• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Мәскеуді дүр сілкіндірген он күн

5057 рет
көрсетілді

* Жамбыл Жабаев пен Күләш Байсейітова Осыдан 80 жыл бұрын Кремльде қазақ әдебиеті мен өнерінің өкілдері ел рухын паш етті Бұл – осыдан 80 жыл бұрын болған қазақ өнері мен мәдениетінің ерекше қайталанбас сәттері. Мамырдың шуақты күнінде қазақтың өнері мен мәдениетінің танымал өкілдерінен құралған үлкен көш Алматыдан арнайы пойызбен Мәскеуді бетке алып аттанып кетті. Қазақстан өзге республикалар ішінде екінші болып тынымсыз дайындықтан кейін мақтанатын рухани байлығы – өнерімен бөлісіп, халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, фольклоры бүгінгі жетістіктерімен бөліспек. ...20-30-жылдардағы бірінші басшының жұ­мысындағы аван­тюралық ше­шім халықты ашар­шылыққа ұрын­дырып, үлкен жұтқа ұласқан бұл кезде қазақтар өз жерінде азшылыққа ұшырап, ел бастар көсемінсіз, Одақ­тың құрамындағы «кіші іні» қамытына толық мойынсұнды. Қарсы бас көтергендерді қансы­ратып, күшіне мінген кеңестік жаза­лау машинасы осы кезде әр түрлі бағыттағы «ағартушылық» жұмыстарды да қатар жүргізді. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы, білім беру мен медицина салалары қалыптасып, дами бастады. Бұл кезеңді қазақ даласындағы қа­зақ халқының санасына рухани сілкініс жасаған ерекше кез десек қателеспейміз. Ол жайлы филология ғылымдарының докторы, Тұрсынбек Кәкішұлы: «Голощекин тұсында алапат аштыққа ұшырап, халқымыздың жартысына жуы­ғынан өлідей – бір, тірідей – екі айы­ры­лып қалған халықпыз. Арып-ашқан халықтың еңсесін тіктеу, рухын көтеру Голощекиннен кейінгі басшының мойнына жүктелді... Халық материалдық жағынан түрлі қиыншылықтарға ұшырап жатса да, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, өнерін Одақ көлемінде насихаттау – рухани бай ел екенімізді паш етті», – дейді. Академиктің бұл айтып отырғаны, 1936 жылғы Мәс­кеу­де өткен қазақтың әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. «Онкүндік» немесе «декада» деп атап кеткен қазақтың құлағына ерекше жылы тиетін сөздің астарында жатқан қисапсыз жасалынатын іс-шаралардың шығу тарихын шолатын болсақ, сонау өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасына сапар шегеміз. Әр республиканың Одақ басшылары алдында өздерінің жетістіктерімен көрініп қалуды мақсат тұту идеясы пісіп-жетіле келе, одақтас республикалардың өнері мен мәдениетінің жетістіктерін көрсететін онкүндіктерге ұласады. 1936-1960 жылдар аралығында Мәскеу қаласында 35 ұлттық әде­биет пен өнердің онкүндіктері өте­ді. Одан кейін бұл іс-шара рес­пуб­ликалар арасында жалғасын табады. Алғашқы декаданы 1936 жылы нау­рызда Украина өнерпаздары бастады. Үлкен шығармашылық құрамда, қалыптасқан драма, опера театрлары, ұлт аспаптар, сим­фониялық оркестрлері, хор ұжымы мен жекелеген ән­ші-актерлері бар көп санды өнер шеберлері Мәскеу төрінде он­күндікті дүрілдете өткізіп, кезекте тұрғандарға жоғары деңгейлі межені сызып беріп кетеді. Діні мен тілі қоян-қолтық қатар күй кешкен украиндарды жылы қабылдаған мәскеуліктер сайын далада мал соңындағы қазақтардан қандай да бір ерекше таңғалдырарлықтай өнер күтпегені анық. Осы тарихи іс-шараны дайындау, өткізуге байланысты құжаттар сөйлегенде біздің көз алдымызға сол кездегі ерекше сезім, қызу да қатал ырғақта жұмыс істеген аға буын ел ағаларынан бастап, қатардағы өнер­паздардың жұмыс кестесі, уақыт тынысы, адамдардың лүпілдеген жүрек соғысына дейін сезіліп тұ­рады. Орталық мұрағат қорында сақталған құжаттардан Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төр­ағасы Ғаббас Тоғжановтың республиканың Ағарту комиссары Темірбек Жүргеновке және Одақ басқармасына жазған хатына көз салсақ көп нәрсеге қанығамыз. Сөйтіп, концерттің көңілді әрі әр алуан болуына күш салынады. Ұлттық оркестр ғажап күйлер мен әндерді әуелетуге тиіс болады. Халықтың импровизатор ақындардың өнерін көрсетуге көңіл бөлінеді. Төлтума өнердің даралығы, қызықтылығы, өзгешелігі алдыңғы планға шы­ғады. Онкүндік бағдарламасы жа­са­лынып, қайталанбас қазақ өнері мен мәдениеті жайлы үлкен ағартушылық жұмыстар жүргізуге тура келеді. Астана халқы мен зия­­­лы қауым өкілдеріне қазақтың өнері мен мәдениетінің тамыры тереңнен келе жатқанына, орын­дау­шылық күштерінің мол екендігіне, халықтың келешегінен үлкен мә­дени жетістіктер күтуге болатыны­на көз­дерін жеткізетін қадамдар жасалады. Онкүндікке дайындықты ұйым­дастыру мен өткізу үшін құрамында Жұбанов, Тоғжанов, Қадырбаев, Байбосынов, Өтекин, Ненашев бар арнайы комиссия құрылады. Бәріне жетікшілік жасаған Ағарту комиссары Темірбек Жүргенов негізгі жауапкершілікті мойымай көтереді. Оның қайт­пас қажыр-қайраты мен зор ұйымдастырушылық қабілетіне қарсы тұрар қамал жоқтай, бар мәселе рет-ретімен театр залында, шеберханада, сахна кеңістігінде шешімін тауып жатты. Осы кезең жайлы Қанабек Байсейітов: «Дайындық басы кеңесуден бас­талды. Кеңестен кеңес көре жүріп дәл осы жолғыдай кеңесті өз басым оған дейін де, одан кейін де көргенім жоқ. Екі жұма кеңестік. Кеңесіміз кәдімгі жиналыс. Сөйлейміз, таласамыз, дәлелдейміз. Күн сайын сол, демалыс күн дегеніміз жоқ. Және кей күндері таңғы тоғыздан түнгі он екіге дейін отырып қаламыз, тамақ ішудің өзін ұмытып кетеміз» /Байсейітов Қ.Құштар көңіл – Алматы; Жазушы. 1977. 224-б., 110-б./ – деп еске алады. «Күлтөбенің басында күнде жиын» болғанымен бұл жиында қаралатын шығармашылық мәселелер, айтыс-тартыстардан туындайтын тұжырымдар ортақ істің көркемдік сапасын жақсартуға, қалайда қазақ деген халықтың өнері мен мәдениетін астана жұрт­­­шы­лығына апарып ұялмай көрсетеміз деген ортақ іске барын сала кіріскен ұлт өнерінің қар­лы­ғаш­тарының жан­кешті еңбегі болатын.

*Құрманбек Жандарбеков

* Солдан оңға қарай: Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов

Өзара «кіші құрылтай» деп атап кеткен арнайы құрылған комиссия декадаға байланысты театрда туындаған мәселелерді күнделікті қарап, дайындық барысын жіті қадағалап отырған. Алдымен өнер айдынында жүріп өткен 8 жылдық тарихы, өнерпаздардың жинақтаған сахналық тәжірибесі бар қазақ драма театры орыс тілді ортаға ұғынықты болатын, ал құрылғанына екі-ақ жыл болғанымен жолы, желісі бөлек қазақ музыкалық театры декаданың негізгі жүгін көтеріп баратыны анықталады. Белді драма театрының актерлері музыкалық спектакльге қатыстырылады. Музыкалық театрдың төңірегіне өзге де декадаға баратын өнерпаздар, әдебиет пен өнер қайраткерлері ұйысып, жаппай дайындық барысы «жалпыұлттық екпінді өнер майданына» айналады. Жас театр репертуарында үлкен табыспен жүріп келген «Айман-Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек», «Жалбыр» спектакльдерінің ішінен декадаға соңғы екеуін таңдайды. Бұл спектакльдердің бәрі де соңғы бірер жыл төңірегінде тұсауы кесіліп, халықтың көңілінен шыққан, осы кездің үздік қойылымдары болатын. «Әлбетте, көптеген қобалжулар мен реніштер де болып жатты. Әуезов және басқа жолдастар Москвада «Айман-Шолпанды» көрсету қажет деп қатты күш салды. Жүргенов бұл ұсынысты қабылдамады. Қо­йы­­лымның анайы стилі, өзбек билерінің бел алуы, водевильдік жеңіл сюжеті, Көтібарды клоундық тәсілдермен мазақ ету және қойы­лым­ның басқа да кінәраттары әлбетте, оны Москвадағы жауапты, салиқалы өнер сарабына апаруды жарамсыз етті» /Брусиловский Е.Дүйім дүлдүлдер. 132-б./ – дей­ді. Мәскеу жұртшылығына көр­сететін қойылымды таңдау мәселесінде идеялық, мазмұндық, тақырыптық мәселелер алдыңғы шепке шығып, қабылданған шешім­нің орынды болғандығын көреміз. Қазақтың төл фольклорлық материалы негізінде либреттосын Ғ.Мүсірепов жазған, композитор Е.Брусиловский 70-тен аса ұлттық ән-күйін музыкалық партитурасына негіз еткен «Қыз Жібек» музыкалық спектаклі халықтың тұла бойынан өсіп шыққан төл туындысы десе де болады. Екінші спектакльге келгенде әрине төңкеріс, халықтың ұлт-азаттық күресін баян­­дайтын, заманауи тақырыпты көтерген Б.Майлиннің либреттосына жазылған Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» музыкалық драмасы алынады. Бұл сол кезеңнің саяси бағытын бағамдап, заманауи тақырыпқа жазылған туындыны таңдаған дұрыс шешім болатын. Мәскеудің Үлкен театры сахнасында өтетін гала концерт Ах­мет Жұбанов ұйымдастырған ұлт-аспаптар оркестрі, көпшілік қатысатын хор ұжымы, дәстүрлі ән-күй орындаушыларынан тұратын филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысуымен өтетін болды. Қазақстан Жазушылар одағында да декада күндерінде болатын әдеби кештер мен кездесулерді өткізу мәселесі бойынша қызу дайындық жұмыстары басталып кетеді. Жазу­шылардан онкүндікке белгілі қаламгерлер Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, т.б. баратын болып шешіледі. Олар­дың қатысуымен Мәскеудегі Кеңес жазушылар үйінде, орталық радиода, өнерпаздар, жұмысшылар клубтарында болатын кездесулер мен кештер бағдарламалары жасалды. Үш ай тынымсыз дайындықтан кейін сәуір айының аяғында үкі­мет­тің арнайы комиссиясына дека­даның концерттік бағдарламасы тапсырылып, әртүрлі көзқарастағы пікірталастардан кейін бағдарлама мақұлданып, әртістер ұзақ сапар алдында тынығуға босатылады. Қа­­­на­­бектің сөзімен айтқанда: «...ең­­­бегіміздің нәтижесін естіген соң барып әбден қалжырап шарша­ғанымызды сездік, болдырдық деу­ге болады. Жүргенов бәрімізге демалыс берді, бірсыпырамызды он күн демалып қайтуға демалыс үйіне жіберді», – дейді. Қазақстандық өнерпаздар де­ле­­­­гациясы арнайы пойызбен 5 мамырда шығып, Мәскеуге 10 мамырда келеді. Көтеріңкі көңіл күймен, жинақы жеткен делегацияны қарсы алушы ресми топ қатарында перронда астаналық белгілі өнер қайраткерлері мен студенттердің шоқ гүлдермен тұруы ерекше тебіреніске толы сәттер болады. Жол бойы тоқтаған стансалар­да қалың нөпір халықтың үлкен ықыласпен күтіп алуы, митингілер, сәттілік тілеген ақжолтай пейілдер, басшылардың, әртістердің берген уәделері мен сендірулеріне жалғасып жатты. Мұндай ыстық ықыласпен қабылдау әртістеріміздің көңілін көтеріп, сенімін молайтып, ел арқа­латып жіберген аманатты абы­роймен орындауға жігер­лен­діреді. Қазақстандықтардың астанаға келе жатқаны туралы «Правда» және «Известия», т.б. газеттер тұ­­рақ­ты жазып тұрады. Астана жұртшылығын қазақ өнерпаздары, ақын-жазушыларының шығармашы­лығымен таныстыру мақсатында алдын ала дайындалған Т.Жүр­геновтің, Ж.Жабаевтың, С.Сей­фул­линнің, т.б. өзге де қалам­гер­лердің мақалалары, әңгімелері мен өлеңдері аударылып жариялана бас­тайды. Әрине, жас театрдың музы­калық спектакльдеріне көрермен­дер назарын аударуға алдын ала жасал­­ған таныстырулар алғашқы күннен бастап «Қыз Жібек», «Жал­быр» туындыларына деген қызы­ғушылықты арттырды. Олар ойнаған 17-23 мамыр аралығындағы әр кештен кейін келесі күні газет бетінде жарияланған рецензия, пі­кір, мақалаларда қазақ театрының беталысы, көркемдік сапасы жайлы мәселелер тұрақты беріліп тұрды. Танымал композиторлар қазақ дәстүрлі музыкасымен жұмыс істеген Е.Брусиловскийдің қазақ музыкалық театрының репертуарын жасақтаудағы іс-тәжірибесін өзге одақтас республикада еңбек етіп жатқан композиторларға үлгі етеді. Өнердің театр мамандары ұлт театрының әнші-актерлер құ­­рамының орындаушылық шеберлігіне тамсанып, олардың жүріп өткен жолының бүгінгі Еуропа театр актерлері және ре­жис­­серлері үшін пайдалы жол болатындығын баса көрсетеді. 20 мамырдағы «Известия» газетінде Н.Изгоевтің «Казахский театр» атты мақаласында: «…Казахи привезли такое искусство, которое близко и понятно не только казахскому народу – оно понятно всем. Кто смотрел казахские спектакли, кто жадно следил за развертыванием театрального действия, кто чутко прислушивался к обаятельному голосу Куляш Байсеитовой в роли «Шелковой девушки» и в роли Хадиши, к своеобразию песен Ержанова в роли певца Шеге («Кыз-Жибек») и Елемеса – брата повстанца Жалбыра. В протяжных казахских песнях мы слышали голос ковыльных степей» – деген ойларымен бөліседі. Кеңес Одағының мәдениет істері жөніндегі комитетінің төр­ағасы П.Керженцевтің 1936 жылдың 24 мамырындағы «Правда» газетінде жарияланған «Казахское искусство» атты мақаласында жас театрдың көрсеткен спектакльдеріне жоғары баға береді. Декадада көрсетілген спектакльдер, олардың көркемдік сапасы, тақырыбы, жалпы қазақ кәсіби өнер жасау жолы мамандар тарапынан дау туғызбай жылы қабылданады. Жас театрдың ұс­танған бағытының дұрыстығы, репертуар жасаудағы халық ауыз әдебиетінің үздік үлгілері негі­зіндегі ізденістері жалпы Кеңес рес­пуб­ликаларының театрларына үлгі болар нәтиже көрсеткендігі сөз болды. 23 мамырдағы Үлкен теа­тр сах­насындағы қорытынды кон­церт Ахмет Жұбанов жетек­ші­лі­гін­­дегі КазЦИК (кейінгі Құрман­ғазы атындағы) оркестрінің орын­­­­­дауындағы күйлермен бас­талады. Ұлт-аспаптардан құ­рал­ған ұжымдық оркестрдің орын­дауындағы мәдениет қазақтың аспаптық өнерінің жоғары дең­гей­де дамығандығын көрсетті. Оркестрдің сүйемелдеуімен ән­шілер Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Бісмілла Балабеков, биші Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, т.б. лирикалық, тұрмыстық, батыр­лық, сатиралық бағыттағы халық әндері мен билерді орындайды. Бірінші бөлімді елімізде жаңадан бой көтерген би училищесінің балетмейстері А.Александров же­тек­­шілігіндегі өнерпаздар қоры­тындылайды. Олардың орын­дауындағы классикалық балеттен үзінді барша көрерменді таңғал­дырып, ерекше есте сақталған. Ол жайлы Қ.Байсейітов: «Мәскеу­ліктерге айрықша әсер еткен бір номер хореография мектебі оқу­шыларының биі болды, қазіргі тілмен айтқанда, ол бір сенсация болып еді. Кіл өңкей сегіз-тоғыз жастағы қазақтың ұл-қыздары, барлығы 24 бала П.И.Чай­ковскийдің «Ұйқыдағы аруынан» вальс биледі. Залдағы жұрттың сондағы сезім әсерін сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізден ондайды күтпеген ғой олар, мәдениеті мешеу дамыған халықтан дәл осындай жасөспірімдердің өнерін көрсете қояр деп ойламаған да болулары керек, біздің бүлдір­шіндердің биге шыққаны, би болғанда Чайковскийге билегені шынында да олар үшін күтпеген керемет болды» /Байсейітов Қ. Құштар көңіл. 124-б/ – дейді. «Правда» газетінің 24 мамырдағы санында осы концерттік бағдарламаның балалар билеген концерттік нөмірі екінші бөлімнің басында қайталап орындалғаны жайлы жазады. Концерттің екінші бөлімі тұтас­тай қазақ тұрмысы мен салт-дәстүрін ашып көрсететін, ойын-сауығы мен ән-күйінің жарқын көріністеріне негізделген нөмірлерден құралады. Сахнада халықтың келін түсіру, қыз ұзату, жар-жар, ақындар айтысы секілді салт-дәстүрлерімен бірге ортеке, серкеқұлақ, ақсүйек ойындарын талантты орындаушылар бар қырынан жарқыратып көрсетті. Айтыс пен суырыпсалмалық өнердің хас шеберлері Жамбыл, Нұрпейіс, Орынбай, Кенен, Нұрлыбек, Нартай, Доскей секілді сөзден түйін түйген ақындар легі сахнаға шығып мәс­кеулік тыңдарманды өздерінің шебер­ліктерімен, дәстүрлі айтыс өнерінің ерекшеліктерімен тәнті етеді. Концерттің финалдық сахнасында онкүндікке қатысушылардың хоры, барлық қазақстандық делегация мүшелері ортаға қарт Жам­былды қаумалап алып сах­наға шығады. Жалпы, қазақ хал­қының өмірі мен тұрмысын сан қы­рынан көрсеткен бұл концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтіп, орындаушы әртістеріміз Мәскеу көрер­мендерінің ыстық ықыласына бөленеді. Театр фойесінде қазақтың өткен тарихымен бірге, бүгінгі тыныс-тіршілігінен, рухани эстетикалық талғамынан хабар беретін арнайы жасалған көрме жұмыс іс­тейді. Көрмеде қазақ өмірі мен тұрмыс-тіршілігінде қолданыста болған бұйымдар кеңінен таныс­тырылып, киіз үйдің жасаулары, киіз, алаша, кілем, ыдыс-аяқ пен қолөнер бұйымдары, қыздар мен келіншектердің киім үлгілерін Қазақстанның екпінді құрылыс алаңдары, ауыл шаруашылығы­ның жетістіктері, қазба байлықтары, көрікті табиғат көріністері, бейнелеу өнеріндегі көшпенді қазақ тұрмысын суреттеген Н.Хлудовтың кескіндемелерінен тұратын экспонаттар қойылды. Білім, ағарту саласындағы жетістіктер жаңадан шыққан баспа өнімдері, кітаптар арқылы көрініс табады. Алып шаһар – Мәскеудегі күндер күтпеген қызықтарға, тосын күлкілі жайттарға толы болатын. Бұл туралы Құрманбек, Қанабек, Шара, Брусиловский секілді т.б. куәгерлердің жазбаларында жақсы айтылады. Бірақ, біразы қазақы әдеп сақтап көп жайтты толық бермейді. Сапардың жекеленген детальдарына ұқыптылық көрсеткен Е.Брусиловскийдің жазбалары біз үшін аса құнды. Жоғарыда келтірген Ғ.Тоғжановтың арнайы хатындағы: «В Москве хотят услышать наших народных акынов. Все спрашивают Маймбета. По моему мнению, надо привезти Маймбета и Ису Байзакова» деген ұсыныс бойынша, бүкіл Қазақстан бойынша сұрау салып, сабылып Мәйімбетті іздеуі, күлкілі де қызықты жәйлерге толы детективті шығарманың фабуласын еске салады. Ақын П.Кузнецовтың аудармасымен «Асанқайғы жайында жыр», «Жерұйық туралы аңыз-ертегі» секілді керемет жыр-дастан, поэмаларымен кеңінен таныла бастаған жырау, суырыпсалма ақын Мәйімбет керек кезде ұшты-күйлі жоқ, таптырмайды. Осы мәселе бойынша ұйымдастыру комиссиясы арнайы мәжіліс құрып, ақылдаса келе Мәйімбеттің орнына басқа біреуді таңдау керек деген шешімге келеді. Сол жолы таңдап алынған 90-ды алқымдаған Жамбыл Жабаев атамыздың есімі бүкіл одаққа талантымен танылып, жұлдызы жарқырай жанған сәті де осы декадамен байланысты. Екінші бір қызықты сәт, барлық 300 адаммен арнайы пойыз артынып-тартынып, Мәскеудің Қазан вокзалына келуін Е.Брусиловский: «Қазан вокзалына таңертеңгі сағат жеті мезгілінде келдік. Біз салтанатты да қуанышты кездесуге ал­дын ала әзірлендік, әйелдер жа­ғы жасана киініп, еріндеріне далап жағып, көздерінің айналасын, кір­піктерін бояғыштап, еркектер жағы галстуктерін байлап, сақал мұрттарын қырынып, ал бастықтар сөйлейтін сөздерін қайта бір оқып жат­тығып дегендей, бәрі пысықтап жатты. Пойыз перронға екпіндеген күйі келіп тоқтай қалды. Бүкіл ұжым жапырыла перронға шығып, тым-тырыс тұрып қалды. Қарасақ бізді күтіп тұрған ешкім жоқ... Осы араға келгенде біздің басшыларымыз ұзақ үзілістен кейін барып біздің кездесуіміз таңертеңгі сағат онға белгіленгенін есіне алады, ал біз жеті болмай келіппіз... Осындай сәйкессіздікке көзі жеткеннен кейін станса бастығы біздің пойызымызды қайтадан кері, товар айлағына қарай жөнелтіп жіберді. ...Сағат 10-ға тақағанда қайтадан вагондардағы орын-орнымызға жайғастық. Бізге басқа паравоз берді, содан соң барып салтанатпен Мәскеуге келдік. Бұл жолы перронда ізгі ниетті, қонақжай, жылы шырайлы адамдар нөпірі қалың екен. Шулы да дулы кездесу болды»/ Бру­силов­ский Е.Дүйім дүлдүлдер. 141-б./ – дейді. Мәскеуліктердің Қазақстан делегациясын вокзалдан күтіп алу сәтіндегі түсірілген тамаша кадрлардың астарында осындай тарихи сыр бар. Үшінші бір жайт, аңызға айналып кеткен жауапты спектак­ль кезіндегі Қ.Жандарбековтің сом­даған Бекежанына байланысты. «Қыз Жібектің» соңғы актідегі ария­сында соңғы нотасын әндете созатын тұста, ешкім күтпеген жер­ден бар дауысымен есі ауысқан адамдай сақылдап тұрып Гомердің күлкісімен күлуі, бір рет күліп қоймай, екінші шумағында күлкісін қайталап үдете түсуі ешкім күтпеген, түзу өтіп жатқан спектакльді әдейі бұзуға, республика өнерін масқаралауға бекінген «саботаж жасаушы, контраның» төбеден жай түсіргеніндей сәті болатын. Сан саққа жүгіртіліп түрлі нұсқада ел ішіне тарап кеткен осы бір жайтты Құрманбек: «Бекежанның «Сарымойын» әніне құрылған ария­сы айтылатын тұс. Жіті қимылдап, атылып шығып, арияны бастап кеттім... Бірақ байқаймын, әлгі «ахауы» түскірді көтере алатын түрім жоқ. Масқара болуға тағы намыс жібермейді. Музыканың ырғағымен «ахаудың» орнына «аха-ха» деп күліп жібердім. Келесі «ахаудың» орнына енді тағы күлу керек. Өйткені, әуелгімен бірдей шықпаса болмайды. Абырой болғанда музыка тоқтамады, залдағылар ештеңе сезген жоқ. Бірақ мен абыржулымын, құрыдым, біттім деп ойладым. ...Ашуланғанда бетіне кісі тура қарап болмайтын Темекең келе: «Спектакльді құртып тындың, елге қайт», – дейді. Түні бойы қобалжып елге жиналып қоштасуға келген Құрманбекті Т.Жүргенов көңілді қарсы алып таңертеңгілік жаңа газеттің санын ұсынады. Таныса келгенде, қойылым үстіндегі күлкі спектакльдегі ерекше штрихтар ретінде қабылданыпты. «Декаданың қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына тигізген ықпалы қандай болды? Декада қазаққа не берді?»  – деген сұрақтарға келгенде, бірнеше мәселені бөліп айта кетуіміз керек.Алдымен, қазақ халқы өзі туралы барлық Кеңес Одағына біріккен көп санды халықтарға төл өнері мен әдебиеті, мәдениеті арқылы танылды. Т.Кәкішұлының «Қазақ әдебиетіндегі» сөзімен айтсақ: «1936 жылғы онкүндік қазақ мәдениетін, Қазақ елін, қазақ халқын әлемге танытудың алғашқы бастамасы еді...Сондықтан да оның тарихтағы рөлі өте зор». Екіншіден, онкүндіктің жоғары деңгейде өтуі орталықтың қазақ мәдениетін дамытуға арнайы үл­кен қаржы бөлуіне себеп болды. Әртістердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін Алматыда «Әртістер үйін» салуға (1 млн. сом), опера театрын салуға бұрын бөлінген ақшаға қосымша (2 млн. сом), хореография мектебіне (1,5 млн. сом) қаражат беріледі. Декададан кейін республикада «Ленфильм» киностудиясымен бірге «Амангелді» фильмін түсіру жұмысы қызу басталды. Талантты жас әнші, актерлерімізді Мәскеу, Ленинград театр институттары мен консерваторияларына жіберіп оқытуға, өзге де өнер мен әдебиет саласын дамытуға соны серпілістер туды. Үшіншіден, декада нәтижесінде республикалық музыкалы театрдың дамуы жаңа қарқын алып, күрделі өзгеріске түсті. Ұлы тойдың дүрмегінде шаңға көмілгендей елеусіз қалған режиссер, драматург Жұмат Шанин Мәскеуден қайтар жолда Орал қаласына келгенде, көптен ажырап түсіп қалады. Арада аз ғана уақыт өткен соң тұтқындалып, ажалдың құрсауына ілігеді. Бұл, қазақтың басына туған нәубет – 1937 жылдың иек артып келіп қалған кезі болатын. Ол Мәскеу сапарына қатысқан қазақ өнері мен мәдениетінің бетке ұстаған жақсылары мен жайсаңдары, жұлдызды тобының төбесіне ауыр бұлт төнген шақ болатын. Мәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігі еліміз бен халқымыздың еңсесін көтеріп, рухын жаныған, қазақ атты халықтың болашақ мәдениетіне, тарихына өшпестей із қалдырды. Оны келер ұрпақ жадында мықтап ұстап, көшпелілер өркениетінің кенже баласы – қазақ халқының ірі жеңісі ретінде қабылданды. Ол – қазақтың кәсіби өнерінің қа­лыптасып, бүкіл Одаққа талантты ұл-қыздарын таныстырған, аға буын өнерпаздардың жұлдызды сәті. Ол қазақ өнері мен мәдениетінің іргетасы кеше қаланбағандығын, бастау көзі әріден, Ұлы даланың ғасырлар қойнауынан келе жатқандығын, ал декадаға қатысушылар сол мәдениет мұхитынан жаңа заман талап еткен өнерді қажетінше алып керегіне жарата алғандығын дәлелдеді. АЛМАТЫ  Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты