• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Төбеби деңгейінде төрге озған ел

445 рет
көрсетілді

Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

25 жылдың 25 сәті

Жаһандану заманында өркениет жалына жармасқан әрбір ел сыртқы имиджге терең мән береді. Айрықша назар аударады. Ондағы мақсат – бәсеке көшінен қалмау. Әрине, имидж ең алдымен, мемлекеттің халықаралық қоғамдастықтағы беделімен өлшенеді. Бағалауымен бекиді. Бұл тұрғыдан келгенде, біз Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесінде асқаралы асуларды бағындырып, әлемге сан қырымыздан танылдық. Оған бейбіт бастамаларымыз, іргелі идеяларымыз, ұтымды ұстанымдарымыз – дәлел.  Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төра­ғалыққа сайлануы – халықаралық қоғам­дастық тарапынан мойындалуымыз, имидж қалыптастыру жолындағы жоғары жетістігіміз.  Елімізді беделді ұйымның төбебилігіне көтеру туралы шешім 2007 жылдың 30 қарашасы күні, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кеңесінде қабылданды. Арада 3 жыл өткен соң, яғни 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері күллі әлем жұрты айдынымызды тасытқан, айбынымызды асырған оқиғаға куә болды. Ол – ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті.

Төбеби деңгейінде төрге озған ел

Сенім серпілісі ЕҚЫҰ – Еуропа, Солтүстік Америка, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказдағы 56 мемлекеттің басын қосқан жетекші ұйым. Басқадай айтқанда, Владивостоктан Ванкуверге дейінгі еуразиялық-атлантикалық ареалдағы мемлекеттерді біріктірген бірегей құрылым. Оның басты бағдары – үнқатысу арқылы қауіпсіздік саласындағы түйткілдердің түйінін тарқату және оны мәмілегерлік, ынтымақтастық жолымен бекемдеу. Бұл – іргелі ұйымға жүктелер міндет үлкен, артылар жауапкершілік зор деген сөз. Ал біз осынау тегеурінді құрылымның төрағалығына қалай қол жеткіздік? Орталық Азиядағы, ТМД кеңістігіндегі қазақтың дархан даласында ұйым Саммитін өткізуге не ықпал етті? Төбебилік тізгіні қандай өлшемдерге сәйкес сеніп тапсырылды? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміз «көпжақты әріптестік» қағидатын батыл ұстанды. Яғни, ұлтымыздың сыртқы саясаттағы стратегиясының өзегі – көпвекторлылық және ашықтық. Сол себепті де, Қазақстан сыртқы саясатта жетекші халықаралық ұйымдармен, әлемдік державалармен ықыласты ықпалдастықты дамытуды бағдаршам етіп ала білді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен де өзара мүдделестікке негізделген серіктестікті бекемдеуді мақсат тұтты. ЕҚЫҰ да қуаты жағынан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналға ие, кейін одан өз еркімен бас тартқан және бұл бас­таманы әлем жұртына барынша насихаттаған Қазақстанмен үйлесімді үнқатысу орнатуға бейіл еді. Ұйым мен Қазақстан арасындағы мұндай байланыс бір қарағанда, Еуропа қауіпсіздігінің «жаңа архитектурасының» құрылуына бағытталған бірден-бір қадам болып көрінді. 2003 жылдың 18 ақпанында Қазақстан ұйымға көшбасшылық етуге өз кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Сол кезде ұйымның Тұрақты кеңесінің Венадағы мәжілісінде еліміздің бұл ұсынысы алғаш рет хабарланған болатын. Әрине, мұндайда түрлі объективті және субъективті кедергілер, жекелеген скептикалық пікірлер болатыны анық. Дегенмен, ұйымға мүше елдердің басым көпшілігі Қазақстанның кандидатурасын қуаттады. Уақыт та көп күттірген жоқ. Сыртқы дипломатиямыздың ұтқыр жүргізген келіссөздері өз нәтижесін берді. Осылайша, 2007 жылдың 30 қарашасы күні дамудың даңғыл жолында серпінді секіріс жасаған Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекет бірауыздан қолдау білдірді. Осылайша, Еуропа елімізге төрін ұсынса, ал біз өз діттеген мақсатымызға жеттік. Яғни, Испания астанасы Мадридте өткен ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана уақытымен түнгі сағат 1-дің шамасында Қазақстан ұйымның төрағалығын жеңіп алды. Бұл уақытта еліміздің барлық ақпарат агенттіктері мен телеарналары өз жұмыстарын аяқтап, қалың ұйқыда жатқандықтан, халық қуанышты хабарды ең алғаш сүйіншілеп жазған «Егемен Қазақстан» басылымынан оқып білген еді. Әрине, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгінін сеніммен табыстау туралы шешім – Қазақстанның, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт­ші­лікті, ұлтаралық және дінаралық келісімді, саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен, мемлекет құру­дың жаңа тетігін жасаған, қоғамдық құрылымды транс­фор­мациялаудың және экономикалық қатынас­тардың өзгеше моделін орнықтырған саясатына берілген оң баға деп толық сеніммен айтуға болады. Еуропалық одаққа мүше елдердің арасында Қазақстанның кандидатурасына қолдау танытқан елдердің қатары қалың болды. Біз Германия мен Испания секілді екі ірі мемлекетті ғана мысалға келтірейік. 2003 жыл. 6 желтоқсан. Дәл осы күні «Хабар» арнасына берген сұхбатында ГФР-дің бұрынғы канцлері Герхард Шредер: «Қазақстан мен Германияның халықаралық саясаттағы көп мәселе бойынша пікірлері үндес. Германия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кандидатурасын қолдайды», деп мәлімдеген еді. Кейін де бұл елдің ұстанымы өзгерген жоқ. Оны қазіргі канцлер Ангела Меркель бастаған Үкімет одан әрі жалғастырды. Ал 2007 жылдың 10-11 сәуірінде Қазақстанға сапары кезінде Испания үкіметінің басшысы, ЕҚЫҰ-ның сол кездегі Іс басындағы төрағасы Мигель Анхель Моратинес: «Испания, ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде, Қазақстанның ЕҚЫҰ қызметіне айтарлықтай үлес қосып отырғанына құрметпен қарайды... Мен Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде көп мәселені шешуге бұдан кейін де өте үлкен үлес қоса алады деп есептеймін», деген болатын. Испан жұрты Қазақстан кандидатурасының қолдау табуына, міне, осылайша ықпал етіп, конструктивті рөл атқарды. Жалпы, беделді ұйымдағы бірде-бір әріптесіміз біздің төбебилігімізге күмән, қабілет-қарымымызға шек келтірген емес. Бұл халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның көтерген бастамаларына берген жоғары бағасы, жауапкершілік жүгін арқалай алатынына көрсеткен үлкен сенімі еді.   Төрағалықтың төрт тұғыры 2010 жыл. Бұл – Қазақстан Еуропа төріне көтерілген әрі төбебилікке жеткен жыл. 1 қаңтар – жауапты миссия басталған күн. Ал арада санаулы күндер өткенде, яғни 14 қаңтарда Австрияның Вена қаласында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің Қазақстан Республикасының ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжілісі өтті. Бұл күні Қазақстанның ұйымға төрағалық қызметіне кірісуіне орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі жарияланды. Елбасының ЕҚЫҰ-ға төбебилік етудің еліміз үшін мән-маңызы көрініс тапқан бұл Үндеуі әлемнің сән-салтанаты келіскен сарайларының бірі – Хофбургтегі Нойер залында Интернет желісі арқылы дүние жүзінің әр қиырына тікелей эфирден таралып жатты. Үндеуді беделді ұйымға мүше 56 мемлекеттің делегациялары айрықша ден қойып тыңдады. Мемлекет басшысы: «Мәртебелі қауым! Құрметті ханымдар мен мырзалар! Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясын Қазақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды. Біздің еліміз төрағалықты қазіргі заман тарихының аса күрделі бір кезеңінде қолына алып отыр», деп бастаған еді сөзін. Нұрсұлтан Назарбаев, осылай дей келе, дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан жаһандық құрылымда тектоникалық өзгерістер орын алғанына, бұл үдеріс әлі де аяғына дейін жетпегеніне тоқталды. «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімінің дағдаруы, лаңкестік, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, түрлі эпидемиялар, энергетика ресурстарының азаюы, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – міне, бүгінгі адамзат өркениеті душар болып отырған осындай қатерлердің тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады. Бұлармен күресу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді. Сөз жоқ, әлемдік ахуал ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстанның алдында тұрған сынақты күрделендіре түседі. Алайда, бүгінде ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті түйткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда», деді Президент. Бұдан бөлек, Елбасы Үндеу арқылы Қазақстанның өз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қосып келе жатқандығын, Семей ядролық полигонының жабылуы, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бар тарту, оның инфрақұрылымын толықтай жою еліміз үшін тарихи шешім болғанын, жалпы, Қазақстанның өңірлік, бүкіләлемдік экономикалық үдерістерге жауапты қатысушы ретінде өз рөлін толықтай сезінетінін жеткізді. Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымның түйінді мәселелерінде Шығыс пен Батыстың арасын түсіністік арқылы жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдайтынын айтты. «ЕҚЫҰ-ның болашағын айқындайтын сауал мынадай: ұйым XXI ғасыр әлемінің саналуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан Шығысқа қарай» кеңістігінен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?» Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңе­сі­нің Қазақстан Республикасының ұйым төраға­лы­ғына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжі­лісінде сөйлеген сөзінде осылай дей келе, ұйым қызметінің тиімділігін жаһандық жаңа сын-қатерлерге сәйкестендіріп, арттыру ғаламшардың үш құрлығындағы 56 мемлекеттің алдында тұрған ауқымды міндет екенін атап көрсетті. Бұл ретте, ЕҚЫҰ-ның сенім үдесінен шығу және оның аясында бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру үшін еліміз ұстанатын басты қағидатты көпшілікке ұсынды. Қазақстанның Іс басындағы төрағалық ұранын жария етті. «Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт «Т» – «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспарен­си» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік) болады. Біріншісі – бір-бірімізге деген бізге аса қажет­ті сенімді білдіреді. Екіншісі – ЕҚЫҰ-ның негізгі қа­ғидаттары мен құндылықтарынан тұрады. Үшін­шісі – халықаралық қарым-қатынастарда «қосар­ланған стандарт» пен «жіктеу шектерінен» азат, ба­рынша ашықтық пен транспаренттілік. Қауіп­сіздікке төнетін қауіп пен қатерлерді еңсеруде сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылу. Ал төртіншісі – бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы». Бұл – Мемлекет басшысының төрт «Т» ұстынына берген сипаттамасы. Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын консен­сустық алаңды нығайтуды және кеңейтуді қарас­ты­ратынын, Іс басындағы төраға ретінде ауқым­ды институттың басты қағидалары мен құндылық­тарын берік ұстанатынын атап өтті. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ұйымға мүше барша ел­дің мүдделеріне өзара тиімді шешімдерді табу ние­тін­деміз. Қазақ халқында «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген даналық сөз бар. Біздің еліміз XXI ғасыр­дағы ЕҚЫҰ-ны оның ауқымындағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркендеудің біртұтас кеңістігі ретінде қарастырады», деген сөзімен түйіндеді.   Үш өлшем қалай таразыланды? ЕҚЫҰ-ның тәртібі бойынша ұйымға төрағалық – үштіктің төрағалығы. Яғни, Іс басындағы, бұрынғы және болашақ елдер үш жыл бойына бұл құрылым қызметіне басшылық жасап, реттестіріп отырады. Сол жолы үштікке ЕҚЫҰ-ға 2009 жылғы төраға Грекия, Іс басындағы төраға Қазақстан, сондай-ақ, одан кейінгі, яғни 2011 жылғы төраға Литва кірді. Жалпы, Іс басындағы төрағалық қызмет ЕҚЫҰ-да 1991 жылы енгізілгендіктен, Қазақстан рет саны бо­йынша төбебилікке көтерілген 20-шы ел болды. Еліміз 2010 жылы төраға ел ретінде осы үштіктің ЕҚЫҰ қызметіндегі 3 өлшемі бойынша жұмыстарын әр апта сайын жан-жақты үйлестіріп отыруға тырыс­ты. Олар: әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер. Ұйымға қатысушы елдер арасындағы әскери-саяси ықпалдастықты нығайту мен олардың тиімділігін арттыру сол кез үшін өте маңызды өлшем еді. Бұл өлшем қазір де өз маңызын жойған жоқ. Сондықтан, Қазақстан бұл өлшем төңірегіндегі әскери-саяси аспектілерге төрағалықтан бұрын да айрықша назар аударған болатын. Оған 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та, 2008 жылдың тамыз айында Оңтүстік Кавказда болған күрделі оқиғалардан кейін өрши түскен трансұлттық сипаттағы экстремизм мен терроризм секілді кері құбылыстарға, есірткі бизнесіне қарсы күреске ерекше мән беруі дәлел бола алады. Еліміздің ұйымға төрағалық етуі Қырғызстандағы саяси дағдарыспен де тұспа-тұс келді, сондай-ақ, Ау­ғанстандағы, ТМД аумағында сақталып отырған қауіп­сіздікке қатысты түйткілдерді тарқату, Оң­түс­тік Кавказ бен Приднестровье өңірлерінде ұзаққа со­зылған жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу де Қа­зақ­стан төрағалығы кезінде жүріп жатқан үдерістер еді. Әскери-саяси өлшем төңірегінде еліміз халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізуге бастамашылық танытты. Мәселен, Вена қаласында 2010 жылдың 14-16 маусым күндері қауіпсіздік саласында кездесетін күрделі проблемалар қозғалған конференцияға төрағалық етіп, оның аясында талқы таразысына салынатын мәселелердің ауқымын анағұрлым кеңейту жайы күн тәртібіне қойылды. Бұл үдеден шыға білген елімізге халықаралық сарапшылар жоғары бағасын берді. Тағы бір мәселе – ол төрағалық шеңберінде Қазақстанның «Корфу үдерісі» аясындағы еуро­атлан­тикалық және еуразиялық қауіпсіздікке қатыс­ты әскери-саяси мәселелерді талқылауды одан әрі жалғастыруы және ілгерілетуі. Бұл ретте, қару-жа­раққа бақылау орнату, қауіпсіздік және өзара сенім шараларының тетігін күшейту, трансұлттық қауіп-қатерлердің алдын алу секілді мәселелер назарға алынды. Ал экономикалық-экологиялық өлшем аясында Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің 18-ші Экономикалық-экологиялық форумының ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Бұл жиында ЕҚЫҰ халықаралық жүк тасымалдау тетігінің тиімділігін арттыру, халықаралық темір жол көліктері мен автокөлік қатынастары қозғалыстарын жандандыру, ол үшін шекаралардан көлік түрлерін өткізудің тәртіп-ережелерін жеңілдету, бұл ретте, оны қауіпсіздік талаптарымен қамтамасыз ету, көліктік-логистикалық саланы дамытуда озық тәжірибені қолдану секілді мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, ауқымды жиын аясында энергетикалық-экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, Арал мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы мен Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы арасында ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумға сәйкес, Аралдың қазақстандық бөлігінде суға, сондай-ақ, экологиялық қауіпсіздікке қатысы бар бірлескен маңызды жобалардың басы қайырылды. ЕҚЫҰ-ның қызметі аясындағы тағы бір өлшем – адами немесе гуманитарлық өлшем. Оған кіретін мәселелер – адамның құқығы мен бостандығын қорғау, адам саудасымен күресті жүзеге асыру, демократиялық үдерістерді жандандыру, сот жүйесінің әділдігі мен заңнамалар үстемдігіне қатысты тетіктерді нығайту, діни кемсітушіліктің алдын алу. Қазақстан бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарды. Мәселен, ұлттық азшылықтың құқықтарын қорғауға арналған алғашқы іс-шара Қазақстан төрағалығы кезінде өтті. Еліміз бұл бағыттағы іс-шараларды толығымен үйлестіріп отыруға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл мәселелердің барлығы жыл бойы, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің алдында атқарылған ауқымды жұмыстарының тек бір парасы ғана еді. 2010 жыл. 3 тамыз. Дәл осы күні ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 1-2 желтоқсанда ұйым Саммитін Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл да Қазақстанның жұлдызы жарқыраған, беделі биіктеген күн еді. Осыған сәйкес, 5 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Мәлімдеме жасады. «Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес», деді сол кезде Президент. Нұрсұлтан Назарбаев, әсіресе, беделді ұйымның ауқымды жиыны 11 жылдан бері өтпегеніне, ал күрделі кезеңде бәтуәлі басқосуды ұйымдастыру ЕҚЫҰ үшін маңызды оқиға болатынына айрықша тоқталды. «Қабылданған шешім Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыс­тарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары құрметінің белгісі болып табылады. Біз бұдан еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қызметіндегі күш-жігеріне кең ауқымды қолдауды көреміз. Ұйымды басқара отырып, Қазақстан еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүгінде құрлықтық шеңбер ауқымынан асып кеткен деген тезисті белсенді түрде ұсынумен келеді. Соның нәтижесіндей, бүгіннің өзінде-ақ, халықаралық қоғамдастық еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік категорияларын пайдалануда», деді тағы бір сөзінде Президент. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ төрағалығы барысында Қазақстан жаңа қауіп-қатерлерге, оның ішінде терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұру, Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу, Қырғызстандағы саяси дағдарысты негізге ала отырып, Орталық Азиядағы қауіпсіздік тетігін, экономикалық қызметтестікті нығайту, экологиялық, әсіресе, Арал проблемасын шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту, Қарабақ проблемасын байыпты келіссөздер жүргізу арқылы реттеу секілді мәселелерді айрықша назарда ұстағанын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы Астана Саммиті стратегиялық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуының «жол картасын» белгілеп беруді көздейтінін, жоғары дәрежелі іс-шара ұйымды қазіргі өмір шындығына бейімдеуге жағдай жасайтынын, ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» табыс­ты эволюциясын паш ететінін жеткізді.   Елорда рухы асқақтаған күн «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті XXI ғасырдың аяқталып келе жатқан онжылдығындағы аса ірі халықаралық оқиға ретінде тіркеліп, тәуелсіз Қазақстан жылнамасына жарқын парақ болып жазылатыны еш күмән туғызбайды». Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды жиынға, міне осылай баға берген еді. Шынымен де, Астана Саммиті – «Қазақ» дейтін Алаш баласының атын әлемге танытқан, абыройын асқақтатқан, мерейін өсірген тарихи оқиға болғаны күмәнсіз. 2010 жыл. 1 желтоқсан. Бұл – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның жоғары деңгейдегі жетінші саммиті өз жұмысын бастаған күн. Иә, Астана Саммитінің рет саны – 7. «7» – қазақ үшін киелі де қасиетті сан. Оның үстіне, 1 желтоқсан сәрсенбінің сәтіне келді. Қазақ – өте ырымшыл халық. Сондықтан халқымыздың мұндай сәйкестіктерді жақсылыққа, жақсы ырымға балауы – қанға сіңген қасиет. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшыларының күрделі халықаралық жағдайда Ыстанбұлдан кейін араға 11 жыл үзіліс салып, ұйым саммитін өткізуі, бұл саммиттің қазақ жерінде, Астана төрінде ұйымдастырылуы тегін емес. Бұл – Еуразия ортасындағы Ұлы Дала елі абыройының асқақтауы. Сонымен, сағат тілі 9.00-ден асқанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев беделді ұйымға мүше-мемлекеттердің президенттерін, үкімет басшыларын, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, кейбір елдердің мемлекет басшылары атынан келген ресми делегация өкілдерін, мәртебелі меймандарды салтанатты жағдайда ыстық ықыласпен, ізгі ниетпен қарсы алды. Осылайша, 7 санының қасиетімен көмкерілген Астана Саммитін өткізіп отырған «шаңырақ иесі» ретінде қадірлі қонақтардың әрқайсысына үлкен құрмет көрсетті. Еуроатлантикалық және еуразиялық ауқымдағы күрделі, өзекті, маңызды мәселелерді талқы таразысына салу үшін бұл жиынға беделді ұйымға мүше 55 мемлекеттің және 12 серіктес елдің басшылары, үкімет төрағалары, 69 халықаралық ұйымның жетекшілері, 500-ге жуық үкіметтік емес ұйымның өкілдері, сондай-ақ, саммиттегі әрбір сәтті сол күйінде, дер мезгілінде жаһанға және жалпақ жұртқа жария ету үшін дүниенің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам журналист жиналды. ЕҚЫҰ-ның үлкен мәртебеге ие саммитіне төрағалық еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитіне қатысушылар саламатты ой-ниеттің салтанаты жолында ұйымға мүше-елдер халықтарының қауіпсіздігі мен қауіпсіз болашағы үшін жиналып отырғанына ерекше тоқталды. «Бұл жол бұдан 35 жыл бұрын басталған болатын. Алғашында Хельсинки үдерісі «Атлантикадан Оралға дейінгі» жалпыеуропалық үй тұғырнамасына арқа сүйей отырып дамыған еді. Ал ЕҚЫҰ құрылғаннан бастап еуропалық қауіпсіздік қағидаттары «Ванкуверден Владивостокқа» дейінгі кеңістікте орнықты. Қазір үшінші кезең басталып отыр. Біз «мұхиттан мұхитқа дейінгі» әлдеқайда ауқымды координаттарда қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көше бастаймыз. Әңгіме төрт мұхиттың – Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі және Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі шекарада біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру туралы болып отыр», деді өз сөзінде Елбасы. Осылайша, еуроатлантикалық және еуразия­лық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауым­дастығын қалыптастыруды, жаһандық қауіпсіздіктегі ЕҚЫҰ-ның болашақ перспективаларын талқылауды көздеген Астана Саммиті аясында екі күн бойы әлемді толғандырған күрделі мәселелер саясаткерлер мен сарапшылардың ой елегінен, сын сүзгісінен өтті. 2 желтоқсан күні Алаш абыройын асқақтатқан Астана Саммиті өз мәресіне жетіп, жиын соңында Астана Декларациясы қабылданды. Бұл Декларация ұйымның жалпыадамзаттық қауіпсіздікті нығайту тарихындағы айтулы оқиға еді. Маңызды құжатта ұйымға қатысушы әрбір мемлекеттің қауіпсіздігі барлық басқа мемлекеттің қауіпсіздігімен ажырағысыз байланысты екендігі, сенімсіздікті және қауіпсіздік туралы түсініктердегі қарама-қайшылықтарды еңсеру үшін ЕҚЫҰ-ның 3 өлшемі аясындағы міндеттер толықтай орындалуы қажеттігі, ал бұл жолдағы түрлі сын-қатерлерді тек бірлесе және күш жұмылдыра шешуге болатыны айтылды. Сонымен, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті абыроймен аяқталып, тиісті Декларация қабылданғанда, сағат тілі түнгі 1-ден сырғып бара жатты. Ал мерейлі жиыннан кейін журналистермен баспасөз мәлихатын өткізген Елбасы өз сөзін: «Біздің журналистер үшін «қайырлы түн», ал еуропалық журналистер үшін «қайырлы кеш» деген қазақы әзілімен бастай келе, «Бүгін біз бүкіл қазақ тарихындағы ең абыройлы белеске шығып тұрмыз. Қазір ғана аяқталған алқалы жиынмен бірге, Қазақстан өркениет көшіндегі жаңа кезеңге аяқ басты. Астана Саммиті арқылы ұйымның ауқымы ғана емес, саяси сипаты да айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Біз дүниеге Батыс пен Шығыс немесе түстік пен теріскей деген кереғар түсініктермен емес, ендіктер мен бойлықтар үндескен тұтас әлем ретінде қарауымыз керек. Сондықтан біз бүгін Астанада еуроатлантикалық және еуразиялық біртұтас қауіпсіздікті қалыптастыру жолына қадам бастық», деген еді. Бұдан кейін Елбасы өз ойын ұлтымыздың мына бір даналық сөзімен сабақтады: «Дана халқымызда «кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз бар. Біз ұрпағымызға жарқын болашақты мұра етуді қаласақ, онда ортақ кеңістігіміздің қауіпсіздігін бірге ойлағанымыз жөн болады. Хельсинкиден басталып, бүгін Астана көгінде қалықтаған ізгілік рухы бізді осыған жетелейді». «Ізгілік рухы» ұғымы жайдан-жай айтылмағандай. Себебі, Еуразия жүрегінде өткен саммитті, ұйым қызметінің тамырына қан жүгірткен Қазақстан төрағалығын саралаған кейбір әлемдік сарапшылар бұл тарихи оқиғаны «Астана рухы» биіктеген күн» деп бағалаған еді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»