28 Желтоқсан, 2010

Жол қатынасы жақсара түспек

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көлік және коммуникация министрі  Әбілғазы Құсайынов жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болды. Ол алдымен Петропавлдағы әуежайға атба­сын тіреді. Бүгінде стра­те­гия­лық маңызы зор нысанның жағ­дайы алаңдатарлық. Кезінде оны жеке кәсіпкер сатып алып, сөз бен ісі үйлес­пе­ген­дік­тен, банкротқа ұшыратып тын­ды. Облыстық әкімдік шы­ғын­ның бір бөлігін өтегенмен, қаржылық әлеуеті келер емес. Азаматтық авиация комитеті әуе­жайдың жұмыс істеу лицен­зия­сын қанша ұзартса да, қор­да­ланған проблемаларды шешуге дәрмені жетпеді. Оның соңы әуе қатынастарының тоқ­тау­ына соқтырды. Қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, ұш­ып-қону жолдарының сапасыз­ды­ғы, басқа да олқылықтардың орын алуы салдарынан әуе ком­паниялары ұшақтарын ұшы­ру келісімдерінен бас тарт­ты. Министр әуежайдың пұшайман халіне әбден көз жеткізген соң қар­жылық қолдау  жайы шешілетінін, әуежай қалыпты жұ­мыс ыр­ғағына қосылатынын жеткізді. Министр «ЗИКСТО» АҚ-та болып вагон құрастырумен ай­на­лысатын цех жұмысшы­ла­ры­мен әңгімелесті. Мұнда  Қазақ­стан темір жолы үшін   вагон­ның бірнеше түрі шыға­ры­ла­ды. Астық тасымалдайтын ва­гон-хоппердің алғашқы үлгі­ле­рі  Санкт-Петербург қаласын­дағы «Вагон» ғылыми орталы­ғында сынақтан ойдағыдай өтіп, арнайы сертификатқа ие болды. Одан кейін контейнерлер тасы­мал­дауға арналған жартылай вагондар жобасын жүзеге асыр­ды. Вагон-платформаның құ­рыл­ғысына төзімді құрыш­тан жасалған жұп доңғалақтар пай­даланылады. Жүк тасу және жүру сапасы жағынан шет­елдік өнімдерден ешбір  кем емес. Ә.Құсайынов ел темір жолы­ның машина-вагон  паркі 70 пайызға тозғанын айта келіп, зауыттың мүмкіндігіне зор баға берді. Тапсырыстарды орын­дау­да жаңа инновациялық тех­но­логияларға басымдық беру жайын айта келіп, келесі жылы 800 вагон шығаруға келісім-шарт жасалғанын тілге тиек етті. Облыстық әкімдікте өткен жиынға Ә.Құсайынов пен ай­мақ басшысы С. Біләлов қа­ты­сып, автокөлік тасымалы мен жолдарды дамыту мәсе­ле­ле­рі­не қатысты келелі әңгіме қоз­ғалды. Алдағы екі жыл ішінде Көкшетау-Петропавл бағы­тын­да төрт жолақты тас жол салынатыны атап көрсетілді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.