15 Сәуір, 2016

Бейбітшілік үшін бірігу керек

496 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
14-04-01Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммитінде сарабдал ой-пікірлерін ортаға салды Төрткіл дүние астан-кестен болып, ислам елдері іштей бүлініп жатқанда кеше Ыстанбұлда ашылған жиынның орны бөлек. Ыстанбұлда «Әділеттілік пен бейбітшілік бірлік пен ынтымақтастық үшін» ұраны аясында өткен саммитке 56 мүше мемлекеттердің өкілдері, оның ішінде 30-дан астам мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ХІІІ саммиті аясында өзара кеңесіп, менмендікті кері ысырып тастап, өршіп бара жатқан араздықты ауыздықтап, соғыс өрті шалған аймақта тыныштық орнықтырудан дәмелі жиын бұл. Әлемге әйгілі әлеуетті ұйымның мақсат-мұраты да мұсылман мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық, халықаралық аренада бірлесе қимылдау, ұйымға қатысушы елдердің тұрақты дамуына қол жеткізу болып табылады. Саммитте әуелі Египеттің Сырт­қы істер министрі Сами Шукри мыр­за алдыңғы, ХІІ саммитті өткіз­ген елдің өкілі ретіне сөз алып, бү­гінде жаһанда қалыптасып отырған жағдайларға байланысты өз ойымен бөлісті. Соңғы кездері Ислам әлемінде болып жатқан оқиғалар жөнінде де әңгімелеп, Египет өзі төра­ға­лық еткен саммит кезінде ұйым мү­шелерін мейлінше топ­тас­ты­руға қызмет еткендігін атап өтті. Одан кейін сөз алған Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымының Бас хатшы­сы Ияд Амин Мадани мырза да ұйым өмірінде болып жатқан өзгерістер төңірегінде әңгімеледі. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы­ның ХІІІ саммитін өткі­зіп жатқан елдің атынан Түркия Пре­зиденті Ре­джеп Ердо­ған сөйледі. Ол терро­рис­тік әрекеттерді батыл айыптады. Әлеуеттілердің әуелден келе жат­қан әлімжеттік әдеті әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әйт­песе, ауыз біріктірер болса, Ислам әлемі де­геніңіз кімнен кем дейсіз. 1,5 мил­лиардқа жуық халқы бар, 57 елдің басын қос­қан Ислам Ынты­мақтастығы Ұйы­мы мұсылман жұр­тының айбы­нын асыратын-ақ іргелі ұйым. Халқының саны дейсіз бе, эконо­микалық әлеуетін айтасыз ба, қай мүмкіндігін санамаласаңыз да, сараласаңыз да дүниенің төрт құбыласындағы менменсіген мемлекеттердің қайбірімен де иық тірестіруге жарайтыны анық. Гәп халықтың санында да емес, қыруар байлығында да емес, «төртеудің түгел­дігінде» ғой. «Төртеу түгел болса», қазіргідей соншалықты әбі­герге түспей, тобықтан қаққан­дар­дың өзін әжептәуір әуре-сарсаңға салып қоя берер еді. Бірақ, әзірге олай болмай тұр... 14-04-02 14-04-03 14-04-06Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақ, халықтың бірлігі туралы жиі айтады. Әсіресе, халық­аралық деңгейдегі жиындарда Ас­тананың ынтымақтастық туралы ұйғарымдары көбірек сөз бо­лады. Күні кеше ғана Вашинг­тонда өткен Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі саммит аясында Нұрсұлтан Әбішұлы «Әлем. ХХІ ға­сыр» атты манифесін жариялап, есі кеткен төрткіл дүниенің қапе­ріне алаңсыз күннің астарлы ақи­қатын ақтарды. Ықпалдастыққа бола араздасып, үстемдікке ұмтыл­­ғандардың ешқашан да ұтысқа шықпайтындығын тағы бір мәрте еске салды. «Өзің­нің қауіпсіздігіңді өзге мемле­кет­тердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес», деген байлам қа­ғажу көріп отырған талай елдің көкейін­дегісін дөп басқаны белгілі. Бейбіт өмір кешіп, бала-шағасы алаңсыз ұйықтап жатқан жұртқа өмірдің осылай болуы қалыпты тіршілік секілді көрінеді. Ал ел іші бүлініп, бас сауғалап кеткендер жақсы біледі берекенің, бейбіт күннің қадірін. Елдер арасындағы кикілжіңді айтпағанда, ағайын арасындағы алауыздықтың өзі тұтас бір ауылдың берекесін қашырып, әбігерге түсіріп жібереді емес пе. Мемлекеттердің өзара қырғи-қабақ болуының ақыры қайда апарып соғып жатқанын іргелес көршіміздің әрекетінен өзіміз де сезініп жатқан жоқпыз ба? Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының Ыстанбұлдағы басқо­суынан дүйім дүниедегі түйіні тарқа­тылмаған осындай өткір мәсе­лелерге жауап ізделгені де сон­дықтан. Көкейде туындаған сансыз сауалдардың бірқа­тары­на жауап табылды да. Ең бастысы, саммит аясында қозғал­ған қазақстандық бейбіт бастама­лардың қалың қолдауға ие болған­дығы қуантады. Осы ретте Тәуелсіз­дігін жариялағанына ширек ғасыр болғанымен, ұлтының ізгі дәс­түрі ғасырлар бойы үзілмей келе жатқандығын әлемге әйгілеп, қа­зақтың дипломатиялық, ынты­мақ­тастық ыңғайындағы қағидат­тарын жаһандық деңгейге көтеріп, төрге оздырып жатқаны да Қа­зақ елінің өркениет көшіндегі мәр­те­бесін біржола орнықтыруға деген Елбасының парасаты мен алым­дылығы десек, артық болмас. Мемлекет басшысының Ыстанбұл төріндегі алқалы жиында ағы­нан ақтарылғаны да еліміздің мерейін асырды. Қазақстан Пре­зиденті шараға қаты­сушыларға қайырыла оты­рып, ИЫҰ-ға мүше елдер үшін кө­кейкесті мәселелерді шешу­дің маңыздылығын атап көрсет­ті. Оның ішінде, адам дамуы ин­дексі көрсеткіштерінің төмен­дігі, инвестициялардың жеткі­лік­сіздігі, білім мен медицина қыз­метіне қолжетімсіздігі қамтылды. Нұрсұлтан Назарбаев­тың пікірін­ше, аталған қиындықтар Ислам әлеміндегі көптеген елдердің әрі қарай дамуына мейлінше ке­дергі келтіреді. Сонымен қатар, Елбасы мұсыл­ман үмбеті үшін басты қауіп ішкі қақ­тығыстар мен жанжалдар екен­дігін атап көрсетті. Атап айтқанда, осындай қиындықты ИЫҰ-ға мүше 11 ел бастан кешіп отыр. Басқасын айтпағанда, кеше ғана гүлденген мемлекеттер қатарында саналатын Ливия мен Сирия күйреп, ал Ирак соғыстың зардабын тартуда. Ислам әлемінің өзі сүнниттер мен шииттерге бөліну қаупі алдында тұр. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай құбылыстарға жол бермеу қажеттігін айрықша атап өтті. Қазақстан Президенті сондай-ақ, мұсылман мемлекеттерінің өз ішінде бір-біріне қарсы әскери блоктар құру идеясына жол беруге болмайтындығына баса назар аударды. Бұл олардың болашағына балта шабады да, ешқандай пайда әкелмейді. Нұрсұлтан Назарбаев Ис­лам әлемі елдерінің жаппай қару­лануға қатысуы ақылға қонбай­тындығын, оған қоса бұл ядролық қаруды таратпау режімін бұзу болып табылатындығын атап айтты. Бұл мәселеге келгенде, Қа­­за­қ­стан Таяу Шығыста яд­ролық қа­­рудан азат аймақ құ­руды қуат­­тайды. Мемлекет басшысы Ислам Ын­­ты­мақтастығы Ұйымына мү­ше 15 мемлекет халықаралық тер­рор­­шы­лардың қысымын көріп отыр­­ған­дығын, нәтижесінде, мил­лиондаған мұсылман бос­қынға айналып, дүниенің түкпір-түкпірінен жайлы өмір іздеп кеткендігіне тоқталды. Сондай-ақ, терроризмнен ең алдымен ислам әлемінің елдері зардап шегіп отырғандығын, апта сайын бейкүнә адамдар лаңкестік шабуылдардың құрбаны болып жатқандығын атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев әлем­де халқының басым бөлігі мұсыл­ман көптеген елдер бар