Үрпиген үрейлі дүниенің үзілген үмітін жалғап, біріне-бірі от қаруын кезеніп отырған нәзік те, тентек әлемнің бейбітқатар өмір сүруінің жаңа дәуірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің сәтті де абыройлы аяқталуымен және де Астана Декларациясының қабылдануымен, міне, енді басталды!
Сол әлемнің алтыдан бірін бауырына басып дәуірлеп тұрған күні кешегі Кеңес Одағының ыдырауына байланысты дүниені қайта бөлісу және әркім өзінің ықпал етуші аймағын кеңейтуге жанталасып, барынша күш жұмсалған соңғы бір ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт өлшемінде әлемнің ақ кептерлі бейбітшілігінің қанатын қиғандай етіп, бағасын тым арзандатып, құнсыздандырып алғандығымызды ойға алар болсақ, Қазақ елінің төр қаласы Астанада 1-2 желтоқсан күндері сәтті өткен ЕҚЫҰ-ның Жетінші Саммиті адамзаттың Жаратушыдан жазған өмір сүру хақына ешкімнің де қол сұғуына хақысы жоқ екендігін ұғындыра түскен, соны қайта бір еске салған көне тарихтың ұлы оқиғасы деп бағалануы керек.
Адамзат дәуірінің ХХ ғасырының аяқталар және ХХІ ғасырының басталар өліара сол бір тұсынан төнген қауіп пен қатердің қорғасын бұлттары әлі де сейіле қоймағандығын айта отырып, мемлекеттер мен биліктің басына келген саясатшылардың әрбірі дүниені өздерінің айдағанына жүргіземін, дегенімді істетемін деген пендешілік ойдан аса алмағандықтарынан да және де «өзім басқарып отырған елден басқа елеулі ешкімнің де болмауы керек, менің ұлтым ғана ұлы, менің халқым ғана дана да дара» деген ойдың тар құрсауынан шыға алмағандықтарынан да және тағы да өзім, өзімнің ғана елім аман болсын деген пиғыл-парқының парасатсыздығынан аса алмай отырғандықтарынан да дүние әлі қансырап, жылап тұр.
Жаңа дүниенің, былайша айтқанда өз тәуелсіздіктерінің алғашқы қадамдарын адам баласының қанының төгілуімен, түрлі ұлттар мен ұлыстардың дау-жанжалдарымен басталған Прибалтика, Кавказ, Таулы Қарабақ, Приднестровье оқиғаларын кәрі тарих өзінің жадынан шығарып, ұмыта алар ма екен?! «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас», дейтін қырғыз ағайындарымыздың күні кешегі өздерін де, өзгелерді де арандап тастауынан жазықсыз жандардың төгілген қанының құнын кім өтейді, зардап шеккендердің көз жастары да оңайлықпен құрғай қояр ма екен?! Дәл қазір Шығысымыздағы екі Корей мемлекетінің бір-біріне қарулы сес көрсетуі дүниеге төнген соғыс пен жанжалдың дауының әлі де сейілмегендігін, әлі де қауіп пен қатердің төніп тұрғандығын айғақтай түскендей болады.
Мына дөңгеленген дүние ендігі арада адам баласының өз ақыл-ойының, білімі мен ғылымының жетістігін пайдалана отырып, өз қолымен жасаған қаруының соққысын көтере алмасы да анық. Бұл жалпы тіршілік әлеміне, жалпы жаны бар дүниеге төнген қатер деуіміз керек. Адам баласы, жалпы өркениет қолдағы қаруымен ғана мықты ма? Солай деп сұраулы ойға берілер болсақ, онда адам баласының ақылы мен парасаты қайда қалмақшы?! Адамның сол арқылы атом апатын тежеуге, сөйтіп адам баласының парасаты мен ой-санасы өзінің оққағары болуға жарамаса, адамдығың қайда?!
