Кеше елордада «ЭКСПО-2017 – еліміздің туристік индустриясын дамыту драйвері» деген тақырып аясында дөңгелек үстел өтті. Туризм саласын дамыту жолдары, осы бағытта халықаралық көрменің аясында атқарылуға тиіс шаралар талқыланған жиынға «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы мұрындық болды.
Астана қаласы әкімдігінің, бірқатар министрліктердің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының өкілдері, қонақүйлер мен мейрамханалар және туристік операторлар қауымдастықтарының басшылары дөңгелек үстел басында халықаралық туризмді дамыту мүмкіндіктері, елорда төңірегінде қызықты туристік маршруттар қалыптастыру, экскурсия жетекшілерін дайындау, волонтерлер әзірлейтін кәсіби орталық ашу сынды жұмыстар бойынша ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Астанадағы қонақүйлердің дайындығы, пәтер мен бөлмелерді жалға беру жалға беру мәселелері де талқыланды.
Осы басқосуда айтылғандай, кез келген елде туризмді дамытуда ең маңыздысы – сол елдің халқы. Яғни, адамдарының қонақжай пейілі, туристерді қызықтыру шеберлігі басты рөл ойнайды. Сұлу табиғат, көрікті жерлер, тарихи нысандар мен музейлердің болуы одан кейінгі орында. Үшінші бір маңызды фактор – инфрақұрылым, туризмді өркендету ісінде ол да айрықша рөл ойнайды. Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі Тәңірберген Бердіоңғаровтың айтуынша, министрлік қазір осы бағытттар бойынша белсенді түрде жұмыс істеп жатыр.
«Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен тізе қосып, көптеген жұмыстарды қолға алуда. Атап айтар болсақ, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, 33 туристік маршрутты қалыптастырдық. Халықаралық көрмеге келген туристерді осы маршруттармен аралату жоспарланып отыр. Алдағы жылы Қазақстанға келетін шетелдік меймандардың қатары қалың болады деп жоспарланған. Еліміздің басқа өңірлерінен келетін қонақтар да аз болмауға тиіс. Оларға лайықты қызмет көрсету үшін елордаға және басқа қалаларға көлік қатынастарын жетілдіру қарастырылуда. Астана әуежайында жаңадан терминал салынып жатқан терминал осы мақсатқа арналған. Бұдан бөлек, теміржол вокзалының құрылысы жүріп жатыр. Яғни, туристердің әуе жолы ғана емес, еуропалық стандарттар бойынша салынған теміржол, автокөлік жолдары арқылы да сапарлауына толық жағдай жасалуы тиіс» деді Т.Бердіоңғаров.
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алдағы жылы Астана әуежайының халықаралық әуе бағыттары 51-ден 63-ке көбеймек. Рейстердің саны да 231-ден 350-ге жетеді деп жоспарланған. Теміржол вокзалы ай сайын 1 миллион адамды қабылдап, жыл соңына дейін 12 миллион адамға қызмет көрсетуі керек. Әуе және теміржол қатынастарындағы осындай өзгерістер билет бағасын арзандатуға жол ашады. Ал бағаны арзандату ішкі туризмнің дамуына да ықпал ететіні сөзсіз.
Дөңгелек үстел басында айтылғандай, халықаралық туризмнің өркендеуіне қолайлы ахуал қалыптастыру мақсатында миграциялық жағынан қауіп-қатер туғызбайтын, ішкі жалпы өнімінің көлемі Қазақстаннан жоғары елдердің азаматтарына еліміздің аумағына кедергісіз енуге, туристік маршруттармен емін-еркін саяхаттауына жағдай жасалады.
Осы жиын қорытындысы бойынша, «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы мен Қазақ технология және бизнес университетінің арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумда кәсіби волентерлар, экскурсия жетекшілерін дайындау жұмыстарын бірлесіп атқару қарастырылған.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»