Адамның бүкіл сана-сезімі мен жүрегін билеп әкететін құдіреті күшті өнердің бүгінде қолжаулыққа айналып бара жатқан аянышты жағдайына қынжылмасқа амалың қалмайды.
Ән әлеміндегі келеңсіздікті сынап-мінеп жатқанымызбен «баяғы жартас – сол жартас», әлі өзгеріс жоқ. Рухтандыратын, жігерлендіретін, шаттыққа кенелтіп, жаныңызды ләззатқа бөлейтін ән шіркіннің неге мұнша соңғы уақытта қадір-қасиеті күрт құлдырап, әсері әлсізденіп кетті деген сұрақ көмейге сүйектей кептеліп тұрады. Есесіне ала-құла, екпіні ерен, ентігіңді бастырып үлгермейтін әуенге есі кете жығылып, жойқын дауысқа еліре еліктеген жастарға көзің түскенде мұның сондай бір қауіп төндіретін кері ағысын іштей сезінесің. Сананы улаған ондай келеңсіздікті келешекте қалай жою керек, солқылдаған жас шыбық үшін ненің пайдалы, ненің зиянды екенін қалай жеткізуге болады деген көңілдегі алаңды көппен бөлісіп көргің келеді. Әумесер, әулекі әндер туралы сын-ескертпелерді сәтін салса кәсіби мамандар қозғай жатар, ал қазір, шынымызды айтсақ, әндердің мәтініндегі қателерге қарнымыз көбірек ашып жүр. Соған қарамастан кейбіреулердің мұны өмір заңдылығы деп түсіндіріп баққысы келетіндерін қайтерсің. Ондай ойдағы кісілердің әңгімесіне құлақ түрсеңіз, арзан мен алтынды, жеңіл мен желекті уақыт таразысы елеп-екшеп, іріктеп отырады-мыс, сондықтан ол үшін қара аспанды төндіріп, босқа дабыл қағудың қажеті жоқ екен. Алайда, мұндай өрескелдікке төзе берейін десеңіз, жаттан енген пәлекет арамшөптей бой бермей кетсе қайтпексіз? Сондықтан әнге деген құштарлығы алабөтен қазекемнің дәстүріне, иман-ибасына сай келмейтін, мағынасыз, дәмсіз, нәрсіз «әндерге» неге жабылып сын айтпасқа, әдепсіз әуендердің жолын неге кеспеске?!
Ең жаманы – тойларда шырқалатын «хит» әндердің сөзіне көп мән бере қоймайтынымыз. Ұлан-асыр той үстінде орындалатын әннің мәтінін кім бастан-аяқ қадағалап отырады дейсіз. Жүректі тербетіп, делебені қоздырған у-шу музыка мен әуенге беріліп, ортада дөңгелене би билеген қауымның көтеріңкі көңіл-күйімен асқақтаған сезіміңіз мұндайда тек ән ырғағымен ғана қалықтауы заңды құбылыс. Солай бола тұра қазекемнің тойларында «Мария Магдаленаға» алқынып-жұлқынып билеудің ар жағында ұрпақтың ұлттық өнегесіне қауіп төндіретін түйткіл тұрғанын ұқпайтынымыз-ай осы... Ұйқасы мен мағынасы үйлеспейтін мынадай «хит» әннің орындалуына жол беріп отырған кімдер өзі?
«Заманының шежіресін шерткен кең дала,
Тарихқа таңба басқан қайсар, ер ғана.
Ерлігімен болған оның аты аңыз,
Даналығын біз қалай жасырамыз,
Тарихымыздың ұлы тұлғасы.
Шың, шың, Шыңғыс хан,
Еуропа, Азияның барлығын жаулаған...». Әрі қарай жалғастыруға өзіңіз ұяласыз. «Судың да сұрауы бар» демекші, эстрадалық әндердің мәтініндегі бетімен кетушілікті түзейтін, күзейтін тиісті мамандар жоқ болғаны ма сонда?
Қайғыда жұбатып, шаттықта тебірентер, тәтті әсерге бөлеп, өн бойыңа шуақ таратар ән құдіретін талғамсыздар табанының ізі қалатын ашық алаңға айналдырмау үшін не істеу керек дейтін өрелі биікке әлдеқашан көтерілген жоқпыз ба? Сәніміз бен мәнімізге айналған әніміздің олай болса неге бағын төмен түсіруге жол беріп жүрміз? Ән – ел қазынасы деп бағаланады. Ал қазынаны таза ұстау, қарабайырлыққа ұрындырмау басты мұратқа әлі айнала қоймағаны көңілге қаяу түсіріп тұр. Арыға барсақ, түбі бір түркі елдерінің эстрадасынан тап осыншалық шимай-шатпақ табыла қоймас, сірә.
«Еріндерің балдай Кс, Кс Чик Чик
Жүрегімді жаулай Кс Кс Чик Чик
Қарай берем талмай
Сүйем сені тымбай Кс Кс Чик Чик
Қарай, қарай көзіңе қарай,
Бара алмай қасыңа бара алмай
Армандаймын мәңгілік армандаймын...» деген масқаралықпен сайран салып қайда барамыз? Ән – халыққа ортақ байлық дегенімізбен, оның төрінде кім көрінгенді тайраңдатып қойған дұрыс емес. Қала берді, тіпті мұндайларға заң жолымен тыйым салатын тетіктер іске қосылса дейміз. Өйткені, телеарналардан, радиодан, еркін желіден арзанқол дүниелерге орын беріліп жатқаны ашынтады. Әсіресе, музыка тарататын арналар арқылы. Ескілікті аңсағандық емес, баяғыда теледидардан атақты әнші, әртістердің ғана есімдерін естіп-көріп өскен біздерге бұлар тым шектен тыс шығушылық болып есептеледі. Әміре, Ғарифолла, Құрманбек, Күләш, Манарбек, т.с.с шашасына шаң жұқпас нағыз дүлдүлдер үні есіп тұратын эфирдің қадір-қасиетімен ойнауға ешкімнің батылы жетпеуші еді. Қазір не болды? Ақшаң болса, айдынға алабажақ қабыңды көтеріп алшаң басып шыға келесің. Жарқ еткенмен, іле-шала жалп етіп өшетін жалған аттар жарық жұлдызға айналуда. Бұл сабаздар өнердің киесінен неге үрікпейді? Аты шыққанда ауруы асқына түсетін, мақтан мен мадаққа, марапат пен мансапқа құлдық ұрып, қолпаштаған сайын өздерін сахнаның гүліміз деп санайтын бос бөспелер босып жүр. Өнерді қадір тұтып, қабағынан қаймыққан жан: «Менің мына әнім халықтың көңілінен қаншалықты орын алады, ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні, ұйқасы мен ұлағаты қандай деген сипатта өзіне бір сәт сұрақ қоймайтыны күйіндіреді. Хит әннің бірінде: ««Саған деген сезімдерімнің өлшемін
Ешкім жауап бермейд (і)
Себебі шексіздік есептелмейд (і)
Көзіңді жұм осы бір сәтте,
Ештеңеге ойыңды бөлме,
Екі жүрек үнсіз қалсын лүпілімен,
Айырылып қалатындаймын бір күні мен
Қайырмасы:
Саған қалай айта алам (ын),
Айтпай қалай жай табам (ын),
Сол алғашқы жалынды,
Жағайықшы қайтадан»... деген жолдар кездеседі. Бұл өнер иелері арасында ән мәтінін тексеріп отырған, сөз құдіретіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маманның жоқтығын көрсетеді.
«Әнші дейд мыналарды,
кәміл білетіндей, қалай үндемей қалам мен?
Қанағаттандыра алмағандықтарыңыздан – біз мұнда!
Қауіпсіздендірілмегендіктеріңізден,
кінәлі біз емеспіз (ха)
Біз шыққанда бәсекелестікке
тұра алмай жұлдыздар ағуда
Қайырмасы:
Гә-гә-гу, стиль-у, сөзім айналып
Тебеді – кунг-фу!
Жолама дейм мұнда, біз ең биік
Деңгеймен кең таралған жаңа буын!..» деп келетін келесі бір әннің майысқақ мәтініне айтарға сөз таппадық. Мұндай шатпақтар эстрадада өріп жүр. Оларды түгел тізіп көрсету мүмкін емес. Сондықтан біз әндердің бірлі-жарымына ғана тоқталуды жөн деп таптық. Осыларға айтылған сын басқаларға да тиесілі. Жаңа туындылар Көркемдік кеңесте мамандар талқысынан өткен соң ғана өмірге жолдама алуы тиіс емес пе? Мәсідей майысқан мәтінге ондағылар қарсылық білдіре қоймаған соң, қазір әншінің көбі ақын не композитор болуда. Шәмші туындыларының жаппай жатқа айтылу сыры неде еді? «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Қайдасың», «Қайықта», «Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы», «Тамды аруы», «Сағынышым менің»... әндерінің мәтіндері қандай тұшымды! Өйткені, олардың сөзін жазған ақындар – Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Зейнолла Шүкіров, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Нұрсұлтан Әлімқұлов... Соның арқасында бұл әндер халықтың ойынан да, тойынан да орын алды. Ал қазіргі эстрадалық әндердің сөзін жаттау өте қиын. Себебі, әннің мәтінін шамасы келсін, келмесін өздері жазуға әрекеттенетін әншілерге сын еш дарымай-ақ қойды. Композитор тамаша ән тудырса, соған лайық сөзін жаздыруға баяғыдай ақынды шарқ ұрып табаны тозатын жақсы дәстүрлер үзіліп қалды. Мысалы, әдептілік пен ата-баба дәстүріне адалдық таныту жағынан Өзбекстанда тәртіп қатаң сақталатын көрінеді. Онда әншілерге сахнада ашық-шашық, алба-жұлба жүруге рұқсат етілмейді. Екі иінін жұлып жеп, ибалық иірімге иілмеген батысшыл балаларына «бас ұрған жақтарыңа бара беріңдер, шырақтарым» деп «батасын» беріп, елден бездіріп жібереді екен. Дәл осылай істейік демейміз, бірақ мыңдаған адам бізге көз жанарын тіктеп қарап отыр-ау деп именбейтін, қазақы қалыптан жұрдай әншісымақтардың жат елдік стилі туралы ойымызды осы орайда қоса кетсек, артық етпейтін сияқты. Тар балақ, жыртық тіземен ән салған өнер иелерінің сондай жарасымсыз қимылынан тез жалығып, біз де теріс бұрылуға мәжбүр боламыз. Халқымыздың асыл мұрасын ардақтап, көздің қарашығындай сақтап қалайық десек, ән-байлықты ұстағанның уысында, тістегеннің езуінде кететін оңай олжаға айналдырмайық, ағайын. Сөздегі сөкеттікке бөгет қойылмаса, әннің әсем жағалауын лезде лайсаң су шайып кетпесіне кім кепіл?!
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»