• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

Бағдарламаға бөлінген қаржы бақылауда

245 рет
көрсетілді

Үкіметтің кезекті отырысы бұл аптада сейсенбіден сәл сырғып сәрсенбіге сәйкес келді. Әрине, оның себебі белгілі, алдыңғы күні Астанада алқалы жиын өтіп, Үкімет мүшелерінің көбі сол форумға қатысқан. Ауқымды шараға шақырылған облыс әкімдері де Астанаға ат басын тіреген еді. Әкімдер кеше Үкімет отырысына да қатысып қайтты. Осылайша, бұрын отырысқа онлайн режімде қосылатын әкімдер кеше Үкімет үйінен табылды.

Қаржы жеткілікті

Әдеттегідей отырысқа Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев төр­ағалық етті. Онда негізінен «Нұр­лы Жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті күшейту шаралары, кедендік әкімшілендіру, салық саласын жетілдіру мәселелері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев баяндады. Министрдің пайымдауынша, «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфра­құры­­лымды дамыту бағдарламасы соңғы жылдар ішінде Қазақстанның эконо­микалық өсімінің және жұмыспен қам­тудың негізгі тетігіне айналды. Мә­селен, 2015 жылы мемлекеттік бағдар­лама­ның жүзеге асырылу тиімді­лігі ІЖӨ өсімінде 1,3 пайызды құрады, ал ағым­дағы жылы 1,2 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. 2016 жылы Ұлттық қордан бағ­дар­ла­маны жүзеге асыруға 769,6 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 503,4 млрд тең­ге мақсатты трансферттер түрін­де рес­публикалық бюджетке және 266,2 млрд теңге ұлттық холдингтердің обли­гациялық займдары арқылы қарас­ты­рылған.

Игерілмей қалу қаупі де бар

Ұлттық экономика министрінің егжей-тегжейлі баяндамасынан соң Қар­жы министрі Бақыт Сұлтанов сөз алды. Министрдің айтуынша, Үкіметтің тамыз айында өткен отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, бағдарламаға бө­лін­ген қаржыны игеру жаңа кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр. Министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 330 млрд теңге немесе осы жылғы жоспардың 66 пайызы игерілді. Жыл соңына дейін 173 млрд теңгені игеру қажет. Алынған трансферттер бойынша жергілікті органдардың игеру қарқыны осы жылғы жоспардың 69 па­йызын құрайды, ал осы жылдың соңына дейін тағы 72 млрд теңге игерілуі керек. Министр, сонымен қатар, жыл соңына дейін 12 млрд теңге республикалық бюджет қаражатының игерілмеу қаупі бары анықталғанын атап өтті. Қаржы министрінің айтуынша, жергілікті өңірлерде мемлекеттік сатып алуға қатысты да бірқатар мәселелер бар. «Бүгінгі таңда жергілікті органдарда 18 млрд теңгеден астам сатып алуларға келісімшарт әлі жасалмаған», деді ол. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, міндеттемелердің ең ірі көлемі Қызылорда облысында атқарылмауда, яғни онда 3,5 млрд теңге, Ақтөбе облысында – 2,5, Ақмола облысында – 1,9, Маңғыстауда – 1,7, Атырау облысында 1,6 млрд теңге игерілмеген.

Әр тиын бақылауда болады

Министр «Нұрлы Жол» бағдар­ламасының әрбір тиыны бақылауда болатынын айтты. «Тәртіп бұзушылықты болдырмау үшін біз мемлекеттік сатып алудың камералдық бақылауын қолданамыз. Әрине, басында бұл игеруді баяулатуы мүмкін. Бірақ тәжірибе көр­сеткендей, мұндай бақылау кешік­ті­рі­лудің басты себебі емес», деп мәлімдеді министр. Ол сондай-ақ, барлығы 33 млрд теңгеге ескертулер жіберілгенін айтты. Оның ішінде жергілікті бюд­жеттік бағдарламалардың әкімші­лерімен келісіп, 24 млрд теңгенің конкурстарын реттеген. «Осылайша, анықталған тәртіп бұзушылықтарды мемлекеттік органдар мойындады», деді Б.Сұлтанов.

Жол жөндеуге  жұмсалды

Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек өз кезегінде «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды да­мытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде 17 жобаны іске асыру көзделгенін, оның ішінде 16 жоба көлік саласында, оның ішінде автомобиль жолдары саласында – 11, темір жол саласында – 2, су, азаматтық авиация және логистика салаларында 1 жоба бар екендігін еске салды. Сондай-ақ, несиелік тұрғын үй және үлестік салымдарды қорғау мәселелері бойынша 1 жоба жүзеге асырылуда. 2016 жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында осы жобаларды іске асыруға 349,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 171,3 млрд теңге Ұлттық қордан бөлінген. Бүгінгі күні оның 64 пайызы, яғни 222,7 млрд теңге игерілді, оның ішінде Ұлттық қордан 116,9 млрд теңге бөлінген. Ал 127 млрд теңге игерілуі қажет. Оның 54,4 млрд теңгесі Ұлттық қордан. Министрдің мәліметінше, 2016 жылға арналған автокөлік жолдары жобасының бюджеті – 329,7 млрд теңге. Қаржыландыру жоспарына сәй­кес, осы жылдың ақпан айынан қыр­күйек айына дейінгі аралықта бөлін­ген қаржының 61 пайызы игеріл­ді. Жыл соңына дейін қалған қара­жат толықтай игеріліп бітеді. Бүгін­ге дейін 756 шақырым жолға асфальт және цемент-бетон жабыны төселген.

Кәсіпкерлікке қолдау аз емес

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, «Нұрлы Жол» бағдарламасы шең­берінде кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында 2014 жылдан бері Ұлттық қор қаражатынан 545 млрд теңге бөлінген. «Кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржылық ресурс­тар туралы айтар болсам, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті қаржыландырудың бірінші бағдарламасы бойынша, «Даму» қоры 200 млрд теңге бөлді. Бүгінде несиелерді жаңартып беру бойынша аталмыш сома 292,9 млрд теңгеге дейін өсті», деді Л. Ибрагимова.

Қадағалау күшейді

Жоғарыда бағдарламаға бөлінген қаржының өңірлерде әлі толық иге­рілмей жатқаны айтылды. Соған бай­ланысты Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев қалыс қалған облыс­тардың әкімдерінің есептерін тың­дады. Содан соң мәселені өзі қоры­тын­дылап, Премьер-Министр аймақ­тарға жұмыс барысын жылдамдатып, қайта жүйелеуді тапсырды. Әсі­ре­се, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мәселелеріне ерекше тоқталды. «Екі жыл ішінде небәрі 385 шақырым жолға қайта жөндеу жүр­гіз­генбіз. Жоспарға сәйкес қалған бір жыл ішінде тағы 1 100 шақы­рымды жөндеуге тиіспіз. Оған үл­гереміз бе? Осыған байланысты бұл мәселелердің бақылауға алынуын тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы, кейін біз жайсыз жағдайға тап болмас үшін облыстар бойынша қай өңір­де көбірек проблема туындап отыр­ғанын қадағалаңыз», деді Б.Са­ғын­таев өзінің бірінші орынбасары А.Маминге қарата айтқан сөзінде. Сонымен қатар, Премьер-Ми­нистр әкімдерге аталған мәселелерге зор көңіл бөлуді тапсырды. «Мен бағдарлама аясында инфрақұрылым жүргізу үшін мол қаражат бөлініп жатқаны туралы жайдан-жай айт­қан жоқпын. Бұл шағын және орта бизнес үшін үлкен қолдау. Егер инфрақұрылым жүргізілсе, шыға­рылатын өнімнің өзіндік құнын төмен­дету керек. Сондықтан біз жұмы­сы­мызды жылдамдатып, қазір жүргі­зіліп жатқан жұмыстар барысын қайта қарастыруымыз керек», деді Б.Сағынтаев.

Қылмыс азайды

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе қоғамдық тәртіпті сақ­тауды күшейту шаралары жайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сымов баяндады. Министрдің мәлім­деуінше, Қазақстанда биылғы жылы жалпы қылмыстар саны азайған. «Елімізде жалпы қылмыстар саны 3,5 пайызға азайып, 256 мыңды құрады. Ауырлығы аз қылмыстар саны төрт есеге төмендеді» деді Қ.Қасымов. Министр бұрынғыдай, барлық қылмыстардың 60 пайыздан астамын ұрлық қылмыстары құрап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, елімізде кәме­лет жасқа толмағандардың зорлық-зом­былыққа ұшырауы 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеген. «Кәмелет жасқа толма­ғандарға қарсы жасалатын қылмыс­тардың алдын алу үшін біздің тара­пымыздан мақсатты шаралар қа­былдануда. Өткен жылмен салыс­тырғанда олардың саны 41 пайыз­ға қысқарды, кәмелет жасқа толма­ғандарды жыныстық зорлаумен байланысты қылмыстар 15 пайызға, оның ішінде зорлық-зомбылық 40 пайызға кеміді», деді министр. Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев 2016 жылдың 1 жартыжылдығында орын алған қылмыстардың 10 па­йызын жастар жасағанын мәлімдеді. Отырыста сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күшейту мәселесі бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қосымша баяндап, білім беру мекемелеріндегі тәр­тіп пен жұмыспен қамтудың жастар тәрбиесіне әсері, тағы басқа да өз салаларына қатысты мәселелер жайында сөз қозғады. Бұл мәселе жан-жақты тал­қы­ланғаннан соң Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаев Ішкі істер ми­нистрлігіне жергілікті органдармен бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде үшжылдық жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар ол бұл бағыттағы жұмыстарды барынша күшейту қажеттігін баса айтты. «Бізге халық пен азаматтық қоғам институттарына шынайы арқа сүйей отырып, бұл жұмыстарды қай­та қарау және жүйелеу қажет. Бар­лы­ғының нақты өзара іс-қимы­лын қамтамасыз ету керек», деді Б.Сағынтаев.

Тасымалға қатысты тың шешім

Үкімет отырысында қаралған үшінші мәселе – салық салу және кедендік әкімшілендіру жұмыстары жайы. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев Қазақ­станда қаржылық секторды дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру үшін салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша заң актілеріне енгізілетін түзетулер аясында жоспарланған бірқатар шаралар туралы айтты. Заң жобасын таныстырды. Онда 234 түзету көзделген, олардың ішінде, салықтық әкімшілендіру бойынша – 207 түзету, салық саясаты бойынша 27 түзету бар. Ұсынылып отырған өзгерістер қолайлы кәсіпкерлік орта құруға, әлеуметтік-экономикалық даму және ағымдағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. «Еліміздің транзиттік әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заңға түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Оған сәйкес тауарларды темір жол-паромдық көлікпен тасымалдау халықаралық деңгейге жат­қызылатын болады, яғни енді мұндай тасымалдауға нөлдік мөл­шерлеме бойынша қосылған құн салығы салынады. Бұл норма Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдауларды ынталандыруға жол ашады», деді министр. Министр сонымен қатар, аталған заң жобасы аясында қаржылық сектор бойынша түзетулер енгізу қарастырылғанын жеткізді. Бұл мәселеге орай Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев та қосымша баяндады. Қорытындысында заң жобасы бойынша ұсынылған шешімдер қабылданды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