екен­дігіне, онда әртүрлі діндер мен мә­дениеттер бейбітшілік пен келі­сімде өмір сүріп жатқандығына назар аударды. Мысал ретінде Қа­зақстан Президенті біздің елі­мізде 100 этнос пен 17 конфессия өкілдері біртұтас азаматтық ұлт болып қалыптасқандығын айтты. Мемлекет басшысы біздің еліміз өзара жауапкершілік пен қол­дау моделі арқасында дамып, оның басты темірқазығы Қазақстан халқы­ның Ассам­блеясы болып отыр­ғандығын атап өтті. Бұдан басқа, 15 жыл бойы біздің елімізде Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лері­нің съезі тұрақты түрде өтіп келе­ді. Яғни, бір үстелдің басында ис­лам, христиан, иудаизм және будда діндерінің өкілдері бас қосады. Бірлік туралы жиі толғанатын жиын бұл. Елдің ішкі бірлігінің маңыздылығы мемлекеттің және қоғамның басты міндеті екендігі белгілі. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы бір-біріне қарсы топтар арасында диалог орнатуға назар аударды. Оған Ислам ынтымақтастық ұйымы бейбіт келісімге келу үдерісіне қолдау көрсетуі керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Қазақстан көптеген елдерде қақтығыстарды үйлес­тіруге қатысып, олардың бейбіт өмірге оралуына дәнекер болып келеді. Сонымен, біздің еліміз Ирактағы бітімгерлік миссиясына белсенді қатысып, Ауғанстанға көмек көрсетті және Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі проб­лемаларды шешуге ықпал етті. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ шең­берінде Нью-Йоркте және Аста­нада бейбітшілікті қолдау және тер­роризмге қарсылық форумдары өтті. Біздің Мемлекет басшысы ис­лам мен прогресс қатар жүруі керектігін атап өтті. Осыған орай өз тұжырымын саммитке қа­­т­ы­сушылардың назарына ұсын­ды. Біріншіден, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының мүшелері сауда-эко­номикалық және тех­никалық ын­ты­мақтастық туралы келісімді біріз­ділікпен жүзеге асы­рып, ол үшін еркін сауда аймағын құ­руы тиіс. Екіншіден, «Ис­ламдық ин­фра­құрылымдық инте­грация» стра­тегиялық жобасын жасап, жүзеге асыру қажет. Үшіншіден, баламалы энер­гия көздері, биотехнология­лар, материалтану сияқты бағыт­тардың қарқынды дамуын еске­ре отырып, Астанада 2017 жылы ғылым және технологиялар бо­йынша ИЫҰ саммитін өткізу мүм­кіндігін қарастыруды ұсынды. Қазақстан Президенті ИЫҰ алдында тұрған маңызды мақсаттың бірі Ұйым шеңберінде терроризмге қарсы шаралар кешенін жасау болып табылатындығына тоқталды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев террористік актілердің бір­жақты көрсетіліп жатқанына, сон­дай-ақ, бұл мәселеге арналған тұрақ­ты жұмыс жасайтын форум құру керектігіне назар аударды. Өз сөзін қорытындылай келе Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев сам­мит барысында айтылған бастама­лардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Елбасы сөзін зейін қоя тың­да­ғандар тарапынан ерекше ықылас байқалып, «Айтқаны дұрыс-ау, неге осылай істемеске» деген қо­шемет ишараты сезілді. Тіпті, кей­біреулерінің жүзінде Қазақ елінің басшысы «сөз қайырымын қай қиыр­дан бас­тап, қай қиырларға құбыл­тады, ә» деген таңданыс та бар еді. Дамаскіде мәңгілікке дамыл­даған ғұлама ғалым әл-Фара­бидің, Мысырды билеген сұлтан Бей­барыстың өмірбаянынан хабардар мұсылманның Қазақ дала­сынан ғаламға төрелік айта біле­тін қайраткердің шығуын заңды­лық деп қабылдайтыны мәлім. Содан да болар, алқалы жиын­ға жиналғандар Нұрсұлтан Әбішұлын зейін қоя тыңдады. Саммит қорытындысы бо­йынша «ИЫҰ-2025: іс-қимыл бағ­дар­ламасы» деп аталатын 10 жылдық стра­тегиялық құжат пен өзге де өзекті мәселелерге қатысты қарар­лар қабылдау жоспарланып отыр. Алқалы жиында әлемдік дең­гей­дегі Қазақстан бастамаларына ай­рықша басымдық берілді. Ең бас­тысы, айтылған бастамалар Ислам ынтымақтастық ұйымы­ның ХІІІ саммитінің қорытынды ком­мю­никесінің жобасына енгізілді және қолдауға ие болды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ИЫҰ-ның ХІІІ самми­ті өтер алдында Сауд Арабиясының Ко­ро­лі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд­пен кездескен еді. Кездесу барысында екі елдің көшбас­шы­ла­ры сауда-экономика, инвестиция, ғылым мен техника және мәдени-гума­нитарлық салалардағы екіжақ­ты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын талқылады. Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясы Королі халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер және терроризм мен экс­тремизмге қарсы жаһандық дең­гейдегі іс-қимылдың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, тараптар ИЫҰ саммитіне тоқталып, оның та­быс­ты өтетініне, қабыл­дануы жос­пар­ланған шешімдері­нің тиімді болатынына үміттене­тін­дерін білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ-ның ХІІІ саммиті аясында, сондай-ақ, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы жанындағы бай­қау­шы ел – Беларусь Респуб­ли­касының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кез­десу кезіндегі әңгіме барысында екі мемлекеттің басшылары екі­жақты сауда-экономикалық ынты­мақтастықтың негізгі мәсе­лелерін, сондай-ақ, Еуразиялық эко­но­микалық одаққа мүше мемлек­ет­тердің өзара іс-қи­мы­лын одан әрі нығайту жайын талқылады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лука­шенко халықаралық күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселелер мен жа­һан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шараларға тоқталды. Ағымдағы жылы 13 сәуір­дегі Қазақстан Президенті Н.Назар­баев пен Түркия Прези­денті Р.Ердо­ған­ның Ислам әле­міндегі татуласу жөніндегі бірлескен декларациясын Саммит конференциясы қуаттады. Осыған орай конференция Исламдық татуласу жөніндегі үдері­сін басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекет­аралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіс­сөздер арқылы шешу және ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында достық қатынастарды дамыту және Ислам Уммасының бірлі­гін нығайтуға орай мұсылман әле­міндегі жаңа қатынастар парадигмасын қалыптастыруды жақтады. Сондай-ақ, конференция Бас хатшыдан мүше елдермен консультация өткізу және қажетті жағдайда жұмыс тобын құру жолымен, Исламды татуласу жөніндегі барлығына бірдей жос­парды әрі қарай қарау үшін ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің келесі сессиясына ұсынуды сұрады. Алқалы жиынға қатысушылар Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын(АҚИҰ) құрылуын қолдап, Ұйымның жаңа органы санатында АҚИҰ аталған маңызды салада ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ынтымақтастықты нығайтуда белсенді рөл атқарады деп есеп­тейді. Осы бастаманың стратегиялық маңызын назар­ға ала отырып, конференция ИЫҰ-ға мүше елдерді АҚИҰ Жарғысына қосылуға, Ұйымның толыққанды қызметін қамтамасыз ету