23 Ақпан, 2016

Ұлы ақынның уытты әзілдері

1491 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
*Жамбыл-170 Жамбыл и К.БайсеитоваАбай атындағы Қазақтың ұлттық педа­го­гикалық университеті Жамбыл шығар­машылығын, жалпы қазақ әдебиетін наси­хат­тауға, зерттеуге үнемі ыждаһаттық таны­тып, бірқатар игілікті шараларды жүзеге асы­рып келеді. 2011 жылдың соңында «Жам­былтану және халық ақындары» институты ашылған еді. Оған басшылық етуге белгілі әде­биет сыншысы, қаламгер, филология ғылым­­дарының докторы, профессор Бекен Ыбы­­райым тағайындалды. Содан бері небәрі үш-төрт жыл­дың ішінде құрамы шағын ғана инс­­титут суырыпсалма ақындардың бұ­рын бұр­маланып келген немесе күзелген, түзел­ген, сөйтіп, әрқилы өзгертулерге ұшы­ра­ған шы­ғар­маларын мұрағаттардан тауып, олар­дың жинақтарын шығарумен айналысуда. Қазақ әдебиетінің даму жолына ұлттық әдебиетіміздің ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов­тің қашанда сергек қарағаны, өз ой-толға­ныстарын үнемі ортаға салғаны көп­ке мәлім. Ақындық өнерді аса жоғары бағала­ған ғұлама ғалымның айтқан, жазған пі­кір­лерінің бүгінгі таңда да маңызы аса зор. Сон­дықтан Мұхаңның Жамбыл туралы әр жыл­дарда жасаған баяндамалары, мақа­ла­лары жүйеленіп, жеке кітап етіп шығарылды. Жамбыл шығармашылығы туралы ай­тыл­ған, жазылған пікірлер – мақалалар, мо­но­­­гра­фиялар, баяндамалар мүмкіндігінше жинақ­талып, «Жамбыл Жабаев: Библиогра­фия­лық көрсеткіш» атты көлемді кітапқа енгізілді. Бүгінде қалың оқырмандар, студенттер, магистранттар, ғалымдар мен сан алуан білім беру мекемелеріндегі, тәрбие ошақ­­­тарындағы ұстаздар қауымы біздің уни­­вер­­ситет шығарған осы кітаптарды пайда­ланып келеді. Жинақтап айтқанда, біздің оқу орнында әзірлеген Жәкеңнің жырлары, айтыстары соңғы 2012-2015 жылдар аралығында төрт рет басылған екен. Бұл – Жамбыл Жабаев шығармашылығын көпшілік қауымға толығырақ, нақтырақ таныстыру мақсатын басшылыққа алған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Және мұның бәрі жамбылтану ілімі бағытында бірқатар жұмыстар атқа­рылғанына толық дәлел бола алады. Биыл Жәкеңнің 170 жылдық мерейтойына байланысты қарашаңырақ оқу ордасы жыр алыбының таңдамалы шығармалар жинағын, сондай-ақ әзілдерін жеке кітап етіп дайындап, жарыққа шығарып отыр. Ұлы ақынның әзіл-қалжыңдары тұң­ғыш рет жеке жинақ етіп шығарылып отыр­­ғанын айттық. Кітаптағы ұсынылған дү­ние­­лерден ақынның табан астында тауып айтатын тапқырлығы, оны өлең жол­дары­мен әсерлі өрнектеу шеберлігі, ой дәл­дігі мен айт­қыштығы байқалады. Жыр алы­бы бойын­дағы бұл қасиетті байқаған ұлы Мұхаң (Әуезов): «...Жамбыл гротеск, шарж, мысқылдың неше атасын тапқандай. Қадал­ған жерінен қан алмайды, жан алады. Маза­ғына ілінгеннің басына қарай қаптағанда, қатты соққан құйындай үзігін, туырлығын желпілдете, түңлік ұшыра соқтығып, ыршытып түсіреді. Оқтай өтімді күлкі табады. Бұл ретте әр теңеуінің өзі жай ақынның жайшылықта күн толғанса таппайтын, аузына түспейтін дөп теңеулер болады. Сондай ызалы сайқымазақта, әжуада, мысқыл, қал­жың­да Жамбыл тапқырлығы елден ерек. Жамбыл «Өлең не күлдірмесе, не жылатпаса – өлең