• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де»

1225 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВПЕН сыр-сұхбат (жалғасы)

– Кенекеңнің бозбала кездегі шығар­ған «Көк­шо­­лақ» әні де елге тез тарап кеткен ғой. Ол әнді айтыс үстінде шы­ға­рған ба? – Көкшолақ – Кененнің маңдайына біт­кен алғашқы аты. Оның мынадай тарихы бар. Наурыз келіп, көктем шыққан­да бір күні таңертең Кенен әдеттегідей қой жаюға кетеді, әкесі «Бүгін саған қайтсем де бір тай сатып әкеліп беремін» деп базарға аттанады. Ондайда уақыттың өтпейтін әдеті ғой. Кіші бесін болғанда Кенен қойды ауылға беттетеді. Өзі қойдың алдына түсіп, асыға басып, үйіне келсе, есік алдында бір көк құнан байлаулы тұрады. «Жануарым, құтты қыла көр» деп, сауырынан сипайды. Бас-аяғына зер сала қараса, әлі ит жүні түсіп үлгірмеген, құйрық, жалдан жұрдай, арық неме екен. «Ешнәрсе етпес, әлі-ақ жетіліп, түлеп кетесің» деп ойлайды ол. Үйге кірсе, әкесі талқан шылап, шай ішіп отыр екен. «Құнаныңды көрдің бе, балам?» – деп сұрайды. – Өзі жұтаңдау ма, қалай? – Күтімге алып, семіртеміз ғой. Базарда жылқы қымбат. Екеуміздің бар тапқанымыз осыған әзер жетті. Талас жағының маған ұқсаған бір қырғыз шалы ұстап тұр екен. «Арзан беремін, ала ғой, өзі тұлпар тұяғы» деп мақтады. «Маған тұлпарыңның керегі жоқ, аяқ лауға жараса болғаны» деп, алдым да жүре бердім, – дейді әкесі. Көкшолағы әкемнің дөнен шықты, Қойға мініп, қиқайып Кенен шықты. Шілдехана, тойларда әнге салып, Қиыстырған кеудемнен өлең шықты, – деп жырлады Кенекең кейініректе. Ал «Көкшолақ» әнінің шығу тарихы мынадай. Оны да кезінде Кенекеңнің өзі әңгімелеп берген еді. Бір күні көрші ауылда бір бай адам қыз ұзату тойын жасайды. Жұрт лек-легімен ағылып, сонда бара жатады. Тойға барғысы келіп қызыққан Кенен өзінің Аянбай деген досына жалынып-жалпайып, көндіріп, өз қойын соның қойына қосып, Көкшолағына жайдақ міне салып, жіппен ноқталап, ақ таяқпен қақпалап, тойшылардың артынан шоқытып ала жөнеледі. Қырға шығып қараса еңісте кетіп бара жат­қандардың түрі, салтанаты бөлек, қыз-келіншек атау­лы қызылды-жасылды киініп, құлпырып кетіпті. Шоқпыт киімді, киіз етікті Кенен қойшы екпіндеп, Көкшолақты тепкілеп барып, үкісін желбіретіп, жорға мінген Шә­липа қыздың тұсына жетіп, айтыса кетеді. Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты, Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақ-ты. Ей, қыздар, қойшысынбай өлеңіңді айт, Тұсыңа біздей құрбың келіп қапты.   Жылдам жүрші, Көкшолақ, Шапшаң жүрші, Көкшолақ. Олай жүрші, Көкшолақ, Былай жүрші Көкшолақ. Жамандатқыр, Көкшолақ, Арам қатқыр, Көкшолақ-а, а, ай! Топ-топ болып тойға кетіп бара жатқан жігіт-желең, қыз-қырқын, үлкен кісілер елең етеді. Екеуін заматта қоршап алады. – Даусың да, әнің де жақсы екен. Айта түс, қалқам! – Тоқталма. Шырқай түс! – деп үлкендер жағы дем береді. Бұған қанаттанған Кенен Көкшолағын екі өкпеге тепкілеп, Шәлипа қызға жақындай түседі. Тағы да шырқатып қоя береді: Мінгенім астымдағы Қызыл шолақ, Қыз байғұс әкесіне аз күн қонақ. Әй, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт, Тұсыңа келіп қалдым «құдашалап», – дейді. Шәлипа да ауыл арасындағы айтыстарға қатысып жүрген қыз екен. Екеуі едәуір ай­ты­сып, ақыры, Кенен жеңеді. Сөй­тіп, Шәлипадан кестелі орамал алып, қала береді. Жігіт-же­леңдер енді оны ортаға алып, «Көкшолағын» қайта айтқызады, сол жерде-ақ үйренісіп алады. Сөйтіп, бұл ән ауыл-ауылды аралап, ел ішіне тез тарайды. – Мырзеке, Кенен сондай қорлық өмірден, қой жаюдан қашан, қалай құтылды екен? – Оны қой жаюдан, қорлық өмірден құтқарған, жалаң аяқ жалшы баланың бойындағы тұтанып, түлеп келе жатқан талантты алғаш танып, бағалаған, сауатын ашып, санасын оятқан да, ат, киім беріп, ас-тойға ертіп жүріп бағын аш­қан ақылшы, қамқоршы да,  атақты Балуан Шолақпен, Қажымұқанмен, Шашубаймен таныстырған да – Еркебай Базарұлы. Бір жылдары патша әмірі бойынша әр болыс елден орысша оқуға бір-бір баладан жинайды. Тамақ, киім қазынадан делінеді. Екі мыңдай түтіні бар Қордай болысынан бірде-бір қазақ баласын оқуға жібергісі келмейді. Баламыз шоқынып кетеді деп қорқады. Сонда Бұғылыбазар: – Мен Еркебай деген баламды жіберейін, – дейді. Он жаста кеткен Еркебай жеті-сегіз жыл өткенде еліне төре болып оралады. Дау-шарға ұшырағандар, біреуде есесі кеткендер Еркебайды іздейді. Орысшаға судай Еркебай болысқа писарь, оязға тілмаш қызметін атқарады. Өзі әділ, жайдары, кішіпейіл болады, әлсіздерге көмектеседі. Ұшқыр ат, қыран құс, жүйрік тазысыз жүрмейтін, атты баптап мініп, киімді таза киетін, сыпайы, қонақшыл, дастарқанды кісі  болыпты. Қордайдағы ел там салуды білмейтін кезде қарағайдан үй тұрғызады. Монша салғызады. Сөйтіп, елге жаңаша үлгі, өнеге шашады. Оның өнерді, өнерпаздарды қадірлей білгендігінен болу керек, Арқадан Жетісуға келген ақындар алдымен Ноғайбай мен осы Еркебайға түседі екен. Ол үйде Шөже де, Абай да, Майкөт те, Жамбыл да, Балуан Шолақ та, Шашубай да, Тоқтағұл да болған. Шашубай ақын Ноғайбайға кездесетін жылы әуелі Еркебайға түскен. Кенекең былай деп еске алатын: – Еркебайдың Ыбырай деген шабарманы ауылға құйын­датып шауып келді де, «Сені Еркебай алып кел деді» деп, мені міңгестіріп ала жөнелді. Үстімде жыртық шоқпыт шапан, аяғымда киіз етік, басымда ескі бөрік. Қордай бекетіне келсек, құ­жынаған адам. Ішінде Еркебай да жүр. – Ә-ә, келдіңдер ме? – деді бізге. Өңі жылы екен. – Ана моншаға апарып, жуындырып, мына киімдерді киіндіріп, дереу әкеле ғой, – деді шабарманына. Ол мені ертіп алып, анадай жерде төбесінен буы бұрқырап тұрған тамға апарды, – деп еске алатын Кенекең. Сөйтсе ол монша екен. Шабарман есікті жауып алып, жылы сумен сабындап, неше жылғы кір-батпан, аяқтың тас, тікен кірген жерлеріне дейін әбден тазалап жуындырып, су