үшін оны мейлінше тезірек бекітуге шақырды. Сол сияқты, конференция ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді 2016 жылы 28 сәуірде Астана қаласында өтетін АҚИҰ Бас Ассамблеясының ұлықтау сессия­сына жоғары деңгейде белсенді түрде қатысуға шақырды. Саммит Қазақстан Прези­ден­тінің орнықты және инклю­зивті эко­номикалық өсімге, өңірлік инте­грацияға, ИЫҰ елдері арасында жақындық пен ын­ты­мақтастық орна­туға бағытталған «Ис­лам инфрақұрылымдық ықпал­дастығы» бастамасын жүзе­ге асыру туралы негіздемелік ұсы­нысын қолдады. Сондай-ақ, ком­мюнике арқылы мүше мемлекет­терге, Ислам даму банкі тобына, ИЫҰ органдары мен институт­тарына ынтымақ танытып, тұрақ­ты қолдауды қамтамасыз етіп, жоғарыда аталған бастамаларды келесі онжылдық ішінде жүзе­ге асыру үшін ресурстарды іс жүзінде имплементациялау мен жұмыл­дыруға арналған Кешенді страте­гиялық бағдарлама/жол картасын әзірлеу жөнінде үндеу тасталды. Саммитте Қазақстан Прези­дентінің 2017 жылы ИЫҰ-ның ғылым мен технология жөніндегі саммитін ЭКСПО-2017 аясында өткізу туралы ұсынысы қолдау тапты, сондай-ақ, ИЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер орнықты даму және энергия тиімділігі саласындағы мақсаттарға жету үшін ғылыми-техникалық, саяси және мәдени ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін ұсына­тын, «Болашақтың энергия­сы» та­қы­ры­бымен өтетін халық­аралық ма­­мандандырылған көр­ме­нің жұ­­мысына қатысуға шақы­рылды. Саммит БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің жаңа мүшелерін іріктеу үдерісінде әділ әрі тең құқылы гео­графиялық өкілдік ету қағи­дат­тарын қаперге ала отырып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне бірінші рет ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдауға шақырды. Саммит ИЫҰ-ға мүше мемле­кеттердің, соның ішінде Қазақ­станның Сириядағы дағдарысты рет­теуге және осы елдегі бейбіт­шілікті қалпына келтіруге қосқан ұлттық үлесін жоғары бағалады. Қорытынды коммюнике Ұйым­ға мүше барлық мемлекетті Терро­ризммен күрес жөніндегі жалпыға ортақ конвенцияны жетілдіруге және қабылдау жұмыстарын келісе отырып жалғастыруға үндеді, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ аясында Жаһандық антитеррорлық коалиция құру жөніндегі ұсы­ны­сын назарға алды. Саммит 2016 жылы 6 мамырда Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Дін­дер бейбітшілік үшін» форумын өткізуді құптады. Саммит Қазақстанда өшпен­ділік пен экстремизм идеология­сына қарсы толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалып­тас­тыруды көздейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съез­дерінің өткізілуіне жоғары баға берді. Сонымен, ислам әлеміндегі өзіндік орны бар іргелі ұйым саммит соңында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде шешім қабылдады. Жиын аясында мемлекет басшыларының екі жақты кездесулері өткізілді. Қа­лай болғанда да, Ыстанбұл саммиті Ислам әлемінің өзара қаты­настарын жаңаша сарап­тауға, бей­бітшілік бағытындағы баста­маларға басымдық берген жиын болды деп айтуға болады. Аллаға құлшылық жасаған жамағаттың жалпы адамзатқа тән бейбіт те бере­келі өмір сүруге құқысы бар. Ендігі жерде Ыстанбұлдағы уағ­да­ластық өміршең болсын деп тілейік. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Ыстанбұлдан (Түркия) Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