Қызылорда облысының аудан орталығы – Жаңақорғаннан 30 шақырымдай жерде өзіндік тарихи орны бар көне Сығанақ қалашығының барлық дерлік дереккөздерде жазылғандығын ғалымдар, археологтар, зерттеушілер, географтар бүгінгі күнде де басылымдарда айрықша атап келеді.
Сығанақ қаласы «Сунақ Ата» ауылынан 1500 метр жердегі қашықтықты алатын батыс жақ беткейде орналасқан. Оның оңтүстік жанынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы өтеді. Бұл жол әлемге белгілі Ұлы Жібек жолының бойынан салынған.
Міне, осындай тоғыз жолдың торабында жатқан Сығанақ қаласының ғұмыры сонау алғашқы орта ғасырдан басталған. Оған археологиялық қазба жұмысы толық жүргізілмеген, тек үстінен теріп алынған көзелердің сынықтарына қарап, V-VI ғасырларда іргесі қаланған деген жорамал айтылып жүр. Х ғасырдың аяғында парсы географтарының деректерінде «Сунах» деген атты кездестіріп, А.Якубовский өзінің «Развалины Сыгнака» деген еңбегінде келтіреді. Ал Махмұд Қашқари ХІ ғасырда Сығанақты өзінің «Түркі тілінің сөздігі» еңбегінде жазған. Сонымен қатар, ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханид мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жиі кездесіп отырады.
Қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, Дешті-Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.). Ақ Орданың (ХІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.), астанасы болған. Қала әр заманда бірнеше рет жау шапқыншылығына тап болса да, қайта жанданып, өмір сүруін тоқтатпаған.
Өз заманында Сығанақ нағыз сауданың қайнаған ортасы болған. Қаладан зиялы, білімді ғалымдар да көптеп шыққан. Арабтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде осылардың бірқатарын атап өтеді. Мәселен, Ақсақ Темірдің Ахмет Ясауи мешітіне қатысты жазған қолхатында кездесетін Шайқы баба Сығанақи Сығанақтың тумасы болатын. Ол кісінің біраз жыл Хорезм мен Жент қаласында тұрғаны да тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылған. Бұл қалада өмір сүрген Хусам ад Дин ас-Сығанақидың есімі аса құрметпен аталады. Осында оның үлкен атасы Һисамиддин де (1132-1199) өмір сүрген. Қазір ғұламаның шетелдерде көптеген еңбектері табылып жатыр.
«Болса тәңірім екінші өмір қиғандай,
Сығанақта көз жұмар ем қиналмай», – деген бір ауыз сөзінің өзінде терең мән-мағына бар. Осы өлең жолдарында Сығанақ қаласының қаншалықты қасиетті екендігі аңғарылып тұр. Осыдан-ақ Сығанақтың ғұламалар мен хандардың, мәдениет пен оқу білімнің рухани азық алатын мекен ордасы болғандығын байқауға болады.
Қаланы алғаш рет 1867 жылы орыс археологиялық комиссия шешімімен археолог П.И.Лерх зерттеу мүмкіндігін алады. 1892 жылы Е.А.Смирнов, 1899 жылы В.А.Каллаур, 1906 жылы И.А.Кастанье осы атақты қаланы зерттеп шығады. 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша А.Ю.Якубовский біршама тыңғылықты қарайды. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Қала туралы бұл зерттеуші ғалым үлкен ғылыми мақала жазған. 1947 жылы А.А.Бернштам, 1950 жылдары Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевич археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. 1970-жылдары Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.А.Ақышев пен К.М.Байпақов зерттеу жүргізіп, оның Отырардан кейінгі екінші қала болғанына анықтама берген.
2003 жылдан бастап Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәйден Жолдасбаевтың басқаруымен практикалық-зерттеу жұмысы жүргізіліп келеді. Ал Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер мен құнды заттар осы қазба жұмыстарын жүргізген археологтардың қолында. Бір бөлігі Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына табыс етілген.
Осы арада археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер неге көпшілік назарына ұсынылып, оны қызықтамайды деген ой туындайды. Туып-өскен жеріміздің тарихын білу баршамыздың парызымыз деп білеміз. Елімізде мемлекеттік қорық, мемлекеттік тарихи ескерткіш, мемлекеттік мұражайлар бар екендігін ескерсек, солардың арасындағы көне Сығанақты қорғауға арналған мемлекеттік статусы бар мекеме неге жоқ? Осындай ойдан кейін аудан әкімінен бастап, жоғарғы мемлекеттік органдарға өтініш хатпен шықтық. Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайын ашу жайында мемлекеттік қолдау көрсетуіне қатысты сұрау салдық. Осындай іздену нәтижесінде, міне, жақында «Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ол өз жұмысын бастап кетті. Мұражай Қызылорда облысының әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркеліп, мемлекеттік тіркеу туралы БСН 160840005427 нөмірімен, Халық банктің КZ376010201000294690 есеп шотының ашылғанын халыққа хабарлап отырмыз. Мұражайға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаушыларға өзіміздің шексіз алғысымызды білдіреміз.
Рысбек АСҚАРҰЛЫ,
«Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы