• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Өсиет-өмір

498 рет
көрсетілді

Өнегелі ісі өне бойындағы адами құн­ды­лық­тарын паш етіп, елінің есінде сақталған жандардың бірі – Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева десек, артық айтқандық емес. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасын өсіруде еңбектің ерен үлгісін көрсете білген ол жер басып жүрсе бүгінде тура 80 жасқа толатын еді. Амал нешік. Бірақ ұлылықтың бір белгісі алыстаған сайын биік болып көрінетін тау секілді абзал ананы халқы ұмытпапты. Өжеттігімен қатар әйел затына тән нәзіктікті де сақтай біліп, Көксу өзенінің бойында Зылиха Тамшыбаева талай асуды бағындырып, ауыл төрінде алтындай жарқырап туған ауданын жасыл желекке көмкергенін елі қалай ұмытсын. Шалғайдағы ауылдарда ғылым мен білімнің шамын жағып, мәдениет­тің мектебін қалыптастырғаны, жер-жерде жастардың өнерін дамы­тып, өркениетке бастағаны сол өскелең ұрпақ санасында сақ­талып қалғаны тағы бар. Сөйтіп ұрпақ тәр­биелеп, елді адал еңбек етуге баулыған батыр қызды үлгі етпесек – бізге үлкен сын. Себебі, Жетісу жерін дүбірге толтыра еңбек көрігін қыздыра білген Зылиха Тамшыбаеваның есімін ел жатқа біледі. Сондықтан есімімен-ақ тұтас бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын түсіндіріп тұратын тұлғалар әрі санау­лы асылдардың қатарына жерлесіміз Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаеваны уақыт атты төреші қосып та қойған. Халық ара­сында қант қызылша­сын өсі­ру­дің хас шебері деп те аталатын абзал ана­мыздың ел­дің ертеңі үшін төккен терін есіме алсам, ол қал­дырған еңбектің жарқын үлгісіне көз салсам, мұқалмас жігерді, таусылмас күш-қуат тас­қынын, діттеген мақсатына жетпей қой­майтын алапат ынтаны байқаймын. Көзі тірі­сінде ел анасы атанған нәзік жан құт қонған киелі Көксу үшін даналықтың, даралықтың, адалдық пен тектіліктің мектебі бола білді. Зылиха Тамшыбаева өмір есігін ашқан сәтінен адал еңбек деп туған тәрізді. Өмірдегі әр қадамына көз жүгіртсек те, қиын да сынағы көп белестерді бағындырғанын, сындарлы уақытта жол таба білгенін, туған елінің амандығы жолында жан аямағанын, ұрпаққа ұлағатты жол көрсетуде алдына жан салмағанын көреміз. Тарихы терең, өзегі өлең Көксу өлкесі үшін ақиқаттан айнымай ғұмыр кешкен ұлт анасы Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығы елі үшін үлкен мереке. Бүгінде дала төсіндегі дүбірге дүбір қосып, алқапты қызу еңбекпен көріктендіріп жүрген жетісулықтар отызға жетпей халық қалаулысы атанған оны қашанда өнеге тұтады. Ортамызда болмаса да жарқын бейнесі әрбір жетісулықтың жүрегінде жаңғырып тұр. Кезінде Зылиха Жан­болатқызының қанатын қатайтып, еңбекке баулыған киелі мекен бүгін де жұмыс көрігін қыздырып келеді. «Көктем гүлдің бағын ашады, бас­шы елдің бағын ашады», дейді ха­лық даналығы. Зылиха Тамшы­баева бас­шылық қызметте жүріп қара­­па­йым мінезімен көпшілікке өнеге көр­сетті. Тірісінде жастарды жігерлі болу­ға тәрбиелеп, адалдық пен жауап­кер­шіліктің қаншалықты маңызды еке­нін айтып беретін. Оның анасынан ерте айырылған тағдырлы ғұмыры, ас­қар таудай әкесі екеуінің басынан өткерген қилы ауыртпалықтары – бәрі-бәрі бізді бейжай қалдырмайды. Еңбек Ерінің әрбір соқпағы әсерлі, әрбір адымы бір-бір тарих, бір-бір кітап. Кітап демекші, қолымызға Зылиха Тамшыбаеваның «Жер туралы жыр» атты деректі хикаяты тигенде тебіреніп оқы­ғаны­мыз жадымызда. Сонда автор ең алдымен туған жеріне тағзым жа­сап, туған елі тура­лы ой қозғайды. Бала­лығын еске алады. Әр сөйлемінде терең философиялық ой, тәлім-тәрбие, өнеге жатады. Өзінің қазақтың ақ­қан жұлдызы, тұңғыш ғалымы Шоқан Уәли­ханов мәңгілік тыныс тапқан жері – Алтын­емел қойнауында дүниеге келгенін мақтанышпен жеткізеді. Кітапты оқыған кезде автормен бірге қуанасың, автормен бірге мұңаясың. Әсіресе, анасының ақтық сапарға аттанар шақтағы есінде қалған естеліктері жүректі тебірентеді. Көңіл тиектерін ағытады еріксіз. «Анам менімен баласындай емес, құрбысындай сырласушы еді. Адамға тән үш сауап бар. Бірі – шөлден құдық қазу, екіншісі – жолға ағаш отырғызу, үшіншісі – өзенге көпір салу. Мен осыны анамнан алғаш естідім. Осы қағиданы өмірбақи жадымда сақ­тап қалдым», – дейді Зылиха Тамшыбаева өзі­нің естелік кітабында. Бүгінде қарап отыр­сақ, ұлтты ұлылыққа тәрбиелеген абзал ана осы үш игі істі орындап кетіпті. Ағаш та екті. Қаңырап қалған елді мекендерді гүлдендіріп, дала төсін дүбірге толтырды. Тақтайдай тегіс жолдар тартқызды. Сөйтсек, еңбекті сүйген жан өзінің анасы айтқан өсиеттен бір сәтке де қиыс басып, жаңылып көрмепті-ау. Зылиха Тамшыбаева туралы сөз қозғасам, Елбасы ұсынған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясы ойыма оралады. Бұл – Тәуелсіз Қазақ­станның межесі. Келешекті кемел ету үшін қалыптасқан жарқын идеяның бірі. Осы тұрғыдан келгенде, Зылиха Тамшыбаеваның жарқын бейнесі мәңгілік насихат, жадымызда жарқырай бермек. Жас буынға адал еңбекпен жеткен бақыт кілтінің қаншалықты қымбат екенін түсіндіруде Зыли­ха анамыздың жүріп өткен жолы расында да баға жетпес екені анық. Ұлт тұлғалары Қуандық Шаңғыт­баев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» атты қойылымын­дағы Айсұлу есімді қыз осы Зылиха Тамшыбаева­­ның түптұлғасы екенін біреу білсе, біреу білмес. Өнер тарландары Зылиха Жанболатқызының ауылына талай қонақ болып, концерттік бағдарлама тарту етіп, аунап-қунап қайтатын. Сонда халық еңбеккер ананың тек бақытты жүзін көретін. Ол төрт перзентінің ғана емес, тұтас елдің анасы болып жүрді. Естелік кітабында балаларының жоғары оқу орнында жүргенде жазған сағыныш хаттарын қайта-қайта оқып отыратыны, жиі-жиі көзіне жас алатыны айтылады. Біз бұдан Зылиха Тамшыбаеваның жай ғана еңбек адамы, озат жұмыскер екенін біліп қоймай, кең жүректі, мейірбан ана болғанын тани түсеміз. Ұлттың анасын дүйім Алаш жұрты ардақ­тайтын. Ол барда Көксу ауданында жастар ара­сын­дағы тентектік, ауыл арасындағы ірілі-ұсақты қылмыстар азайып, ел бейбіт еңбек етуге көшті. Әсіресе, қоғамның жегіқұрты­на айнал­ған, ел болып күресіп келе жат­қан жем­қор­лық, жең ұшынан жалғасқан бар­мақ басты, көз қысты әрекеттер Зылиха бас­шы­лықта жүр­ген­де сап тыйылды. Ұрлық-қарлық азай­ды. Апайдың осындай ел байлығын еселеу мақ­сатындағы ұлағатты істері мені қайран қал­ды­рады және алдағы уақыттағы қызмет бабын­дағы жұмыстарыма серпін береді. Зылиха Тамшыбаева басқарған ауыл қазіргі таңда да еңбегімен елеулі. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасын өсіруде де алдыңғы қатардан көрінді. Соңғы екі жылда қызылша алқабының бағы қайта жанып, Елбасының тапсырмасына сәйкес, егістік көлемі артты. Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов бұл істі өркен­детіп, болашақта қант қызылшасын өсіруден, мол өнім алудан, отандық өндірісті дамытудан алдыңғы қатарға шығатынын тілге тиек етті. Зылиха Жанболатқызының басты ерекшелігі – еңбек адамдарын құрмет­тей білуде еді. Жергілікті кадрлар­дың еңбек ету мүмкіндігін арттырып, әр­бір қызметкердің жұлдызын жаға біле­тін. Қай кезде де ауыл ақсақалдарымен санасып, солардың алғысын арқалап жүр­ген анамыз 74 жасқа қараған шағын­да өмірден озды. Біз үшін онымен бір­ге бүкіл еңбектің туы құлағандай әсер еткені жалған емес. Рас, өмір өлшеулі. Бірақ кім қалай өмір сүретіні ерекше маңызға ие. Саналы ғұмырын адал еңбекке сарп етіп, бейнетінің зейнетін көрген анамыз шын мәнінде бақытты жан еді. Өзін қартайдым деп босаңсытып жіберген жоқ. Жаспын деп өрендердің алдын кескенін тіп­ті көрмедік. Зылиха анамызбен бірге үзең­гілес Зәкария Сейітова, Битай Тәтенова секіл­ді еңбек адамдарының есімдері де қатар ата­лады. Сол замандастарымен тізе қоса Зыли­ха Тамшы­баева ерен еңбектің үлгісін қалып­тас­ты­рып, тәрбиенің мектебін салып кеткен Көксу – жұпар ауалы Жетісуда аққан жеті өзеннің бірі. Көксудың жағалауын мекендеген ел үшін Зылиха Тамшыбаеваның орны ерек қашанда. Ұлтының мақтанышы бола білген тұлға әрі ұлт анасының жар­­қын жолын жалғастырып әкететін жас­тар­дың екпініне еріксіз сүйсінеміз. Ұлт анасы­ның 80 жылдық тойы бүгінгі­дей ең­бек­тің көрігі қызып тұрған шақта өне­гелі, мерей­лі басқосу болмақ. Соның жарқын дәлелі ретін­­де бұл күндері облыстық деңгей­де қант қызыл­шасын өсіру бойынша ғылы­ми-теория­лық конференцияның ұйымдасты­рылып, спорттың сан түрінен жарыстар өткі­зі­ліп жатқанын айтуға болады. Бұл қайсар­лық пен нәзіктіктен тек өзіне ғана тән әдемі жол таба білген Зылиха Тамшыбаеваға өңір халқының көрсетіп жатқан құрметі болып саналады.  Алмас ӘДІЛ, Көксу ауданының әкімі  Алматы облысы