, бұл соғыс тұтана қалған жағдайда, қырылатын кәріс халқы болмақ. Одан Пхеньянның нендей қасиет тауып отырғанын түсіну қиын.
Ел тыншыды дегендей
Сонау жыл басында басталған Таиландтағы бүліншілік біразға созылды. Сол қақтығысты басу үшін елдің астанасы Бангкокта және біраз провинцияда төтенше жағдай енгізілген болатын. Енді жыл аяғында үкімет бұл тәртіпті тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
«Қызыл көйлектілер» көтерілісі аталған қарсылық әрекеттерін жасаушылар қазіргі ел үкіметінің басшысы Апхисит Ветчачиваның орнынан түсуін талап еткен. Көтерілісшілердің талаптарын үкімет орындаған жоқ.