Егемендік – біздер үшін ең қымбат ұғым. Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдың ішінде бәріміз қиындықтарды бірге көтеріп, жетістіктеріміздің кірпіштерін бірге қаласып келеміз. Осының бәріне біз тек бір ғана ауызбіршілігіміздің арқасында ғана қол жеткіздік. Осы тұрғыда Батыс Қазақстанның ең үлкен байлығы Қарашығанақ газ-кен орны екені анық. Бұл – тек елімізге ғана емес, аты әлемге әйгілі кеніш. Оның елге тигізген шапағаты аз емес.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі тұста және одан кейінгі дағдарысты кезеңдерде Орал өңірінде қазақ драма театры ғимараты тұрғызылып, сәнді де салтанатты мектептер, жастарға арналған сарай мен Қадыр орталығының салынуы – осының айғағы. Бір сөзбен айтқанда, Қарашығанақ еліміздің ұлттық мақтанышына айналды. Оның әлеуметтік жобаларға бөлетін қаржылай көмегінің нәтижесінде аймақта сәні мен салтанаты келіскен білім ошақтары бой көтерді. Мәдениет пен денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте осы нысандарда білімді ұрпақ пен сауатты мұғалімдеріміздің жеткілікті болғанын қалаймыз.
Батыс Қазақстан облысын заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Қазақстанның Венасы» деп атады. Өйткені, Құрманғазы мен Дәулеткерей, Мұхит пен Дина өскен орта, олардың шығармалары дүниеге келген топырақ музыка әлемінде кейінгі ұрпақты тербетіп, тәрбиелеп келеді. Бұл елде опера мен соната секілді классикалық музыкаларды жазған Базарбай Жұманиязов, Құрманғазы оркестрін әлемге танытқан дирижер Шамғон Қажығалиев дүниеге келген. Осы топырақта бүгінгі күні қазақ театрына атын беруді барша батысқазақстандықтар сұрап жүрген Хадиша Бөкеевадай талантты актрисаның, Тайыр Жароков пен Жұбан Молдағалиевтай, Қадыр Мырза Әлідей ұлылардың кіндік қаны тамған.
Бұлар тек бір ғана Оралдың емес, қазақ ұлты мен Ұлы Дала елінің брендіне айналып келеді. Әдебиет пен өнердің осындай біртуар тұлғаларының есімдерін болашақ пен келер ғасырларға жалғау – бәріміздің ортақ парызымыз. Мұның өзі ең алдымен ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Мұндай ұлы есімдердің аты-жөндері тек олардың өмірге келген немесе өмірден өткен күндерінде ғана сахналардан естіліп қалмауы керек. Олардың есімдері әуежайларда қонақтарды қарсы алып, жарқырап тұрғаны жарасып кетпес пе еді?
Өйткені, біз қайткенде де кейінгі ұрпақты қаламгерлердің артына қалдырған мұралары арқылы тәрбиелеуді жоққа шығара алмасақ керек. Алайда, бүгінгі күндері жазушылардың шығарған кітаптары үшін қаламақы төленбейді. Кітап жазып, күн көру мүмкін емес. Қазіргі балалар мен жас жеткіншектер кітаптарды ғаламтордан оқиды. Қазір кітаптардың тұтастай интернеттік нұсқалары пайда болуда. Дегенмен, кәдімгі баспадан шыққан туындының жас ұрпақтың санасына беретін әсері мен тағылымы мол, бөлек екенін айтқым келеді. Жоғарыда айтылғандай, ұлы тұлғаларды дәріптейтін журналистердің алатын жалақысы да мардымсыз. Мәселенің осы жағын да мұқият ойластыру керек секілді.
Біз ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараймыз. Бүгінгі жастарымыздың санасы терең, білімдері жеткілікті. Қазақ елі білімді ұрпағымен мейірімді аналары мен және тәрбиелі қыздарымен өзге ұлттармен терезесі тең өмір сүруге толық мүмкіндіктері бар.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты
ОРАЛ