Этносаралық татулық – саяси тұрақтылық негізі
Ұлттар мен конфессиялар арасындағы татулық – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі. Еліміздің бұл ретте дүниежүзіне үлгі болатын орны бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері талай игі істер жүзеге асырылды. Жиырма жылдық өз тарихында Ассамблея жан-жақты дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Елбасымыз Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институттық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты.
Бүгінде Ассамблея ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Бірегей бұл институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, еліміздегі тұрақтылықты сақтауға және ел дамуына айтулы үлес қосып келеді.
Егемен елімізде түрлі этностардың мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсуде, қазір ол 800-ден асады. Сонымен қатар, 28-і республикалық, оның ішінде 15 тілде газет-журнал жарық көрсе, 8 тілде радиобағдарлама, 7 тілде телебағдарлама эфирге шығады. Өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде білім беретін 88 мектеп жұмыс істейді, 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылады.
Ал Ұйғыр ауданы – Алматы облысындағы шалғай аудандардың бірі. Ауданымызда қазақ пен ұйғырлар тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтаралық қақтығыстар жоқ, қойымыз қоралас, өзіміз араласып өмір кешудеміз. «Нұр Отан» партиясының Ұйғыр аудандық филиалы ұлттар достығы аясында әртүрлі іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, оларды ойдағыдай жүзеге асырып отырады. Елбасы өткен 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деп осы бір айтулы күнді мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын.
Айтулы бұл мереке Ұйғыр ауданында да жаңаша бастама алып, кең көлемде атап өтілді. Жыл сайын жыл басы – Наурыз айында қазақтар мен ұйғырлардың, орыстардың, ауданда тұратын басқа да этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері жұртшылыққа паш етіледі. Ал 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, ауданның 80 жылдығына орай, осы өңірді мекен ететін халықтардың әдебиеті, мәдениеті көпшілікке ұсынылып, ұлттардың достығы, ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығы дәріптелді.
«Ортақ мекен – Жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан», – деп ақын жырлағандай, ынтымақ пен береке-бірлікті «Нұр Отан» партиясы ешқашан естен шығарған емес.
Мәулен НҰРОВ,
«Нұр Отан» партиясы
Ұйғыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Алматы облысы