• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Ең шығармашыл адам кім?

606 рет
көрсетілді

«Әрине, біз» деп айта аламыз. Мұны Көкшетаудағы заманалық «Рио» сауда ойын-сауық орталығында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен қолданбалы қолөнер шеберлері қауымдастығы бір­лесе отырып ұйымдастырған бай­­қау-көр­месі айқын дәлелдей түскен­дей. Тұң­ғыш рет өткізілген ерекше байқауға «Қарт­­тарым – асыл қазынам» денсау­лық клубы­­ның он мүшесі қатысты. Аталған шараның негізгі мақ­саты егде жастағы адамдар бойындағы шы­ғар­­машылық қабілеттерді анықтау және олардың бос уақыттарын тиімді ұйым­­­дастыруды көздейді. Ардагер­лер ара­сын­дағы тәлімдік байқау қо­нақ­­­тар назарына түрлі қол­өнер бұйым­дарын ұсын­ды. Жоғары тал­ғам­­паз­дықпен жасалған құрақ көр­пелер, тұскиіз, қоржындар, мон­шақ­пен көм­керілген картиналар, тоқыл­ған себеттер көздің жауын алады. Байқау қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен ісмер Кенжебай Смағұл жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал Лидия Власенко мен Дәния Дабарова екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Сонымен бірге, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина осы тақылеттес байқау­ларға белсене қатысып жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, шығармашылық табыс тіледі. – Біз әуелден ісмер халықпыз ғой, – дейді бізбен әңгімесінде Кенжебай ағай. – Балалық шағымыз өткен шағын ауылымызда әр үйдің дерлік алдында өрмек құралы тартылып тұра­тын. Қонақ шақырған үйдің текеметі, құрақ көрпелері, оюлы киіздері, сәнді жастық­тары жарқырай қызықтыратын. Темір ұстасы, ағаш шебері, аты шыққан мергендер мен атбегілер де бізден табылатын. Соңғы жылдары жанға жылы осы көріністер солғын тартып барады. Қалаға көшу үрдісі де тұрмыс салтын өзгерткені белгілі. Бірақ халықтық дәс­түрді ұмытпауымыз керек. Оны жаң­ғыртып, жастардың қызығушылығын тудыру – біздің міндетіміз. Байқауға қатыс­қандағы басты ұстанымым осы еді. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, бай­қал­маған таланттар әлі де көп. Оларға дем беріп, қайраттандырып жіберсек, талай жауһарлар дүниеге келетіні дау тудырмайды. Облыстық әйелдер қауым­дастығының осы бағыттағы игі ісі көп­шіліктің көңілінен шыққаны анық. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы