• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Дара

357 рет
көрсетілді

Сірә, бізде жазушы көп, суреткер санаулы. Сол санаулы саңлақтың бірі Рахымжан Отарбаев екен­ді­гіне дәл бүгін ешкім күмән келтіре қой­мас. Ол жан-жағын ондаған, жүздеген, әл­де мыңдаған қым-қуыт құбылыстар қау­ма­лаған жарық дүниенің, образдап айтқан­да, оның сахнасындағы бас кейіпкері – Адам­зат­тың ақиқаты мен аңызын, арпалысы мен алашапқынын, айбыны мен айбарын, азабы мен шерін ақыл-оймен өріп, қиялмен кезіп, қисынын келтіріп, психологиялық, пәлса­палық, поэтикалық орамдармен үйлес­тіре алуға жеткен жанкешті көркем тұлға. Әдебиеттегі әдеттегі жазу дәстүрлерін жайына қалдырып, о жақ, бұ жағын оқыс оятатын ой-жүйесінің төбесін төтеннен көрсетіп, төгілдіре әдіптейді. Алдымда жатқан «Шыңғыс ханның көз жасы» кітабында дәл осындай даралық бірден биіктеп шыға келеді. Жарты әлемнің жанын жапырақтай қалтыр­атқан, аспанын алай-түлей, аяғы­ның астындағыны астан-кестен еткен, арыс­тансығандардың аяғын көктен келтір­ген, қарсы келгенді қан қақсатқан Қаһанның көз жасы... Оны тақырып ету Рахымжанның ойына қайдан келгенін кім білсін. Ойлау жүйе­сі­мен өзін отқа да, суға да салып жүретін жазушының кез келген пайыммен келісімге келе қоймайтыны көп жағдайда кереғар кесек мінезінен шығар. Жә, сонымен, «Шыңғыс ханның көз жасы»... Тағы бір таң атқан. Алшая қон­ған ақ орданың қаусырма есігі айқара ашы­лып, іштен Ұлы Қаһан шыққан. Аз ғана қолмен аң қағып шығуға аңсары ауды. Аңтарылып аспанға қараса төбеде ақша бұлт... Қашаған ой әрі де, бері де алып қашады. Жаппай именген, иіліп-бүгіліп ләббайлаған құжынаған құдайдың құлдарынан жалыға бастаған. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Қайта қайырылып келіп, қайта қара көрсетпейтіні бар. Қаншасы ұмытылады, есінде қалмайды. Дүниенің төрт торабын үңгіп бара жатқан түмендері де оқтын-оқтын қара үзеді. Бірде дала, бірде шаһардың шаңын қағып. Бәріне көзі жетпейді, көңілімен ғана көреді. Амалы, айласын жолдайды. Ал ақша бұлт... Оның жолы бөлек. Төбесінде қалмай сырғып отырады. Қасіреті көп қара жерді қағып-сілкуге жіберген Көк Тәңірінің пәрмені. Таңғұтты шапқанда байқап еді алғаш. Содан бері елу жыл. Қашаған ойдың қабағы ашылды. Бурхан-Халдун тауымен иықтасып тұрған жотаға келіп қалған екен. Соңындағы қосын қиқу салыпты. Алдында бұлтақтап қашқан түлкі. Жонында қызыл алау ойнап, көз жауын алады. Көз жауын алған ненің де қызықтырмайтыны, қиқу салдырмайтыны жоқ. Қолыңа түсірмей жаның тынбас. Қолыңа түсіре алмасаң күйігі жаман. Қуғынға әуелі құмай тазыларды салдырған. Бұйырмапты. Қос қапталдан қосыла қуған құмайлар ініне келіп, кіріп кеткен түлкіні ұстай алмай сандалып қалды. Әкесінен қалған бір өнеге. Қасқыр қа­шып кірген бір апанды қазғанда оның үш тарап аузынан бөрі, түлкі, қарсақ қашып шық­қанын айтқан. – Сіз қай аңның соңына түстіңіз? – деп сұрап еді бұл. – Балам, менің дәуренім өтіп барады. Сен қайсысын ұстар едің? – деп Есугей Тимучинге сынай қарады. – Қолымнан келсе бір-біріне ұстатар ем! Жазушы Ұлы Қаһанның ұлы жорық­тарын­да әкеден қалған сол өнегені өміршең еткенін