Кеше ғана сәулетшілер мен суретшілердің Отаны саналатын Италиядан «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына сүйінші хабар келді. Ақжолтай ақпарат «Егеменнің» суретшісі Айдарбек Ғазизұлының ЮНЕСКО, Бейбітшілік пен еркіндікті қолдаудың халықаралық әйелдер лигасы, ЮНИСЕФ-тің ұлттық үйлестіру бюросының жергілікті ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылған «Бейбітшілікті қолдау – толеранттылықты қолдау» атты халықаралық байқауда бірінші орынды жеңіп алғандығын жеткізді.
Италияның Спилимберго қаласында өткізілген халықаралық байқау 6 аталым, яғни «Балабақша мен бастауыш мектеп», «Орта мектеп», «Екінші орта мектеп», «Мультфильм», «Суретші», «Сатиралық және юморлық суреттер үшін арнайы сыйлық» аталымдары бойынша ұйымдастырылған. Айдарбек Ғазизұлы «Суретші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бес аталымға студенттер мен жастардың жұмыстары қабылданса, ал «Суретші» аталымында әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби суретшілер бағын сынапты.
Қазылар алқасының сапында танымал суретші Нане Завагно, сурет сыншысы Ангело Бертани сынды қылқаламның құдіретін терең түсінетін тұлғалар бар.
Сурет шіркінді бағалау үшін тіл білудің қажеті шамалы ғой. Италиялықтардың қазақ суретшісінің кәсіби шеберлігін жоғары бағалауы да сондықтан болар. «Егемендік» суретшінің қолтаңбасы осылайша Микеланджело сынды ұлы тұлғаны дүниеге әкелген елдің марғасқалары тарапынан жоғары бағалануымен қатар, қазақ сурет өнерінің де өрісі асқақ екендігін күллі дүниеге әйгіледі. Бейбітшілікті қазақ халқы қай деңгейде түсінетіндігін, бағалайтындығын жеткізді. Алаштың абыройын Италияда аспандатқан әріптесімізге алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»