Қазақстаннан шыққан неміс боксшысы Эдуард Гуткнехт Геннадий Головкинді қалай жеңгенін айтып берді, - деп хабарлайды Boxing News.
«Оқиға Германиядағы Chemie Pokal турнирінде болды. Бұл жекпе-жекке аутсайдер ретінде шықсам да, Головкинді ұпай айырмасы бойынша жеңдім. Бұл менің бірінші кездесуім еді, ал кейін мен турнирде жеңімпаз атандым» - дейді неміс боксшысы Эдуард Гуткнехт.
Оның пікірінше, Головкинмен жекпе-жек ең ауыры болған. «Сақ болуға тырыстым. Ол өте күшті соққылар жасады. Көп қозғалуға мәжбүр болдым, бірақ екі жақсы соққы жасай білдім, осыдан кейін Головкиннің соққыларына төтеп беруім тиіс болды. Геннадий – менің досым, оның қазір істеп жүргендері адам нанғысыз, мұнда мәселе оның жеңістері жайлы ғана емес, ол – машина», - дейді сөз соңында.
Эдуард Гуткнехт Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. Алайда ол 11 жасында отбасымен Германияға көшіп кеткен. Бокспен 13 жастан бастап айналысқан. Кәсіпқой бокста ол 34 жекпе-жек өткізіп, оның 29-ында жеңіске жеткен, ал 12-сін нокаутпен аяқтаған. Қазіргі таңда Германияның Гифхорн қаласында тұрады.