жаңа ішкиім, жеңсіз қамзол, көк шыт шапан, қара бөрік, қызыл тақия, базары етік кигізіп, сары ала белбеу таққызып, атқа мінгізіп, қайтадан Еркебайға алып келеді. – Міне, соқталдай, әдемі жігіт болыпсың ғой. Шіркін кедейлік, жетімдік-ай, «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген осы ғой, – дейді Еркебай оның кескін-келбетіне риза болып. Сол оқиғадан соң кешікпей қырғыз манабы Шәбденге ас беріледі. Оған Еркебай өзгелермен бірге он алты жастағы Кененді де ертіп, алып барады. Петербордан арнайы келген зерттеуші-этнограф Дмитриевтің сол ас туралы жазған мақаласы сақталған. Онда ол Бішкек уезінде өткізілген асқа қырық мың кісі шақырылғанын, аумағы отыз шаршы шақырым жазыққа екі мың ақ үй тігілгенін  жазады. Аста ат жарысы, күрес, сайыс болады. Жарысқа 172 ат қосылып, алдыңғы келген отыз атқа бәйге беріледі. Асқа қазақтың, қырғыздың небір талантты ақындары келгені айтылып, солардың ішінде Жамбылдың аты бірінші аталады. Сол аста Шәбденге арнау айту үшін байлар, би, болыстар өз ауылдарынан ақын, әншілерді ерте барған. Асты басқарып жүрген Қалмырза жыршы Еркебайға келіп: – Қане, Шәбденді мақтап өлең айтатын кімің бар? – деп сұрағанда, ол: – Мынау Кенен деген жас ақынымыз. Дауысы зор, жақсы айтады, – деп Кененді жаздырады. Ертеңінде ас басталып, кезек ақын-жыршыларға тиеді. Бұрын мұндай жиынды көрмеген, әрі Жамбыл, Тоқтағұл, Қалмырза, Арқабайдай атақты, төкпе ақындардан кейін кезек алып ортаға шыққан Кенен қатты қысылады. Күздің қара суық күнінде қара суға түсіп терлейді. Сарбасша құлағын бұрап, айқай салады. Дауысы шырқап кетеді. Бірақ аузына сөз түспей, амалсыз тұрып қалады. Ел күледі. – Оу, халайық, күлмеңдер, топқа түс­пеген бала екен. Қойдан құтқарып, Еркебай алып келіпті. Қайта айтсын, – дейді біреу. – Айтсын, айтсын! Дауысы жақсы екен, – деп шуласады жұрт. Асты басқарып жүрген Қалмырза жігер беріп: «Қысылма, айта бер» дегенде барып кеудесінен жыр шығады: Мен өзім жол көрмеген ақын едім, Атақты ақын Сарбастың жақыны едім. Өнерім өр қияға алып ұшты Астында алты уықтың жатыр едім... Бірте-бірте оның биік, шырқау, өр даусы жалпақ даланы жаңғыртып, айналасы ат шаптырым жерге естіліп, жиналған жұртты таңдай қақтырады. Сол жолы Кенен астан «Көпшілік көрсін әнімді» деген келісті ән-жыры үшін бас жүлденің бірін алып, кемер белдік тағынып, құла байтал мініп қайтады. Ақындығы мен әншілігі қырғыз, қазаққа бірдей танылады. Жамбылдай даңғыл оң батасын береді. Қырғыздың Тоқтағұл, Қалмырзадай әйгілі ақындары, Сағымбайдай әруақты манасшысы арнайы шақырып, «Жас бұлбұл» деп қолпаштап, үнін тыңдайды. Сөйтіп, тұсауы кесіліп, жолы да, бағы да ашылады. «Кенен бәйге алыпты» дегенді естіген ағайын ел оны Мәтібұлақтың басынан күтіп алады. Көкшолақпен келген атасы баласын көре салып құшақтап, жылап жібереді. Кешке қарай ақ тушасын сойып, ауыл-аймақты шақырады. Бәрі Кененге өлең айтқызады.  Жас ақын «Бозторғай», «Көпшілік көрсін әнімді», «Көкшолақ», «Ри, қойым» сияқты әндерін шырқайды. Жұрт риза болып, жас талапты баулып жүрген Еркебайға алғыс айтып, өзіне «Өнерің өрлей берсін!», «Бағың ашылсын!», «Сарбас атаңның әруағы қолдасын!» деп бата, тілектерін жаудырады. «Әзірбай шалдың ақын, әнші баласы Шәбден тойынан сыйлық алып, абыроймен оралыпты» деген хабар айналадағы Балқаш, Топар, Сарытауқұмға, Ұзынағаш, Есік, Қарқара жайлауына жайылады. Енді жан-жақтағы ел өздерінде өтетін жиын-тойларға оны ат жіберіп, арнайы шақыра бастайды. – Мырзеке, Кенен атамыз өз өмірінің елеулі оқиға­ларының барлығын өлең-жырға айналдырып отырған ғой. Жас кезінде әкесі атастырған алғашқы қалыңдығына қалай үйленгені, он алтыншы жылғы қазақ даласындағы пат­шаға қарсы көтеріліс, сол көтерілістің батырлары, өзі­нің де сол көтеріліске қатысқаны туралы дастандары бар ғой. – Кененнің жасы он сегізге толғанда әкесі Әзірбай оны үйлендірмек болады. Жан-жаққа сөз сала жүріп, Ырғайты еліндегі Байшығаш деген, өзі бұрыннан білетін кісінің қызына құда түседі. Тапқан-таянғанын, ағайындарының да көмек ретінде берген ұсақ малдарын жинастырып, қалыңмал ретінде айдап апарады. Құдасы оны азырқанады. Әзірбай «Тағы да тапқандарым болса әкеле беремін ғой» дейді. Сөйтіп, арада алым-берім, құдалық кәдесі жүріп жатады. Арада біраз уақыт өткенде құдасы Әзірбайды кедейсініп, айниды, қызын енді жасы елуден асқан бір байға көбірек мал алып, қатын үстіне бермек болады. Әзірбай құдасына барып: – Мен құда болғанда жирен шолақ құнаның бар еді, ербиген екі құлағың бар еді, басыңда жарбиған тымағың бар еді. Менімен тең едің, мен қашан сенен кем едім. Екі жасқа рақымшылық жасайық, – десе, құдасы көнбейді. Әкелі-балалы екеуі қызға астыртын сөз салса, ол өзінің Кененді қалайтынын, әкесі малға қызығып, басқа адамға тоқалдыққа зорлап берем десе буынып өлетінін айтады. Мұны естіген Кенен өзі батыр, өзі сері, намысқой, ер көңілді Құрақбай деген досымен ақылдасады. – Мен көмектесейін, – дейді Құрақбай. – Жақында сол ауылда Бекқожа деген бай қызын ұзатып, той жасамақ. Сен тойға жігіттерді ертіп, дайындалып кел. Мен қызды саған міңгестіріп жіберемін. Ал да қаш. Ар жағын бірге көреміз, – дейді. Кенен солай істейді. Той болып жатқанда Құрақбай қызды екі жеңгесімен уәделескен жерге алып шығады. Кененді Үлпілдек қызбен таныстырып, табыстырады. Содан соң «Ал, кеттік» деп, өзі бастай жөнеледі. Қыздың қашқанын сезіп қалған екі ағасы ауыл жігіттерін жинап, арттарынан қуады. Шөладыр деген жерде қуып жетіп, екі жақ қамшы сілтесіп, төбелеседі. Құрақбай бастаған қарулы, әбжіл жігіттер қуғыншыларды аттарынан аударып түсіріп, беттерін қайтарады. Кененнің қалыңдық әкелгенін естіген ауыл адамдары, ағайын-туыс қуанып, көптеп-көмектеп, беташар тойды өздері жасап, Кенен мен Үлпілдекке отау тігіп береді. Бұл оқиғаның арты біраз дау-дамайға ұласып, екі жақ биге жүгінеді. Айтыс-тартыс ақыры бейбіт шешіледі. Құрақбай сынды еркөңіл адал достың шын достығы осы оқиға үстінде анық көрінеді. Кенен кейін бұл оқиғаны дастан етіп жырлайды. Тек қана Үлпілдектің есімін Ханзада деп өзгертеді. – Енді он алтыншы жылдың оқиға­ларын да біраз айта кетсеңіз. – Он алтыншы жылы патшаның қазақтарды майдандағы қара жұмысқа алу туралы жарлығы шыққаннан кейін ел іші дүрліккені белгілі ғой. Бұл жарлыққа қарсы болып, балаларын майданға жібергісі келмеген ел адамдары Әли батырдың айналасына топтасады. Олар кейін «Ақтерек» деп аталған ауылдың жоғары жағындағы тау қуысына бекінеді. Әлидің өзі Үшқоңыр жайлауына барып, Тоқашқа, Бекболатқа жолығып қайтады. Көтерілісшілер қатары күн санап көбейе береді. Әлидің сенімді серіктерінің ішінде Кененмен бірге Есдәулет Қандеков деген ақын да болады. Мақсұт батыр өзінің Ысты еліне барып, бес жүзден астам жігіттерді жиып келеді. Қасқараудан Қанат батыр үш жүздей жігітімен келіп Әли жасағына қосылады. Кенен сол жолы: Ел-жұртым, бас қосалық, аттаналық, Әлидің жасағына саптаналық! Қорлықтан да соғысып өлген артық, Патшадан кегімізді ап қалалық! Аттаныңдар, ау, аттаныңдар! – делінетін «Аттан», сондай-ақ «16-жыл», «Қайран елім» деген әндерін шыр­қайды, Әли батыр туралы дастанын шығарып, айта бас­тайды. Көтерілісшілер патшаның жазалаушы отрядымен Көлқамыс, Ырғайты, Қопа, Мәтібұлақ басында кездесіп, қырғын соғыстар болады. Бірде жеңсе, бірде же­ңіледі. Өте көп шығынға ұшырайды. Ақыры зеңбірек, пулеметпен қаруланған патша солдаттарынан жеңіліс табады. Көтер­іліс басылады. Енді губернатор, жандаралдар көтеріліске басшылық жасаған Бекболат, Тоқаш, Әли, Қырғызбай сияқты батырлардың, олардың серіктерінің соңына түседі. Әли қолға түсіп, жазаланады. Көтерілісшілер арасында Кененмен бірге болған Есдәулет Қандеков ақын ұсталып, оған көтерілісті жақтап өлең айтты деген айып тағылып, 20 жылға сотталады. Кенен бес-алты жолдасымен әуелі Іле, Топар жағына барып бой тасалайды. Сондағы қойшылар ара­сында паналап, анда-санда «Желтораңғы» ауылындағы Балтағұл Бигелдіұлының үйіне соғып, жан-жақтан хабар алып тұрады. Бір жолы Балтағұл Кененге оны іздеуші жендеттер ара-тұра оның үйіне барып, Қордай атырабына сұрау салып жүргенін, әзірге дамыл табатын түрлері жоқ екенін, енді Іле, Топар, Балқаш жағына шықпақшы деген сөздер естігенін айтады. Осыдан соң Кенен түнделетіп үйіне жетеді де, балаларының бетінен сүйіп, жол азығын қамдап, Қырғыз еліне, Ыстықкөл жағына өтіп кетеді. Сол жақта жай момын шаруаның қалпына түсіп, елеусіз, ескерусіз жүре береді. Қойшылармен тау арасында қой жайысады, шөпшілермен шөп шабысады. Сөйтіп жүргенде күз өтеді, қыс кетеді, көктем жетеді. Елін, жерін сағынған Кененнің әйгілі «Бұлбұл» әні сол кезде туады. Әңгімелескен Болат Бодаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері