Ұлан-байтақ далада емін-еркін өмір сүрген, жауынгерлігімен, көшпелі салт-дәстүрімен ерекшеленген қыпшақтар Ұлы Даланың ежелден ешкімге тәуелсіз, еркiндiк аңсаған азат ұрпағы болғандықтан, айналасындағы қай көршісі де олармен сан ғасырлар бойына сыйластық орнатып, тату-тәтті тіршілік кешуге мүдделі болғаны тарихтан жақсы мәлім.
Деректерге жүгінсек, 1239 жылы қырық мың түтін қыпшақтар мадияр даласын өздеріне жаңа қоныс ретінде таңдағаны айтылады. Мажар еліндегі түбі түркінің тамырымен еншілес ұрпақтары өздерін қыпшақ немесе құмандар деп атап, бертінге дейін тiлiн, ата салтын көз қарашығындай сақтап келген екен. Еуропа тұрғындары түркі әлемін IV ғасырдағы ғұндардың сапарынан кейiн ғана етене танып-біле бастаса, Дешті Қыпшақ даласы ұландарының қаһарман да қайсар тұлғасы тарихтан бейнелі іздерді алдымызға тосады. Өзінің байырғы бастауынан қол үзген, көп ғасырлар бойы өзге халықтың тілдік ықпалына тап болған ондағы қыпшақ тайпалары бірте-бірте жергілікті жерге әбден сіңісіп, аумақтық басымдықты қабылдауға мәжбүр болғанымен, мажар мен қазақтың рухани тамырластығы әлі сол бағзыдағы бауырмалдық рухта жалғасуда. Оған Қазақстан мен Мажарстан ғалымдарының, оның ішінде түркітанушы ғалымдардың тәуелсіздік жылдарындағы қарым-қатынасы, ортақ жобалары нақты дәлел болмақ.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапхана залында екі ел түркітанушы ғалымдарының қатысуымен өткен «Венгр революциясы: 60 жылдан соң» атты Мажарстанның ұлттық мейрамы – 1956 жылғы төңкеріске арналған халықаралық дөңгелек үстелді тамыры бір тағдырлас халықтардың сондай жақыннан пікір алмасу алаңы, қазақ-мажар ынтымақтастығының жағымды жалғасы деу лазым.
Айта кету керек, дөңгелек үстелді Мажарстанның 60 жылдығы мен бостандық үшін күрес мемориалдық комитетінің қолдауымен Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы елшілігі және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған болатын. Жиынды сөз сөйлеп ашқан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Сыдықов: «Бүгін Мажарстан үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақ елі үшін де ерекше күн саналады... Қайсыбір елдің арғы тарихын алып қарасаңыз да оның жасампаз шежіресі тәуелсіздік жолындағы азаттық күресіне толы. Бізде де мұндай іздер аз ба?! Өйткені, тәуелсіздік үшін күресті бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмкін емес. Сол сияқты, Желтоқсан оқиғасын ондағы 1956 жылғы азаттық күресінің жалғасы деп бағалаған абзал», деді. Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани қазақтың Желтоқсан, Тәуелсіздік сөздерінің құдіретін айрықша атап өтті. Бостандықты, еркіндікті сүю, таңдау екі халыққа да қашаннан тән қасиеттер деді.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, Петер Пазмань (Будапешт) атындағы университетің профессоры Миклош Хорваттың «Бүгін біз 1956 жылғы оқиғада құрбан болғандар алдында бас иеміз» атты баяндамасында көп мәлім етілмеген құнды деректер келтірілді. Мажарстанда жерленген қазақ солдаттарының тізімі жария етілді. Тарих шырғалаңынан кеңестік саясаттың тағы бір ащы шындығы алға тартылды. Ғалымдар 1956 жылғы оқиғаның бұрын көпшілікке беймәлім болып келген қыруар қырларын баяндады. Еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті Сағынтай Бердіғұлова «1956 жылғы Мажарстан революциясының тарихи сабақтары» деген тақырыпта тұшымды баяндама жасады.
Академик Болат Көмеков осыған орай өз ойымен бөлісті. «Мажарлармен бізді Ұлы Даланың құндылықтары байланыстырады. Екіншіден, Мажар елінің ішінде этникалық компонент ретінде қыпшақтар бар. Қыпшақ әдебиеті біздің қазақ әдебиетіне айналды. Қазақ дейтін сөздің өзі қыпшақ тілінен шыққан. Онда үлкен этнографиялық топқа жататын қыпшақтар тұрады. Саны 200 мыңға жуық дейді, біреулер мұнан да көп деген деректі алға тартады. Ондағы қыпшақтардың тілі жойылғанмен, бірақ та сана-сезімі далалық күйін сақтап қалған, осы бүгінге дейін бұл қасиеті жойылған жоқ. Үлкен кісілердің арасында әлі де «тәңір» дейтіндері кездеседі», – дей келе, Б.Көмеков ортақ құндылықтарды сақтай білу керектігін айтты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»