Астанада өтіп жатқан ХІІІ Еуразиялық
медиа форумда
адамзатты толғандырған
өзекті мәселелер талқыланды
Әлемдік экономиканың ертеңі алаңдатады
Кеше Астанада ХІІІ Еуразиялық медиа форум салтанатты түрде ашылды. Әлемнің әр шалғайынан келген делегаттарға жолдаған құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау алқалы жиынның мән-маңызын айрықша атап өтті. «Еуразиялық медиа форум қатысушыларын Қазақстан әрдайым құшақ жая қарсы алады. Форум әлемнің жетекші үнқатысу алаңдарының біріне айналды. Онда қазіргі заманның ең өзекті мәселелері талқыланады. Дамудың жаңа парадигмалары қалыптасып, болашақтың сұлбасы жасалады. Бүгінгі таңда әлем барша адамзатқа теңдессіз сын-қатерлер төндірген жаңа дәуірге аяқ басты. Жаңа әлемнің, бәріміздің ортақ болашағымыздың қандай болатыны біздің әрқайсымызға байланысты. Мен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті ұсындым. Оның мақсаты – Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жасампаздық сындарлы диалог салтанат құратын дәуір болуы тиіс. Сол себепті, Еуразиялық медиа форумның алаңында қордаланған әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру бейбітшілік жолындағы жалпыәлемдік қозғалысқа қосылар баға жетпес үлес. Форум жұмысының нәтижесі, сіздердің жаңа идеяларыңыз бен бастамаларыңыз дүниежүзілік коммуникацияның жаһандық үнқатысуды дамытуға зор серпін береріне сенімдімін. Форумның барша қатысушыларына жемісті жұмыс пен бар жақсылықты тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында. Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізген Премьер-Министрдің орынбасары, ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ертеңі нұрлы елордамызға ат сабылтып алыс-жақыннан келгендерді қонақжай қазақ жерінде аман-сау көргеніне қуанышты екендігін білдірді. Одан әрі шешен салмақты сөзін былайша сабақтады. «Қалыптасқан жағдайға байланысты он екінші және он үшінші басқосуымыздың арасына екі жыл салыппыз. Бұл осы уақыт ішіндегі өркенді өзгерістерді бағамдауға мүмкіндік береді. Қараңыздаршы, біздің бас қаламыз қалай қарыштап дамыды. Астана тәуелсіз Қазақстан жаңаруының символына айналды. Ол – барлық қазақстандықтардың маңдайға басар мақтанышы. Қала қазір халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдауға қызу дайындық үстінде. Алып құрылыс кешенінде қандай ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын өздеріңіз аралап көресіздер. Бұйырса, бұл қалашық ару Астананың жаңа жауһары болғалы тұр. Көгілдір көктем күндері Астанаға келген қадамдарыңызға сәттілік тілеймін!». Сөзінің соңында Дариға Нұрсұлтанқызы алқалы жиынның төрінде отырған Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзайға арнайы шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, мұндай тұғыры биік тұлғалар Еуразия медиа форумының мәртебесін биіктететінін атап көрсетті. Шын жүректен шыққан құрметті қошеметпен қабылдаған Хамид Карзай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бітімгерлік рөліне жоғары баға берді. «Ауғанстанның қайта қалпына келтірілуіне көп көмек көрсеткен Қазақстанмен қайта қауышқаныма аса қуаныштымын. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ескермесе болмайды. Мына биік мінберді пайдаланып, Қазақстанның мыңға тарта ауғанстандық студенттерге стипендия бөліп отырғанын айта кеткім келеді. Олардың 180-ге жуығы медициналық білім алуда. Ұзақ мерзімге оқудан қол үзіп қалған ел үшін бұл қайырымдылықтың бағасы өте қымбат», – деді Хамид Карзай ағынан жарылып. Ол, сондай-ақ, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көтерілген көкейкесті мәселелердің алмағайып мынау заманда өте өзекті екендігіне айрықша назар аударды. Еуразиялық медиа форумның алғашқы мәжілісі «Әлемдік экономиканың бүгіні мен ертеңі» тақырыбына арналды. Дәл туған күнінде конференция тізгінін ұстаған америкалық продюсер Риз Хан ашық әңгіме алаңындағы пікір алмасулардың қаншалықты қызықты өрбитіндігі залдағы зиялы қауымның белсенділігіне байланысты екендігін ескертті. Оның сөзінің әрине, жаны бар. Өйткені, ой додасы қызған жерде ғана ақиқаттың беті ашылады. Соны сезген отырыс модераторы оңтүстікафрикалық, Си-Эн-Эн телеарнасының жүргізушісі Элени Гиокос ғаламдық экономикалық дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы, дүниежүзін дүрліктірген қантөгісті оқиғалар және басқа да «күйіп» тұрған күрделі тақырыптарды спикерлердің ортасына тастап кеп жіберді. Сол-ақ екен аналар ағыл-тегіл ақтарылып қоя берді. Қаузалмаған проблема қалмағандай. Әсіресе, алпауыт мемлекеттер арасындағы көшбасшылыққа ұмтылу бәйгесінің барысы тілге тиек етілді. Саясаттың майын ішкен сарапшылардың пайымдауынша, державалар текетіресі әлі де тереңдей түседі. Бәзбір білгіштер Қытай азуын айға білеген АҚШ-ты ығыстыра бастағанын баяндауға бейіл. Ұзаққа созылған санкциядан сап тыйылған Иран, әлемдік мұнай бағасының құбылуына тікелей әсер етуші Сауд Арабиясының сан қырлы саясатының ақыры қайда апарып соқпақ? Әрекетсіз ОПЕК-тің қара алтын нарығында қалыптасқан түйінді шешуге қауқары жете ме? Ғаламдық қаржы құрсауында шырмалмаудың жолдары қандай? Қанды қақтығыстарға тосқауыл қойыла ма? Тұйыққа тірер сұрақтар жетерлік. Ал, солардың жауабын табу қиынның қиыны. Ресей Федерациясы экономикалық саясат комитетінің мүшесі Дмитрий Мезенцев кез келген экономикалық өзгерістердің өзегінде адам тағдыры тұратындығын, оған дәлел ретінде жиналғандар назарына әлгінде ұсынылған бейнероликтегі айдың-күннің аманында амалсыз отандарынан безген босқындардың талайсыз тағдырын, қасақана ұйымдастырылған авиациялық апаттардың құрбандарын жоқтаушылардың еңірегенде етектерін толтырған көз жастарын кесе-көлденең тартты. Оның ойынша, халықаралық беделді ұйымдар Жер тұрғындарын ынтымаққа шақырғанмен, өңірлердегі қарулы қақтығыстар мен дау-жанжалдар толастар емес. Технология шарықтау шегіне жеткенімен, адамдар арам пиғылдарынан арыла алмай әлек. Дохадағы кеңесте ОПЕК-ке мүше елдердің ортақ шешімге келе алмауы көп жәйтті аңғартса керек. Қазақстан басшысының бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен үміт артылуда. – Қандай мәйекті мәселелер сіздің түн ұйқыңызды төрт бөледі? Модератордың өзіне туралап қойған сауалынан Хамид Карзай тосылмады. «Экстремизм, терроризм, радикализм қасіреті әдеттегідей Азияны қамтып қана қоймай, Еуропаға да жетті. Алапат жарылыстардан ауғандық талай боздақтардың қыршынынан қиылғанынан да хабардар боларсыздар. Меніңше, біз әлемдік державалардың бір-біріне сенімсіздікпен қарауының зардабын тартудамыз. Экстремизм мен терроризм – солақай саясаттың салдары. Оның астарынан бірыңғай әлеуметтік немесе діни себептер іздеудің аяғы жақсылыққа апармайды. Дүбірге толы дүниеде жекелеген елдер ғана бақытты немесе бақытсыз бола алмайды. Империялардың астам саясаты арнасынан ауытқымайды. Мәселен, АҚШ президенті сайлауы алдында Ақ үй қожайыны болудан үміткерлер тарапынан әртүрлі уәделер берілуде. Бұл тек саяси ойындар ғана. Әйтпесе, баяғыдан қалыптасқан қасқа жолдан олардың басқа жаққа бұрылуы екіталай». Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро әңгімесінің әлқиссасын: «Біз өзіміздің демократиямыздың дәрегейін мақтан тұтамыз», деп бастады. Одан соң ағылшындық сақа саясаткер доллар бағасының тұрақсыздығын түсіндірген сыңай танытты. Үзілді-кесілді пікірі мынадай: «Бұған бірде-бір қайраткер, бірде-бір мемлекет тікелей әсер ете алмайды. Егер ОПЕК тарапынан сәтті стратегиялық қадам жасалса, мұнай бағасын көтеруге мүмкіндік туар еді. Соның нәтижесінде әлемдік экономикаға әл кіріп, тәуекел деңгейі төмендеуі кәдік. Шынтуайтында, мұнайдың төңірегінде толған қиындықтар бой көрсетті. Осыған сырттай сараптама жасап көрейікші. Ұлыбритания – Еуроодақтағы мұнайды ең көп өндіретін ел. Қара алтын бұрын қазынаға қыруар қаржы құятын. Ал, қазір ше? Өкінішке қарай, британ тарихында бұрын-соңды болмаған ахуал қалыптасты. Шаруалары шатқаяқтаған мұнай компанияларына үкіметтен субсидия бөлінуде. Бұрын бәрі керісінше болғаны белгілі. Джек Строның пайымдауынша, Иранның ОПЕК квотасымен келісуі неғайбыл. Олар мұнайдың баррелін 40 доллардан саудалағанның өзінде біршама пайда табады. Сондықтан, ирандықтар өнімді шектейтіндей себепті көріп тұрғаным жоқ». Алуан пікірлер алаңы болғандықтан ба, аталмыш спикердің аузынан артық-ауыс пікір де шығып кетті. Нақтылай түссек, қасиетті Ислам дінін лаңкестік, экстремистік секілді сойқанды әрекеттермен байланыстыра сөйлегеніне Ливанның және Сауд Арабиясының елшілері орынды уәждерін айтты. Ал, Хамид Карзай болса, экстремизмнің де, терроризмнің де киелі Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды, деп қысқа қайырды. Шетелдік шешендердің шетін ала отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстанның шикізатқа негізделген модельден экономиканы әртараптандыруға көшуге мүмкіндік туатынына үміт артатынын жариялады. Қазақстандық қаржы маманының сөзіне сенсек, ғаламдық экономикалық өрлеуге жетелейтін факторлар онша көп емес. Есесіне екінші тенденция қылаң берді. Жаһандық экономика технологиялық тұрғыдан жетілуге бет бұрды. Ағылшын тілінде кеңінен көсілген Қайрат Нематұлы, ел экономикасының еңсесін тіктеуге қатысты ұтымды ұсыныстарын білдірді. Ашық ойлар алаңына айналған Еуразия медиа форумының алғашқы мәжілісі осылайша өз мәресіне жетті.Тілге тиек – Таяу Шығыс тағдыры
Сәуірдегі сәулелі сәттердің біріне кешегі Еуразиялық медиа форумды жатқызуға болады. Қаншама қонақты қанатының астына жинап, пайымды да пайдалы пікір алаңын ұйымдастырған еліміздің еңсесі тағы бір мәрте көтерілді десек, артық айтқандық болмас, сірә. Шақырылған қонақтардың әрқайсына шеберлік сағаттары мен кездесулер өткізу жүктелгені де мәлім. Саяси сахнаның сырына қанық сарапшылар сын сағатта сүрінбеді. Мүдірмеді. Оны кешегі келелі кездесудегі тұжырымдарына қарап тұспалдай берсеңіз болады. Ортаға ұсынылған тақырыпты көкпарға тасталған серкедей қылып жан-жағынан жабыла қозғағанда қайсысының пікірі басым түседі екен деп күтумен болдық. Дәл осындай әлемді әжептәуір әбігерге салып отырған маңызды мәселелердің қатарында Таяу Шығыстағы елдердің тағдыры тұрғаны тайға таңба басқандай анық. Иә, Таяу Шығыстағы ахуал тұрақтанған жоқ, әскери қақтығыс, лаңкестік әрекет пен наразылық толқуы күн сайын Ауғанстаннан Йеменге дейінгі өңірді телегейдей шайқап теңселтуде. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанжал өрши түсті. Бұл Израиль мен араб әлемі арасындағы ежелгі текетіреспен бірге күллі Таяу Шығыстағы онсыз да әлсіз саяси тепе-теңдікті бұзып, бейбітшіліктің келешегін күңгірттендіре түсуде. Халықаралық дипломатия Иранға қарсы санкцияның күшін жоюға көмектесті. Бірақ, Сирияда бес жылға созылған азамат соғысын ешқандай мәмілегерлік тоқтата алмады. Бұл елде содырлар өз күшін сақтап қана қоймай, өзге елдерге де, соның ішінде, Түркия мен Тунисте тамыр жая бастағаны жасырын жағдай емес. Сириядағы қантөгіс ұрысты тоқтату жөніндегі келісім Батыс пен Шығыс арасындағы сындарлы үнқатысудың бастамасы бола ала ма? Осы және өзге де халықаралық ушыққан жағдайларға байланысты маңызды мәселелер талқыланған алқадағы жиын тізгінін «Russia Today» Таяу Шығыс бюросының басшысы Пола Слиер өз қолына алды. Таяу Шығыста тамыр жайған мемлекеттердің тағдырына байланысты тақырыпты тарқата талдаған спикерлер қатарында Хамид Карзай, Мысырдан келген «Әл-Аһрам» медиахолдингі басқармасының төрағасы Ахмед Әс Сайид Әл Нагар, Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денаро, Ливаннан келген Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орталығының президенті Хишам Жабер, саясаттанушы, Ресей халықаралық мәселелер кеңесінің сарапшысы Максим Сучков белсенділік танытты. Осылармен қатар, сарапшылар санатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин қатысып, ұлтаралық қақтығыстардың туу себептері мен оны тоқтату жолдарына баса назар аударып, жан-жақты талқылады. «Бүгінгі таңда араб елдерінің ішкі саяси ахуалы әлемнің алпауыт державалары арасындағы қырғи-қабақ қақтығыстың өзегіне айналып отыр. Көптеген мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары араб елдерінің ішкі жағдайы туралы хабарларды үсті-үстіне түйдектете таратып жатыр. Әлем саясаттанушыларының зерттеулерінде араб елдеріндегі саяси дағдарыстың себебі – ішкі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайдың ықпалы деген баға беруде. Сонымен қатар, мұнда сыртқы күштердің әсері де анық байқалады. Осы араб елдеріндегі ішкі төңкерістерге радикалды экстремистік топтармен қатар, шетелдік азаматтардың да қатысы бар екені белгілі және ол ел ішіндегі дау-жанжалдың орын алуына өз әсерін тигізбей қоймайды», – деді Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орталығының президенті Хишам Жабер. Отырыстың алғашқы бөлімінде сарапшылар Сириядағы бүгінгі жағдайдың алдын алуға болар ма еді деген сауал төңірегінде де пікір алмасты. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денароның айтуынша, қазіргі таңда Сириядағы жағдай бақылаудан шығып кеткен. Тарихи ескерткіштер, архитектуралық нысандар жермен жексен болуда. Спикерлерді алаңдатқан келесі сауал – бұл жағдайға кімдер кінəлі? Сарапшылар бəріміздің де кінəміз бар, дегенмен де бұл жағдайды ушықтыруға үлес қосқандар да жоқ емес деп отыр. Нақты кімдер екенін дөп басып ешкім айта қоймады. Мамандар Сириядағы соғысты тоқтатудың мүмкіндіктері және Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы жанжалды жоюдың кілті кімнің қолында деген сауалдар төңірегінде де пікір таластырды. «Бүгінде баршамызды экстремизм мен лаңкестік алаңдатады. Лаңкестік тек Таяу Шығыс елдері мен оңтүстік Азияға емес, Париж бен Брюссельге, әлемнің басқа да аумақтарына тараған жаһандық қауіпке айналып үлгерді. Ойланбай жасалған олқылықтардың салдарынан қаншама отбасы қайғы-қасіретке душар болды. Олардың соңында тентіреп бала-шағасы мен туғандары қалды. Қауіпсіздікпен қамтудың қарапайым жолы – әр мемлекеттің өз ұстанымын ашық айтуы. Мен Ауғанстанды басқарып тұрғанда әлем көшбасшыларын осыған жиі үндедім. Терроризм, экстремизм мен радикализм тек әлеуметтік жағдай мен дінге байланысты туындамайды. Меніңше, бұл қатерлердің өсуі – нашар саясаткер мен нашар саясаттың салдарынан болады», – деді Хамид Карзай өз кезегінде. Жылдар жылжып, айлар ауысқан сайын замана көші де зырлап барады. Дамудың даңғыл жолына түсіп, қарқынды қадам жасап келе жатқан мемлекеттер қатары да қалыңдады. Ішкі нарығы тұрақталып, экономикалық еңсесі тіктелген елдердің де саны артты. Мәселе санда емес, сапада болғаны дұрыс шығар. Сарапшы мамандардың айтпағы да осы. Материалдық шаруаның мәселесін шешкенмен, рухани құлдыраудың алдында тұрған алпауыт елдер де жоқ емес. Атағын шатақпен шығарып жатқандар да жетерлік. Заңғар биік зауыттары болса да, үкіметі үрейлі, жұрты жұпыны елдер де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, осындай озық мемлекеттердің озбырлыққа жол бермей, бауырмалдық бағыт ұстануын ұсыну кешегі форумның басты формуласы десек болады. – «Манифесте айтылған маңызды міндет – киберқылмысты жоюмен айналысу. Өйткені, ол терроршылардың аса қауіпті қаруына айналуы мүмкін. Олар ғаламтор арқылы әлемді қорқытқысы келеді. Біз ондайға жол бермеуіміз керек», – деген «Chime for Change» басылымының бас редакторы Мариан Перлдің пікірі өз алдына өзекті. Шынында да, жантүршігерлік оқиғалар жаһанда толып жатыр. Интернеттен көргенін істеуге итермелейтін сұғанақ ой осындайдан пайда болса керек. Далаңды автоматпен шулатпай-ақ, санаңды ақпаратпен улап жатқан қазіргі уақытта ғаламтордың өзі ғаламшар үшін қауіпті қаруға айналып бара жатыр. Бір сағатқа созылған жиынның түйініне келетін болсақ, Елбасы Н.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте сөйлеген сөзі адамзат алдына келешегі зор маңызды міндеттерді қойып отырғаны белгілі. Әскери қақтығыс, лаңкестік әрекет пен наразылық толқуы күн сайын Таяу Шығыстағы халықтарды ғана емес, бүкіл әлемді толғандырып отырған түйткіл екені айдан анық. Шетелдік саясаткерлердің сараптауына сүйенсек, әрқайсының сөз түйіні Н.Назарбаевтың әлем жұртшылығына жасаған үндеуімен үндестік тапты. Сонымен қатар, форум аясында Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Назарбаев Университеттің студенттерімен кездесіп, әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбітті.
Жаңа имидж – жарқын болашақтың кепілі
Медиа форум аясындағы үшінші мәжіліс мұнай елдерінің жаңа имиджіне арналды. Шараға қатысқан сарапшылар қазіргі энергетикалық ресурстар нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты бренд тиімділігін жаңа жағдайда арттыру жолдарын қарастырып, туризм мен қызмет көрсету салалары бойынша табыс табудың тетіктерін сөз етті. Жиынды ашқан модератор, Қытайдың CCTV телеарнасындағы «Жаһандық бизнес» бағдарламасының жүргізушісі Лей Ченг ханым қазіргі нарықты бренд стратегиясын дамытусыз елестету мүмкін емес екенін айтып, «Көптеген елдер мұнай бағасы құлдыраған соң өзінің болашаққа арналған жоспары мен стратегиясын қайта қарап жатыр. Бәсекеге қабілетті болу және инвестиция тартуда брендинг факторының маңызы зор. Сондықтан, мұнай өндіруші елдер осы салаға баға арзандаған күннің өзінде назар аудармай тұра алмайды. «Қара алтын» құнының күрт төмендеуі энергетика ресурсымен қамтамасыз ететін елдердегі бюджеттің кіріс бөлігінің кемуіне және шығынды азайтуға әкеп соқты. Жаңа жағдайда бұл мемлекеттердің тиімді жолмен дамуы үшін тың идея, бағыт-бағдар, стратегия қалыптастырып, соларды іске асыру айрықша мәнге ие», – деді. Өз кезегінде Ұлыбританиядан келген саяси мәселелер жөніндегі кеңесші Саймон Анхольт 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізетін Қазақстан үшін жетістік имиджін нығайтуға мол мүмкіндік туып отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ЭКСПО әлеуетін толық пайдаланып, елдік бренд қалыптастыратын алғашқы ел болуы мүмкін. Бұл жөнінде С.Анхольт «Жаһандық пікірталас тұрғысынан алғанда ЭКСПО айтарлықтай әлеуетке ие екені белгілі. Дегенмен, дәл қазіргі таңда нақты әрі кең ауқымды қамтитын шаралар ретінде Олимпиада ойындары, Әлем чемпионаты сынды спорт жарыстарын айтуға болады. Меніңше, әлемде барша халықты бір жерге жиып, тек соған қатысты мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін спорт тақырыбынан өзге лайықты формат жоқ. ЭКСПО-ны сондай деңгейге жетті деп айта алмаймын. Сондықтан, Қазақстан осы олқылықтың орнын толтыруға күш жұмсаса, ұтылмайды деп ойлаймын», – деді. Осыған орай Саймон мырза Қазақстанға ЭКСПО-ны өткізу барысында бүкіл әлемнің назарын аса маңызды мәселеге аударып, сол бағытта нәтижелі сұхбаттасулар жүргізіп, аталған шарада жетекші рөлді атқаруға кеңес берді. «Егер Қазақстанның стратегиясы тұрақты энергетика саласында әлемге көмек көрсетумен байланысты болса, ең ұтымды қадам ретінде есте қалады. Сол бастаманың жемісті болуы үшін ЭКСПО аясында пікірлесуге зор мүмкіндік туып отыр», – деген сарапшы жаһандық деңгейде ойлап, әрекет етудің нәтижелі болатынын еске салды. Сонымен қатар, С.Анхольт елдің имиджі оған жұмсалған қаржының есебінен емес, керісінше, жақсы экономикалық көрсеткіштер, әлеуметтік мәселелердің болмауы және сол мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына үлес қосуы арқылы қалыптасатынына назар аударды. Бұл ретте сарапшы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан біздің елімізді мысалға алып, «Қазақстан өз имиджін бейбітсүйгіш ел ретінде қалыптастыруда. Ядролық қарудан бас тартудан бөлек, ел беделінің артуында күні кешегі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-та жариялаған манифесінің де рөлі ерекше. Жалпы, биліктің халқына жасайтын ең жақсы сыйлығы – елдің жағдайын жақсарту және әлемдік аренадағы салмағын арттыру. Ал тек өзінің ғана мүддесін көздейтін мемлекеттер жеме-жемге келгенде құлдырауға ұшырайды. Сондықтан, әр нәрсеге әлемдік сипат берген дұрыс. Сол кезде ғана имидж қалыптасып, сауда-экономикалық көрсеткіштер артады. Сондай-ақ, ондай мемлекет өзге елдердің сеніміне ие болып, онымен іскерлік байланыс орнатуға ниеттілердің қатары көбейеді», – деді. Мәжіліс барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысушылардың назарын еліміздің жаһандық жауапкершілігі зор мемлекет болуға деген ұмтылысына аударды және осы бағытта әлемдік қоғамдастыққа түрлі бастамаларды ұсынып келе жатқанымызды айтты. Өз сөзінде вице-министр Елбасы манифесінің жаһандық деңгейдегі қауіпсіздік мәселесінде нақты қадамдар атап көрсетілген маңызды құжат екеніне тоқталып, «Қазақстанның халықаралық және ішкі саясаттағы ұстанымынан оның халқының жағдайын және әлемді жақсартуға көп күш жұмсайтын ел екенін көруге болады. Бұл басымдықты Президентіміздің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі соңғы саммитте жариялаған манифесінен де байқай аламыз», – деді. Осы орайда Р.Василенконың форум мінберіне қазақтың ұлттық шапанын киіп шыққанын айрықша атап өткен жөн. Осылайша, министрдің орынбасары жаңа имидж тақырыбына арналған мәжілісте ұлттық брендімізді насихаттап, қазақ шапанының танылуына өзіндік үлесін қосты. Ою-өрнекпен көмкерілген шапанға ерекше қызығушылық танытқан шетелдіктер Р.Василенконы орталарына алып, естелік суретке түсуді де ұмытқан жоқ. Мұндай дипломатиялық қадамға әдейі барғанын айтқан шенеунік, «Мәжілістің тақырыбы елдің имиджі туралы болғандықтан, форумға қатысушылар алдында халқымыздың бір құндылығын болса да насихаттауды жөн санадым. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, шетелдіктер қазақтың оюларына таңдай қағып, ерекше әсерге бөленуде. Яғни, менің бұл әрекетімді нәтижелі болды деуге толық негіз бар», – деді. Жиын тақырыбына орай бүгінде қаржылық дағдарыстың құрбанына айналған Грекияның бұрынғы туризм министрі Ольга Кефалоянни өз елінің тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, елдік имиджге ешқандай дағдарыс әсер ете алмайды. «Барлығы халықтың болған жайды қалай қабылдауына байланысты. 2012 жылы мен министр болып тағайындалған кезде біздің елдегі жағдай ушығып тұрған еді. Сол кезде Афинаның беделі үшін алаңдағанымыз жасырын емес. Сондай жағдайда ең маңыздысы халықтың сабырға келуі екенін айтқым келеді. Грекия мыңдаған жылдар бойы демократия мен өркениеттің, мәдениет пен ғылымның ордасы болған мемлекет. Сондықтан, біз өз елімізді уақыттың классикалық үлгісі деп атаймыз», – деген О.Кефалоянни халықтың рухы мен жігері елдің имиджіне тікелей әсер ететініне тоқталды. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов көрмеге дайындық жұмыстарымен таныстырып өтті. Оның мәлімдеуінше, ЭКСПО-ны ойдағыдай өткізу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан, оның жоғары деңгейде өтеріне сенім мол. Сондай-ақ, Е.Шорманов бүгінге дейін 81 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын ресми түрде растағанын жеткізді. Одан бөлек, Ресей халықаралық мәселелер кеңесінің сарапшысы Максим Сучков та тақырып аясында өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар, шараға қатысқан сарапшылар жетістік имиджін сақтау жолдарын, мұнай бағасы төмен боп тұрғанда жағымды абырой-беделге жетудің қағидаларын, елдік брендинг және брендті түйсіну факторларын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиында экономикалық құлдырау тұсында брендтің ғаламдық нарыққа шығу стратегиясын қалыптастыру үшін мәдени құндылықтар мен спорттағы жетістіктердің өзін сәтті брендинг ретінде пайдалануға болатыны айтылды.Әйелдер құқығы бұзылмауы тиіс
Еуразиялық медиа форум барысында бірқатар шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Солардың арасында «Журналистикадағы әйел тақырыбы» атты семинар өзінің тартымды өтуімен есте қалды. Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция) жүргізген бұл шеберлік сабағында қазіргі таңда әлемде гендерлік саясатқа қатысты мәселелер кеңінен талқыланып жатқаны, әйелдерге байланысты тақырыптарды қызғылықты етіп ұсыну жолдары атап өтілді. Сонымен қатар, шара кезінде қазіргі замандағы әйелдердің түрлі мәселелері де жан-жақты сөз болды. Өзінің зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ортаға салған француз журналисі Мариэнн Перл бірқатар проблеманы атай отырып, онымен күресуге шақырды. Оның айтуынша, әлемнің көптеген елінде нәзік жандылар өз еркінен тыс жыныстық қатынасқа түседі әрі оларды әйел болғандығы үшін кемсітеді. Бұған қоса, әйелдерге білім мен медициналық көмек алуға мүмкіндік берілмейді. Осы ретте Перл ханым әйелдер құқығының бұзылуы жайында БАҚ арқылы айтудың аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен бірге, Мариэнн Перл қазір әлемде әйелдерге төнген түрлі қауіп-қатердің бар екенін ашық айтатын уақыт келгенін, осы орайда БАҚ-тың үлкен қозғаушы күш екенін сөз етті. Одан әрі шешен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әйелдер туралы сөз қозғап, өз құқығы үшін күн сайын күресіп жүрген жас қыздар мен егде тартқан әйелдердің өмірі жайлы әңгімелеп берді. «Мен әлемдегі әйелдердің мәселелері ортақ деп санаймын, өйткені, ол бір ғана аймаққа немесе құрлыққа тиесілі емес. Мұндай жайттар Францияда да, Америкада да, басқа да өзге елдерде болып жатады», – дейді Мариэнн Перл. Оның айтуынша, журналист адамдардың өмірі жайлы айтқан кезде, кейіпкердің өміріне өз ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әйелдер құқығын қорғаудағы және лаңкестікпен күрестегі мақсатты жұмыстарына қатысты жылы лебізін білдірді. «Қазақстан терроршылардан төнген қауіп-қатермен күресуді әрі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді бірінші орынға қойып келе жатқан ел ретінде танымал. Сіздердің елдеріңіздің бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстары басқаларға үлгі болып отыр», – деді француз журналисі. Айта кетейік, Мариэнн Перл қызмет ететін Chaim for Change веб-платформасы бүгінде нәзік жандылардың құқығын қорғайтын ғаламдық алаңға айналған құрылым.Қуатты қару
Медиа форумның бұл күнгі соңғы мәжілісі «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақпараттық қақтығыстың ерекшелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақырыбына арналды. Мәжілістің модераторы ретінде бірінші кезекте сөз алған ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) қазіргі таңда ақпарат құралдарының үлкен күшке айналып отырғаны, оның адамзат алдындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен тоқтала келіп, жиынға қатысушы спикерлерді ортақ әңгімеге шақырды. Жиында Bloomberg медиакомпаниясының атқарушы продюсері Тодд Баер (АҚШ), Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция), «Сколково» қорының вице-президенті Александра Барщевская (Ресей), Түркия премьер-министрі кеңсесі баспа және ақпарат бас басқармасының жетекшісі Синан Күрүн, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, ақпараттық кеңістікте болып жатқан түрлі жағдаяттар төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Нақтылай айтқанда, олар жаһандану заманында зиянды ақпараттық технологиялардың негізгі бағыттары, БАҚ-тың лаңкестікке қарсы күрестегі рөлі, ақпараттық кауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері, әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өзара тайталасы жөнінде әңгіме өрбітті. Өз кезегінде Александра Барщевская ақпараттық соғыста әлеуметтік желілердің ықпалы артып отырғандығына назар аударды. «Менің ойымша, ақпараттық соғыс қазіргі уақытта өзгеше кейіпке енуде. Бұл қақтығыстың қаншалықты деңгейде қадағаланып отырғанын дөп басып айту қиын. Алайда, біз мұндай ақпараттық қақтығыстарды қадағалауды үйреніп келеміз. Қазір адам санасына қатты әсер ететін ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кезеңінде тұрмыз. Бүгінде біз әлеуметтік желілерге тереңірек дендеп барамыз, олардың ықпалы қазір БАҚ-тың ықпалынан да бірнеше есе жоғары», – деді Ресей өкілі. Оның айтуынша, қазіргі уақытта интернетті 2 млрд. адам пайдаланады. Олардың 90 пайызы әлеуметтік желілерді қолданушылар. Ал Нұрлан Ермекбаев нақты талдау жасаудың аздығынан БАҚ лаңкестерге еріксіз қолдау жасап отырғанын атап өтті. «Қазіргі кезде БАҚ оншалықты реттелмеген құқықтық алаңда қызмет көрсетуде. Халықаралық қоғамдастық лаңкестік пен діни экстремизмге әлі күнге дейін ортақ анықтама бере алмай отыр. Осыдан барып бұл мәселеге байланысты көптеген сауалдар туындайды. Мәселен, біз көп жылдардан бері лаңкестік ұйымдардың бірыңғай тізімін жасай алмай келеміз. Журналистер лаңкестік ұйымдар мен олардың әрекеттері туралы жазарда көптеген кедергілерге кездеседі. Мәселен, БАҚ өкілдері заңсыз құрылымдардың қайсысы лаңкестік ұйым, қайсысы діни экстремистік топ екенін анықтауда қиындықтарға тап болып жатады. Біз бұдан психологиялық аспектінің жетіспеушілігін, БАҚ тарапынан талдаудың аздығын аңғарамыз», – деді ол. Сонымен қатар, Н.Ермекбаев лаңкестердің БАҚ арқылы мемлекеттік билік пен халық арасында үрей туғызуға мүмкіндік алып отырғанына екпін берді. «Телеарналарда теракт жасаған адам туралы, оның өмірі мен осы әрекетке қалай барғандығы жарыса көрсетіліп жатады. Бұл лаңкестер үшін өте пайдалы. Өйткені, мұндай көрсетілімдер ниеті бұзықтар үшін тегін жарнама. Осы жағдайлар жастарды лаңкестер қатарына қосылуға итермелейді. Кейбір репортаждарда құқық қорғау органдарының жұмыс әдістемелері мен тәсілдері егжей-тегжейлі көрсетіледі. Осылайша біз өз тактикамызды лаңкестер алдында жария етеміз. Осының барлығы лаңкестікпен күрес ісіне кері әсерін тигізеді», – деді Н.Ермекбаев. АҚШ өкілі Тодд Баер өз кезегінде БАҚ-тың адам санасын арбайтын əккі технологияларын орынды пайдалануға шақыра отырып, ақпараттық соғыстың әлемге қауіптілігін қаперден шығармау абзал екенін жеткізді. Қорыта айтқанда, бұл басқосуда қоғамдық сананы билеу ісінде ақпарат қуатты қару екені, оның біреулерге тиімді табыс көзі болып отырғаны, БАҚ-тың терроризмге төтеп берудегі рөлі жан-жақты сөз болды. Иә, Еуразиялық медиа форумның екінші күні өзекті мәселелер қозғалған осындай жиындармен үлкен маңызға ие болды. Форум жұмысы бүгін де жалғасуда. Талғат БАТЫРХАН, Жолдыбай БАЗАР, Еламан ҚОҢЫР, Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