Осы бір ойлар адамзаттың адал перзенті, Қазақстан сияқты абыройлы мемлекеттің Президенті, ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты әрдайым толғандырып келе жатқандығын айтқан ләзім. «Қазірдің өзінде қауіп пен қатерді сезініп, түсінген адамзат байлық пен кедейліктің арасындағы «бейбітсүйгіш» байлар мен «агрессияшыл» кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады», – деп Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында (13-бет) айтқанындай, расында да, бейбітсүйгіштік пен агрессияшылықтың арасы күн сайын алшақтап бара жатпаса, жақындай қойғаны неғайбыл. Міне, осы бір адамзаттың бейбітшіл ниетінің жақындасуының амалын айтып, қадамын жасап келе жатқан әлемде бірден-бір саясатшы, бірден-бір Президент болса, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігін қолымызды жүрегімізге қойып мойындамастан басқа амалымыз тағы да жоқ екендігін айтар едім.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған бүгінгі саясаты оның тұла бойына біткен адами және қазақ деген дана халықтың ізгі ой-ниетімен, адал көңілімен ұштасып, ұласып тұрғандығын тани білген жөн. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз», – деп қазақтың ұлы билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбектің айтқан осы бір ұлағаты өзінің бір ұрпағына дарыса, ол, сөз жоқ, біздің Елбасының бойына дарып, ойына қонғандығын біле білейік! Даналық даналыққа ұласып, ол бүгінгі жан алысып, жан берісіп жатқан мына алмағайып заманның зар күйі мен тар күйінен өзінің қазақ деген халқын аман сау алып келе жатса, бұл ұлттың басындағы үкілеген бағы болса керек-ті.
Әуелде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылық жасауға тәжірибесі мен іскерлігі, ой-өрісі жете ме деген күдіктің айтылып қалғандығы да рас. Осы төрағалықтың бізге қажеті бар ма еді деген сияқты өз ішімізден шыққан күңкіл сөздер де естілді. Алайда, Астана Саммиті Қазақстанның зор мүмкіндігін және де оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниенің төрт бұрышының кез келген мәселесін саяси тұрғыдан шешуге ұмтылатын ерік-жігерін, ақылы мен парасатын, ертеңгі күн мен болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін еппен шеше білер тапқырлығын көрсетіп, дәлелдей алды.
Астана Саммиті бейбітшілікті сақтау жөніндегі әлемнің қалғып кеткен санасын оятты.
Астана Саммиті дүниедегі адам баласының мүддесіне қатысты мәселелерді мемлекеттердің осылайша бас қосып, бірлесе шешуі арқылы өркениетті алдағы уақыттағы қатерлерден сақтап қалудың бірден-бір жолы екендігін ұғындыра түскендей болды.
Астана Саммиті бір ғана мемлекеттің тыныштығы, оның бай да қуатты болуы ендігі арада оларды да әр елге төнген қауіп пен қатерден сақтап қала алмасын сезіндіргендей еді.
Астана Саммиті адамзаттың ортақ мекені – Жер болса, сол Жер шарының мекенділері – адам баласы мен жан-жануарларының тіршілігін, солардың қоршаған ортасын бүліну мен қираудан, бұзылу мен құрып кетуден сақтау шараларын бірлесіп ой қосып, бірлесіп ақылдасып, бірлесіп шешудің ойын зерделеп, тізбектеп бергендей әсер қалдырды.
Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіне білген Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделінің нәтижесінде Астана Саммитін жоғары табыспен өткізе алды және сол арқылы соңғы он бір жыл бойы бастарын қоса алмай келген ЕҚЫҰ тіршілігін қайта жандандырып, бұл ұйымның әлем және оның халықтарының болашақтағы тағдырлары үшін қажеттігін таныта білді.
Қазақстан өз астанасында Саммит өткізу арқылы еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте бір-бірінен бөлінбейтін қауіпсіздік құрудың көкейкесті мәселелерін айдай әлемге ұсына білді. Сөйтіп, Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан Ұйымның беделін сақтап қала алды және оның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, санасына тың ойлардан дем салып, қуаттандырып, рухтандырып жіберді. Әлем ЕҚЫҰ-ның өз болашақтары үшін аса қажетті екендігін Астанадағы Саммиттен ұғына түсті, бұл ұйымға Қазақстан сияқты басшылық жасау керектігін де мойындады.
Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік ұранымен өткен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы сәтті де абыройлы болғандығы қуанта түседі. Бұл біздің еліміздің әлемдік қоғамдастықтың кез келген ұйымының төрінде отырып, билік айта алар білімі мен білігін, ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралығын паш еткендей.
Астана Саммиті әлемдік және қазақ халқының өз тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қалар ұлы оқиғалардың бірі болды. Астана Саммиті арқылы Қазақ елі де өз тәуелсіздігінің 20 жылға жетер-жетпес даму кезеңінде сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп батыл айта аламыз.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.