• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Бірлескен басым бағыттар

326 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Польша арасындағы әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтеретін болады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Польша Респуб­ли­касына мемлекеттік сапары кеше жалғасын тапты. Сапардың алғаш­қы күні Елбасы Польша Прези­денті Анджей Дудамен кездесіп келіс­сөздер жүргізгені, екі мемлекет бас­шысы бірқатар маңызды келісім­дерге қол жеткізгені, Қазақстан мен Польшаның Үкімет мүшелері маңыз­ды құжаттарға қол қойғаны тура­лы хабарлаған болатынбыз. Кеше Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Премьер-министрі Беата Шид­ломен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономи­ка­лық, саяси және мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара іс-қи­мылдың негізгі бағыттары қамтылды. Қазақ­стан басшысы жаһандық саясаттың күн тәр­тібіндегі мәселелерде екі мемлекет­тің ұстанымдарының ұқсастығы Қазақстан мен Польша үнқатысуын жүйелі түрде өр­бітуге қолайлы негіз болатынын атап өтті. Өз кезегінде Беата Шидло Астанамен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту Польшаның Орталық Азияға қатысты сырт­қы саясатындағы басымдыққа ие бағыты екенін айтты. Одан кейін Н.Назарбаев пен А.Дуда Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысты. Екі елден 400-ден астам кәсіп­кер келген форумда Польша тарапына елі­міздің инвестициялық мүмкіндіктері, шетелдік инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Елбасы қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстанның Польшаны Еуро­палық Одақ­тағы сенімді саяси және экономикалық серік­тесі ретінде қарас- тыратынын атап өтті. Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 2015 жылдың қорытындысы бойын­ша 1,1 млрд болды, бұл қазіргі әлеуе­тімізді толық көрсете алмайды. Қазақ­станның Польшаға экспортында энер­гия ресурстары, шикізат және химия, көмір өнеркәсібі, қара металлургия, астық пен мақта, басқа да ауыл шаруашылығы өнім­дері басым. Польшадан Қазақстанға жет­кізілетін негізгі импорт түрлері – элек­трлік-тұрмыстық құрылғылар мен жаб­дықтар, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруа­шылығы өнімдері, азық-түлік тауар­лары, жиһаз. Қазір Қазақстанда Польша аза­маттарының қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Бірқатар поляк кәсіпорындары фармацевтика және құры­лыс сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асыруда. Тағы да ондаған поляк компаниялары бізбен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білемін. Бүгінде Қазақстанда поляк компанияларының қатысуымен құны 100 млн доллар болатын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанды поляктардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі қы­зық­тыратынын айтты. Біз мемлекеттік саясат­тың басым бағыты болып санала­тын шағын және орта бизнеске жан-жақ­ты қолдау көрсетудеміз. Кәсіпкерлерге кө­мектесу үшін бизнеске қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлерге атау­лы көмек көрсететін «Даму» атты кәсіп­кер­лікті дамытудың арнаулы қоры жұмыс істейді. Бізді сіздердің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, энергетика, фармацевтика салаларындағы тәжірибелеріңіз қызықтырады. Мен екі елдің бизнес өкілдерін қызықтыруы мүмкін бірнеше саланы ғана атап өттім. Бұл ретте Польша үкіметі қабылдаған Перспективалы нарықтарды игерудің 2013-2016 жылдарға арналған бағдар­ла­масының әлеуетін белсендірек пайдалану қажет. Онда Қазақстан Бразилия, Кана­да, Түркия және Алжирмен бірге перс­пек­тивалы бес экономикалық нарық­тың бірі ретінде көрсетілген. Бұдан бөлек, Польшада біздің елмен бірқатар сала­дағы ынтымақтастық туралы арнаулы бағдарламалар жүзеге асырылуда, деді Қазақстан басшысы. Қазақстан Президенті биыл жыл соңында Брюссельде өтетін ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы кон­фе­ренцияны еске сала отырып, интегра­циялық бірлестіктер арасындағы ынты­мақ­тастықты жолға қою қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық тартымдылықтың жаңа деңгейіне көтерілу үшін Қазақстанда қандай жұ­мыс­тар жасалып жатқанына, оның ішінде Бес институттық реформа­ны іске асыру жөніндегі Ұлт Жос­пары – «100 нақты қадам» және Ин­дус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­­ла­масы аясындағы әкімшілік кедер­гі­лерді азайту жөніндегі шараларға тоқ­талды. Елбасы екі елдің көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан, Польша және Ресей арасында көлік саласындағы үшжақ­ты келісімді пысықтау және Кавказ тран­зит­тік дәлізін пайдалану жөнінде бас­тама көтерді. Сондай-ақ, Қазақстан басшысы бизнес-форум екі ел бизнесінің өзара тиімді серіктестігі үшін жаңа перспективаларға жол ашады деп үміттенетінін жеткізді және поляк іскер топтары өкілдерін елі­міз­дегі мемлекеттік бағдарламалардың жү­зеге асырылуына белсене атсалысуға шақырды. Екі елдің экономикалық әлеуеті туралы, сондай-ақ, Қазақстанның Инвес­ти­циялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек пен Польша Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық даму минис­­трі Матеуш Моравецкий баяндап берді. Бизнес-форумда Польша Президенті Анджей Дуда: «Бірінші кезекте мен бүгінгі бизнес-форумға Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Назар­баев­тың қатысып отырғанына өте қуаныш­тымын! Президент мырзаның Варша­ваға келуі Польша мен Қазақстанның қа­рым-қатынасының жаңа тарауы бас­талғанының белгісі деп санаймын. Саяси қатынастарда барлығы өте жақсы қалыптасуда. Ал бүгінгі форум эко­но­микалық саладағы қатынастарға жаңа­ша серпін беруге, кәсіпкерлердің өзара байланысын нығайтуға ықпал етіп, екі ел үшін де жемісті болады деп сене­мін. Сөз жоқ, Қазақстан Орталық Азия­дағы экономикалық көшбасшы болып табылады. Ал Польша – Орталық Еуро­паның экономикалық көшбасшысы. Екі елдің өз аймақтарындағы тауар айна­лымының ауқымына қарасақ, өзара ынтымақтастықтың әлеуеті өте зор деуге болады. Сыртқы экономикалық, саяси факторларға қарамастан, бұл әлеуетті екі елдің экономикалық ұстанымын нығайту үшін пайдалану керек», – деді осы алқалы жиында. А.Дуда атап өткендей, польшалық кәсіпкерлердің Қазақстан аумағында түрлі жобаларды жүзеге асырып жат­қанына біраз жыл өткен. Ал келесі жылы Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің өтуі польшалық кәсіп­кер­лер үшін жаңа экономикалық қадам­дар жасауға үлкен мүмкіндік туғыза­ды. Қазақстан да Польша сияқты Дүние­жүзілік сауда ұйымының мүшесі болып табылатындықтан, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін келеңсіздіктерге жол бермейді деуге негіз бар. Кәсіпкерлер бір-бірімен жақын таныссын, келісімшарттар жасассын. Құрылыс, машина жасау, мұнай химиясы және басқа да салаларда бірлесіп жұмыс істесін. Бүгінгі форумды кәсіпкерлер үшін экономикада, бизнесте жаңа мүмкіндіктерді бағындыру үшін жасалып отырған шара деп қабылдаңыздар. Қазақстан сияқты әлеуеті аса зор ел Польшаға осы елде ғана емес, Орталық Азияда да үлкен жобаларды қолға алуға жол ашады, деді А.Дуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда Польшаның капиталы бар жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейді.  Жалпы көлемі 100 миллион долларды құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Солардың арасында акционері «Химфарм» АҚ болып табылатын Santo Member of Polfarma Group компаниясын айрықша атап өткен жөн. Аталған компания Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірушілердің арасындағы ең ірісі. Қазақстанда шығарылатын әрбір дәрілік заттардың бесіншісі осы компанияға тиесілі. Польшаның ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын құрайтын шағын және орта кәсіпкерлік тәжірибесі біздің елімізді де қызықтырады. Қазақстанда әзірге экономиканың 30 пайызы осы секторда жұмыс істейді. Елбасы атап өткендей, шағын және орта бизнесті өркендетуге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Қазақстан басшысы өз сөзінде еліміздің транзиттік әлеуетін пайдаланудың екі ел үшін де тиімді болатынын көңілге қонымды дәйектермен жеткізді. Біздің еліміз арқылы Еуропадан Қытайға, Оңтүстік-Шығыс Азияға айтарлықтай қысқа жолдар өтеді. Тынық мұхитынан шыққан тауар Қытай жағалауларынан Еуропаға теңіз арқылы 45 тәулікте жетеді. Ал Қазақстандағы теміржолдар арқылы Еуропаға 14 күнде жеткізуге болады. Сол себепті де біз  заманауи көліктік-логистикалық хаб қалыптастыруды жүзеге асырамыз, деді Н.Назарбаев. Бизнес-форумнан кейін, Польшаға жа­саған мемлекеттік сапары қорытын­дыланар тұста Мемлекет басшысы брифинг өткізді. Журналистер сауалына жауап берген Президент Польшаны Қазақстан үшін Еуропаға ашылған терезе деп санайтынын айтты. Елбасы атап өткендей, Еуропадағы ірі мемлекет шағын және орта бизнесті жедел түрде жолға қойғаны бұл елдің үлкен жетістіктерінің бірі деуге болады. Н.Назарбаев отандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында, сонымен қатар, республикамыздың Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып саналатын Польшамен Қазақстанның қарым-қатынасының мәні зор екеніне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылды дамытудың елімізді қызық­ты­ратын бірқатар бағыттарын атап көрсетті. Мәселен, соның бірі – агроөнеркәсіп кешені. Польша жалпы құны 25 млрд доллар болатын дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттай отырып, жаңа технологияларды енгізу арқылы аграрлық секторда зор табыстарға жетті. Мен поляк кәсіпкерлеріне елімізге келіп, біздің фермерлермен бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасадым, деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Поль­ша­ның шағын және орта бизнесті дамыту­дағы тәжірибесін зерттеу керектігіне, фарма­цевтика өндірісі, құрылыс саласын­дағы өзара іс-қимылға ден қою қажет­тігіне назар аударды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өзара байланысты жандандыра түсу үшін Қазақстан мен Польша арасындағы сенімді көлік жолдарын қам­тамасыз етудің маңыздылығын айтып, әуе қатынасы жолдарын ашу және Поль­ша азаматтары үшін елімізде визасыз режім енгізу секілді шараларға тоқта­лып өтті. Соңында Қазақстан Президенті кеше­гі өткен бизнес-форум екі елдің эконо­ми­калық ынтымақтастығын одан әрі нығай­туға тың серпін беретінін айтты. Қазақстан Президенті Польшаға мемле­кеттік сапарының соңында ел астана­сын­дағы Белгісіз солдаттың бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Ме­мориал кешенін аралап көріп, Құр­метті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, сапарын түйіндеді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» – Варшавадан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды