• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Шарайна

259 рет
көрсетілді

20 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді АҚШ-тың оңтүстігіндегі Луизиана штатының губернаторы Джон Бел Эдвардистің айтуынша, штатты су басу салдарынан 20 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді және қазір 10 мың тұрғын уақытша баспанада тұрып жатыр. Губернатордың хабардар етуінше, су басудан бассауғалағандар штаттың орталығы – Батон Рух қаласын паналауда. Бұл оқиғадан АҚШ билігі де хабардар болған. Көмек беруге әзір екендерін мәлімдеді. Федералды үкімет штаттың төрт бөлігін су басып, оның соңы апатты жағдайға ұласқанын айтады. Бір аптаға жуық толассыз жауған жауын осыған соқтырып жатыр. Қуатты жарылыс автобусты отқа орады Сирияның Түркиямен шекаралас ауданында жолаушылар мінген автобус жарылып, 15 адам қаза тапты және 25 жолаушы жараланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылғыш құрылғыны жанкешті іске қосқан. Автобусқа шабуыл Сириядан Түркияға өтетін шекарадағы Атма өткелінде жасалған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, автобуста Сириядағы азаматтық соғысқа қатысып жатқан топтың жасақтары отырған сияқты. Осының алдындағы ақпаратта өртенген автобустарға дәрігерлердің көмектесіп жатқаны жарияланған еді. Бұл ақпарат расталмады. Атма өткелі орналасқан Сирияның Идлиб провинциясы Түркия билігі қолдайтын, президент Башар Асад үкіметіне қарсы соғысып жатқан оппозициялық күштер бекінген аймақ саналады. Ұтысын алуға үлгермей қалған Осы жылдың наурызында ұлттық лотереядан 6 миллион еуро ұтқан адам ұтысын алуға үлгере алмады. Брюссель қаласының тұрғыны өзінің ұтқан ақшасын алуға тиісті мерзім – сенбі күні де келмеген екен. Ұтыс иесіне іздеу салған ұлттық лотереяның әкімшілігі Бельгия газеттерінде үш ресми тілде – француз, голланд және неміс тілдерінде хабарландыру жариялаған. Бірақ, әлгі адам қара көрсетпеген. Осынша сомадағы ұтыс лотерея билеті 13 тамызға дейін жарамды болатын. Бельгияда 2008 жылғы желтоқсанда да лотерея жеңімпазы ұтысын алуға келмеген жағдай тіркеліпті. Бұл елде ең ірі ұтыс – 100 миллион еуро 2007 жылы кездесіпті. Қысқа қайырғанда: Қырғызстан посткеңестік елдер арасында жас босанған аналар өлімі бойынша бірінші орында тұр. Бұл ақпаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратты. Ел көзіне көп түсе бермейтін Кубаның бұрынғы басшысы Фидель Кастро жұртшылық алдына шығып, өзінің 90 жасқа толған туған күнін тойлау салтанатына қатысты. Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз провинциясында ауған армиясы «Талибан» қозғалысының 21 мүшесінің көзін жойды. Батуми маңында Қара теңізде алапат дауыл тұрып, құтқару қызметі 16 адамды ажалдан құтқарды. Кепілдегі ресейлік ұшқыш босатылды Пәкістан билігі Исламабадта ресейлік дипломаттарға бұған дейін Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы адамдарының қолына түсіп, кейін босатылған Ресей ұшқышы Сергей Севастьяновты тапсырды. Ресейлік телеарнаның хабарлауынша, Ресей азаматының денсаулығы бірқалыпты деп бағаланған. Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі Севастьяновты жақын күндері Ресей тарапына тапсыратыны хабарланған еді. Бұл ұшқышты Өзбекстан арқылы Ресейге техникалық қызметінен өтуге ұшып бара жатқанда, Пәкістанға тиесілі Ми-17 ұшағы атып түсірген болатын. Ал әскери ұшқышты Ауғанстанның шығысындағы Логар уәлаятында апатты жағдайда қонуға мәжбүр болғанда тікұшақтағы өзге адамдармен бірге «Талибан» қозғалысының күш құрылымдары кепілге  алған. Солтүстік Корея АҚШ-қа доқ көрсетті Солтүстік Корея АҚШ-ты Азия-Тынық мұхиты аймағында арандатушылық әрекеттер жасаған жағдайда әуе күштеріне ядролық соққы беруге әзір екенін мәлімдеді. «Ескерту соққысын жасау құқығы АҚШ монополиясы емес, – делінген хабарламада. – Корей әскерінің жедел бөлімшелері жау тарапынан қандайда бір арандатушылық байқалса, аяусыз соққы беруге дайын». Корея орталық телеграф агенттігінің таратқан ақпараты бойынша, Оңтүстік Корея аумағына ТНААД америкалық зенитті зымыран кешенінің батареясын орналастыру және Пентагонның Гуам аралдарына ядролық қару таситын үш стратегиялық бомбалаушы ұшағын жіберуі – КХДР аумағын қарулы басып алу жоспарының бір бөлігі. Осы жылдың қаңтары мен ақпанында бір мәрте ядролық қаруды сынақтан өткізген соң, Корей түбегіндегі жағдай шиеленісіп кетті. Оқиға соңы тәртіпсіздікке соқтырды АҚШ-тың Висконсин штатын­дағы Милуоки қаласында афроамери­калық азаматтың полиция оғынан қаза табуына наразылық білдірген жүзден астам адам көшеге шығып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласты. Наразылық білдірушілер жанармай құю стансасын, банк ғимараты мен екі дүкенді өртеген. Тәртіпсіздік кезінде атыс қаруын да қолданған сияқты. Бір полиция қызметкері жараланды деген дерек бар. АҚШ-та афроамерикалықты атып өлтіру оқиғасы жиі орын алатын болды. Мысалы, осы оқиғаға дейін Милуокиде 23 жастағы афроамерикалық жігіт полиция қолынан қаза тапты. Мұның алдында да АҚШ-тың бірнеше қаласында осындай жағдай тіркелді. Мыңдаған адам қатысқан наразылық шерулері де өтті. Интернет материалдары негізінде әзірленді