• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Қазақстан чемпионаты Павлодарда өтеді

334 рет
көрсетілді

Қазақстан бокс федерациясы еліміздің 2016 жылғы чемпионатын өткізуге тілек білдірген үміткер қалалар – Өскемен мен Павлодардың өтініштерін қарай келіп, Павлодарды таңдады. Шешім Бокс феде­рациясы атқару комитеті бюро­сының отырысында қабыл­данды. Чемпионат 19-27 қараша күн­дері жалауын желбіретеді. Ко­ман­далар 19 қараша күні келіп болады. Шаршы алаңдағы ірік­теу шайқастары 20-24 қараша ара­лығында өтеді. Ал 26-27 қара­ша­да жартылай финалдық және фи­налдық жекпе-жектер ойна­лады. – Павлодар – бұрыннан жақсы бокс дәстүрі бар, инфрақұры­лы­мы жақсы дамыған және қызу­қанды жанкүйерлері көп қала. Мұнда халықаралық бокс тур­нир­лерін өткізіп тұруда да бай тәжі­рибе жинақталған. Қалада 2016 жылы ғана Азияның жас­тар арасындағы чемпионаты өт­ті. Ол керемет өткізілгендігімен Азия кон­федерациясы тарапынан жақ­сы баға алды. Павлодарда жыл сайын Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін және Рафаэль Вахи­товтің жүлдесі үшін ірі халық­аралық турнирлер өтіп тұра­ды. Павлодар облыстық бокс федерациясы қашаннан белсенді жұмыс жасап келеді. Оның бұл жолы да биіктен көрінетініне және чемпионаттың жергілікті жанкүйерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болатынына сенім мол, – деді Қазақстан ұлтық құрама командасының үйлестірушісі Болат Әбдірахманов. Чемпионат Павлодардың мың орындық «Баянтау» спорт сарайында өтеді. Облыстық бокс федерациясы атқару комитетінің директоры Азамат Мақажанов біріншілік барысында көрермен залында бос орын болмайтынына  сендіріп отыр. Егер тарихқа көз жүгіртсек, тәуелсіз Қазақстанның бірінші чемпионаты Павлодар облысында, Екібастұз қаласында өткенін білуге болады. Содан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Енді биылғы чем­пионаттың Павлодарда өтуінде символдық мән бар сияқты. «Егемен-ақпарат»