• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Мал дәрігерінің мәртебесі неге төмен?

500 рет
көрсетілді

«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөзді осы күні жиі еске алуға тура келіп тұр. Өйткені, мал аурулары көбейіп кетті, ал олардың адамға тарайтындары тіпті артып тұр. Өркениетті елдердің кейбірінде мүлде ұмытылған мал аурулары да бізден шығып жатқанына кейде шошынып қаламыз. Осыған Елбасы Н.Назарбаев та қатты назар аударып, үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекте Ақордада болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық облыс әкімдеріне ветеринарлық қызметтердің проблемаларын шешу туралы нақты тапсырма берген еді. Кезінде нақты өкілеттіктерді шегендеу мақсатымен барлық облыстарда мал дәрігерлік басқармалар немесе бөлімдер құрылды. Ал аудандарда ол әкімдіктің жанындағы ветеринария бөлімдері деп аталды. Сонымен қатар, мал аурулары таралуының алдын алу, ветеринарлық жұмыстардың өндірістік-шаруашылық әрекеттерін іске асыру үшін аудандық деңгейде 200 коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорын (аудандық ветеринарлық станса) және 2341 ветеринарлық бекет құрылған. Осы қызметтердің нәтижелі болуы үшін Ауыл шаруашылығы министр­лігінен трансферт ретінде бөлінетін қаражат жергілікті жерде тиімді пай­да­ланылмай отыр. Оның негізгі бөлігі мал ауруларының алдын алуға жасалатын профилактикалық шараларға емес, ғимаратты сақтау немесе жалдау шы­ғындары мен еңбекақыларға жұмса­лады. Оның үстіне 35-55 мың теңге ара­лығынан аспайтын жергілікті мал дәрі­герінің еңбекақысы халыққа ветери­нарлық қызметті жоғары деңгейде жасауға ынталандырмайды. Мұндай еңбек­ақы үшін тұрғындар арасында мал ау­руларына қарсы егу немесе емдеу шара­ларын атқару сияқты мазасыз әрі қиын жұмыстарды ешкім де атқарғысы келмейді. Осының кесірінен аудандық ветстансалар мен ветбекеттерде мал дәрі­гері маманының вакансиясы бос тұрады. Оған бөлінетін қаражатты жергі­лікті басшылық басқа қызметтерге бөліп беріп жататын жағдайлар да жиі кезде­седі. Тағы бір айта кететін жайт, қазір мал дәрігері мамандарының да дай­ын­далуы төмен, қазір еңбек етіп жүрген­дердің негізгі бөлігі кеңес уақытында білім алғандар. Міне, осындай келеңсіздіктер елдегі эпизоотикалық және эпидемиологиялық жағдайды күрделендіріп жіберіп отыр. Үстіміздегі жылы елімізде аса қауіпті мал ауруларының 95 ошағының тіркел­гені соның айғағы. Тұрғындар арасында 4 адам малдан жұққан құтырудан, 3 адам түйнемеден (сибирская язва) қайтыс болды. Соңғы кесел 17 жерден шыққан. Осы аурулардың шығу төр­кінін зерттеу барысында мал ара­сын­дағы топалаңға қарсы вакцина­ция жүргізудің кемшіндігі, вете­ри­нарлық препараттардың дұрыс сақтал­май­тын­дығы, сау малдардың ауру ошақ­тары жойылмаған жайылымға бағы­ла­тындығы, өлген малдардың өлексесін ауру тарамайтындай етіп жою әдістері қолданылмайтындығы анықталды. Ал мал санының жыл сайын өсіп келе жатқаны, оның өнімдерін экспортқа шығарудың артуы, халықаралық нарыққа шығудың өсуі – осының бәрі ауылдық елді мекендерде ветеринарлық шараларды жоғары білікті мамандардың жүргізуін талап етеді. Осының бәрін қорытындылай келіп мен Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына тө­мен­дегідей талап қойылған депутаттық сауал жолдадым: – Жергілікті атқарушы органдардың мал дәрігерлік жұмысын жетілдіру; – Ветстансалар мен ветбекеттерді ұстауға қосымша қаражат бөлу және олар­ды арнайы орындармен қамтама­сыз ету; мал дәрігерлерінің еңбекақы­сын бюджеттен еңбекақы алатын мем­ле­кеттік қызметкерлердікімен теңестіру; – Ветеринарлық бөлімдердің штат­тық құрылымын мал саны мен ветери­нарлық-профилактикалық жұмыстардың аумағына қарай белгілеу және бір маманның атқаратын жүктемелік нормасын анықтау; – мал дәрігерлерінің білімін жетіл­дірудің тегін курстарын ұйымдастыру; – ЖОО-ларда мал дәрігерлерінің гранттарының санын арттыру және олардың шаруашылық құрылымдарында тәжірибеден өтуін ұйымдастыру. Міне, осы шаралар орындалса елі­міздегі эпизоотикалық және эпидемио­логиялық ахуал жақсарған болар еді. Менің депутаттық сауалымды қолдап, бірнеше әріптестерім де қол қойды. Үкімет басшысы біздің талабымызды орындар деген үміттеміз. Құралай ҚАРЕКЕН, Мәжіліс депутаты