меңзейді. Жеңіске жеткізер ең мықты тәсілі болғанын таңбалап отырады. Жалғыз сол ма... Ұлы жорық алдында... талай таңды тәңірімен күтіп қиқуға шыда­маған тау мен тастың, жазық пен орманның аң атаулысы тұмсық өте алмас шегіне келіп, ұйлығып қалар. Сонда қосынның кең ашылған құшағы қаусырылар. Жанынан безген жануарларды топ-тобымен бір жазық­қа жинар. Топалаң сонда басталар. Рахым­жан Ұлы Қаһанның әскери тактика­лық даналығының әліппесін осы әрекетінен аңғартады... Қалың түменнен қарша бора­ған қан-қасап басталар. Жайшылықта бір-бірін алқымдап жататын аң атаулы мына жойқын қырғында бір-бірін пана тұтатын құбылысты айтыңыз. Қоянның түлкінің бауырынан шықпай қойғанын көрген. Әкесі Есугейдің қой қуған итті сол қойға қосақтап сабағаны есінде. Кейін ит қой-ешкіге жуымайтын болған. Өзге тұқымдастарын да уақ малға жуытпайтын болыпты. Достық әр жерде емес, тар жерде туады екен... Түйсік дегеніңіз, түпсіз болар. Түкпір-түкпіріне түрен салмай сәуле түспейді оған. Осыны жақсы білетін Рахымжан өзінің даналық танымында әдебиеттің ең қажетті деталі – жоғарыдағыдай я аңыз, я ақиқат, бірақ сұмдық әсері бар көріністерді көбірек көлденең тартып отырады. Қиқу қайта естілді... Тілі салақтап, сандалып қалған құмай тазыларды жайына қалдырып, қыранның томағасын сыпырды. Үш күнде төрт қасқыр, тоғыз түлкі алған қандыкөз. Құнығып ұшып, құйылып түскенімен, амал қане, айласын асыра алмады. Түлкіні тау бөктерінен қудырып шықты. Қандыкөз қайта құйылды көктен... Қашқан түлкі айласын асырыпты... Қыран атқан жебедей боп көктен тағы сорға­лады... Қыранды бірі ер алдына өңге­ріп алып­ты. Топшысы сынған... Қайран, қандыкөз... Жазушы түптің-түбінде тасқа салсаң өтетін қылыштың жүзі де майырылатынын, найзаның ұшы да қайырылатынын, айбын­дының айлалыдан жеңілетінін ишаралай ма. Бақ таяр кез келеді дер. Кімге де... Қаһан ат тізгінін тартып тұрып, аспан­ға қараған. Ақша бұлт та аялдаған екен. Кенет Бурхан-Халдун тауын өрлей көшкен қара бұлтқа көзі түскен. Арыстан жалданып, алуан мүсінге түсіп, өршіп келеді екен... Қара бұлт... Тазылар қыңсылады. Қыран сау қанатын сабалап, шаңқылдады. Ақбоз тұлпар ішін тартып, пысқырынады. Қара бұлт түйдек-түйдек төбеге келген де еді. Арты не болады? Жаңбыр жауа ма, бұршақ ұра ма... Баққа келген соққы ма, сор ма. Ақша бұлтқа жанасуы мұң екен, айбат шеккендей күркілінің күшеюі қалай... Кешікпеді ғой, ақ бұлт пен қара бұлт жағаласа жөнелді... Осы тұста Рахым­жанның Ұлы Қаһанның жан-дүниесімен барып астасатын ойынды еті он бөлек ойы оң-солыңды орап шыға келеді.  * * * Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді... Өмір-жаһанның жазирасында өзің кетіп барасың. Артыңда қалың қол. Түмен-түмен болып батысқа қарай жөңкіледі. Білгені олар да өзара қырқысып жатқан жұрт. Көк Тәңірінің құдіретімен Шыңғыс ханның өзі келе жатқанын сезе ме. Біле ме мұның жоқты бар қылғанын, барды нар қылғанын, жанындағы нөкерлерінің бәрінің ақсүйек атанғанын, есіктегі бастарын төрге жеткізгенін. Демек, кімде-кім құлдық ұрып қарсы алса, бұл оның жанын сақтайды. Кесім сол... Құлағына әлем-тапырық дауыс келді. Оң тізесінен