емес, нәрсіз сөз, зәрсіз оқ есепті» дейтін. Сол сипатының бәрі Жамбылдың өзінде бар еді. Жамбыл суретші болса – шарждың, пьеса жазушы болса – комедияның, гротесктің барып тұрған шебері болар еді», – деп жазады. Бұл кемеңгер жазушының ақын шығар­машылығының бір қырына берген жоғары бағасы іспетті. Ұлы ақынның уытты әзілдері мен өткір қалжың­дары күнделікті өмірден алынған сер­гек сықақ, әдемі әжуа, мысқыл-кекесінге толы. Енді Жамбылдың әзілдерін оқып көрелік.  Әбділдә ТӘЖІБАЕВ («Осындай еді ағалар»): Жәкең сәл кідіріп шай ұрттады да, қайтадан Сәбитке қарады. – Өзің қалайсың? Балуан Шолақ, ән саламысың? – Саламын, – деді Сәбең үні шырылдап. – Жоқ, сенбеймін, – деп Жамбыл да күліп алды. – Үніңнің іні тарлау екен. Сенен бәрі шығар, бірақ ән шықпас, – деді. Біз Жамбылға қосыла күлдік. *   *   * Онкүндіктің соңында Кремльде қабылдауда болдық қой. Онда да ақын өзгеміз сияқты елең-құлаң еткен жоқ. Кәдімгі ақсақалдық қалпын бұзбай, қарсыдағы столға жете беріп, өзіне бас изеген Сталинге бас изеді де қойды. Сол кеште ал тарқайық деген шақта қарт тағы бір әзіл айтты: – Сталин қонаққа шақырды дегендерің қайда, үйіне бір күн қондырмаушы ма еді қонағын? – деді күліп. *   *   * – Ал мынаған түлкіден тымақ тіктірерсіз. Мынау – мәсіңіз, мынау – шапанға, қамзолға деген мата, – деп оған шай-қантты қосып мен ұсындым. Осының бәрін мына мәскеулік балаң әкелді, – дедім Леонидті көрсетіп. – Жарайсың, нар жігіт! – деді Жәкең Леонидтің қолын қайта-қайта қысып, содан соң маған күлімсірей қарап: – Өзің не әкелдің? – деді қолын созып. – Мен Айманкүлдің сәлемін әкелдім. – Ол не деді? Маған тиемін деді ме? – Барып кел, шалымды көріп кел, түскен ақша-базарлықтары болса, тең бөліп алып кел, сонда тиемін деді. Мұхаң біздің диалогымызды жарыса орысшалап, Соболев жарыса жазып үлгеріпті. Біз көңілді шай үстінде бірсыпыра күліп алдық. *   *   * ... Мұндайда ол өлеңмен әзілдегенді, жақсы көрген адамдарының өзін сөзбен қадап, ырғап байқағанды ұнатады. Мұнысы тышқанмен ойнап, тырнағын жұмсап көретін мысықтың ермегі сияқты. Ол Соболевке жымия қарап отырып өлеңдете бастады: – Аман-есен келдің бе, қызыл нарым, Аяғы да мойнындай ұзын нарым. Қыз-келіншек қуанып қалған шығар, Кіріп барсаң тобына бұзып-жарып, – деді. Мұхаң мен екеуміз бір сөзін жібермей жазып үлгердік. Жәкең тағы жырлап кетті: Меймандостық – қазақтың бір белгісі, Сый көрсету – ескінің жоралғысы. Жорға мінгің келе ме, жүйрік мінгің, Тілегіңді айта отыр, мейман кісі. – Не деген таңғажайып, тамаша бұл! – деді Мұхаң ерекше қуанып, қолын шапалақтап. – Түсіндірші маған, не ғажап болды, достар? – деп Леонид Мұхаңмен екеумізге кезек-кезек жалтақтайды. – Ғажап, ғажап! – деді Мұхтар орыс­шалап, содан соң жаңағы жазып алғанымызды келістіріп тұрып аударып шықты. Нарттай қызарған Леонид Сергеевич Жамбылдың сақалынан сүйді. – Рақмет, Жамбыл! – деді «Наржігіт» егіліңкіреген даусымен, – маған осы айтқандарың жорғадан да, жүйріктен де қымбат. Жамбыл да мейманына қатты риза болды. *   *   * Леонид Сергеевич шапшаң бұрылып, Жәкеңді сүйемелдеді. Леонидке асыла басқан Жамбыл кебісіне аяғын сұға алмай, недәуір кідіріп қалды. – Вот, Жәке, вот! – дейді нар жігіт күле кебісін көрсетіп. – От болса, от! – деп Жәкең кебісіне еңкейді. Бір аяғын киіп, екінші аяғын сұғынып жатып бір ауыз өлең айтты. – Жігіт едім жасымда қысылмаған, Көрсеткен жоқ тірі жан қысым маған. Тар саңлаудан дәл соққыш мерген Жамбыл, Кең кебісін кие алмай пысылдаған, – деді. Есіктен жаңа ғана шыққан Мұхаң күлкіден аузы жуыспай қайта кірді. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ («Сәлем бере барғанда»): ... – Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқ­ты, майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, – деді Сәбит Жамбылдың құлағына дауыстап. – Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін, – деп келді. Жамбыл менің бетіме сығырая қа­ра­ды. Оның сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сәбитке қа­рай мойнын бұрды да: – Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса, болар! – деді. Сәбит оған қарық болып күліп жатыр. Мен­де үн жоқ. Жамбыл күл­местен маған қайта қарады. – Батыр болсаң, сен Өтеген мен Сұран­шыдан күштімісің, соны айтшы, – деді. Мен ойланбастан жауап бердім. – Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына пар келе алмаймын. Мен – оттың ұшқыны, судың – тамшысы ғанамын, Жәке, – дедім. Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады. – Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, – деді. Дихан ӘБІЛЕВ («Жыр дүлдүлі»): ...Жәкең жолбарыс мінез, сұңқар тамақ екен! Қой етінен бірер жапырақ қана шөкіп жеді. Мипалау жасап бердік. Қалайы қасықты қолына алып, тарелкадағы мипалауды шетінен ғана араластырып «ым, ым!» – деп ойлы отырып, өлеңдетіп жіберді: Атан сүйектерін күйреткен, Арыстанның азуындай тістерім. Мипалауға мені мынау үйреткен, Аузымнан сендер түгел кеткенің! Жігіт Жамбыл, мойында енді, мойында... Тобықтай шал боп тоқсанға жеткенің, – деп күлдірді. Расында күлу емес, ұғына білген адамға толғаныс саларлық сөз айтып салған еді. *   *   * Шашубай ақынды естігенім болмаса, бұрын көрген емеспін-ді. Қызғылт өңді шошақ бетіне тән шоқша сақалы мен едірейе-едірейе біткен тікенек мұрты, қартайса да жайнақы көз, расында құйын қимылды, алғыр да шапшаң, ойнақы екен. Кіре берісте қарсы алған маған Шашекең бейнесі осындай көрінді. Қасында гармонь көтерген (Шашубайдың гармоны) бәдәуи түстес өзіміздің Қалмақан ақын. – Кіріңіз, төрлетіңіз, Шашеке! Жәкең де, барлық халық ақындары да осында! Ана төргі үйде! Жүріңіз! Төрде өлең-жыр алыбы Жәкең, оған тізелес Нұрекең (Нұрпейіс Байғанин), жерге жайылған кең дастарқанды айнала басқа да көп ақындар отырған-ды. Әрі ойнақы, жалын өжет Шашекең қария дастарқанды жағалай отырған басқаларды көзіне де ілмей, шапшаң, адуын басып, төрдегі Жамбылға барып, қол беріп амандасты: – Уа, Жамбыл, танисың ба, Шашу­баймын! – О, сайтан! – деді Жәкең әзілдеп, сөйтті де: О, сайтан, қуанамын, тірі ме едің, Арқамды қоздырар жыр «пірім» едің! – деп қасынан орын беріп, құрметтеді. Жамбыл даналығына, үлкендігіне тән осы бір көрініс есімнен кетпейді. Жамбыл Шашубайды «сары сайтан» дейді екен, Шашубай Жамбылды «жынды қара» дейді екен. Жас кездеріндегі сол бір әзілдерін осы кеште де ойнатып, рахаттанысып отырысты. *   *   * ...Жәкең қайда да, қашан да өз орнын, қадір-бағасын жақсы білетін. Өзін тәкаппарсымай-ақ құдіретті ұстайтын. Бұл жолы да солай. Сөйте тұра қырғыз ағайындарға жылы ілтипат жасап отыр. Амандық, есендікті білісті, ел-жұртын сұрады. «Хош келіпсіңдер, бауырларым!» деп отыр. Содан соң, алдында жатқан сырлы күрең таяғымен сырласқандай «ым-м» деп отырды да, былай деп толғап жіберді: – Хош келіпсің, рахмет, Ақ қалпақты бауырым. Алатауды жайлаған Аман ба, аймақ-ауылың. «Манасың» бар ел едің, Сүйетін жыр дауылын. Жамбылы едім екі елдің, Өткізген талай дәуірін. Бағы жанып елімнің, Бақыт құшқан қауымын. Көкірегінен екі елдің Өлең еміп өсіп ем... Зарлы күн кетті келмеске, Алдымда екен несібем. Сырқат ем кеше, ал бүгін, Сендер келді дегесін Құлантаза тәуірмін! – деп төгіп тастады. Қонақтар қатты риза боп, рақаттанып қалды. *   *   * ...1943 жылдың тамылжып тұрған май айының бір күнінде, бұрын талай жолығып, сұхбаттасып жүрген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Жәкеңе сәлем бере барады. Бұл «Абай» романының 1 томы баспадан шыққан, одан соңғы томдары жазылып жатқан кез екен. Сонда жазушының келгеніне қуанған қарт жырау оның сәлемін алып тұрып былай депті: Әлейкумуссалам, Мұхтарым! Оң қолымды ұстадың. Жиі-жиі сенімен Кездесуге құштармын. Мен – кәрімін, сен – жассың, Қолымды қатты қыспағын. Құтты болсын, қарағым, Баспадан әлгі шыққаның! Сабасындай биенің Өзіңді-өзің ыстадың. Еңбегің жанды Абайдан – Өрлеп көкке ұшқаның. Жарқылдасын достарың! Тұнжырасын дұшпаның! Бұзып шықтың ақыры, Өмірдің талай қыспағын... Нысанбек ТӨРЕҚҰЛОВ («Жүз жасаған бәйтерек»): ... – Жәкең, – деді Кенен ақсақал бір әңгімесінде, – осы үйдің қуаныш-қайғысына әрдайым ортақ болып жүрді. Базар, Назарым шетінеген 1928 жылдың күзінде Алматы базарына бардым. Мінгенім Айдарбек балаларының арық күреңі еді. Бір топ базаршылардың ортасында тұрған Жәкең мені анадайдан тани кетіп, «Кененбісің?» деп қасыма келді. Бас-аяғыма бір қарап алды да: Өзіңнің мойның қылқиып, Атыңның бұты тыртиып, Әжептәуір жігіт ең, Қалған ба саған тіл тиіп?! Ер жігіт десем, ез құсап Мойып қапсың сылқиып. Қой, ойлама уайым! Туарыңды ұрайын, Тағы да табар жұбайың! Түбін берсін ылайым! – деп көңілімді бір жұбатып тастаған еді... «Бір жаманшылықтың бір жақсылығы бар, бір қайғының бір қуанышы бар» дегендей, келесі жылдардың жазында Кенен үйіне қуаныш келеді: жұбайы Насиха ұл табады. Осы хабарды есіткен Жамбыл кідірместен Қордайға жетеді. Үйіне ене берген ол: Кененім, келіп қалдым қуанған соң, Тұйғының үйрек, қаз бен қу алған соң, Келінжан, бата берем, қолыңды жай, Құдайдан өлгеніңе құн алған соң, – дейді де, былай деп бата береді: Құтты болсын – Көркемің! Өсе берсін өркенің! Кененнен тудым дейтіндей, Ұлы болсын өлкенің! Жігіт болып жеткенше, Өзі болсын өскенде Қой бастайтын серкенің! Ғашық етсін қыздарын Қордай, Шу мен Меркенің! Құрметіне сәбидің Елім берді домбыра, Екі күндей шертемін. Өлең сөзге Кененді Қызық тойға қыздырып, Қаз дауысын сыздырып, Өз соңымнан ертемін. Әлі тойды бастаймын, Той бастаудан қашпаймын. Аман болса балалар – Бүгінім мен ертеңім... Бұл бата сөзді Кенен арнаулы әнмен айтатын. *   *   * Екейдің Ботақара атасынан тарайтын Сағаз деген кісінің Жидебай деген баласы Жамбылмен түйдей жасты екен. Бойдақ кезінде Жәкең оған: Жидебай, сен де қара, мен де қара, Бір-ақ әйел алайық екеуара. Қалың малын жартылай тең төлесек, Екеумізден туады бұйра қара, – деп қалжыңдапты. *   *   * ...Қайназар сайынан өте берген­де, Ұзынағаштан бір жеңіл машина шыға келді. Біз тас жолдың шетіне ығыса бердік. Жәкеңді таныды білем, әлгі машинадағылар тоқтай қалды да, ішінен шофердан басқа екі адам түсті. Бірі – басына мол ақ жаулық тартқан кемпір, екіншісі – жас қыз. Қарасақ, Дина екен. Жәкең атын тебіне түсіп: – Динамысың? Қайдан адасып жүрсің? – деді. Дина жымия қарап: – Иә, мен. Сені іздеп келемін, – деді. – Іздегенге табылған деген. Қалағаның мен болсам, қара жолдың бойында тұрмын ғой. – Атыңнан түспей-ақ, үйіңе тарта бер. – Мынау кемпір не дейді? – Аты­ның басын ауылға бұрды. Машина зырғытып барады. Біз де оны жанамалай шауып келеміз. Шофер қақпа аузына машинасының тұмсығын тіреп, отын өшірді. Біз де апыл-ғұпыл аттан түстік. Дина мен Жамбыл құшақтасып сәлемдесті. Екеуі қалжыңдасып жатыр: – Иә, тоты құстай таранып, аққу құстай сыланып, ойың кімде? – Ойым сенде. – Оған жарасақ қой, шіркін! Әттең, жиырма бесімде кездеспедің-ау! – «Жиырма бес маған тағы қайтып келді, сәлемін алтын күннің айтып келді» деп күнемеге сайрап жүрген өзің емес пе? – Есіткен екенсің-ау, Динажан. Оның рас, сен де, мен де мынау бақытты заманда жасардық қой. Шын айтамын, жиырма бес қайта айналып келді емес пе? – Иә, Жәке, сен сәулетті жігіт болдың, мен сәукелелі қыз болдым, бізде арман жоқ енді. – Динажан, қалжыңды қойып, домбыраңды қолыңа алшы?! Күйіңді сағындым. Дастарқан жайылып, шай келгенше, Дина «Қайран шешемді», «Кішкентайды» төгіп-төгіп салды. Жамбыл насаттанды: – Дина, өзің іздеп келдің, енді сені жібермеймін. Қой соямыз. Қой сойған соң, той болар, Той болған соң, ой болар. Дина оған: «Әдептен мен де аспайын, өзіңе сенсең қашпайын», – деп жатыр... *   *   * ...Жамбыл күйші Динамен қатты қалжыңдасады екен. Жамбыл Мәскеуден орден алып келгенде, Дина алдынан шығып, оны құттықтапты. Сонда Жәкең: Көп болды, Дина, сені көрмегелі, Орден ап, өрге шауып өрлегелі. Сен дегенде көңілдің ілгіші бар, Келдің бе сол ілгішті жөндегелі? деп, оған наз білдіріпті... *   *   * Кезінде Жамбылға Жазушылар одағынан партияға өту туралы ұсыныс жасалған екен. Сонда Жәкең: Үкі тағып, құлпырттың тақияма, Кәрі Жамбыл құлпырды қапияда. Тоқсан жасқа келгенде тоңқаң қағып, Қайдан өтіп жатайын партияңа! Алма ҚЫРАУБАЕВА («Жамбыл салған ән еді»): ...Жәкеңнің өткірлігі емес пе: «Өмірі кісіден жүрегім қайтып көрген жоқ, жалғыз-ақ Сұраншы батырдың көзінен сескендім. Содан кейін, енеңді ұрайын, мына Стәліннің де түсі суық екен», – депті. Сөйткен Сталиннің қабылдауына барғанда, намазының уақыты болып қалған соң, жайнамазын жайып жіберіп, Кремльде намаз оқыған адам – Жамбыл... Бақтияр СМАНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Аппарат жетекшісі, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.