Күні кеше ғана өзінің мәресіне жеткен XXXI жазғы Олимпиялық ойындар Қазақстан құрама командасы үшін жетістікпен аяқталды. Біздің спортшыларымыз осы айтулы аламанда жалпы саны 17 медаль жеңіп алып, мұның алдындағы Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында көрсеткен көрсеткіштерінен 4 жүлде алға кетті.
Ақиқатын айтсақ, біз Ойындарға аттандырып салған саңлақтарымыздың ел намысын қолдан бермеу жолында барын салатындарына қанша жерден сенімді болғанымызбен, олардың тап осыншалықты дәрежеде табыс биігінен көріне алатындарын алдын ала болжай қойған жоқ едік. Бұған тап осы жаһандық жарыс басталар қарсаңында екі бірдей Олимпиялық ойындардың чемпионы Илья Ильин мен Лондон Олимпиадасында топ жарған Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова бастаған ауыр атлеттер құрамасы сапының допинг дауы салдарынан селдіреп қалуы тікелей себепші болды.
Бұған қоса, әлемдік жарыстарда чемпион атанып, жүлделі орындардан көрініп жүрген Жасұлан Қадырбаев, Алмас Өтешов секілді жаңа толқын өкілдерінің де осы жанжалдың шуымен Ойындарға жіберілмеуі жағдайды одан бетер қиындата түсті.
Кейін Риодағы ауыр атлеттер сайысының қорытындылары көрсеткендей, біз тек осының нәтижесінде ғана кемінде екі алтын медальдан қағылған екенбіз. Дегенмен, негізгі құрамның орнын басып, Атлант мұхитының арғы бетіне жол тартып кеткен тарландар да намысты оңайлықпен қолдан бере қоймады. Олар мүмкіндігі болғанынша Лондон төрінде айды аспаннан бір-ақ шығарған шоқтай шоғырдың жеңісті жолын жалғастырып әкетуге күш салып бақты. Түптеп келгенде, бұл өзінің оң нәтижесін берді. Сөйтіп, ауыр атлеттеріміз Рио тұғырында 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді қоржынға салып, сайыс көшбасшыларының қатарынан табылды. Мұнда Ниджат Рахимов (77 кг) – алтын, Жазира Жаппарқұл (69 кг) – күміс, ал Фархат Харки (62 кг), Карина Горичева (63 кг), Александр Зайчиков (105 кг) қола медальдардың иегерлері атанды. Бұлардан бөлек, жарыста Арли Чонтей (56 кг) мен Денис Уланов (85 кг) – төртінші, Маргарита Елисеева (48 кг) бесінші болды.
Ауыр атлеттер бәсекесінде бас жаттықтырушы Алексей Ни жетекшілік ететін қазақстандық зілтеміршілер алған медальдарының саны бойынша командалық есепте бесінші орынға шықты. Ал медальдардың жалпы саны жағынан қытайлық әріптестерінен кейінгі екінші сатыға орналасты. Жарыс соңында Аспанасты елі жамағаты қоржынында 7 медаль болса, біздің ортақ қазынамызға 5 жүлде түсті. Қалған командалардың барлығы медальдар саны жағынан жерлестерімізден қалып қойды. Осының өзі қазіргі таңда елімізде ауыр атлетиканың өзіндік мектебі қалыптасып, дәстүрі орныға түскенін анық аңғартады. Бір замандары, 1980 жылы Виктор Мазиннің Мәскеу Олимпиадасында, 1988 жылы Анатолий Храпатыйдың Сеул Ойындарында алтын жүлде алумен басталған жеңісті жолдары тәуелсіздік жылдарында жаңаша жалғасты. Бұдан әрі 1996 жылы Атлантада – Храпатый, 2004 жылы Афинада – Сергей Филимонов, 2008 жылы Бейжіңде Ирина Некрасова, Алла Важенина ел қоржынына күміс медальдар салды. Ал Илья Ильин Бейжіңде алғаш рет чемпион атанып, егемен еліміздің ауыр атлетикадағы бірінші алтын медалін алып берсе, Мария Грабовецкая сол жолы қола медальге қол жеткізді.
Рио-де-Жанейро ойындары Қазақстан командасында ертеңінен үміт күттіретін жас толқынның жеткілікті екенін көрсетіп берді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»