орын берген Сарыншап. Отырардың жанында мұның алты жүз түйеге артқан керуені тоналыпты. Керуенбасының басы шабылған. Есі дұрыс ел елшіні лақша бауыздар ма еді. Жаулық тілеген қараулық. Жосықсыз дұшпандық. Құдай тобасын ұмытқан астамшылық. Ендеше, отқа орап, күлге көму керек. Күллі әлемнен зәре-құт қалмасын. Ар жағы белгілі... Япырау, сонда Қайыр хан басын иіп, тізе бүкпеді ғой. Сұр жебе сұлатып түсіріп еді қайран ерді. Ендігі кезек Бұқараға келген. Дінмен демалып отырған жұрт. Әмірі рас, күнде құлдық ұрғанымен, бас мүфтиі Нәжімеден Күбіра төбесін де көрсетпегені. Алдырды. Басын имеді, тізесін бүкпеді. Көк Тәңірінің дара жаратқан құдіретті әміршісінен зәредей сескенетін түрі жоқ. Көк Тәңірісін көзіне ілсе, қане. Аузында Алласы ғана. Тек соған бас иеді... Мұның құзырына түкірмейді де. Көрсін оны. Сүбедейге қарады. Ғұламаның басы домалап кетті... Әттең... Тәтті өтірік пен ащы шындық­тың арасында босқа кеткен есіл ер. Қайыр хан да, ғұлама да. Шексіз биліктің шерменде қылар жарық дүниенің шекесінен шертіп отырған дәуренін қаперіне алып па. Қап! Әттең!.. Ұлы Қаһанның көз жасының бір тамшысы тағы да мөлт еткендей...  * * * Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді... Шылбыры жоқ дүниені шыркөбелек айналдырып, құмын суырып, тасын уатып құйындаған болса да, аяғы да жоқ, өткені тарих, бүгіні өкініш, ертеңі белгісіз мәңгілік-ау, осы. О баста кім пайымдаған дәл, өстіп. Дүниедегі аярлық пен іштарлық, жағымпаздық пен сатқындық, қызғаныш пен қиянат анаусы жау болып жағадан, мынаусы бөрі болып етектен алатын, қилы-қилы қырсық пен кесірдің күлін көкке ұшыру болмады ма, бар мақсаты. Жойқын жорық. Саудакентке беттеп бара жатты. Кезінде қарсылықсыз бас иген енді келіп, тәубесінен жаңылыпты. Түлен түрткен. Қаһанның ұлы мақсаты – ел мен елді жалғап сауда жасаған, жұртқа зәру қазына артқан керуеннің жолын тоспау, дұшпандық танытпау, бұл тіршілік нәрі дарияны бөгегенмен бірдей. Кімде-кім бұл қағиданы қасақана бұзса, жазасы, өлім! – дейтін пәрменіне опасыздық жасаған. Әкесі Есугей айтқан ертегі есіне түседі ғой. Көтеріле ұшып келе жатқан бір топ үйрекке жолай сұңқар кездесіп жөн сұрайды ғой. Олар айтса, жүзіп жүрген көлдері сасып кеткен, амал жоқ алыстағы суы мөлдір көлге ұшып барады. «Аман тұрсаңдар, – депті сұңқар, – оны да сасытарсыңдар». Ай астында әлі де көп нәрсе өзгере қоймас. Кедейді бай қылып, қорқаққа қылыш ұстатты, сараңды сахи етті, өлімшіге өмір берді. Бірақ туа бітті топас болып жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым... Ұлы өкініш. Қаһанның көз жасының бір тамшысы осы болар, сірә...  * * * Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді... Безбен күндердің берідегіні белден басып, арыдағының берекесін алып, бебеулеген жөңкіліс. Санадағы сансыз елес сарқылған жоқ. Қайсыбірде іштей бір ойға бекінген еді-ау. Төрт ұлы мен нояндарына жасырын тапсырма берген... Ілкіде түмен-түмен әскердің жасақталған тұсы. Қытайдан тұтас ауылды көшірткен. Қолдарынан келмейтін ісмерліктері үшін. Одан оташыларын алдыртты. Қарақорымға парсы мен орысты, Кавказ бен Қырым­нан зергерлер алдырған. Одан Бурхан-Халдунның тар қолтығын үңгіткен. Іші кең сарайға айналды. Ұзыны үш құлаш, ені қос құлаш алтын табыт жасатты. Қос бүйірінде Кавказдан алдырған қауға сақалдар жаз­ған сөз өрнектері. «Көк Тәңірі қолдаған әлем билеушісі Шыңғыс хан»: «Алтын табытымды қозғасаңдар, ақыр заман орнайды». Табыттың төрт бұрышын тінте қарағанда тітіркеніп кетті. Көк Тәңірінің пәрменімен жарық әлемге келіп, жарты әлемді жапырақтай қалтыратқан жан иесіне ақыр соңында бұйырғаны осы ғана ма?! Әрине, солай. Рахымжан ешқашан ешкім өзгерте алмайтын осы қатал заңдылықты еске салады. Енді жарық дүниеге Ұлы Қаһан болып келген осы жан иесі жарық дүниеден нені іздеді, нені көкседі, жарты әлемнің қаққанда қанын, соққанда сөлін алған, Құдайдан өзгеге жаратылысы сірә, мәңгі құпия қалар құбылыс туралы Рахым­жанның айтпағы, іздеп тапқаны не? Әуелі, меніңше, Ұлы Қаһанды Рахымжан адамзаттың ақылға шақырған Көк Тәңірі­нің адамы деп пайымдайды. Тума құдірет, тұңғиық қуат, деп. Оны Рахымжан сөйлетсе: «Мен, Ұлы Қаһан, жер бетінде тұтас мемлекет құрсам дедім. Осы мақ­сатта қаншама қайратымды сарықтым. Төзімімді тауыстым. Дінді сыйладым. «Екі пенденің сеніміне қиянат қылмадым. Бағынғанның басын қадірледім. Шаһарын қиратпадым, мал өсірсін, бақша салсын, аң ауласын дедім. Мен ат тұяғым жеткен жерде қатыгездік қалды ма? Әлде ізгілік дәнін септім бе?». Дүниені болашақта қара күш емес, асылы, ақыл билер»... Бұл сөзді кім ұқты, кім түсінді? Қайсысы ақылға келді? Түк бітірмеген күнде түркінің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеткенін кімдері мойындар? Білмейді. Сірә, көз жасының бір тамшысы сол болар.  * * * Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді... Артына мойын бұруға мұрша берер емес. Елбеңдеген елестен... Көйлек-дамбалын кергілеп, жағалауда шабақ сүзіп тұрған өңшең жас өркен балалардың арасынан өзін көрді. Енді, міне, сол жағалауға жез сақалы желмен ойнап келіп тұр. Танымай тұр-ау. Мен баяғы жаға­­лау­да шабақ сүзетін Темучинмін ғой, Есу­гей баһа­дүрдің ұлы, деп бар дауысымен жар са­лып көрді. Естіген, елеңдеген ешкім жоқ. Арғы бетте Анасы ағараңдайды. Өзеннен өтіп барайын десе, «Асықпа ұлым, соңыңды сайлап кел» – дейтіндей анасы. Соңыңды сайлап кел!.. Сайлағанда... Рахымжан Ұлы Қаһанның өткен-кеткен күндерінің салауаты мен келер күндердің қанағатын санамаласа: Жошы әулетінің еншісінде Алтай мен Сарыарқаның сайын даласы, күллі қыпшақ ұлысы, сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек орыс князьдіктері, барлық Батыс Европа. Шағатайда Түркістан мен Ауған жұрты, Хинбустан, Парсы мен Кавказ тауы. Үгедейде атажұрт, Жоңғар мен Шығыс Түркістан. Төле наймандар мен таңғұт­тарды, Цзинь мемлекетін иеленген. Жапон аралдары, Солтүстік Мұзды мұхит, Тынық мұхитқа жету келер күннің еншісі болар... Өзеннен өтпек еді... Елесі түскірді қарашы... Тай-талас та баяғы. Жебе мен Сүбедейдің қос түмені Кавказ тауына табан тіреп, таулықтар тал­қан­далып, қыпшақтар Еділ өзеніне шегініп... Ұлы Қаһанның қабырғасын күйеу баласы Тугагүлдің парсының бай шаһарын шауыпты деген хабар қан қақсатып жіберген. Өнерлілерін қолдан қырыпты нәлеті. Қай шаһарға қырғын салсаңдар да өнерлі адамдарына, шайыр мен пәл­са­па­шыға, жылнамашы, ғалым мен қару соғу­шыға қол көтермеңдер деген жарлығы қайда! Жанын алыңдар, деген күйеу бала­ның. Өнер – болашаққа түсер сәуле. Ұлы Қаһан өнерді адамзаттың ақиқатына жет­кізер жалғыз жол деп те ұққан шығар... Отырарды ойрандағанда, тау болып үйілген сансыз кітапты Сүбедейге өртет­пей, Сайрамға шығар жолдағы биік төбе­нің басына тоқсан арбамен тоғыз күн әрең тауысқан. Қойма жасатып, жел тимейтін­дей, су шая алмайтындай етіп жасырмады ма... Рахымжан шығармасының концептуал­дық жетістігі – композициялық құрылы­мында. Оқиғалары бір-бірімен шебер үйлесім тауып, ұршықтай үйіріліп, өн-бойыңдағы өзіңе беймәлім ойлар оқыс оянып кетіп жатады. Ұлы Қаһанның бетін жас жуды... Күн сәулесі өшіп барады. Жылнамашы түрік қайда жүр. Аманаты... Бұл кеткен соң... Аспан астын даң қылған атағы алысқа кетер. Бірі мақтаныш тұтар. Бірі қанішер дер. Бәрібір мұның рухы мұқалмас. Өйткені, ол мәңгілік жалғыз атты жолаушы... Құйрық-жалы сүзілген сәйгүліктер қайда кеткен?! Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?.. Көк Тәңірінің жер бетіне жіберген жан иесі, жарты әлемді алақанында ойнатқан, ұлан-ғайыр ұлы далада өзді-өзі қырқысып жататын ұсақ-түйек ұлыстардың басын біріктіріп, етек-жеңі кең ел еткен, тұқым-тұяғы қазақ деген халықтың қасиетті хандарына айналған Ұлы Қаһан ажалы қара бұлтты қақ жарып шыққан найзағайдың бір бұтағының соққысына құлап түскенін көрмейсіңдер ме! Бұл енді жазушының көз жасы, сірә... Рахымжанның «Шыңғыс ханның көз жасы» кітабына бірнеше таңдаулы әңгімелері де енген. Өмір шындығы мен көркем шындық өзгеше өрілген, бір-бірімен біте қайнасқан, айтары аяғына дейін ақиқатымен жетелеп, бояуы мен нақышы бірлесіп, көркем биігіне бір жері бүлінбей, бүкіл қасиетімен бүтін жеткен дүниелер. Қай-қайсы да шағын. Сол шағын әңгімелерде қазақ жанының табиғи құбылыстарын құлақтан кіріп, бойды алар, құнарлы да, қуақы тілмен құмарыңды қандырып айта білген. «Алтын балық», «Нобельден қалған мұра» әңгімелерін оқығанда аңғалдыққа күле отырып, жосық­сыздық пен пәтуасыздығына жаның күңіре­ніп кетеді. Оқып біткен соң «Ойпы­рай» осы біз кімбіз, ертең кім боламыз, боламыз ба, болмаймыз ба? – деген сұрапыл сұрақтан ойланамыз да отырамыз. Рахымжанның «Сатқын» әңгімесі –  әлеуметтік әділетсіздікке ішкі қарсылықтың ақиқат көрінісі. Ол қарсылық, қоғамнан көңіл қалып кету сияқты қауіпті кесапаттан ескертеді. Р.Отарбаевтың қазақ әдебиетінің әңгіме жанрына жаңғырту әкелген, жазылуы жағынан әлемдік көркем мәдениетпен үндесетін дүниелері жан-жақты талдау, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығар­маларды насихаттауда мақала көлемінің шегінен аспауға байланысты айыз қандыра айтуды алдағы күндерге қалдыруға тура келеді. Ал қазір айтарымыз, Р.Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» кітабы – бүгінгі таңда қалың топтан қара үзіп дара шығатын, яғни, әде­биеті­міздің ең мәртебелі сыйлығына бірден-бір лайық көрнекті көркем дүние. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты