Рахымжан Шаяхметовтің ұлықтауға лайық ұлағатты істерге ұйытқы болған шежірелі ғұмырнамасын терең зерделеген сайын халыққа қалтқысыз қызмет көрсету жолындағы парасатқа толы кемелді кемеңгерлікке тәнті боламыз. Замандастарының айтуынша, «қазақ қайсы?» десе, «міне, осы деп» көрсетуге тұрарлық тұлғалы да тұғырлы Рахаң сөзге де, іске де нағыз мығым адам екен. Ұлт кадрларын тұншықтырған тоталитарлық жүйенің тамұғын тесіп шығып, еліне ерен еңбек сіңіріп, артында айрықша із қалдырған алғыр азаматтың өмірі өнеге, ісі үлгі.
Рахымжан Омарұлы қазақтың кең сахарасын ұлт-азаттық көтер-ілісінің дүлей дауылы шарпыған 1916 жылы Қарағанды облысы, Қоңырат ауданының Сарытерек ауылында дүниеге келіпті. Оның ат жалын тартып азамат атануы Қазақстанды қасақана «қолдан жасалған» ақсирақ аштық тұралатқан 1932 жылға тұспа-тұс келген. Ол сол жылы Қоңырат аудандық комсомол комитетіне қызметке қабылданып, Сарыарқаны ажал апанына айналдырған аштық зұлматының небір оқиғаларына куә болып, қолдан келгенше нәубеттің бетін қайтару жолында қайыспай күреседі.
Отызыншы жылдары елімізді ерен қиындықтарға тап қылған талай-талай тарих сынынан сүрінбей өткен Рахаң Ұлы Отан соғысының қарсаңында Алматы мал дәрігерлік институтын тәмамдайды. Батыста соғыс өрті тұтанған жылы Павлодар облыстық совхоздар тресінде зоотехник болып еңбек етеді. Көп кешікпей ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған жас маман облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және совхоздар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.
Сұрапыл соғыс жылдары қай жерде де жұмыс істеу жеңіл болған жоқ. Себебі, ауылдағы ер адамдардың барлығы әскерге алынған. Оның ішінде Павлодар облысында ауыл шаруашылығын басқару, оның жұмысын ілгері дамыту аса қиыншылық тудырды. Сол кезде 562 мың гектар ұлан-ғайыр жері бар бұл облыста 25 машина-трактор стансасы, 444 колхоз бен 23 совхоз ұйымдастырылды. Осындай қыруар шаруаны ауылдағы бала-шағаның, әйелдер мен қыздардың күш біріктіруімен атқаруға тура келді. Бұл көрген қиындықтары аз болғандай, кейбірінің үйіне қара қағаз келе бастады.
«Адам баласы қандай қиындық болса да көтере береді екен. Жалғыз баласынан айырылып аңыраған кей ананың дауысын естігенде және еңірегенде етегі жасқа толған, сақалынан аққан тарам-тарам жасты тыя алмай отырған қарияларды көргенде сай-сүйегің сырқырайды, жер басып тұра алмайсың. Не керек, тірі адам тіршілігін жасауға тиіс, ауыл-ауылдарға шығып, естияр балаларды жинап, оларды тракторшы, комбайншы мамандықтарына оқыта бастадық», – деп еске алыпты сол бір сұрапыл жылдар оқиғасын Рахымжан аға.
1947 жылы Р.Шаяхметовті Қызылорда облыстық партия комитеті хатшысының орынбасарлығына, ал 1951 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына, одан кейін Ақмола облыстық партия комитетінің хатшылығына жоғарылатады. Міне, нақ осы кезеңнен бастап ол 1972 жылға дейін 30 жыл бойы аттан түспей партия, кеңес органдарында табан аудармай адал қызмет атқарды.
Осы аралықта, 1954 жылы атақты тың игеру науқаны басталды. Облыстық партия комитетінің хатшысы ретінде тың игеруге жан-жақтан келген адамдардың барлығын қабылдап, оларға жағдай жасап, орналастыру сияқты күрделі жұмысқа жан-тәнімен араласты, оған айтарлықтай үлес қосты, еңбек сіңірді. «Сол жылдары төгілген тер, еткен еңбек әр түрлі баға алып жүргені рас. Өйткені, пікір әр түрлі, ой топшылау да түрліше. Ал менің ойымша, әрине, мұндай үлкен істе қателіктер болып жататынын айтқан жөн. Дей тұрғанмен, Ақмола облысының колхоздары мен совхоздары мемлекетке миллиондаған пұт астық тапсырғаны ақиқат. Сол жылдарды есіме алып отырсам, көптеген күрделі жауапкершілік менің мойныма жүктелген екен. Украинаға барып жетекші кадрларды іздестіру, оларды жинақтап, астықты аудандарға бөліп жіберіп отыру менің еншіме тиген еді. Одан кейін Мәскеуге сапар шегіп, астықты шаруашылықтарға көмек ұйымдастырдық. Тың игеру науқанына келген ұлттардың біздің елге бауыр басып, біздің жергілікті ұлтқа деген шынайы бауырластық, достық ниетін өз көзімізбен көрдік. Біз сол жылдары тек тың игеру жұмысымен шектеліп қалғанымыз жоқ, мал шаруашылығын да дамытумен айналыстық. Астықты аудандар, колхоз бен совхоздар болған соң малмен қоса құс фермаларын аштық, мал санының көбеюіне күш салдық», – деп жазыпты Рахымжан аға өз естелігінде.
Р.Шаяхметов 1960 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Мұнда ол өнеркәсіп саласында ауылшаруашылық базаларын құрды, оның басшылығымен құс комбинаты салынып, облыстың экономикасы ілгерілей берді. Білікті басшы 1962 жылы республикада жаңадан ашылған Батыс Қазақстан өлкесіне қызметке жіберіліп, өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болды. Көп ұзамай Батыс Қазақстан өлкесінің атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Сол уақыттың өзінде еліміздің мұнай-газ саласының дамуына негіз қалады. Ал 1965-1971 жылдары ол Целиноград облысы (қазіргі Ақмола облысы) атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Осы қызметті атқарған жылдары Рахымжан Омарұлы қазіргі Астананың, сол кездегі Целиноград қаласының инженерлік инфрақұрылымдарының қалыптасуына, құрылыс саласының қарқынды дамып, әлеуметтік нысандардың көптеп салынуына өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Бұдан кейін 1976 жылы зейнеткерлікке шыққанша еліміздің ет-сүт өнеркәсібі министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Рахымжан Шаяхметов ат жалын тартып мінген күннен бастап, өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбек етуге, еңбек етіп қана қоймай, сол еңбекті адал, абыройлы, табысты атқаруға жұмсады. Елің үшін атқарған ерен еңбектің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Рахымжан Шаяхметовтің республика экономикасына қосқан мол үлесі мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Ол Октябрь Революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі мәрте, Халықтар достығы орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Рахымжан Омарұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі болды, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдай отырып, егемендігімізді нығайту жолында өткізілетін іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Елбасының тікелей қолдауымен 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына байланысты Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты.
Иә, Рахымжан Омарұлы қай өңірде болмасын, қандай қызмет атқармасын қарапайым халықтың мүддесінен шығып, ел құрметіне бөлене білді. Ол өзінің жемісті еңбекпен өрілген өнегелі өмір жолында адамгершіліктің асыл қасиеттерін ұлықтап, үлкенге де, кішіге де үлгі болар істерді үкілеп өтті. Тәлімді тұлғаның тәрбиесін алған шәкірттері бүгінде тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамыту мақсатында шаруашылықтың барлық салаларында жауапты да лауазымды қызметтер атқаруда. Парасат пайымы зор азамат ретінде де, ірі қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де Р.Шаяхметовтің өнегесі ізбасарларымен жалғасын табуда.
Ардақты азаматтың мағыналы да ғибратты ғұмырының айшықты жалғасы, ізгілікті ізі қалды. Жарты ғасыр бірге жасасқан өмірлік серігі Бағира Ақылбекқызы екеуінің артында 4 перзент, 7 немере, ондаған шөбере қалды. Шаяхметовтер әулеті бүгінде бір рулы елге айналды. Әулеттің мәуелі бәйтерегі Рахымжан Шаяхметовтің ғасырлық ғибраты ұрпағына ұлағат.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»