28 Желтоқсан, 2010

Әлеуметтік даму мен өрлеу тұғырнамасы

645 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының қазақ­стан­­дықтарға жолдаған биылғы «Жаңа он­жылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында алға қойылған ау­қым­ды міндеттердің орындалу деңгейі қан­дай? Еліміздің экономикалық әлеу­меттік дамуы мен өрлеуі бағытында қандай жетістіктерге қол жетті? Ал­маты қаласында Республикалық әйел­дер кеңесінің ұйымдастыруымен өт­кен «Президент Жолдауы – әлеуметтік өрлеу тұғырнамасы» атты конференцияда, міне, бүгінгі күн тәртібінде тұрған осы мәселелер кеңінен сөз болды. Республикалық конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қа­зақ­стан халқына ар­наған жыл сайын­ғы Жолдауындағы іс-шаралардың орындалу қоры­тындылары ортаға са­лынды. Республикалық әйелдер кеңе­сінің жетекшісі, республиканың еңбек сі­ңір­ген қайраткері, медицина ғы­лымының докторы, профессор Нина Қаюпованың пікірінше «биылғы Жолдау – әлеуметтік қарқынды даму мен өрлеудің берік тұғырнамасына айнал­ғандығы айдай ақиқат». Шын мәнінде де, Республикалық әйелдер кеңесі бас­шысы атап айтқанындай, жаһан­дық дағдарыс жағдайында көптеген мемлекеттер өздерінің әлеуметтік бағ­дарламалар ауқымын азайтқаны белгілі. Ал, биылғы жылы Еуро­падағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тастық ұйы­мына төрағалық еткен Қазақстан мем­лекетінің бұл ба­ғытта атқарған жұ­мыстары едәуір. Конференцияда ал­ғаш сөз алған Алматы қаласы әкі­мінің орын­басары Серік Сейдуманов Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауының ерекшеліктері мен ма­ңызына тоқталды. – Биылғы Жолдаудың басты ба­сымдығы – бүгінгі таңдағы міндеттерді ғана емес, келешектегі жоспар­ларды да қамтығандығында. Әсіресе, кең-байтақ еліміздегі ең ірі шаһар – Алматы қаласы тұрғындарының әлеу­меттік ахуалы уақыт өткен сайын жақ­сара түсуде. Ақиқатында, биылғы жыл оңтүстік астана үшін шын мәнісінде әлеу­меттік жетістіктер жылы болды. Мәселен, «Жол картасы» бағ­дар­­ламасының 98 пайызға орын­да­луы­ның өзі толымды табысты және еңбек қарқынын айқын аңғартады. Ал, «Балапан» бағдарламасының аясында әлеуметтік бірқатар күр­деліліктер өз шешімін тауып, қа­лада жиырма бір бала бақша өз есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Алматыда ең ірі аурухана құрылысының аяқталып, оның жа­қында ғана пайдалануға берілуі де әлеуметтік саладағы оңды қадам­дардың бірі. Келешекте денсаулық сақтау мекемелерінің қата­ры тағы да жаңа кешендермен толық­пақ. Сөйтіп, Елбасының әлеуметтік сипаттағы құрылыс­тар­ды салу туралы тапсырмасы біздің қаламызда талап деңгейінде орын­далуда, – дейді Серік Сейдуманов өз ойын ортаға салып. «Президент Жолдауы – әлеу­меттік өрлеу тұғырнамасы» атты республи­калық конференцияда еліміздегі әлеу­меттік саладағы жетістіктермен бірге, Мемлекет басшы­сының бастама­сымен Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің ерекше табыспен аяқталғандығы да назардан тыс қалмады. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегия­лық зерттеу институты директоры­ның орын­басары, ҚР Президенті жанын­дағы Әйелдер және отбасы – демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зарема Шауке­нованың есептеуінше «Астананың біртіндеп жаһандық диалогтар аймағына айналуы – ең алдымен, Елбасының сарабдал сая­сатының жемісі». «ЕҚЫҰ Сам­митінің ең алғаш рет Орталық Азияда ұйымдастырылуы – тарихтағы ең маңызды бетбұрыс. Ұйымның жаңа құрылымдарын құру жөнін­дегі қазақ­стандық ұсыныс оны нығайтуға ба­ғытталып отырған­дығы сөзсіз. Менің ойымша, Аста­надағы ЕҚЫҰ Саммитінде бүкіләлемдік қауымдас­тықты алаңдатып отырған қауіп­сіз­діктің өзек­ті мә­селелерінің талқы­лануы көп нәр­седен хабар берсе керек» дейді Зарема Шаукенова. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік саясат пен оны дәйектілікпен жүзе­ге асы­руда Республикалық әйелдер кеңесі ерекше іскерлік пен бел­сенділіктің және жоғары жауап­кершіліктің үлгісін танытуда. Мәселен, әйелдер кеңесінің президенті Нина Қаюпованың баста­масымен Орал, Қызылорда, Түр­кістан, Шымкент және Тараз қалаларында бүгінгі таңдағы басты мәселелерге арналған іргелі іс-шаралар соның ай­ғағы. Жас ұр­пақтың бойында отансүйгіштікті, патриотизмді қалып­тас­тыру және халықаралық келісім тақырыбына арналған жиындар, мемлекеттік тілді үйренушілер арасын­дағы бай­қау және денсаулық сақтау саласын жетілдіру мен дәрігер парызы ту­ралы талқылаулардың көпшілік тарапынан жоғары баға алуы көп нәрседен хабар берсе керек. ҚР Парламенті Сенатының де­пу­таты Светлана Жалмаған­бетова­ның бүгінде дәйектілікпен жүзеге асыры­лып жатқан мемлекеттік бағдарла­маның төртеуінің бірдей әлеуметтік сипатта екендігін баян­дауы орынды. Және де мұның өзі білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік тілге қатысты болуы оның маңыз­дылығын арттыра түс­пек. Сонымен қатар, «Балапан» бағдарламасы бой­ынша бүлдір­шіндерді бала бақшамен қам­тамасыз ету және елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын қайта құрылымдау бағы­тында ауқым­ды жұмыстар да қолға алынды. «Президент Жолдауы – әлеу­меттік өрлеу тұғырнамасы» атты республикалық конферен­циясына қа­ты­сушылар Астанадағы ЕҚЫҰ Сам­митінің та­бысты өткен­дігін, Елбасы саясаты­ның өмір­шеңдігін атап айтуда. Сондай-ақ, мемлекетіміздегі әйел-анаға деген қамқорлық аясы кеңейе түсуде. Әйелдер бүгінде, келешекте де туған Отанның гүлденуіне қомақты үлес қосып, оның берік тіреніші болып қала бермек» дейді Нина Қаюпова. Сонымен, еліміздің әлеуметтік өр­леуі мен дамуының берік тұғыр­намасына айналған – Елбасы Жолдауы туралы сөз қозғаған ҚР Ұлттық академиясының академигі Әлия Бейсенова «мемлекеттік сая­саттың – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсар­туға бағыттал­ған­дығын» атап көр­сетті. – Бүгінде мені ұстаз ретінде алаң­дататын бір мәселе – ол жас ұрпақ тәр­биесі мен олардың келешегі. Анығырақ айтсам, болашақ жас мамандар бойында олардың өздері таң­дап алған мамандығына деген жауапкершілік, құрмет дең­гейі қандай? Елі­міздің өркендеуі – әркімнің өз кәсібін жетік меңге­руіне, сол салада өнім­ділікпен еңбек етуіне тікелей тәуелді десем, қателеспеймін. Байқауымша, біздің кемшілігіміз, бұл бағыттағы басты олқылық мектеп түлектерінің көпшілігі ақшасы, пайдасы мол ма­ман­дықтарға жүгіріп заңгер, эконо­мист болуды ұйғаруда. Сондықтан да, Білім және ғылым министр­лігінің жастарды елімізде жетіспейтін маман­дықты игеруге икемдеуге күш салғаны жөн. Басқаны қой­ғанда, шетелден әкелінген озық тех­нологиялық жаб­дық­тармен жұ­мыс істей алатын медицина маман­дары жоқтың қасы. Президент Жолдауында, білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті міндеттер қатарына қойылғаны белгілі». Академик Әлия Бейсенованың бұл тұ­жы­рымы көпшілік көңіліне, әсіре­се, ата-аналар мен ұстаздарға үлкен ой салары сөзсіз. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.