• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Оқуды тастап кеткен грант иегерлері ақшаны қайтара ма?

3418 рет
көрсетілді

Бүгінде ел бюджетінен мемлекеттік грантта оқитын студенттердің білімі үшін қыруар қаржы бөлінеді. Ал тегін оқуға түскеннен кейін кейбір грант иегерлері студенттік өмірдің еркіндігін басқаша қабылдап, сабақты оқымай не өз еркімен ЖОО-ны тастап кетеді. Ондай жастар аз емес. Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің ойынша, гранпен білім алып жүріп, оқудан шығып кеткен студенттерге мемлекет қара­жатын қайтаруды міндеттеу керек. («Тегін оқудың да сұрауы болады», «Е.Қ» 29.07.2016ж.). Алайда, Бі­лім және ғылым министрлігі ол бастаманы құптамайтын тәрізді. Уни­верситет оқытушылары болса, ондай механизмнің болғаны дұрыс деп санайды. Білім саласының кемшіліктері қаралған Есеп комитетінің кезекті бір отырысында Қозы-Көрпеш Жаң­быршин: «Грантта оқыған жүздеген студентті сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарды. Олар ішкі тәртіпті бұзды. Бұл дегеніміз, бұзақылық жасайды және тағысын тағы. Сосын өз еркімен оқуды тастап кеткендер бар. Міне, осы студенттерді оқыту үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Біздіңше, «Болашақ» бағдарламасы сияқты бюджет қаражатын қайтарудың бел­гілі бір ережесін әзірлеу керек. Ондай механизм қажет. Ол жағынан ешкімде қарсылық жоқ деп ойлаймын. Студенттер оқуына қыруар қаржы жұм­салды. Меніңше, ондай адам­дарға жұмсалған бюджет қаражатын қайтарудың механизмі болуы керек», – деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Сол кезде комитет төрағасы ондай механизмді іске қосу туралы шешімнің міндетті түрде болатынын жеткізген. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова да осы бастамамен келіскендей болған. Алайда, бәрін сараптай келе, министрліктің ұстанымы өзгерген тәрізді. «Мәселенің мәнісі неде? Адам грантты жеңіп алды. Бұл – оның жеке құқығы. Ал бір-екі жылдан кейін аталған студент оқудан шығып кетсе, грант оның орнына лайықты басқа студентке беріледі. Әрине, ол студенттің сабақ үлгерімі жақсы болуы тиіс. Оны арнайы комиссия шешеді. Былайша қарағанда, мемлекет шығын көріп отырған жоқ. Себебі, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студент ақшаны төлеп келді. Ал грантта оқыған студенттің ақшасын қайтару мәсе­лесі әлі пысықталып жатыр. Біз Есеп комитетімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Дегенмен, құ­қықтық тұрғыда грант иегері заңға қайшы әрекет жасап отырған жоқ. Ата Заңы­мызға сәйкес, кез келген адам конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы. Студент сол құқығын жеңіп алды. Әрине, ол оқуды әрі қарай жалғастыра алмаса, бұл – мүлдем басқа мәселе», – деді вице-министр Б.Асылова «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Оның сөзіне қарағанда, оқудан шығып кеткен грант иегерінің ақша­сын қайтару мәселесін әлі де пысықтау қажет. Себебі, Конституциялық кеңес, прокуратура сияқты мемлекеттік органдар осы бастаманың құқықтық жағын зерделеп шығуы тиіс. Білім және ғылым министрлігі өз кезегінде нақты шешім шығарылғанда ресми түрде мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр. Иә, құқықтық тұрғыда минис­трліктің уәжі ойға қонымды. Дегенмен, грантқа кететін қаржының салық төлеушілердің бюджетке төлеген ақшасы екенін де ұмытпау қажет. Ол қаржы тиімсіз жұмсалса, Есеп ко­митетіне ғана емес, білім саласына да үлкен сын. Оны университет оқы­тушылары да жақсы түсінеді. Олардың ойынша, тиімсіз гранттың ақшасын қайтару механизмі енгізілсе, студенттер оқудан шығып кетуден қорқатын болады. «Енді, бюджетке ақша қайдан келеді? Халықтан. Ал сен ол ақшаны аласың, бір-екі жыл тайраңдап жүріп оқисың да, тастап кетесің. Одан мемлекетке, қоғамға, жалпы халыққа келетін пайда бар ма? Сондықтан ондай бастама қажет. Ол грантта оқитын студенттерді қамшылап отыратын болады. Тағы бір мәселе, мемлекеттің де міндеті болуы қажет. Мысалы, халықтың ақшасына оқыған бала оқудан кейін жұмыссыз қалады. Сонда халықтың ақшасын кім қайтарады? Сондықтан мемлекет оны жұмысқа тұрғызу мәселесін өз мойнына алып, бюджет қаражатының қайтарымын қамтамасыз етуі тиіс», – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафе­дра­сының аға оқытушысы Ержан Ыбыраев.  Арман АСҚАРОВ