• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
07 Қараша, 2016

"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы Алтай мен Абай елінде

349 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Өскемен мен Семей қалаларында болды. Кенді Алтай мен хакім Абайдың еліне келген меймандарды облыс орталығында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, Семей шаһарында Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова бастаған қала тұрғындары зор қошеметпен қарсы алды. Республикалық акцияға қатысушылар қос қалада мыңдаған тұрғынның талап-арызын тыңдап, кәсіби кеңес берді. Өскеменде Достық үйінде, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, Кәсіпкерлік палатасында және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдаулар өтіп, пойыз жолаушылары тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткізген жетістіктер жөнінде айтты. Сондай-ақ еліміздегі діни ахуалға назар аударылып, экстремистік және радикалды ағымдар қаупінің алдын алу, жастарға патриоттық тәрбие мен лайықты білім беру, жұмыспен қамту туралы әңгіме өрбіді. – Біз сіздер көтерген жауапкершілік жүгін жақсы сезінеміз. Өйткені, пойыз жұмысының нәтижесі халыққа берілген нақты көмек пен қолдаудан көрінеді. Әсіресе, орталық қалалардан алыс елді-мекендер үшін аталған әлеуметтік жобаның әсері оң болатыны анық, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова. Жергілікті халық түрлі министрлік пен ұлттық компаниялар және қаржы институттары өкілдерінен кәсіпкерлік нысандарын ашу, құжаттарды ресімдеу, жеңілдіктерді пайдалану және тағы басқа көкейкесті мәселелердің жауабына қанықты. Мәселен, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілі Қамажай Нұрманованың айтуынша, №3 ХҚКО-да өткен қабылдауда зейнетақы мерзімі мен оған құжат жинау мәселесіне байланысты сұрақтар көптеп түссе, Әділет министрлігінің сарапшысы Гүлнар Қайырбаева консультацияға негізінен әйелдердің келгенін, оларды тұрғын үймен қамту және алимент өндіру мәселелері толғандырғанын жеткізді. Семейге «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының келе жатқанын естіген Бейбітхан Әбілқасым Абай ауданынан арнайы келген екен. Ол ірі қара басын көбейту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасына құжаттарын тапсырғанымен, көздеген қаржыға қол жеткізе алмай келе жатқанын айтты. «ҚазАгро» ұлттық холдингі департаментінің бастығы Марат Қобайдаров «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы мәселенің мән-жайына қанығып, кәсіпкердің 10 миллион теңге алуға өтінім бергенін, қолындағы ірі қара санының аздығына және төлеу қабілетінің төмендігіне байланысты 8,5 миллион теңгеге дейін ғана несие алу мүмкіндігі бар екендігін анықтады. Абай ауданында «Шыңғыстау» несие серіктестігі құрылып, тіркеуден өтуде. Ол осы серіктестік арқылы 7-9 пайыздық мөлшердегі несиеге қол жеткізе алады. Бұл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған оңтайлы жүйе, – деді «ҚазАгро» өкілі. Семейдің Орал көшесіндегі №3 үйдің он шақты тұрғыны кондоминиумге қатысты мәселені жеткізді. Бұл – әбден тозығы жеткен бұрынғы жатақхана ғимараты. №79, 48, 98 және басқа да пәтерлердің қожайындары ғимаратқа қызмет көрсетуі тиіс «Возрождение» ПИК жетекшілерінің ғимарат күтіміне жауап бермейтінін, тіпті жатақхана маңайы қоқыстан тазаланбайтынын айтып шағымданды. Тұрғындар қасбеті мен қабырғаларының тозығы жетсе де терможаңғырту бағдарламасына қымбатқа түсетіндіктен қатыспағандықтарын айтады. Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі, әлеуметтік топ жетекшісі Әлібек Есенқұловтің өтінішімен Семей қалалық жер кадастрі және жылжымайтын мүлікке техникалық қызмет көрсету бөлімі бастығының орынбасары Сергей Кузнецов бұл мәселенің шешімін қарастыруға уәде берді. Сондай-ақ Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Білім және ғылым министрлігінің мамандары білім беру ұйымдарының жетекшілерімен және студенттермен кездесті. Жиын барысында саланың түйткілді мәселелері көтерілді. Жастар үшін өзекті мәселе – білім алу. Бұл ретте министрлікке қарасты «Қаржы орталығы» АҚ маманы Нұрлан Шанқозов жасөспірімдерге арналған жинақтау жүйесі және студенттерге арналған «Мемлекеттік білім несиесі» бағдарламалары туралы ақпарат берді. Салымшылары көп жинақтау жүйесімен шет елдегі және еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуға болатындығы, оның екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асатыны айтылды. Яғни, дүниеге келген күннен бастап оқу орнына түскенге дейін салым салу мүмкіндігіңіз бар. Ал «Мемлекеттік білім несиесі» 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Қаржы орталығы» АҚ кепілдік беретін бағдарламаға барлық талапкер қатыса алады. Студент оқу барысында несиенің пайыздық көрсеткішін төлесе, негізгі соманы оқу бітірген соң 10 жыл көлемінде қайтаруы керек, дейді Нұрлан Шаңқозов. Жалпы, бұл сапарда медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше болғанын атап өту керек. Өйткені, өңір халқы білікті дәрігерлерге мұқтаж. Науқастарды қараған республиканың жетекші ғылыми орталықтарынан келген дәрігерлер сан-салалы көмек көрсетті. Мәселен, лейкоз ауруына шалдыққан семейлік 9 жасар Дмитрий Шиловты Астанаға квота арқылы емдеу курсына жіберуге шешім қабылдаса, сүйегі үгітіле беретін ауруға душар болған 8 жасар баланың анализ қортындыларын Мәскеудегі жетекші зертханада сараптауға қол ұшын созды. Аталған пойыздың «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылғанын атап өткен ләзім. «ҚТЖ» ҰК» АҚ кадр және әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының бастығы Руслан Барбасовтың айтуынша, 43 күнде ел аумағындағы 35 елді-мекенге тоқтайтын пойыз жолаушылары халыққа медициналық, әлеуметтік және құқықтық кеңестер береді. Бұл пойыз елімізде тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұған дейінгі «Мәңгілік ел» пойызы 34 күнде 33 елді-мекенге тоқтап, 60 мыңнан аса адамды қамтыған болатын. Ал 1 қарашада Астанадан шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 14 желтоқсанда Алматыда сапарын түйіндейді, – деді Руслан Нәзибекұлы. Пойыз штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының келуіне орай ұйымдастырылған шаралар мен кездесуде Қарағанды, Ақтоғай, Өскемен және Семей өңірлерінде 10 мыңға жуық халық қамтылды. Пойыздың келгенін кеш естіген тұрғындардың кейбірі вокзал басына келіп, мұң-мұқтаждарын жеткізіп жатқанын көргенде, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының ел ішіндегі әлеуметтік тиімді жобаға айналып үлгергенін анық байқауға болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы.