• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

Шеттің шерлі шежіресі

451 рет
көрсетілді

Аудан орталығында құрбандарға ескерткіш орнатылды Қарағанды өңірінде саяси қу­ғын-сүргін және ашаршылық құр­бандары туралы әңгіме қоз­ғалғанда, Шет ауданының шерлі шежіресі алдымен ауызға ілігеді. Бұлай болатын себебі – осы ау­дан­ның орталығы Ақсу-Аюлы кентінде кеудесі алтын сандық қария Кәмел Жүністегі тұрады. Бар саналы ғұмырын өлке тарихын зерттеуге арнаған ұлтжанды аза­мат өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы бұлғақ заманында болған нәубет пен аштықтан қынадай қырылған жандардың күл астында көмілген тарихын аршып алу­мен ұзақ уақыттан бері табанды түрде айналысып жүр. Келер ұрпақ ұмыт­пасын деп дабыл қағумен, дамылсыз айтумен, дүркін-дүркін жазумен келеді. Таяуда, нәубеттен нақақ кет­кен­дердің қай жерде атылып, қай шұңқырға топ-тобымен көміл­генін жадында сақтап қалған жазу­шының қозғау салуымен тағы бір сауапты шаруа іске асты: аудан ор­талығында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-монумент бой көтерді. Зады, бұл игі істің бастауын­да Шет ауданының бұрынғы әкімі, қазір Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болып қыз­мет ететін Рысқали Әбді­керовтің тұрғанын айта кеткен жөн. Осы азамат облыс ор­та­лығына қызмет ауыстырар алдында аталған ескерткішке деп аудан бюджетіне 7 миллион теңге салдыртып кеткен екен. Жақсы істің жалғасын іліп әкеткен жаңа әкім Марат Жан­дәу­летов өзінің жауапты қызметін осы ескерткішті орнатудан бас­­­тады. Алдымен монументтің  макетін ауыл ақсақалдарына таныстырып, оларға мақұлдатып алған. Содан кейін барып іске кәсіби шеберлер кірісіп, Е.Исенов басқаратын «Ассар KZ»  фирма­сы екі айдың ішінде қолға алған шар­уаны аяғына дейін жеткізген. Ескерткіш-монумент ашылмай тұрып, аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарының басында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Сол жылдары ауданның  әр жерінде жазықсыз құрбан бол­ған­дардың жерленген орындары анықталып, зерттеле бастаған еді. Жазушы Кәмел Жүністегінің бастамасымен дүниеге келген бұл деректі фильмдегі зобалаңды нақты дәлелдер келтіре отырып айтқан азаматтардың көбі бұл күнде арамызда жоқ. Көпшілік қауым фильмді көре отырып, зұл­мат жылдарының куәсі болған жандардың жазықсыз жапа шеккен құрбандар туралы айтқан естеліктерін тыңдап, қасіретті кезеңнің мол мағлұматына қа­нықты. Ұйымдастырушылардың ес­керткіш-монументтің ашылуын Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін және Семей ядролық поли­гонының жабыл­уына 25 жыл толуын атап өтуге арналған «Ақ орамал» республикалық акция­сы, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясына орайластырғаны да көкейге қонымды шықты. Биіктігі бес метрге жететін монумент мазмұнынан шынжырдан кісен салынған екі қолдың күлдіреуіші ғана сынған қара шаңырақты құлатпай, білегімен қысып аман  алып қалған көріністі тануға болады. Ескерткіш тақтаға Маясар ақынның өлеңінен «Тү­тіні тұман болған қайран елім, Бір үйден қыстау басы қалмады ғой» деген екі жолы ойылып жазылған.  Монументтің маңайы темір шарбақпен қоршалып, қос қапталына күннен қуат алатын шамдар орнатылыпты. Сая­бақ­тағыдай айнала ағаш отыр­ғызылып, жағалай сәкілер қо­йылған. Ескерткіш-монументті ашу құрметіне аудан әкімі Марат  Жандәулетов, «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» атағының иегері, профессор Темірғали Көкетаев, жазушы Кәмел Жүніс­тегі, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төр­ағасының орынбасары Медет Байтанасов, «Ақ тілек» қоғамдық қорының төрайымы, аудан әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Рая Төлегенқызы ие болды. Ескерткіш тақта бетінен ақ мата сыпырылып түскеннен кейін сөз сөйлегендер адамның жаны түршігетін деректерді алға тартты. Мәселен, ашаршылық кезінде екі миллионға жуық қазақ қырылса, бір ғана Шет ауданының өзінде 40 мыңнан астам халық құрбан болып, содан бар-жоғы бес мыңға таяу адам ғана аман қалыпты... Рәсімнің соңына таман жазықсыз құрбан болған осы марқұмдардың рухына арналып Құран бағышталды. Жаңадан бой көтерген ең­селі ескерткіштің орнындағы ескісін даланың долы желі осыдан біраз бұрын қиратып кеткен бола­тын. «Орнында бар оңалар» деген осы да, өлке шежіресінің шы­рағданын өшірмеуді мұрат еткен игі жақсылардың бұл ісін Ұлт тарихына деген тағзымның төресі деп таныған жөн болар.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Шет ауданы