• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

«Мен бір жұмбақ адаммын...»

1024 рет
көрсетілді

Абайтанудағы кейбір кемшіліктердің төркіні туралы Ұлы ақын мұрасын мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытып, танытуда алдымыздан үш түрлі кедергінің шыға келетінін көріп, біліп жүрміз. Бірінші кедергі, Абай өмір кеш­кен заманда отаршылдық дәуір­де ел билеу жүйесіндегі саяси-әлеуметтік айла-амалдың шын болмысын танып-біле берме­гендіктен Абайдың саяси-әлеу­мет­тік лирикасының пайда болу себебін, саяси-әлеуметтік мотивін терең білуге бара алмай жүрміз. Екінші кедергі, ойшыл ақын шығармаларында пайдаланыл­ған пәлсапалық, теологиялық шығыстық терминдік мәні бар сөздерді қолдану жолдары мен мән-мағынасын ашып, түсіндіріп беру міндеті алға қойылып отыр. Бұл шығыс­тық термин сөз­дер Абай заман­дастарының өзіне ауыр соғып, қиындық тудыр­ған. Ал бүгінгі оқырман мате­ри­а­лис­тік, атеистік таным не­гізінде қалыптасқан. Сондықтан олар­дың мән-мағынасынан ха­бар­сыз. Осыдан келіп бұл ұғым­­дар­ды меңгеріп, танып-білу жо­лы­н­да қиындыққа ұшырауда­мыз. Үшінші кедергі, әсіресе, Абай дүниетанымын танып-білу жағына кейінгі жастар кем­шін болып, танымда адасып отырғаны өткір мәселеге айналуда. І Ел билеу ісі қазақтар үшін ай­тар­лықтай мәнге ие екенін Шоқан Уәлиханов «...әкімшілік мәселесінің біздің қазақтар үшін орасан зор мәні бар, оған үстірт қарай алмаймыз», деп айрықша атап өткен Отаршыл патша үкіметі тарапынан жүргі­зі­летін қазақтар арасында ел би­леу жүйесіндегі әкімшілік өзгеріс­тер­дің отаршылдық мүдде тұр­ғы­сынан жүзеге асырылатыны ақын-жыраулар поэзиясында өз көрінісін тапты. Отаршыл патша үкіметі «ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын ел билеудің сұлтан правительдік, аға сұлтандық жаңа жүйелері арқылы билік құрғанда, қазақ елін жуасытып, өз қалауынша жат­қызып-өргізудің саяси-әлеу­мет­тік тірегін қазақтар­дың өз ішінен іздестіре бастады. Елдің сатымсақ атқамінер әкім­сы­мақ­тары осы отаршылдық мүддені жүзеге асырудың басты тетігіне ай­налып жүре берді. Абайдың әдеби-рухани мұра­сын танып-білуде, оқытуда мектеп пен жоғары оқу орындарында, әсіресе үш түрлі тосқынды кедер­гі қол байлау болып келеді. Олар­ды бас-басына атап өтер болсақ: Біріншіден, қазақтың табиғи түрде қалыптасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін отаршылдық сая­сат сетінетіп, Абай өмір кеш­кен кездегі жұрты­мыздың мін­ез-құлқын, қазақы болмысын бұзу­ды мақ­сат етіп қойды. Мәселе Абай өмір сүрген бодандық замандағы саяси құпия көмбелердің астарлы сырын білмейінше, отаршылдық дәуірде өмірге келген ақын-жырау­лар поэзиясының өзекті сыры сараланып, тарихи мән-мағы­насы ашылмайды. Оларды жете зерделеп, астарлы саяси-әлеуметтік болмысын ақындар туындысы арқылы, олардағы отаршылдыққа қарсы ортақ сарынның пайда болу сырын жан-жақты ашу арқылы ғана оқырманның көкірек көзіне жеткізе алмақпыз. Сондықтан да осы ақындар болмысының табиғатын тереңдей танып, сырын ашуға осы аталып өткен үш түрлі кедергінің болмысын біліп меңгермейінше, жастарға ғылыми негізде танылған сапалы ой болмысын ашып беруіміз екіталай болмақ. Абайдың: Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғымен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен, деген шерлі ой толғаны­сы­н­ың мән-мағынасын ұғыну үшін ойшыл ақын өмір сүр­ген отар­шыл­дық заманда қол­данысқа түс­кен Ресей империясының қазақ даласына біртіндеп ендірген ел билеу жүйесінің ішкі сырын, яғни саяси болмысын білу керек. Онсыз шындықтың астары ашылмайды. Батыс генерал-губернаторы М.Спиранский: «Қазақ жерін­де сексеуіл деген ағаш өседі. Со­ны бір-біріне ұрып жарады. Сол сияқты қазақтар үш жүз­ге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек», деп патшаға ой тастауында Ресей империясы ұстанған отар­шыл­дық мақсаттағы басты сая­сатының негізі жатыр. Олар сексеуілдің өзіне өзін ұрып, быт-шыт ету әдісін тү­рік ха­лы­қ­тарына, әсіресе қазақ пен ноғайды жер бетінен жо­йып жіберіп, жерін иемдену мақ­сатында қолданылатын им­пе­риялық басты саясатына айналдырды. Мұны қазақ елін би­леу жайындағы ХІХ ғасырдың бірін­ші жартысындағы «ұзын арқау, кең тұсау» (1822-1867, яғ­ни 45 жыл) және 1867 жы­лы енгізілген «жабайыларды жа­байы­лардың қолымен тұн­шық­тыруға» айналған ел би­леу­дің болыстық жүйесінен көреміз. Ел билеу жүйесінің алғашқы түрі Кіші жүзде сұлтан правитель, Орта жүзде аға сұлтан түрінде енді. Бұл кезең ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өтіп жатты. Сұлтан правительдер бойынша тек төреден шыққан сенімділері ғана билік тізгінін ұстады. Орта жүзде де аға сұлтандық билікте әуелі төрелер отырды. Кенесары көтерілісінен кейін төрелер сая­си сенімнен шығуы себепті аға сұлтандық билікке қарапайым халықтан қойыла бастады. Мысалы, Құнанбайдың билікке келуінде осындай сыр жатыр. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы бұл билік түрін әдебиетте «ұзын арқау, кең тұсау» деп атап жүрміз. Бұл би­лік түрі қазақтардың бо­йын, ой-танымын, мінез-құлқын біртіндеп отаршылдық билікке бейімдеуді мақсат етті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни қазақ даласы тұтастай жауланып, Ресей мен Қытай арасындағы шекара мәселесіне келісіп алған соң, Ресей империясы Қазақ елін шоқындыру саясатын миссионер ғалымдар арқылы әуелі құпия түрінде, кейін уақыт өтуіне байланысты ашық түрде мемлекет бөлген мол қаржыға сүйене отырып, қызу насихаттай бастады. Ресей патшалығы түрік халықтарын (қырық жеті түрік халқын), әсіресе қазақ пен но­ғайдың ең осал тұсы – рулық жүйесін сексеуіл сияқты бір-біріне соғып қирату әдісін шешу­ші саясат ретінде ұстанды. Осы­лайша, 1867 жылы «Жаңа низам» заңын енгізе отырып, ел билеудің болыстық сайлау жүйесін жүзеге асырды. Ресей империясы отарлау­дағы басты мақсатын жүзеге асырудың шешуші кілті ретінде қазақтардың ел билеу жүйесіне «сексеуіл» айласын ендіруді жөн көреді. Ел билеудің «ұзын арқау, кең тұсау» түрін енді тереңдетіп, «жа­байыларды жабайы­лар­дың қолымен тұншық­тыру» айласына, яғни