• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату қоғам үшін тиімсіз - Абаев

266 рет
көрсетілді

Блогосфераға қатаң бақылау орнату қоғам үшін тиімсіз. Бұл пікірді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фесбуктағы парақшасында білдірді, деп хабарлайды Егемен-ақпарат. «Қымбатты достар! Екі апта бұрын «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырғанымызды білесіздер. Бұл осы саланы дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша өзара пікір, идея алмасу үшін жасалған қадам болатын. Әрине, жан-жақты диалог аталған заң жобасы нақты механизмдерімен назарларыңызға ұсынылған кезде басталады. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, осы алғашқы кезеңнің өзінде қоғам мен медиа қауымдастықты алаңдататын негізгі мәселелер белгілі болуда. Мәселен, блогерлер мәртебесіне өзгерту енгізу ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сондықтан, дәл осы мәселенің мән-жайына тоқтала кетсем деймін. Бұл жерде көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Өз басым, мұндай әрекет қоғам үшін тиімсіз деп санаймын. Біз тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беруді ұсынып отырмыз. Яғни, бұл дегеніміз оларға жаңа мүмкіндік пен құқық беріледі деген сөз», - деп жазды министр. Сонымен қатар ол тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталастың жандануы уәкілетті орган ретінде министрлікті тек қуантатындығын және сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеретіндігін атап өткен. «Бүгінгі күнге дейін «АНҚА» порталына нақты ұсыныстар мен идеялардың түспеуі медиа қауымдастық өз болашағына бей-жай қарайды деген сөз емес деп ойлаймын. Баршамызға ортақ мәселеге қатысты ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді күтеміз»,- дейді Дәурен Абаев.