1996
* 9 қаңтарда Президенттің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.
*13 қаңтарда Бурабайда Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттерінің жұмыс бабындағы кездесуі болды. Президенттер – Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов және Асқар Ақаев Орталық Азияда 2000 жылға дейін үш республиканың экономикасын жақындату бағдарламасы негізінде жүргізіліп жатқан интеграциялық үдерістердің барысы туралы пікір алмасты.
*15 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі Элизабет Джоунсты оның өтініші бойынша қабылдады.
*17-18 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапар жасады.
*30 қаңтарда Қазақстанның екі палаталы тұңғыш Парламенті өз жұмысына кірісті. Оның алғашқы сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
*13 ақпанда Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин Мәскеу іргесіндегі Барвихада демалыста жүрген Нұрсұлтан Назарбаевқа барып жолықты. Кездесу барысында Қазақстан-Ресей қатынастарын дамытудың мәселелері талқыланды.
*21 ақпанда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Е.Примаков Қазақстанға сапармен келді. Ол Президент Н.Ә.Назарбаевпен кездесті. Әңгіме барысында олар екі жақты ынтымақтастық, ТМД шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді және бірқатар халықаралық мәселелерді қарастырды.
* 2 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде «Президент Назарбаев. Кісілік келбеті» тақырыбымен белгілі қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммедпен көлемді сұхбат жарияланды. Сұхбатта Елбасының парасат сипаты, адамдық қасиеттері туралы қалың оқырман қауымға беймәлім көптеген жайлар әсерлі әңгімеленген.
*12 наурызда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері Президент Жарлығымен белгіленді. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы болып табылады. Хаттамалық жағынан жоғарылығын анықтаған кезде Мемлекеттік хатшының лауазымы Премьер-министрдің лауазымынан кейін тұрады деп белгіленді.
* 26 наурызда Үкімет 1996 жылдың 1 сәуірінен бастап осы күнге дейін қалыптасқан еңбекақы, асыраушысынан айырылуына байланысты, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің мүгедектігі бойынша әлеуметтік зейнетақылар мөлшерін 20 пайызға өсіру туралы шешім қабылдады.
* 29 наурызда Мәскеуде Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Ресей арасындағы экономикалық және гуманитарлық саладағы интеграцияны тереңдету туралы шартқа қол қойылды.
*2 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі белгіленді. Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті (кәдімгі «ов» пен «ова» айтылып тұр) алып тастай отырып, өзгертуге қақылы, алайда, тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде оған азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады.
*11 сәуірде Президент жанынан Жоғары экономикалық кеңес құрылды. Кеңестің міндеттері – стратегиялық сипаты бар проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстар, Мемлекет басшысы үшін экономиканың, оның негізгі салалары мен секторларының жай-күйі жөнінде баяндамалар мен талдау материалдарын, мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық саясатының негізгі бағыттары жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
* 26 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге қол қойды. Қазақстан үшін бұл құжаттың маңызы аса жоғары болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақтастық негізінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынастарының жаңа кезеңі басталды. Қол қою рәсімінен кейін Қазақстан басшысының ҚХР төрағасы Цзян Цзяминьмен кездесуі болып өтті.
*27 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының президенттері Каспий бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеру құқығы Қазақстанға берілсе, ал Ресей бұл салада барынша жәрдемдеседі деп белгіленді.
*6 мамырда Бішкек қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов және Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев өзара кездесіп, бірқатар келісімдерге қол қойды.
*11 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Президенттер Каспий теңізі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады.
*13 мамырда Ирандағы Мешхед-Серахс-Теджен учаскесінде Трансазия магистралінің темір жолдары түйісті. Шын мәнінде тарихи маңызы бар осы желіні ашудың салтанатты рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Әзербайжанның, Арменияның, Ауғанстанның, Грузияның, Иранның, Қырғызстанның, Пәкстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның, Түркияның, Өзбекстанның президенттері, Ресей мен Украинаның үкімет басшылары келді.
*16 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысты. Онда Мемлекетаралық кеңес пен Интеграциялық комитеттің қызметін ұйымдастыру жөніндегі мәселелер қаралды.
*19 мамырда Алматыда, Абай атындағы опера және балет театрында ақын Олжас Сүлейменовтің 60 жылдығына арналған кеш болды. Кеште сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев ақынның тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік поэзия мен мәдениетке қосқан зор үлесін атап өтті.
*23 мамырда Елбасы Жарлығымен Ақмола университеті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті болып қайта құрылды.