• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Саланың сауалы көп жаңалығы

197 рет
көрсетілді

Бір замандарда қазақ мектептеріне бала­ларыңызды беріңіздер деп үй аралап, ата-аналарды үгіттеп, әрбір орыс мектебінің ішінен қазақ сыныптары ашылғанына қуансақ, қазір шүкір, ол артта қалды. Астанадағы «Лесная поляна» тұрғын үй массивіндегі орта мектепте биыл 17 бірінші сынып ашылыпты. Біреулер ол ауылдардан көшіп, қалаға орныққан қазақтардың әсерінен, әйтпесе соншалықты демографиялық тасқын болып жатқан жоқ десе де, әйтеуір қалай болғанда да, қазақ мектептеріне баратын балалар саны кеміген жоқ. Бірақ, сол балқұрақтай майысқан балаусаны қазір қай бағдарламамен оқытып, сөмкесіне қандай кітаптар салғызып қойдық өзі? Биылғы бірінші сынып мектепке бармай жатып «Әліппемен» бірден қоштасқан. Бұрын мектеп табалдырығын жасқана аттаған шынашақтай бүлдіршін «Әліппесін» әспеттей көтеріп, ондағы әрбір суретке, әрбір әріпке таңдана қарайтын. Танып-білген күні «Әліппемен қоштасу» атты салтанатты кеш өтіп, ол балдырғанның көңілінде мәңгілікке жатталатын. Халқымыз сауатсыз жанды «Әліпті таяқ деп білмейді» деп шенеп, әліппе атауына ерекше құрмет танытып: «Әліппем менің, әліппем, Сені қолға алып мен. Есігін аштым білімнің, Ертеңгі сәуле жарықпен», – деп баласы әліп­песімен қоштасып жатқанда өзінің де шынашақтай кезін еске алатын. Ал қазір мәселенің басты түйіні – бұрынғыдай «Әліппеге» емес, «Сауат ашуға» тірелген. Балдыр­ғанның білімге деген алғашқы тиянақты қадамы осы пәннен басталады деп шешкен министрлік кішкентай балалардың сөмкесін тым ауырлатып жібергендей. Сенбесеңіз, санап көріңіз. «Сауат ашу» – 2 кітап,  – «Өзін өзі тану», «Жаратылыстану», «Дүниетану», «Математика», «Орыс тілі», «Ағыл­шын тілі» – 2 кітап, барлығын қосқанда бақандай 9 кітап. Сәл бір сал­мақтан майысатын балқұрақтың ауыр кітапты арқалағаннан скалиозға шалдық­пасына, бойының өспей қалуына кім кепіл? Кө­тере­тін салмағын былай қойғанда, балалар үшін ана тілінен өзге екі тілді меңгерудің үстіне айналадағы әлеммен таныстыратын түрлі «тану» пәндерін енгізу қаншалықты дұрыс? Оның үстіне, біздің елімізде жасыратыны жоқ, мектеп жасына дейінгі балдырғандардың бәрін бірдей балабақшалармен қамтудың мүмкіндігі шектеулі. Ал қазіргі «Сауат ашу» бойынша балалар мектепке әріп танып келуі тиіс, балабақшаға бармаған, дайындық тобын көрмеген бүлдіршіннен оны талап ету қалай болады, деген де сауал туындайды. Бір жылдары іссапармен Нидерландқа жол түскен. Мұндағы білім беру саласындағы өзгешелік – мектепке 4 жастан бару және балалардың жас ерекшелігіне байланысты олардың тез шаршауын есепке алып, пәндердің ойын түрінде жүріп, сабақ 15 минут шамасынан аспайтынында екен. 4-12 жас аралығы бастауыш мектеп болып, ал орта білім 12-18 жас аралығында оқытылады. Жоғары білім 18 жастан ғана беріледі. Білім беру мекемелерінің тек 30 пайызы ғана мемлекеттік, қалған 70 пайызы қоғамдық немесе діндарлық ұйымдардың, жеке тұлғалардың меншігінде болғанымен, мемлекет тарапынан білім беру бағдарламаларына қатаң талаптар қойылғандықтан, мектептер мен университеттерде жоғары сапалы білім қамтамасыз етіледі екен. Сонымен қатар, Нидерландта жыл сайын 1 мил­лионнан астам жас кәсіби-техникалық, орта және жоғары оқу орындарында білім алып, олардың 40 пайызы орта, 30 пайызы кәсіби және 17 пайызы ғана жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады. Политехникалық ЖОО-ларды голландтықтар жоғары мектеп санап, мұнда экономиканың барлық саласына қажетті мамандар оқытылады. Қазір сол елде 55 осындай жоғары мектеп бар екен. Және Голландияның ешбір университетінің ерекше мәртебесі жоқ, барлығы да жоғары сапалы білім беретіндіктен, оның дипломдары әлемде жоғары бағаланады дегенді де естідік. Шынында да, әлемге стандарт таратушы еуропалықтардан қабылдайтын да, қабылдамайтын да тұстар бар тәрізді. Мәселен, сол еуропалық стандартқа жауап беретін қай елдің де мектеп түгіл ЖОО бітірген сауатты деген азаматының жағрапиядан түсінігі тым таяз. Пәкістан мен Ауғанстанды шатастырып, біздің ел тәрізді мемлекеттерді білмеуіне мүлде таңдануға болмайды. Білім берудегі күмәнді ойлар көңілді күпті ете берген соң Білім және ғылым министрлігінің сайтына кіргенбіз. Оқулық деген тұсын түртіп қалып едік бірнеше сауал алдан шықты. Сөзіміз жалаң болмауы үшін бір-екеуін ортаға салайық. Шымкенттік Дина Әбдіқадырова 19 қыркүйек күні былай деп жазады: «Сәламатсыздар ма? Шымкент каласынан хат жазып отырмын. Оқулық мәселесі жөнінде, мектепте оқулық жоқ. Базар толы кітап. Сонда мемлекет бөлген оқулық кайда кетіп жатыр. Қазір 1 оқулық (ағылшын тілі 3800 теңге) қай жағына жеткізерімді білмей дал болып отырмын. Осы сұраққа жауап беріңіздерші» десе, Астанадағы №60 мектепте баласы оқитын Айжан Мырзахметова да дәл осы күні: «Оқу жылы басталды, үйге тапсырмалар беріліп жатыр, бірақ оқулықтар жоқ. Оқулықсыз бала қалай сабақ әзірлейді? 100 пайыз қамтамасыз етілу жайы қаншама айтылды, егер елордада осындай мәселе туса, онда өңірлерде қандай болғаны», дейді. Сонда біз базасы жоқ бағдарламамен, әліппесіз мектепте доңғалақсыз арбаны алға жылжытамыз дегендей болып жүріп болдырып, ұрпақ алдында ұятқа қалмаймыз ба деген ой жиі мазалайды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»