«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолы ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Дегенмен, күрежолдағы кейбір мәселелер жол бақылау орындарын алаңдатып отырғаны байқалады.
Осыдан біршама уақыт бұрын облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы жолға қатысы бар сала басшыларының басын қосып, жолда қабылдау акциясын өткізген болатын. Ауыр жүк көліктерін тоқтатып, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады, ұсыныстарына құлақ түрді. Әр күні жол сақшыларының басшысын кездестіре бермейтін көпшілік ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында белоруссиялық Леонид Яскеевич те болатын.
– Қазақстан аумағындағы жолды 100 пайыз жақсы дей алмаймын. Бірақ бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған. Ал кейбір жерлері толқынданып кеткен. Көлігің селкілдеп мазаны алады. Түсінемін, бұл жолды халықаралық деңгейге көтермек ойларыңыз бар. Құптаймын. Дей тұрғанмен, сапаға басты назар аударып, жол жасаушы жұмысшыларды қатаң қадағаласаңыздар екен, – деді белоруссиялық жүргізуші.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының барлық көлемі көңілден шықпайды емес. Ел аузындағысы – Қызылордадан Шиеліге бет алған жолдың кей тұсы. Бұл мәселе көтерілгенде «Қазавтожол» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай «Бұл жол пайдалануға берілмеген. Әлі де жұмыстар істеледі», деп қысқа қайырған еді.
Енді күрежолдың ойылуының себебіне көшсек... Өткен жылдың аяғында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында «Еvrascon» Еуразиялық құрылыс корпорациясы» ААҚ Қызылорда филиалы қызметкерлерінің жанайқайы жарияланды. Жүргізушілер көліктік бақылау инспекциясы мамандарының ауық-ауық айыппұл арқалата бергеніне наразылық танытқан. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар тәртіп сақшыларын көргенде кірпідей жиырылып, қабақ түйетін деңгейге жетті. Әліптің артын бағып, мән-жайға қаныққанда олардың жүк көліктеріне артық салмақ артуға құмар екені анықталды.
– Біз инспекция бастамасымен облыс әкімдігіне жоба ұсындық. Қолдау тапты. Ол жобада біз барлығын егжей-тегжейлі қарастырған болатынбыз. Мысалы, «Хова» автокөлігі тіркемесімен есептегенде 1 вагон жүктің салмағын тасиды. Егер темір жол қызметін пайдаланса, олар 1 күн күтуі керек. Ал автокөлік төрт сағатта қалаға жеткізеді. Қаражаты да тиімді, бірақ заңға қайшы. Күні кеше салынған жолды ойлы-қырлы етіп жатыр. Тіркемесімен «Хова» автокөлігі (жүк салып) бір жүріп өткенде, 50 мың жеңіл автокөліктің жүріп өткеніндей болады. Ал мемлекетке тигізіп отырған зиянына келсек, 180 шақырымға 900 мың теңге. Мұнан соң мәселені шешудің жалғыз жолы артық салмақ салушылармен күресу болды, – дейді инспекция басшысы Ержан Жолдасов.
«Еvrascon» Еуроазиялық құрылыс корпорациясы» ААҚ Қызылорда филиалы бұл күнде өздеріне қажетті құрылыс материалдарын темір жол қызметімен тасымалдайды. Өйткені жоғарыда аталғандай, мекеме иелігіндегі ауыр жүк көліктері қазақстандық талапқа сай келмейді. Мұны мекеме заңгері де растап отыр.
– Бізге рейд басталғалы бері 8 миллион 571 360 теңге шамасында айыппұл салынған. Қанша үлкен мекеме дегенмен, бұл – әжептәуір шығын. Біздің алатын құрылыс материалын, мекеме жұмысшыларының жалақысын қосқанда, қанша қаражат керек. Егер біз айыппұлды 40 күнде төлемейтін болсақ, есеп-шотымызды жабады. Арғы жағы біз тіпті қызметкерлерге жалақы төлей алмайтын жағдайда қаламыз. Енді қажетті материалдарды темір жолмен тасымалдап, қоймадан қажетті жерге дейін жергілікті компаниялардың жүк көліктерімен келісімшарт арқылы жеткізіп отырмыз. Бұл – бұрынғыға қарағанда екі есе шығын, – дейді заңгер Ғани Бекпаев.
Өңірдегі құрылыс саласында өзіндік орны қалыптасқан «Қыран» ЖШС мекемесіне ұзын саны 1 миллион 26 960 теңге айыппұл салынған. Дегенмен, аталған компания жергілікті талапқа сай келмейтін ауыр көліктерді жолсызға жөнелтіпті.
– Негізінен бұл көліктер 25 тоннаға дейін көтеруге қабілетті. Бірақ заңдылыққа сүйенсек, 7-8 тонна ғана жүк салу керек. Бұл көлем жанармай шығынын да ақтамайды. Ал қалауымызша салсақ, айыппұл мөлшері қалтаны қақпақ. Амалсыздан, мұндай техникаларды біз Шалқия, Құмкөл кент орындарына, асфальт жоқ жерлердегі карьер басына жібердік. Олар сол жақта жұмыс істейді. Ал қаладағы жұмысымызға талапқа сай келетін «КамАЗ» автокөліктерін тіркемесімен қолданып жатырмыз. Қазір шаһардағы «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарындағы жер телімдерінің жұмысымен айналысудамыз. Оған қолда бар «КамАЗ»-дар мен жеке тұлғалардың көліктерін жұмылдырып келеміз. Көп жағдайда темір жол қызметін пайдаланып жатырмыз. Бұл қызметтің тарифі сәл қымбаттау, бірақ жұмысты жүргізу керек, – дейді «Қыран» ЖШС директорының орынбасары Сәрсенбай Әбішев.
Тариф мәселесіне келгенде Қызылорда жолаушылар тасымалы бөлімшесі директорының логистика жөніндегі орынбасары Батырхан Базарбаев біршама мәселенің бетін ашты.
– Темір жол тарифі бұрыннан арзан емес. Өйткені, оның шығыны да жеткілікті. Біз карьерден Қызылордаға дейін, тіпті олардың қоймасына дейін апарғанда әжептәуір шығын шығады. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, бұрын артық салмақ тиегенде көп айырмашылық болған шығар, қазіргі есеппен алсақ, айырма көп емес. Компанияға он «КамАЗ» жүк тасыған тиімді ме, әлде бір вагон жүк әкелген оңай ма? Осыны ойлану керек. Мысалы, «Қыран» мекемесі бір күнде 70 вагон инертті зат әкеледі. 13-14 вагоныңыздың өзі 1000 тонна болады. Оны автокөлікпен таситын болса, үлгермейді, ол үшін айналымда 500 машинаңыз болу керек, – деді Батырхан Бақытбекұлы.
Жол сапасын зерделеп, оны күтіп-ұстау үшін қатаң қағидалар қалыптасты. Тіпті жазғы-көктемгі шектеулер пайда болды. Мәселен, ауыр автокөліктің әр осіне қойылар салмақтан 2 тонна кем болу керек. Өйткені, қысқы қардың еріп, асфальт дымқылданған сәтте жұмсақ болып келеді. Мұндайда ауыр салмақты көліктер өтсе, доңғалақтың ізі қалып қояры анық. Жазы аптап ыстық болатын біздің өңірдің ерекше температурасындағы шектеудің себебін айтпасақ та түсінікті болар. Ең негізгісі бұл емес. Жолдағы артық салмақты шектеу арқылы біз үш нәрсеге қол жеткіздік. Айыппұлдарды төлеу арқылы бюджетке едәуір түсім түсті. Екіншіден, жеке тұрғындардың қаңтарылып бос тұрған жүк көліктеріне сұраныс артты. Ал үшіншісі, автокөлік қызметін заңды пайдалану тиімсіз болғандықтан, алпауыт мекемелер темір жол қызметін пайдалануға көшті. Мұның үшеуі де мемлекеттің оң жамбасына келер нәтижелер.
Мемлекеттік органдардың бірлескен шарасының нәтижесі болса керек, темір жол қызметінің жыл басынан бергі тек қана құрылыс заттарын тасымалдауы өткен жылдан 148 пайызға өскен. Түсімінің негізгі көлемін жүк тасымалы құрайтын ұлттық компания үшін бұл үлкен жетістік. Филиал директорының орынбасары Б.Базарбаевтың айтуынша, бұған көліктік бақылау инспекциясы мамандарының да зор еңбегі сіңіп отыр.
– Біздің қызметіміздің 69 пайызын тек қана жүк тасымалы құрайды. Мәселен, «Аралтұз» АҚ айына 300 вагонды Ресейге жөнелтеді. Одан бөлек, жеке компанияларға тоқталсақ, өткен жылы небәрі 5 вагон жүк әкелген «Қыран» ЖШС биыл осы күнге дейін 1192 вагонға тапсырыс берді. Ал «УАД» мекемесі болса, өткен жылғы 950 вагонды биыл 2372-ге жеткізді. Сондай-ақ, былтыр қызметімізді мүлдем тұтынбаған «Ордасити» 141 вагонға тапсырыс берсе, «Шиелі тас» 430 вагонның қызметін пайдаланды. Тапсырыстың молаюы инспекцияның тынымсыз тірлігімен қоса, өңірде құрылыс жұмыстарының қарқынды болуына да байланысты деп санаймын, – дейді Батырхан Бақытбекұлы.
Жолды күтіп-ұстау үшін ең алдымен тәртіп керек. Ал тәртіпке бас игеннің құл болмайтыны әу бастан белгілі. Пайдаға шаш-етектен кенелемін деп, жолға зиян келтіруге болмайды. Оған жол берілмейтінін де ескерген абзал.
Дәулет ҚЫРДАН,
журналист
Қызылорда облысы