• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Шарайна

275 рет
көрсетілді

Бразилия президентіне қарсы тергеу басталды Бразилияның федералды жоғарғы соты Petrobras мемлекеттік мұнай-газ компаниясындағы сыбайлас жемқорлықты тергеуге кедергі жасауға әрекеттенгені туралы іс бойынша қызметінен уақытша шеттетілген Бразилия президенті Дильма Руссефке қарсы тергеу амалдарын бастады. Осы тергеу ісі бойынша күдіктілер қатарында бірқатар лауазымды адамдар – Бразиялияның бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула Силва, елдің бұрынғы білім министрі Алоизиу Меркаданти және кезінде бас мемлекеттік қорғаушы қызметін атқарған адвокат Руссефф Жозе Эдуарду Кардозу де бар. Globo телеарнасының келтірген деректеріне қарағанда, тергеу шаралары өткен жылдың соңында сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін ұсталған сенатор Делсидиу Амаралдың жауап алу кезінде берген айғақтарына байланысты басталған. Д.Амаралдың айтуынша, Д.Руссефф Petrobras компаниясындағы жемқорлық туралы тергеуге үш рет араласуға тырысқан. Сүңгуір қайықта жарылыс болды Оңтүстік Кореяның Чханвен қаласы Чинхэгу ауданындағы әскери базада тұрған сүңгуір қайықта жарылыс болды. Бұл ақпаратты «Ренхап» агенттігі елдің қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады. Оқиға жергілікті уақыт пен сағат 08.30-да орын алған. Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жарылыс кемеге жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде болған сияқты. Қазірге бұл болжам ғана. Жарылыстың нақты себебі тергеуден соң жария етіледі. Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігі өкілінің сөзіне қарағанда, зардап шеккен екі адамның біреуі ауыр халде жатыр. Жарылыстан құрбан болғандар да болуы мүмкін. Сондай-ақ, бір адам із-түзсіз кеткендер қатарында. Әскерилер жарылыстың қуаты әлгі адамды борт сыртына ұшырып жіберуі мүмкін екендігін айтады. Мыңдаған тұрғын баспаналарын тастап шықты «Рейтер» агенттігі таратқан ақпарат бойынша, АҚШ-тың Калифорния штатының оңтүстігінде өте күшті орман өртіне байланысты 80 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап шыққан. Калифорния штатының билігі осындай шешім қабылдауға мәжбүр болып отыр. Өйткені, жергілікті орман шаруашылығы және өрттен қорғау департаменті ормандағы қызыл жалын тез таралып келе жатқанын ескерткен. Бұған дейін сенбі күні кешкісін Лэйк округінде басталған өрт Сан-Франциско қаласынан шамамен 145 шақырымдай жердегі Лоуэр Лэйк қаласына жеткені хабарланған еді. Өрт сөндірушілер өрттің осылайша тез таралуы құрғақшылыққа байланысты екенін айтады. Қалада пошта мен бірнеше офистің ғимараттары жанып кеткен. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өрттің шығуына себепкер болған деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады. Клинтонның басымдығы байқалуда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат Хиллари Клинтон «даулы» деген штаттарда Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамптан басым түсті және ол дәстүрлі «республикалық аумақта» Трамптан едәуір алда келеді. Бұл жерде әңгіме жеті «республикалық» штат – Миссури, Джорджия, Техас, Канзас, Аризона, Индиана және Оңтүстік Каролина жөнінде болып отыр. Осы штаттарда өткен сайлауалды науқанда республикашылар 63-тің 58-ін ұтқан еді. Қазір Дональд Трамптың көшбасшылығы екі пайыздан алты пайызға дейін төмендеді. Ал демократ Хиллари Клинтон тоғыз «даулы» штатта қарсыласын басып озды. Оның бесеуінде – Колорадо, Вирджиния, Пенсильвания және Нью-Гемпширде бұрынғы мемлекеттік хатшының басымдығы 9-11 пайызды құрайды. Ақсақалдар кеңесінің жиыны өтуде Астанада Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің XI отырысы бас­талды. Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Рамиль Хасанов ашқан жиынға Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Фаттах Гейдаров (Әзербайжан),  Әділ Ахметов (Қазақстан), Бексұлтан Жакиев (Қырғызстан), Мұстафа Исен (Түркия), сондай-ақ елшілік қызметкерлері қатысуда. Үш күнге созылатын алқалы басқосуда Ақсақалдар кеңесінің алдыңғы отырыстарында айтылған ұсыныстар мен тапсырмалардың орындалу деңгейі қарастырылады. Сонымен қатар, Түркі Кеңесінің саясат, экономика, білім, мәдениет, көлік және туризм салалары бойынша өткізетін алдағы іс-шаралар жөнінде ұсыныстар қабылданады. Алғашқы отырысы Астанада басталған жиын Бурабайда жалғасады. Қақтығыс құрбандарының саны 65-ке жетті NBTV телеарнасының хабарлауынша, Үндістанның солтүстігіндегі Джамму және Кашмир штаттарында жаппай қақтығыстардан қаза тапқандар саны 70-ке жуықтады. Наразылыққа шыққандар алдымен полицейлерге тас лақтыра бастаған. Ал полицейлер жиналған топты тарату мақсатында оларға қаратып оқ атқан. Күш құрылымдарының осы әрекеті салдарынан бес адам мерт болып, 15 адам жараланды. Осының алдында, яғни 15 тамызда болған қақтығыстан шеруге шыққан бір адам қаза тапқан еді. Джамму және Кашмир штаттарындағы қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар қатары 70-ке жетті, ал жарақат алғандар қатары 5 мың адамнан асты. Наразылық әрекеттер 2016 жылы 8 шілдеде үндістандық күштер 21 жастағы террорлық ұйымның белсендісі Мұзаффар Ванидің көзін жойғаннан соң басталған еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді