• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Қаламгердің екінші өмірі

443 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың сондай-ақ, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның  рухына арналған «Тарланбоз» және жазушының зайыбы Сәуле Досжанның «Менің жалғыз серігім» атты кітаптар тұсаукесері, сонымен қатар, қаламгер мұражайының ашылу салтанаты болып өтті. Көзі тірісінде-ақ оқырман махаббатына бөленген қаламгер Дүкенбай Досжанның жазуға деген құштарлығы ерте кезден басталған. Ол өзінің алғашқы «Көкпар» әңгімесін 15 жасында жазған болатын. Бұл күнде жазушының кітаптары әлемнің 20-дан астам  тілдеріне аударылып, жалпы жиыны 3,7 миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасынан Қазақстандағы ең көп оқылатын жазушы куәлігін алған. Кеш барысында қаламгердің өткен өмірінің қызығы мен шыжығына, әрдайым шыңға өрме­лейтін еңбекқорлығына, көнбіс, кеңқолтық мінезі турасында ерекше толғаныспен, тебірене сөз қоз­ғалды. Дүкенбай аға туралы деректі фильм көр­сетілді. Еске алу кешінде қайраткер Әділ Ахметов, жазушы Алдан Смайыл, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, жазушы, драматург Сұлтан Оразалин, ақын Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жазушы туралы толғамды естеліктерін айтты.  Әсіресе, Дүкеңнің  замандас, бірге жүрген  үзеңгілес достарының айтқан қызықты естеліктері бірде күлдірсе, енді бірде келген қонақтардың көңілін босатты. Кеш­те әдебиетті өмірінің мәні санаған, аса өнімді жазу­шы Д.Досжанның жағдай талғамай, қағаздан бас көтермей жазатын жанкешті еңбекқорлығы, қай­сар­лығы мен шыдамдылығы тілге тиек етілді.  Сон­дай-ақ, қаламгердің жары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Менің жалғыз серігім» атты өлеңіндегі: Жер сияқты менің жалғыз серігім, Маған бастап алып келді сені кім? Қу тірлікте жансебілдеп жүргенде, Тағдырыңды тағдырыма телідің, – деп басталатын жыр жолдары  өмірлік серігіне деген қимастық сезімін айшықтады. Д.Досжан өзінің тырнақалды «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» секілді сүйекті шығармалары арқылы тарихи тақырыптың пионері атанды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне тұңғыш енген жазушы құжаттар ізімен «Абақты» (1992) деректі кітабын және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы «Алаң» (1993) романын жазды. Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік аруағын көтерген 60-жылдар басындағы тари­хи кітаптары. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер шар­­пысуынан ұлттық рухын жоғалтқан өмірзая ұрпақ­тар образының галереясы «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы» туындыларынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен «Мұхтар жолы» (1988), «Абайдың рухы» (1994, 2008), «Алыптың азабы» (1997) романдары. Ұлттық академиялық кітапханада Дүкенбай Досжанұлына арналған мұражай ашылды. Онда жазушының киімдері, кітаптары, марапаттары, жазу үстелі мен тұтынған заттары, естелік фотосуреттері қойылған. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»