Әлемдегі тұрғындар санының көптігі жөнінен алғашқы бестікке кіретін Бразилия туралы біздің білетініміз аз емес. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың бір кейіпкері жаһанды жайлаған жұрттарды түгендеп отырып, елдің есім-сойын қазақы тілмен тізбектейтін еді ғой. Сондағы «Біраз ел, ә...» деп бейнелейтін Латын Америкасындағы мемлекетіміз – осы.
Соңғы 25 жыл ішінде Қазақстан мен Бразилия арасындағы байланыс жыл сайын дамып, берік жіппен байланған әріптестікке ұласып келді. Ал биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап екі ел достық қарым-қатынастың жаңа көкжиегіне қадам басты. Көп жылғы келісімдердің нәтижесінде Астана мен Бразилиа арасында визасыз режім жүзеге асты. Бұл экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді. 2015 жылы екіжақты тауар айналымы 61,3 млн АҚШ долларын құрады. Мұның 55,7 млн доллары экспорттық өнім болса, 105,6 млн доллары импорттың үлесінде жүзеге асқан.
Енді осы екі жақты байланыс жергілікті жерде жалғасын тауып, бразилиялық бизнесмендердің ішкі нарыққа қызығушылығы артып отыр. Бұған Алматыда өткен Қазақстан-Бразилия іскерлерінің бизнес-форумында көз жеткіздік. Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен Бразилиадан белгілі бизнесмендер тобы келіп, Қазақстан нарығына инвестиция салудың жолдарын талқылады. Бұл – іскерлер арасында өтіп отырған тұңғыш жиын.
Форум аясында Бразилияның агроөнеркәсіптік және өндірістік саласындағы үздік компаниялардың басшыларымен іскерлік кездесулер өтті. Екі жақтың да үйренетін, үйрететін істері ұшан-теңіз екен. Мәселен, Қазақстанға әлемдік ет нарығында өзіндік орны бар «JBS», «Minerva Foods», «Copacol» (тауық етін өндіруші монополист) сияқты компаниялардың ісінен үлгі алу артық етпес еді.
Кездесу барысында шетелдік компаниялар бизнесті жүргізу туралы тәжірибелерімен бөлісіп, бірлесіп өндіріс құру мүмкіндіктерін қарастырды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