болыстық ел билеу жүйесіне көшіре бастайды. Бұл саясатты қолдануда қате­леспес үшін олар алдын ала ел ішіне ғылыми экспедициялар жіберіп, зерттеулер жүргізу арқылы ой елегінен өткізіп алады. Саяси полигон ретінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Майлыкент болысы деп аталатын аумақты таңдап алған. Мұны жүзеге асырудың басында Сырдария облысының генерал-губернаторы Гродеков болды. Ол бастан-аяқ тікелей бақылап, араласып отырды. Генерал-губернатор ел билеудің жетілдірілген болыс­тық тәсілін енгізуде қазақтарды сек­сеуіл секілді бір-біріне ұрып сын­дыруды, руларды бір-бірі­не айдап салуды мақсат ет­кені белгілі болды. Бұл үшін ол  қи­рату үшін болыстық билік­тегі ауылдық  біртұтас ру­дан құрал­май, әртүрлі атадан тараған болғанына назар аударды. Бо­лыс­тық билікте екі мыңға таяу түтін болды. Олар әртүрлі рудан тұратын он екі ауылдан құралды. Олардан төрт ауылнай, төрт би сайланды. Болысты шар салып сайлайтын қырық шамалы елу басы болды. Оларға партия­қорлықтың, бақталастықтың отын лаулата қыздыратын екі жүзге жуық он басы қосылды. Мұны Шортанбай ақын шебер суреттеген: Елу басы, он басы, Ол шайтанның жолдасы. Жақыннан басқа қасы жоқ Ендігінің мырзасы, Осылайша бір болыстың адамдары өзара тартысып, жан беріп, жан алысып, аш иттердің қу сүйекке таласқанындай күйге түседі. Болыстық билікті алуға, он екі ауылға төрт би мен төрт ауыл­най сайлануға таласқан жұрт. Болыстық басқару түрі ел ішіне іріткі салудың күткен нәти­жесінен асып түскеніне көзі жет­кен отаршылдар енді елді алатайдай бүлдіретін осы болыстық билік түрін бүкіл қазақ даласына жаюға кірісті. Бұл жүйе бес болыс тобықты елі­не де жетті. Билік үшін талас ел­дің қазақы бауырмал қалпын арызқойлыққа, жала жапқыштыққа айналдырып, іштен ыдырататын партиягер­шілікті әкелді.  Міне, ойшыл ақын Абайдың бар саналы өмірі осы болыстық билік заманында өтті. Өзі де он сегіз жыл болыс, би, төбе би болып сайла­нып, болыс­тық­тың ел билеу жүйе­сінің құпия сырына жастай қанығып өсуі себепті: Қадірлі басым, Қайратты жасым, Айқаймен өтті, амал жоқ деп күйініп, қасірет шекті... Бұл өмірдің шындығынан туындаған рухани қасірет еді. Бұл құбылыстың астарлы сырын сезіне білді де өзінің өзекті мәселеден туындаған сыншыл ой-танымын қара сөздерінде, саяси-әлеуметтік лирикаларында көрсете отырып, қоғамдық ойдың сарабына ұсынды. Өйт­кені болыстық ел билеу жүйесі отарланған бодан елдің ғасырлар бойы қалыптасып келген бере­ке-бірлігін билікке таластыру арқылы бұза бастады. Қазақ арасында өмірде болмаған арыз, өтірік арыз, домалақ арыз, пара беру арқылы бір-біріне жала жабу тәрізді ел ішіне іріткі салар әдеттер, тіпті, сүттей ұйып отырған отбасы, яғни бір ата-анадан туған ағайын арасына дейін бұзып, партияға бөліну секілді жағымсыз мінездер шөп­ке түскен өрттей қаулап кетті. Абайдың патша ағзамның өзі­не жазған телеграммасында: «Қазақ даласында болыс сайлау­ды қойсаңыздар, губернатор сайлаусыз-ақ болысты өз указдарын шығарып назначить етсе. Себебі болыс сайлаймыз деп халық арасынан әдейі дау-дамай туғызып, іріткі салынып жатыр», деп халыққа жат саясаттан, яғни «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын әдейі жасап отырғанын меңзей айтатыны бар. (Марғұлан үй архивінен) («Өмірін әнмен әрлеген. Алматы, «Толғанай» бас­пасы, 2016»). Болыс­тық биліктің қаскөй саяси астарын сезінген сол кездегі «Сарыарқа» газеті «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, ілгері баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік... Енді біздің көксер­лік ісіміз – тастаған сүйек­ке таласқан мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алға­ны­мыз» деп жазуында сырттан енген саясаттың зиянын сезе бас­та­ғаны анық байқалып тұр. Қазақ қауымында орын алған отаршылдық пиғылдың бар болмысын танып-біліп отырған ойшыл Абай ақынның «Зар шығады тілімнен» деген қайғы­наласын шындықтың келмес­ке кеткенін тап басып ресми үкіметке ашынып айтып отыр. Абайды налытқан басқару түрін ХІХ ғасырдың екінші жартысында зар заман ақын­дары да әшкерелеп, жаңа жүйенің қазақтың ата-бабадан бермен қарай сақталып кел­ген ел билеудегі береке-бір­лігін, ру­лы елді іркіттей іріт­іп, ел тұтас­тығын қиратуға бағыт­тал­ған бүлдіргі саясат екенін бәрі де сезінді. Ол себепті де болыс­тық басқару жүйесімен енген келең­сіздік атау­лы зар заман ақын­дары поэзия­сында өткір сын­ға алынып, мінеліп жатты. Бұл сол заманның ақын атау­лы­сының өлең-жыр­ларының ор­тақ тақырыбына, ортақ сарынына айналған бірегей құбылыс болды. Яғни ойшыл ақын Абай­дың бұл құбылыстарды ой еле­гінен өт­кізіп-талдауынан туын­дап жат­қан «зар шыға­ды тілім­нен» дей­тін қайғы-нала­сы­ның се­беп-сал­­дарын осылай ұғына алмақпыз. Абай дерттенген бұл халық қасіреті әуелгі кезде құпияланып жүргізілді, келе-келе ашық әрекетке ұла­сып кеткен империялық сая­сатқа айналды. Сөйтіп, ол қазақтың рухани әлеміне сына қаға бастады. Отарлаудың кілті түземдік мектептер  деп білген (қазіргі аралас мектеп) миссионер ғалымдар араб жазуын орыс қарпіне алмастыруды үлкен мақсат ретінде ұсынды. Мұны Ыбырай Алтынсарин де, Абай да білді. Отарлаушылар қазақ елін экономикалық жағы­нан меңгерумен бірге сая­си идео­логиялық тұрғыдан да шырмап алуға қызу кірісті. Бұл идея­ларын жүзеге асыруда олар көп нәрсеге қол жеткізді. Им­перияның осындай оспадар қимыл-әрекеті Қазақстан тарихы мен әдебиетінде соңғы жылдарға дейін өркениетті құбы­лыс ретінде культрагерлік әдіс­пен санамызға сіңіріліп келді. 1982 жылы қазақ елінің Ресей­ге қосылуының 250 жыл­дығы кең көлемде ресми аталып та өтті. Қазақстанның Ресейге отарлануы кертартпа құбылыс деген таным қудалауға алынды. Тіпті, олардың ой пікірін оқырмандар назарынан тыс қалдырып келді. Мысалы, М.Шоқай Ресей империясының өзінің туған жерін жаулап, хал­қын бодан еткен қанды қол әре­кетін әшкерелей жазатын «Жеңілмес ұлтшылдық» деген мақаласында Ресей отаршыл­дығына «...дүние жүзінде Түркістаннан басқа да елдер бар. Ол жерлерде үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда, дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ» деп ашына жазды. Осындай пікірді 1905 жылы Санкт-Петербург студенті М.Тынышпаев та айтқан еді. Осындай сарындағы өткір пікірді «Айқап» журналы мен «Сарыарқа» газеті де жариялап жатты. Осы сарындас пікірді отызыншы жылдары профессор Қ.Жұбанов «Ресейге қарағаннан кейін қайта әлсіреп, қазақ елі­нің бірлігі ыдырап, қоғам орга­низмдері ұсақтап, осыған сәй­кес қазақтың бұрынғы тума мәдениетінің негіздері сөгіліп, ұсақтанып, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазды. Міне, Ресейдің қазақ даласын отарлаудағы қолданған астарлы сырын, яғни оның ел билеу жүйесіндегі «сексеуіл амалын» «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтырудың» саяси әлеуметтік тамырын терең танып білмей, Абайдың саяси әлеу­меттік лирикаларының мән-ма­ғынасын терең түсіне алмай келеміз. Жалған танымның тұтқынына шырмалып қалдық. Бұл кедергі бүгінгі жаңа дүние­таным тұрғысынан жазылатын мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулық­тар­да мейлінше ашық баяндалуы керек екенін түсінетін уақыт жетті. ІІ Ойшыл ақын мұрасын танып-білу жолындағы екінші кедергінің – Абай туындыларында жиі кездесетін терминдік мәндегі сөздерде жатыр. Бұл әсіресе, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде жиі ұшырасатын ислам әлеміндегі термин сөз­дер­де кездеседі. Бұл термин сөз­дер ақын замандастарына танымал болса да, материалистік, атеистік дүниетаным негізінде қалыптасқан кеңестік дәуірдегі оқырмандар үшін шын мәнінде кедергіге айналған сыры бей­мағ­лұм ұғымдар еді. Өйткені, Абай шығармаларын оқыған кезде мағынасы беймағлұм шы­ғыс­тық термин сөздер оқыр­ман атаулыны қиындыққа ұшы­ратты. Өйткені, бұл термин сөздер ислам тарихынан бейхабар оқырманға түсініксіз. Бұл  терминдік сөздің мән-мағынасын ашып, меңгеріп кету жағы тұйыққа тіреле берді. Мысалы, мен өзім Абайтанушы ғалым болсам да отыз сегізінші қара сөздегі «жәуанмәртлік» сөзі­нің мән-мағынасын түсі­ніп кете алмай іздене баста­дым. «Жәуанмәртілік» терминін ғы­лыми айналымға түсіруге ұм­­тыл­­дым. Бір білсе, өзбек ға­лым­­­дары білер деп солар­мен пікір­лестім. Өзбек әдебие­ті­нің ақ­сақалы, академик Ізет Сұлтанов­пен пікірлесу үстін­де «жәуан­мәртлік» туралы біл­генімді ақтардым. Сонда Ізет ағай: «Әй, бауырым, сен менен кеңес сұрап келіп, қайта жәуан­мәрт­лікпен мені байытып тас­тадың ғой», деп әзілдеп күлгені бар. «Жәуанмәртлік» туралы із­дене жүріп, Абайдың әдеби шы­­ғар­­маларында ұшыра­са­тын шығыстық термин сөз­дер­­дің мән-мағынасын ашып, оқыр­мандар назарына ұсыну үшін «Абай лұғаты» деген кітап­ты жазып, баспаға ұсы­ну мақ­сатын алға қойдым. Ол үшін Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының филология се­рия­сымен шығатын журна­лында алғашқы мақала, сөз­дік­терім жариялана бастады. Ұзақ жылдар бойы іздене жүріп, Абайдағы термин сөздердің мән-мағынасын қысқаша баян­дайтын «Абай лұғаты» деген кітапты алдымен «Өнер» басп­а­сы, кейінірек «Ұлағат», «Мектеп» баспалары жарыса жария­лағаны бар. Жақында Қытай қазақтары сұрап алып еді, олар төте жазумен басылымға даяр­лап жатыр. Бұл басылымдар оқырмандар үшін Абай мұра­сына кіру, термин сөздерді ұғыну, мәнісіне түсіну – қиын­ның қиыны екеніне іздену үс­тінде көзім жете түсті. «Абай лұға­тын» жазу арқылы Абайды тану жолындағы екінші кедергі алынды. Мұнда Абайдың термин сөздері толық қамтылған жоқ, оны тағы да іздену арқылы толықтырып қайта жариялау міндеті алдымда тұр. ІІІ Үшінші кедергі Абайдың сая­си-әлеуметтік, философиялық дүниетанымын танып, меңгеру қажеттілігі. Ол сол ескі қалпын­да орнынан қозғалмай тұр. Өйткені, Абай­дың этикалық, эсте­тика­лық, педагогикалық т.б. көз­қарастары туралы жа­зыл­­ған зерт­теулер, дис­сер­та­ция­­­лар біржақты, сыңаржақ саясат­танған кеңестік идеоло­гияның тұрғысынан жазылып, шырмауынан шыға алмаған. Мысалы, Абайдың этикалық, эсте­ти­ка­лық көзқарасына Абай мұра­сының нәр алған рухани көз­дерінен, әсіресе, оның шығы­сынан тыс алып қаралуы себеп­ті, зерттеу­лер сыңар­­жақтыққа ұрынды. Мыса­лы, Абайдың этика танымына ар­налған диссертация – Абай­дың толық адам ілімінен тыс алынып қаралуынан да өз мақ­сатына жетпей қалуы, әсіресе, КОКП ОК космополитизм туралы қаулысы алға қойған талаптың ырқынан шы­ға алмауы да сол тұстың сая­си-әлеуметтік жағдайына бай­ланыс­ты құбылыс екені белгілі. Абай ойшылдық жайынан өзіне-өзі баға берген өлеңінде: Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдың күтіп. (1886) Үлгісіз жұрт үйретіп қалды кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім. (1957, І том, 56-бет) деп, өзіне қырық бір жасында ойшылдардың бірімін деген баға береді. Ойшылдардың бірі болсам да, өнердің бір саласына «Өткіздік бір нәрсені болмай жетік» деп өзіне-өзі сын айтатыны бар. Шынында, Абай ақындық өнерге қырық жасынан кейін ғана құлай беріліп, ойшылдықтың қолжетпес биігі­не самғай көтерілді. Абай өзінің өмірінің соңғы тұсында ой қорытындысы ретін­де 1902 жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген атақ­ты пәлсапалық лирикасын жазды. Онда адамзат дүниетаны­мын­дағы шешуші мәселе – жаратушы ие мен оның сөзі Құранды және Пайғамбардың жолындамыз деген ұстанымын ашық жазды. Шындық негізінде осылай болса да әрі оны Абай өз танымы­ның іргетасы ретінде мәлімдеп отырса, қазақ философтары Абай­дың осы дүниетанымдық әлемін Кеңестің тоталитарлық идеологиясына бейімдеп, Абай материалист, атеист деп танытып, қалың оқырманды осы затшылдық танымға ұйытты. Бұған нақты мысал, 1954 жылы про­фессор Қ.Бейсенбиевтің док­торлық диссертациясы ретін­де «Мировозрение Абая» де­ген монографиясы жариялан­ды. Абай материалист, атеист деген қорытынды ретінде беріл­ген ой-таным сол тұстағы қоғам­дық санада бірден-бір ғы­лыми ұстаным ретінде, бірден-бір дұрыс дүниетаным деп баға­­ланып, оқырман санасына сіңі­ріліп жатты. Жастар дүние­танымы материалистік, атеис­тік негізде қалыптасып, Абай­ды танып-білуде де осы зат­шы­л­дық бағытта өрбіп жатты. Абай мұрасын, оның аса күр­делі пәлсапалық дүние­танымын танып-білудегі қол артқан жетістігіміз осы болғандықтан, бұл мәселені Абай мұрасын танып-білудегі үшінші кедергі деген пікірді ұсынып отырмыз. Бұл аса күрделі мәселе, яғни ойшыл хакім Абайдың пәлсапалық дүниетанымы Кеңестік билік тұсында материалистік, атеис­тік таным негізінде барлық ақ­па­рат құралдары арқылы кең тұрғыдан толассыз насихатта­лып оқырман атаулының ой-та­ны­мы­на біртіндеп сіңіп жатты. Ал бүгінде квантты физиктер өздері негізін салған материа­листік, атеистік дүние­танымды терістеп, әлемді материя биле­мейді, Ұлы Сана билейді деген жаңа дүниетанымға табан тіре­ді. Квантты физиктердің көшбасшысы неміс ғалымы Макс Планк «Ғаламды Жоғары Сана билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуаты мен өз­ара байланыста» деген ой бай­ламына келді. Күллі материя атомдардан, ал атомдар энергетикалық өрістен тұратынына көз жеткізді. Күллі материалдық әлем қозғалыс үстіндегі энергетикалық тылсым өрісінен тұратынын, ол энер­гетикалық өріс бізге, біз оған әсер етіп табиғи байланыс­та болатыны анықталды. Ендігі мақсат кедергіден арылудың жолы — әлемді Ұлы Сана билейді деген ұлы, түбірлі өзгеріс жолына түсіп, Абай дүниетанымын осы идеялық бағытымызға айналдыруда жатыр. Осыдан туындайтын екінші бір күрделі міндет қалың оқырман қауымды ескі затшылдық таным негізінен арылту жолында ұзақ уақыт насихаттың көрігін баса түсуге, талассыз ғылыми насихатқа жол беру міндетіне тірелеміз. Өйткені, затшылдық, құдайсыздық ескі танымынан арылу, біріншіден, әлемді Ұлы Сана билейді деген жаңа танымды санаға сіңіру, орнықтыру аса қиын іске айналып отыр. Ескі дүниетанымнан арылу, жаңа дүниетанымды санаға ендіру жолы, әсіресе, еуропалықтар мен ресейліктер үшін ұзаққа созылмақ. Себебі, ХVІ ғасырдан бүгінге дейін бес ғасыр мерзім ішінде олардың ой-санасы, дүниетанымы материалистік, атеистік дүниетаным негізінде қалыптасып, тас болып қатып қалған. Мұндай сананың өзгеруі – қиынның қиынына айналары анық. Ресейге бодан болған қырық жеті түрік халықтарының жиырма жетісі отарлау саясатына ұрынып, жұтылып кетсе, қалған жиырмасы жетпіс төрт жылдай Кеңестік билік ұстанған материалистік, атеистік саясаттың қысымына түссе де, ұлттық дәстүрі мен дінінен, ата-баба салтынан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Сол себепті, бүкіл түрік халықтары түгелдей әлемді Ұлы Сана билейді деген жаңа дүниетанымына еуропалықтардан бұрынырақ түсе алады. Өйткені, отарлау қасіретіне қатты ұрынған қазақ халқы, бүгінде оның жас ұрпақтары ислам жолына тұтас бет бұрғанын ешкім де терістей алмаса керек. Осы себептерді еске ала отырып, қазақ әдебиетінің аса қуатты саласы саналатын Абайтану бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулер онда өріс алған ескі дүниетанымды терістеп, Абайтанудың жаңа дүниетанымы негізінде түбір­лі өзгеріске түспей тұра алмайды демекпіз. Сонда ғана Абай дүниетанымындағы ескі кедергі алынып, мәселе түйіні түбірлі жаңа таным тұрғысынан шешілуге бет алмақ. Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты